Назгүл Кенжетай – халықаралық әскери тілші, фотограф-журналист. Оның фотосуреттері BBC ақпараттық агенттігінің сайтында жарияланған, Катар, Түркия және Еуропа елдерінде өткен көрмелерге қойылған. Түрік бұқаралық ақпарат құралдары Назгүлді Қазақстаннан шыққан тұңғыш әскери тілші әйел ретінде таниды. 23 жастағы бойжеткен босқындардың шынайы өмір салтын көрсету үшін БҰҰ мен ЮНИСЕФ-пен бірлесе отырып, бірнеше рет Түркия мен Сирияның шекарасына арнайы барған. Өзінің айтуынша, мақсаты – Отанынан, түп қазығынан айырылған адамдардың тағдырына әлемнің назарын аудару, сол арқылы бейбітшілікті насихаттау. Назгүлмен босқындар лагеріндегі жобасы және оның маңыздылығы туралы сөйлеспек болып хабарласқанымызда Стамбұлдан Киевке жол жүріп барады екен. Соған қарамастан, сұхбат беруге уақыт тапты.
– Сізді түрік бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстаннан шыққан тұңғыш әскери тілші әйел ретінде жазады екен. Фотожурналист ретінде қызметіңіз қалай басталды? Алғаш түсірген суретіңіз есіңізде ме?
– Түркияға оқуға келгенмін. Журналистика мамандығын оқып, биыл тәмамдадым. Енді білімімді Еуропадағы ең үздік жоғары оқу орындарының бірінде жалғастыруды жоспарлап жүрмін. Қазір соған қызу дайындық үстіндемін. Бұған қоса фрилансер журналист ретінде жұмыс істеймін. Өзіңізге мәлім, журналистиканың көптеген салалары бар. Соның ішінде әскери журналистика Қазақстанда аса қатты дамымаған. Дегенмен АҚШ, Франция, Ресей, Түркияда танымал. Мысалы, Кевин Картердің 1993 жылы Суданда түсірген суреті бүкіл әлемнің назарын аударған еді. Онда аштан әлсіреп жатқан бала мен оның жан тапсыруын күтіп отырған құзғын бейнеленген болатын. Фотографқа осы суреті үшін Пулитцер сыйлығы берілген.
Жалпы журналистика мамандығында оқысам да, өзіме саяси-әскери тақырыптар жақын. Барлық тәжірибем осы тақырып төңірегінде. Негізінен барлық журналистің жетік меңгерген бір саласы болуы шарт. Қазіргі бәсекелестік заманы осыны талап етеді. Сол себепті де бес жылға созылған студенттік өмірімде тек қана теориялық тұрғыда оқумен шектеліп қалмай, Кіші Азияның ішкі-сыртқы саясатын, қақтығыстарын, өзекті мәселелерін, медиасын, демократиясын, жасырын диктатурасын, халқын, тұрмыс-салтын зерттей бастадым. Жасаған сараптамалық мақалаларымды осы саланың мықтыларымен бірге көптеген халықаралық конференцияларда жұрт назарына ұсындық. Саяси қақтығыстар – өте ауқымды тақырып. Біз оны ешкімге зияны тимейтіндей етіп ашып көрсетуге тырысамыз. Мен соның ішінде босқын аналар мен сәбилердің тағдырына алаңдаймын. Әлем оларды керексіз етіп, елеусіз қалдырмаса екен деймін. Әлемнің назарын осы бір жағдайға аударғым келді. Ол үшін фотоны таңдадым. Сол арқылы соғыстың көлеңкелі жағын, одан зардап шеккен тағдырларды, босқындар шатырындағы шынайы өмірді көрсетуді қолға алдым. Соғыс салдарынан үйсіз-күйсіз қалған бейкүнә адамдардың жанайқайын үнсіз суреттері арқылы жеткізгім келеді. Білесіздер, Сирияда қақтығыс басталысымен, Түркия сыртқы саясаттың қыспағы, дағдарыс – ешнәрсеге қарамастан, барлық босқындарға есік ашты. Оларға әлі күнге дейін көмек көрсетіп келеді. Қазіргі таңда бұл ел 5 миллионға жуық босқынға пана болып отыр. Бұл – бір мемлекет үшін үлкен күйзеліс. Көптеген экономикалық дағдарыстарға себепші болады, өмір сүру деңгейі құлдырады. Олар 2 доллар үшін кез келген қара жұмысты істеуге әзір. Ал ол тек нанға ғана жетеді. Көшелерде қайыр сұраған кішкентай балалардың санына жету мүмкін емес. Ең алғаш рет қолындағы нанын маған бөліп бермекші болған сәбидің портретін түсірдім. Сол кезде бар жан-тәніммен түсіндім: Бала – бұл әлемнің болашағы. Ал қайыр сұрап, аштықтан, соғыстан әбден титықтап, шарасыз күйге түскен, тағдырдың тәлкегіне тасталған сәбилерді құтқару болашағымызды құтқарумен бірдей.
– Босқындар лагеріне қалай кірдіңіз?
– Оған кіру оңай болған жоқ. Себебі әлі күнге дейін тілші екенімді дәлелдейтін құжатым жоқ. Ол кезде фрилансер журналист те емес едім. Бірақ ЮНИСЕФ, БҰҰ сияқты ұйымдарға мақалаларымды жіберіп, түрлі конференцияларға қатысып, бірнеше рет өтініш жазу арқылы итшілеп жүріп, БҰҰ мен Түркия басшылығынан зерттеу жұмысы үшін рұқсат алдым. Осылайша, фотокамерам екеуіміздің сапарымыз басталды. Түркия мен Сирияның шекарасына аттандым. Алғашқы түнде-ақ менің тамағым мен ақшамды ұрлап кетті, ал фотоаппаратқа тиіспеген.
Бастапқыда суреттерімді тек әлеуметтік желілерде жариялап жүрдім. Кейін түрік бұқаралық ақпарат құралдары қызығушылық танытып, серіктес болуды ұсынды. Олар тек қаламақы төлейтін, ал басқа шығындар өз қалтамнан шықты. Бірде әлеуметтік желідегі парақшамда босқындар лагеріндегі балалардың суретін салып, оған әлемдегі барлық үлкен БАҚ-тарды белгіледім. BBC соны көріп, өздерінің сайтында менің суреттерімді бөліскісі келетіндерін жеткізді. Бұл жұмыстарымды жалғастыруға үлкен мотивация берді.
– БАҚ босқындар туралы қанша адамның босып кеткені туралы ғана жалаң ақпарат береді. Ал шын мәнінде босқындардың өмірі қандай?
– Кіндік қаның тамған елден, ата қонысыңнан амалсыздан бір сәтте қол үзіп, болашағың бұлыңғыр күйі жат елге босып кету… Ешқандай құқығың, пікір айту хақыңның, бағаңның болмауы… «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» деген текке айтылмаған ғой. Әлем мұны білуі керек. Әлеуметтік, психологиялық, саяси-тарихи тұрғыдан – қай жағынан алып қарасақ та, біз тек қара басымыздың қамын ғана күйттемей, жер-жаһанда не болып жатқанынан хабардар болуымыз керек. Әр нәрсенің парқы бар. Бұл біздің Отанымызды бағалай түсуімізге себеп болады. Қолда бар алтынымыздың қадірін білдіреді. Кімнің кім екенін білу, олар туралы ақпаратты дұрыс жеткізу керек. Жылы Отанын тастап, қолына қару алып, жат жұрттықтар қатарына қосылып жатқан отандастарымыз қаншама?! Не үшін деп ойлайсыз? Әрине, баратын жерінде оны не күтіп тұрғанын білмегені үшін. Әлемде не болып жатқанынан хабардар болмағаны үшін. Медиа дегеніміз тек ақпарат таратушы ғана емес, халықтың санасын ашу үшін қолданылатын құрал емес пе? Ендеше, неге біз соны дұрыстап пайдаланбаймыз? Күнделікті жоспарды орындап, бір мақала бергеніңе мәз болып отыра бергеннен не пайда? Егер ол да бір жоспарды орындау үшін ұйымдастырылған қатардағы көп жиынның бірі туралы болса… Қазіргі таңда бұл – үлкен мәселелердің бірі. Біз медианы дұрыс қолданбаймыз. Халықпен дұрыс жұмыс жасай алмаймыз.
– Есіңізде қалған ең әсерлі жағдайлар туралы айтып беріңізші…
– Бұл жобаның әрбір деталі есімде. Босқындар лагеріндегі көзқарастар, шарасыздық, үмітке толы көздер… Әрине, маған балалармен жұмыс істеген әлдеқайда жеңіл болды. Олармен тіл табысу үшін араб тілін үйрендім. Әріптестерім де көмектесті. Бірақ суыққанды және өзімшіл болмасаң, босқындармен жұмыс істеу қиын. 2015 жылы Түркияның Хатай өңірінде болған жарылыстан отбасын жоғалтып алған алты жасар баланың сөздері әлі құлағымда жаңғырып тұр. Ол ешқандай адам баласын бейтарап қалдырмайды. «Тезірек өліп, жұмақта отбасыммен қауышқым келеді» деген еді сол бейкүнә сәби… Қазір ол босқын балаларға арналған жетімханада.
Осындай көріністерді көзіммен көріп, оларды объективіме іліндіргеніммен, кейбіреуін жариялау қолымнан келмейді. Себебі бір адамның азап шеккенін көрсету арқылы атымды шығарып, мақтау естігім келмейді. Бұл журналиске жараспас еді.
– Қандай суреттеріңіз жарияланбай қалған еді?
– Мен жоба жасаған лагерь БҰҰ көмегімен құрылған. Сол себепті онда түсірілген барлық суреттерді БҰҰ рұқсатынсыз жариялауға тыйым салынған. Бұл да – үлкен процедура. Мысалы, кәмелетке толмаған өте жас қыздың босану барысында түсірген суреттерім тек өз архивімде қалды.
– Сіздің бұл қызметіңізді отбасыңыз қолдай ма? Қанша дегенмен, қыз баласыз. Қауіпті дегендей… Фотожурналист ретінде қауіпсіздігіңіз қаншалықты кепілдендірілген?
– Қауіпсіздік туралы айтар болсақ, бұл өмірде ешкімге кепілдік берілмеген. Бүгін бармыз, ертең жоқ болуымыз да мүмкін. Әрине, қауіпті, дегенмен біреу бұл жұмысты жасауы керек. Қоғам үшін, әлем үшін, адамзаттың болашағы үшін… Ешқандай журналистің, ешбір фототілшінің қауіпті жерде аман қалатынына кепілдік жоқ. Ол үшін тек суыққандылық қажет. Өмірдегі ұстанымың мықты болуы тиіс. Ал отбасым мені әрдайым қолдап отырады. Әсіресе, анам – ең үлкен мотиваторым.
– «Отансыздық жүзі» деген кітап шығармақ екенсіз. Ол не туралы? Маңызы қандай болмақ?
– Иә, бұл кітапты жазып жатырмын. Ол босқындардың, әсіресе балалардың қазіргі жағдайы туралы жасалған журналистік зерттеу форматында шығатын деректі кітап болады. Бұған дейін Қазақстанда дәл осы тақырыпта бірде-бір кітап шықпаған екен. Бұл – жаңа формат, жасырын шындық…
– Бір сұхбатыңызда Қорқыт ата туралы түрік тілінде комикс шығарғыңыз келетінін айтыпсыз. Толығырақ айтып бересіз бе? Одан басқа қандай жоспарларыңыз бар? Шынайы өмірді фото арқылы көрсету үшін тағы қандай тақырыптарды түсіргіңіз келеді?
– Қазіргі таңда көптеген жобаларды жасаумен айналысып жүрмін. Солардың бірі – өзіңіз айтып отырған комикс кітаптар. Тарихымыздың тереңінде қалған кейіпкерлерді бүгінгі күннің адамдарымен қауыштыру да маңызды. Қазіргі таңда оның 2 сериясы бітті. Жалғастырудамыз. Кітап қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде жарық көреді.
Одан да басқа жоспарларым көп. Моңғолияда өмір сүріп жатқан қазақтар туралы да фотожурналистикалық зерттеу жұмыстарын жасау туралы ойлап жүрмін. Мен бұл салада әлі де еңбектене беремін. Суреттерімді жариялауға рұқсат алған кезде Қазақстанда халықаралық көрме өткізгім келеді. Әлемге Қазақстанды соғысқа қарсы ел ретінде танытсам деймін.
Әңгімелескен
Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»