Амандық Баталов Алматы облысы аумағында тау туризмі кластерін дамытуға қатысты инвесторлармен кездесу өткізді. Австралиялық «Мастер-концепт» компаниясының өкілі Гернот Ляйтнер, Алматы өңірінің туристік кластері қауымдастығының құрылтайшысы Райымбек Баталов және аталған ұйымдардың өзге де өкілдері облыс әкімімен жүздесу барысында Талғар ауданы аумағындағы «Лесная сказка» тау курортын, курорт орналасқан Ойқарағай сайында тау туризмін дамыту туралы ұсыныс-пікірлерін айтты, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Австралиялық сәулетші Гернот Ляйтнердің айтуынша, жобалаумен және жоспарлаумен айналысатын «Мастер-концерн» компаниясы негізінен туристік нысандарды инвестициялайды. Австралияда 18 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компанияның Ресейдегі жұмыс тәжірбиесі 10 жыл, ал Қазақстанда 6 жылға аяқ басқан.
Г. Ляйтнер «Лесная сказка» курортын отбасылық-спорттық курорт түрінде дамытуға мүмкіндіктер бар екенін айтты. Жергілікті биліктің қолдауымен курортқа баратын жол салынып жатқанын көріп, қуанғандарын жасырмады. Осыдан екі ай бұрын компания Алматы өңіріндегі тау туризмі жоспарына қажетті зерттеу жұмыстарын бастаған. Бұл орайда екі модель қарастырылып отыр. Біріншісі, бұрыннан бар, жұмыс істеп тұрған курорттарды одан әрі дамытудың әлеуетін зерделеу, екіншісі қай жерлерде туристік бағыттарды дамытуға болатынын білу үшін таулы жерлерді зерттеу. Осыған байланысты дайындалған слайдтар көрсетіліп, түсіндірілді.
Алматы өңірінің туристік кластері қауымдастығының құрылтайшысы Райымбек Баталов та сөз алып, бұл саланы дамытудағы ең бірінші нысаналы мақсат – отандық демалушылар болса, екіншіден шетелдік туристердің де тартылатынын жоба барысында бірден ескеру керектігін сөз етті. Сондай-ақ тау туризмі шағын және орта бизнестің дамуына, қызмет көрсету саласына тың серпін беретінін де атап өтті.
Өз кезегінде облыс әкімі Амандық Баталов жалпы Ойқарағай сайын жеке дара бөліп қарастырмай, ең алдымен облыстағы тау туризмін дамытудың тұтас бір тұжырымдамасын дайындау қажеттігін айтып, бұл істі облыстық туризм басқармасына тапсырды.
— Себебі біз тау туризмі туралы тұтас қарастырып, Алматы маңынан өзге, Шарын шатқалын, Лепсі өңіріндегі, Райымбек ауданындағы таулы өңірлерді де толық қамтуға тиіспіз. Бұл ретте осындай таулы аймақтардың мүмкіндіктерін бүге-шігесіне дейін зерттеп, тани алатын мамандардың білімі мен білігін пайдалана білуіміз керек. Жалпы табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты Алматы өңіріндегі тау туризмінде қалаға қарағанда Алматы облысының үлесі әлдеқайда басым. Сондықтан қыста ғана емес, жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін тау курорттарын дамытудың жоспарлары да жасалуы тиіс, техникалық-экономикалық негіздемелер әзірлеуге қанша қаражат қажет екенін де есептеуіміз қажет. Одан әрі бұл жобаның операторы нақты қай мекеме болатынын да анықтауымыз керек, — деді А. Баталов.
Сонымен қатар таулы аймақтардың көпшілігі ұлттық парктердің аумағына кіретін болғандықтан, тау туризмін дамытуда барлық заңнамалық, экологиялық және басқа да аспектілерді түгелдей ескеру керектігіне назар аударды.