Түркістан тілді дамытуда көшбасшы болуы тиіс

Қазіргі таңда көне шаһар Түркістанның алдағы кескін-келбетін айшықтайтын бас жоспар жасалып жатыр. Қаланың өзегі – ұлттық рухани құндылықтар, оның ішінде тарихымыз, тіліміз, дәстүріміз болып айқындалған. Түркістан түрленіп тарихын жаңғыртады, тілін төрге оздырып, дәстүрін дәріптейді. «Рухани жаңғырудың» бағдарлары Түркістан дамуының алғышарты болмақ. Мұнда салынатын әрбір нысан тарихпен тұтасып, салт-санамен үндесері анық. Көшелер мен алаңдар өткенге сәуле түсіретін әуезді атауларды иеленіп, көрнекілік құралдар, көше, ғимарат атаулары латын графикасындағы қазақ тілінде сөйлейтін болады. Түркістан – білімге құлшынған жастардың қаласына айналары анық. Мұнда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің жанынан әлемнің озық тілдерін үйрететін орталық құрудың жолдары қарастырылмақ.

Қазақстан халқының тілдері мен мәдениеті және салт-дәстүрі күні мерекесіне арналған «Мәңгілік елдің – мәңгілік тілі» атты шарада облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков осылай деді. Түркістан қаласында, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Мәдениет орталығында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен мерекелік шараның мақсаты да айқын – Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық қод сынды бастамаларға қолдау көрсету. Өңір тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтаған Ұласбек Сәдібеков «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесіне орай түркі дүниесінің қарашаңырағы – Түркістанда тұңғыш облыстық тіл фестивалі өтіп жатқанын атап өтті. «Түркістан – қазақ руханиятының алтын бесігі, ұлттық құндылықтардың қазыналы діңгегі. Түркістандықтар тіл мен дәстүр, тарих пен тәрбие тұрғысында байтақ еліміздің барлық өңірлеріне үлгі-өнеге болуы керек. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында

«Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» – деген болатын. Облыстың барлық аудан, қалаларында қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйренуге ынталы азаматтар үшін тілдерді тегін оқыту орталықтары ашылған. Бұл орталықтар алдағы уақытта латын графикасындағы қазақ тілін үйрететін болады. Тіл – достықтың дәнекері. Қазақстанда тұратын этностардың тілдеріне құрмет көрсету, олардың ана тілін мен төл мәдениетін дамытуына жағдай жасау – мемлекетіміздің маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі.

Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Мемлекеттік тіл – барша қазақстандықтарды біріктіретін негізгі факторлардың бірі. Олай болса, Қазақстанда тұратын әрбір этнос өкілінің мемлекеттік тілді білуге деген ұмтылысының туын биік көтеру – біздің міндетіміз. Барлық істе өзге өңілерге өнеге болатын біздің аймақ тілді дамыту саласында да көшбасшы болуы тиіс», — деді облыс әкімінің орынбасары. Сондай-ақ ол барлық қатысушыларды «Тілегі мен тілі бір қазақстандықпыз» деген идеяны ұстанып, осы бағыттағы игі істерді жалғастыруға шақырды.

Жиын барысында өңірде тіл саясатының жүзеге асуына лайықты үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды. Қазақстандықтардың берекелі бірлігін дәріптейтін «Шаңырақ» поэтикалық-хореографиялық композициясы сахналанып, этномәдени бірлестіктердің жанындағы шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарлама өтті. Мереке аясында қазақстандық қоғамның мәдени әралуандығын, рухани кемелдігін және азаматтық біртектілігін көрсететін, облыста қызмет атқаратын 17 этномәдени бірлестіктің тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі күні, қолөнер бұйымдары мен ұлттық аспаптарынан көрме ұйымдастырылды.

Айта кетелік, қазіргі таңда облыстың барлық аудан, қалаларында мемлекеттік тілді және орыс, ағылшын тілдерін тегін оқытатын орталықтар жұмыс

істейді. Өңірдегі этнос өкілдерінің 84 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгерген.

Лебіздер легі

Тимур ПАК, облыстық корей этномәдени бірлестігінің мүшесі, республикалық Абай оқулары байқауының жүлдегері:

Әр адамда бір ғана Отан болады. Менің Отаным – Тәуелсіз Қазақстан! Мен осынау қыраны күн көтерген, ұланы ұлт намысын арқалаған қазақ жерінде, дәл осы алтын топырақта туғаныма мақтанамын!

Ғасырлар бойы арманға айналған Тәуелсіздігімізге қол жеткізген тұста осы берекелі жерде дүниеге келіп, елімнің егемендігіне куә болғаным үшін Өзімді бақытты санаймын! Бүгінде түрлі этнос өкілдері бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп, Қазақстанның болашағы үшін аянбай еңбек етуде. Елбасы: «Мемлекеттік тіл – бұл Отан бастау алатын ту, Елтаңба, Әнұран секілді дәл сондай нышан. Және елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс» – деді. Олай болса, Қазақстанды Отаным деп санайтын әр азаматтың қазақ тілімен қатар әлем мойындаған тілдерді білуге деген ұмтылысын қолдау – баршамыздың мерейлі міндетіміз. Тәуелсіздік туын қолда берік те бекем ұстау Қазақстанды өз Отаным деп санайтын әр қазақстандықтың ең басты борышы, ең биік мұраты.

Осы жерде Түркістанның жаңа сәулеттік келбетін әзірлейтін ағаларға айтарым бар. Осында елдің игілігіне қызмет ететін еңселі «Достық» үйі салынса, баршамызға қуаныш сыйлап, рухани демеу болар еді. Сан ұлттың сары алтыннан соғылған бесігіндей Қазақстанымыз өркендей берсін!

Н.Капар Пур, облыстық иран этномәдени бірлестігінің төрағасы:

Тағылымды татулықты ту еткен өңірдегі этнос өкілдері түркі әлемінің рухани орталығы Түркістанның жаңа облыс орталығы атанғанына қуанышты. Осы маңда алдағы уақытта бой түзейтін нысандар арасында «Достық» үйінің бар екендігін баспасөзден оқып, қатты қуандық. Сондықтан

болашақта қазығы қағылып, іргесі қаланатын «Достық» үйінің алғашқы жәдігері ретінде «Достық» кілемін этномәдени бірлестіктер атынан табыс етеміз!

Бұл кілемге бедерленген дүниелер – біздің қарашаңырағымыз Қазақстанға соның ішінде Түркістанға деген ақеділ пейіліміз бен ыстық ықыласымызды білдіреді. Лайым, түркі дүниесінің рухани орталығы Түркістан өзгеше өсіп-өркендей берсін!

А. Надиров, облыстық күрді этномәдени бірлестігінің төрағасы:

— Жыл сайын сары алтын күзбен қатар келетін осы мереке мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мерейін асырып, Қазақстан халқын құрайтын сан түрлі этностардың тілі, мәдениеті күндерімен жалғасын табады. Дәстүрге айналған бұл мереке биыл тұңғыш мәрте Қазақстанның рухани ордасы, жаңадан құрылған облыстың орталығы Түркістан қаласында ұйымдастырылып отыр. Бұл тарихи сәт. Қазақ мемлекеттілігінің түпқазығы болған шаһар бұдан былай Қазақстан халқының бірлігін бекемдейтін мәдени-рухани орталық болып қалатыны ақиқат.

Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ассамблея мүшелеріне «Қазақтану» жобасын іске асыруды тапсырды. Қазақты сыйлау оның тілін құрметтеуден, тарихын танудан, дәстүрін дәріптеуден басталады. Дүниеде қазақтай жомарт, қазақтай ақкөңіл, қазақтай қонақжай халық жоқ деп білемін! Қазақтың арасында өмір сүріп, Қазақ мемлекетінің ырысын арттыруға қосып отырған үлесімді мақтан тұтам. Біздің барымыз да, нарымыз да Қазақстан! Қазақтың тілі – менің тілім, ел тарихы – тамырым, дәстүрі менің үлгі-өнегем! Баршаңызды Қазақты тануға шақырамын!

Түркістанның жаңа сәулеттік келбетін әзірлеу кезінде барша қазақстандықтардың татулығын паш ететін еңселі «Бірлік» аркасын салу ескерілсе, деген өтінішім бар. Бұл өз кезегінде туристер тамашалайтын әрі біздің көз қуанышымызға айналатын Орталық Азияда теңдессіз көрікті

нысан болар еді. Бізді жат көрмей бауырына басқан, құндылықтарымызды қадірлеуге мүмкіндік берген, ең бастысы – басымызды біріктіріп, ынтымағымызды арттырған қазақ халқына мың алғыс айтамын!

Е. ӘБДІЖАППАРҰЛЫ,

Түркістан облысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *