Сурет — Prodengi.kz | Елімізде банк картасын пайдаланушыларға мемлекет тарапынан қосымша бонус беру тетігін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. |
Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз қосымша жаңа шаралар да қарастырып жатырмыз. Бұл — мемлекеттен азаматтарға, банк картасын пайдаланушыларға бонус беру. Аталған мәселені қазіргі уақытта талқылаудамыз», — деді ол.
Сонымен қатар ол бизнеспен бірге ірі мәмілелерді қолма-қол ақшасыз жүргізу мәселесін де талқылап жатқандықтарын айтты.
«Бизнеспен бірге қолма-қол формада ірі көлемде жасалған шығыстарға, сонымен қатар ірі мәмілелерге шегерім бойынша шектеу енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл ірі мәмілелердің қолма-қол ақшасыз формада жасалуы үшін енгізілмек», — деді Р.Дәленов.