Елімізде жыл сайын ең кемі 10 оқушының жүрегі тоқтап көз жұмады

Елімізде жыл сайын ең кемі 10 оқушының жүрегі тоқтап көз жұмадыСурет — MedAboutMe Медицина саласының мамандары келтірген статистика осы.

Халқының саны 18 миллионнан аспайтын Қазақстан үшін бұл үлкен қауіп дейді олар. Дәрігерлер жыл санап жүрек ауруы жасарып барады деп ескерту жасауда. Дұрыс ұйықтамау, түнімен компьютер алдында отыру, телефонды қолдан тастамау сайпы келгенде жүрекке салмақ салып, аритмияға шалдықтыруы мүмкін дейді мамандар.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Кейбір тәжірибелі кардиолог дәрігерлердің өзі жүрегі тоқтап қайтыс болған балаға нақты диагноз қоя алмайды. Бұл да бір шындық!» — дейді профессор Леонид Макаров. Жастар мен жасөсіпірімдердің аяқ асты өлімін 30 жылдай зерттеп жүрген маман алғашқы медициналық көмекті заңнамалық негізде реттемей бәрі бекер екенін айтады.

ЛЕОНИД МАКАРОВ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:
«Бізде өкінішке орай,  адамның жүрегі тоқтап қалса аяқ асты өлім деп тіркейді. Себебі, алғашқы медициналық жәрдем бір жүйеге қойылмаған. Логистикалық тұрғыдан да, заңнамалық негізде қаралмаған. Көшеде біреу құлап қалса оған барып алғашқы көмек көрсетуге кез-келген  азаматтың құқығы жоқ. Себебі, ертең өліп кетсе жауапқа тартылады. Мұндай жайттар практикада кездесіп жатады».

Ресми дерек бойынша жылына 10 оқушының жүрегі тоқтап қайтыс болады дедік. Бірақ диагнозы басқаша тіркелгені қаншама?! Мысалы жақында Қарағандыда жеткіншек көз жұмды. Каратэден жаттығу жасап жатқан кезде соққы алған мектеп оқушысын дәрігерлер аман алып қала алмаған. Ресми орган жеткіншек ауруханада көз жұмды десе, ақ халаттылар жедел жәрдем келмей жатып, жазым болған деп ақпар берген еді.

АЙЖАН ИСА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ-ХАТШЫСЫ
«Жедел жәрдем дәрігерлері келгенде бала уже қайтыс болып кеткен. Бірақ оған қарамастан бүкіл реанимациялық көмек көрсетілді. Ешқандай нәтиже берген жоқ. Қасындағы адамдардың өтініші бойынша дәрігерлер оны облыстық кардиология-хирургиясына апарды. Ол жерде де бүкіл реанимациялық көмек көрсетті. Бірақ ол да өкінішке орай, ешқандай нәтиже бермеген жоқ».

Дәл осындай дефибрилляторлар республика бойынша тек санаулы мектептерде ғана орнатылған. Адамның жүрегі тоқтап қалғанда мұндай құрылғы ауадай қажет. Қолдану да қиын емес. Мына қорапшаны ашқанда жақын маңдағы жедел жәрдемге бірден хабар түседі. Ал мамандар оқиға орнына бағыт алады екен».

Мұндай құрылғы ауыл мен аудандардағы мектептер үшін әзір қол жетпес арман екені түсінікті. Тіпті, шалғай өңірлерге жедел жәрдем де жете қоймайды. Сондықтан кардиолог дәрігерлер тексеруден уақытылы өтіп тұру керек деп кеңес беруде. Жүрек ауруларының белгісі 40 жастан асқаннан кейін емес, тіпті 15-20 жастағы жастардан да табылып жатыр екен.

СӘУЛЕ ӘБСЕЙІТОВА, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, КАРДИОЛОГ ДӘРІГЕР
«Стресс, дұрыс ұйықтамау, түнімен компьютер алдында отыру мен телефонды қолдан тастамау мұның барлығы айналып келгенде жүрекке салмақ салып аритмияға шалдықтыруы ғажап емес. Мысалы жастар сәл тұмауратып, жөтелсе дәрі ішеді де жүре береді. Оның да жүрекке әсері бар. Бұл байқалмай миокард инфарктіне апаруы мүмкін екенін мамандар жоққа шығармайды».

Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданудың өзі жүрек ауруынан амал алып қалады алмайды. Оған өткен жылы Алматы марафонында көз жұмған 18 жастағы Максим Королевтің өлімі куә. Сондықтан елордада бас қосқан дәрігерлер қоғамдық орындарда, білім ошақтарында қызмет атқаратын мамандар алғашқы медициналық көмек көрсетуді білуі керек деген бапты заңнамаға енгізу керек деген бастаманы көтерді.

ГҮЛНӘР ҚҰЛҚАЕВА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:
«Теміржол вокзалы, сапаржай, әуежай, супермаркет, кинотеатр сияқты адамдар көптеп жиналатын қоғамдық орындарда қызмет атқаратын мамандар міндетті түрде бірінші медициналық көмек көрсетуді меңгеру керек деген талап бұл бапта болады деп жоспарлап отырмыз. Әрине бұл бір күнде бола қоймайды. Дегенмен, бұл мәселенің өзекті екені сөзсіз».

«Халықтың денсаулығы туралы» кодекс қашан қабылданады, жалпы қабылдана ма? Бұл өз алдына жеке сұрақ. Ол қалай жүзеге асырылатыны да белгісіз. Қалай болғанда да соңғы тіркелген қайғылы оқиғалар істің алға басуына сепші болады деген үміт бар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *