Ұлттық спорттан І Ашық Азия чемпионаты өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 16-21 сәуірде Алматы қаласының іргесіндегі ипподромда Жастар арасындағы І Азия чемпионаты өтеді. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату спортынан 8 мемлекеттен келген командалар тұңғыш ұйымдастырылған Азия чемпионатының  жүлделерін сарапқа салады.

«ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жылдық күнтізбелік жоспарына сәйкес ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастыруымен өтетін Жастар арасындағы І Ашық Азия чемпионатында Қазақстан, Венгрия, Ресей, Қытай, Монғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан мемлекеттерінің жастар командалары бақ сынайды. Чемпионаттың бас төрешісі – ҚР Ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік бас жаттықтырушы Қуанышбек Құрамаев. Сондай-ақ, көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату спортының бас төрешілері анықталды. Атап айтқанда, көкпар спортына –  Нұрдәулет Момынов, аударыспақ спортына Жанысбек Саев, теңге ілу спортына – Рамазан  Махатов, жамбы ату спортына – Елдос Бадашев бас төреші болып бекітілді» — дейді ұйымдастырушылар.

Қазіргі кезде Тараз қаласында  І Азия чемпионатының оқу-жаттығу  жиыны көкпар спортынан басталып кетті.

«Көкпардан ҚР Жастар ұлттық құрамасын жаттықтырушы – ҚР Жастар мен жасөспірімдер командасының аға бапкері Атамекен Рүстемов. Бұл оқу-жаттығу  жиынына биылғы Жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында үздік деп танылған жиырмаға жуық көкпаршы қатысуда. Екі апталық оқу-жаттығу жиынан соң көкпардың білікті мамандарының шешімімен көкпардан ҚР Ұлттық жастар құрама командасы жасақталады. І Азия чемпионатында Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар есімдері де сол кезде белгілі болмақ» — дейді Ұлттық спорт қауымдастығының өкілдері.

Ал, ұлттық спорттың Жамбы ату, Аударыспақ, Теңге ілуден І Азия чемпионатына даярлық үшін өтетін оқу-жаттығу жиыны 3 сәуір күні басталады.

Бірер күнде Тараздағы аталмыш оқу-жаттығу жиынына  Ауғанстан Жастар құрама командалары  келіп қосылады.

Ержан ЖАУБАЙ
Фото: ашық дереккөз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *