БАЛЫҚ БАСЫНАН ШІРИДІ НЕМЕСЕ МАНСАП ПЕН АҚШАНЫҢ БУЫ


ҚР Президенті Н. Ә.Назарбаевтың
Құзырлы органдар мен жергілікті билікке:,
ҚР Парламент және Сенат депутаттарының,
ҚР Жоғары Сот төреағасы Ж.Асановтың,
ҚР ҰҚК-нің төрағасы К.Қ. Мәсімовтың,
ҚР ІІ министрі Қ.Қасымовтың,
ҚР Бас прокуроры Қ.Қожамжаровтың назарына!
Лауазымды қызмет неғұрлым жоғары болған сайын патша тағы сияқты соғұрлым тәтті бола түседі екен. Жаныңа жылу, жұрт алдында абырой әкелетін ләззаттан өз еркіңмен бас тарту да ерлікпен пара-пар. Алайда, мұндай батылдыққа баруға кейбір полиция қызметкерлерінің духы жете бермейді.
Заң бойынша, полиция қызметкерлері сержант – 48 жастан, полковник–55 жастан, генерал–60 жастан, офицер–63 жастан бастап зейнетке шығады. Зейнет жасына жетіп, абыроймен еңбек демалысына шығуға мансап пен жоғары жалақының буы жібермейтін секілді. Елбасы жарлығымен Түркістан облысының өзінен 4500 полиция қызметкері жұмыстан босатылуы қажет.
«Балық басынан шіриді». Ішкі істер министр Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымовтың өзі 61 жастан асқан. 60 жасында зейнетке шығу керек оған қысқартуды өзінен бастаған жөн сияқты. Түркістан облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков те биыл 55 жастан асты. Оған да қызметімен қоштасатын сәт туды. Қанша қиынға соққанымен, елдің ертеңі — жастардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі қажет. Заман ағымына лайық, креативті ойлау қабілетіне ие жастар елдің дамуына үлкен үлес қосары сөзсіз.
Айта кетейік, Қалмұханбет Нұрмұханбетұлының бұлай жасауының себебін аңғарғандаймыз. Өзінің жасының егде тартқандығын ескеріп, жан-жағына замандастарын жинаған болар. Жанындағы бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов та алпысты алқымдаса, әріптесі Рашид Жақыпов алпыс жастан асып үлгерді. Мұның басты себебі — биологиялық жасын ескерсе, ең алдымен өзі орнын босатуы қажет. Қасымовтың саяси әдісінен Дәлбеков те үлгі алғандай. Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, артқылары да сол ізді басады. Түркістан облыстық ішкі істер басқармасының полковнигі Қайрат Дәлбеков те жан-жағына өзі сияқты елағаларын жинаған. Қарамағындағы жедел-жоспарлау және миграция бөлімінің бастықтары да өзінің құрдастары.
Бұл тізімде Келес ауданының полиция полковнигі Шырынбек Оңғаров та бар. Алғашқы еңбек жолын 1986 жылы жылы бастаған азамат та қызметті жас буынның қолына тапсырғаны жөн. Төлеби, Түлкібас аудандарының ішкі істер басқармасының бастықтарының да құлағына алтын сырға. Бұл ескертудің сіздерге де қатысы бар.
Биыл қысқартуға іліккен 4500 адамның ішінде жас қызметкерлердің үлесі көп. «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу». Қызмет етемін деп ұмтылған жас буынның еселін қайтарғанша, Түркістан облыстық ішкі істер басқармасының полковнигі Қайрат Дәлбеков неге зейнет жасына шыққан қызметкерлерді құрмет демалысына жібермейді. Абыроймен зейнетке шығып, ұрпақтарына көргені мен көңілге түйгенін өсиет етсе, мұның өзі ғанибет емес пе? Аты аталған Келес ауданының полиция полковнигі Шырынбек Оңғаров, Төлеби, Түлкібас аудандарының ішкі істер басқармасының бастықтары бұл қысқартудан қалай қағылмады? Білікті мамандардың орнын басатын жас қызметкерлер шынында да болмады ма, әлде «бармақ басты, көз қысты әрекеттер» орын алды ма? Мүмкін бұрыннан алыс-берісі мықты, сыйақысы дайын жақын жолдастарға айналған болар.
Жастар саясаты туралы сөз қозғағанда кадр мәселесін айтпай және өте алмаймыз. Бұл екеуі – бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғым. Бұл олқылықтың негізгі себебі – зейнет жасына шықса да қызметтен кетпейтін кадрлар болып отыр. Бұл фактор бірнеше жайтқа әкеліп соғады. Дана Абай «Жұмысы жоқтық, қарны тоқтық аздырар адам баласын» деген, Жұмыссыздықтың салдары- қылмысқа итермелейді. Нәтижесінде өмір бойы ата-ананың мойнына асылып, тапқанын аузына тығатын еріншек ұрпақ қалыптасады. Бұдан бөлек, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, оңай олжа табуға ұмтылатын ұрылар пайда болады. Ең сорақысы адал асты айыра алмай, жұрттың обалына қалып, адам тағдырына ойланбай балта шабатын қаныпезер қаскөйлер қаптауы бек мүмкін. Құдай бетін әрі қылсын.
Түйін: Қызметпен бірге туған адам жоқ. Қанша сағат сатып алғаныңмен, уақытты өзгерте алмайсың. Замана көшін алға тастап, уақыт өз дегенін істейді. Ұрпақты ұрпақ жалғап,бала жасқа, жас қартая бастайды. Жас кезінде мүмкіндік туып, биік белесті бағындырған аға буын өкілдері тізгінді жастарға беруі қажет. Бұл ең алдымен ар алдындағы міндет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *