Бүгін Үкімет отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру мәселесін қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды, деп хабарлады primeminister.kz.
ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымованың, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Р. Дәленовтың және ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың баяндамаларын тыңдағаннан кейін Премьер-министр Президенттің бес әлеуметтік бастамасы – бұл Мемлекет басшысының ауқымды бағдарламасы, оның әр адамның өміріне әсері бар екенін атап өтті. Сондықтан әрбір бастаманы сапалы жүзеге асыру қажет.
Бірінші бастама бойынша жұмысты жалғастыру қажет, сондай-ақ Ұлттық банктің отырыста айтылған ұсыныстарын қарастыру керек. Биыл «7-20-25» бағдарламасының қазіргі кедергілерін жойып, іске асыру барысын жеделдету қажет.
Салық жүктемесін азайтуға қатысты екінші бастама орындалды.
Үшінші бастама қосымша білім гранттарын беру тұрғысынан орындалды. Енді жатақханалар салу мәселесі қалды. ҚР БҒМ деректеріне сәйкес, биыл алғашқы жатақханалар салынады. Премьер-министр биыл жоспарланған 5 мың орынды пайдалануға беру қажет екенін айтты. Бұдан өзге, Білім және ғылым министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, отырыс барысында айтылған ұсыныстарды пысықтау тапсырылды.
Төртінші бастамаға қатысты, шағын несиелер бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу қажеттігі аталып өтті. Сонымен қатар, аталған мәселенің, әсіресе қалаларда, орындалу сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлу керек. Ұлттық экономика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері тарапынан үйлестіру жұмыстарын күшейту тапсырылды. Бұдан өзге, өңірлерде берілген шағын несиелердің игерілуін қамтамасыз ету мақсатында себептерін талдап, кедергілерді жою тапсырылды. Аталған мәселеде бағдарламаға «Бизнес-Бастау» жобасының түлектерін тарту тұрғысынан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ерекше рөлі аталып өтті.
Бесінші бағытты орындау тұрғысынан «Сарыарқа» газ құбырын уақытылы салып, іске қосуды қамтамасыз ету қажет. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа бұл мәселені ерекше бақылауда ұстау тапсырылды.