Нұрсұлтан Назарбаев қажетті мамандарды дайындау бойынша «Жас маман» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды BNews.kz.
«Үкімет «Жас маман»бағдарламасын әзірлеуі керек. Ол 100-де 200 принципі бойынша жұмыс істеу керек. Үш жыл ішінде жоба барлық өңірлерде 200 мыңға жуық жас азаматтарды қамтуы тиіс. Оның аясында 200 жаңғыртылған оқу орнының базасында 100 аса сұранысқа ие индустриялық және сервистік мамандықтар бойынша мамандар даярлау жүзеге асырылуы тиіс», — деді Президент Қазақстандағы Жастар жылының ашылуы барысында өткен жиында.
Елбасы әрбір облыста шетелдік профессорлардың қатысуымен «Назарбаев Университетіне» жақындатылған университет, пен 100/200 қағидатына сәйкес келетін 10 үздік колледжді құруды тапсырды.
Сонымен қатар, Президент колледждерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге де назар аударды.
«Мамандықтар бойынша оқыту үшін 400 комплект қазіргі заманға сай жабдықтар сатып алуға қаражат жұмсаймыз. Бұл жұмысқа Қазақстанның барлық жүйе құраушы кәсіпорындары мен әр өңірдің ірі бизнес қауымы қатысуы тиіс. Жаңғыртылған оқу орындарының жанында жастардың инновациялық жобаларын қолдау үшін стартап-орталықтар жұмыс істейтін болады», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Ол сондай-ақ, осы өзгерістердің нәтижесінде үш жыл ішінде жаңа стандарттар бойынша 200 мыңнан астам маман дайындап, 15 мыңнан астам оқытушылардың біліктілігін арттыруға болатынын айтты.