Үкімет көп балалы аналардың емес, шенділердің “заңсыз мүлкін” тексерсін!

Нұрбике Бексұлтанқызы

Қазір күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселе – көп балалы аналардың жағдайы. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз билікке базынасын айтып, көз жасын төккен аналарды жиі көресіз. Үкімет те уәде беріп, әне-міне жағдайың жақсарады деуден танбай келеді. Шын мәнінде Үкімет аналардың жағдайын шешуден бұрын оларды тергеп, тексеруді жолға қойған секілді.

Кеше “Алтын алқа”, “Күміс алқаның” жалған құжатын жасатып, мемлекеттен жәрдемақы алып келген аналар анықталды деген хабар шықты. Ақпарат құралдарының мәліметіне сенсек, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Науалы ауылындағы бір-екі баласы бар сегізге жуық ана көпбалалымын деп мемлекеттік жәрдемақы алмақ болған. Біз бұл ақпараттың ақиқатын білу үшін Науалы ауылының әкімшілігіне хабарластық. Ауыл әкімі Ұлан Сәрсенбаевтың айтуынша, 25 ақпан күні екі оралман азаматша балаларға арналған жәрдемақы сұрап барған. Оларға қосымша сұрақтар қойылғанда жауап бере алмай кібіртіктеп қалған көрінеді. Ұлан мырзаның сөзіне сенсек, әкімшілік “күдікті-ау” деп тапқан тағы бірнеше оралман азаматшалардан сұрағанда, олар жалған құжат жасатқандарын айтып, өз кінәларын мойындаған. Алайда, әкім ол аналардың нақты аты-жөндерін айтпады және жалған құжат жасатып алаяқтық жасағандар туралы әлі білмейді екен. Ал, қайтара хабарласқанымызда телефон тұтқасын көтермеді.

Сонымен, жыр болған — 21 мың жайына келейік. Екі жүз мың емес, жиырма бір мың! Осынша “қыруар қаржы” неге сонша сағымға айналды. Вице-министр Светлана Жақыпова атаулы әлеуметтік көмекке жеке куәлік жеткілікті деді. Бірақ, оның өтірік екені анықталды. Яғни, сол 21 мыңды алу үшін отбасылық кірісіңіз, әр баланың туу туралы куәлігі, күйеуіңіздің табысы туралы анықтама, мекен-жай туралы анықтама қажет. Сондай-ақ, жеке басыңызда ешқандай мүлік болмайтыны да тексеріледі. Күнделікті тамағын әрең тауып жүрген анада қайдағы заңсыз мүлік?

Біз осы жағдай бойынша Астана қаласындағы бірнеше көпбалалы аналармен сөйлестік. Бәрі де, құжатпен сандалтып қойды, үйдегі теледидар, кір жуғыш машинаға дейін тексеріп, санап жатыр дегенді айтады.

Алмагүл Ибрагимова, “Бір құжатты алып келсек, жаңадан тағы бір құжат әкелуді айтады”

— Жәрдемақы алуға бір құжат жеткілікті деген өтірік. Отбасылық кіріс қажет деді. Оны алып келсек, енді еңбек келісім-шарты қажет дейді. Бәрін бірақ айтпай ма? Мүлкімізді тексеріп үйімізге де келді. Ең болмаса сол кезде айтса, дайындап әкелер едік қой.

Менің бес балам бар. Үлкенім — он бір жаста. Пәтер жалдап тұрғанымызға 12 жыл болды. Оған айына 70 мың және ком.услуга төлейміз. Үй кезегінде тұрғаныма төрт жыл болды. Бірақ, одан мүлде хабар жоқ. Олар тіпті маған “сіздің деніңіз сау, жұмысқа жарамдысыз, сізден жағдайы нашар қанша отбасылар бар, сондықтан күтесіз” деп хат та жолдап жіберді. Жолдасым құрылыста істейді. Оның тапқаны пәтерге ғана жетеді.

Қазір Астана қалалық Алматы ауданының әкімшілігінде төрт сағаттан бері кезекте тұрмын. Адам өте көп. Оларға екі-ақ маман қызмет көрсетіп жатыр. Және, бір адаммен жарты сағат сөйлеседі. Бірақ, сонша күтіп кіргенде сіздің табысыңыз жеткілікті деп шығарып салуы да мүмкін.

Салтынай Маханова,  “Үйдегі мысық пен итті тексерген соң, болды ғой”

— Құжатымыздың бәрін көтеріп таңнан бері жүрміз. Жәрдемақыға ілінеміз бе, ілінбейміз бе, белгісіз. Өйткені бәрін санап жатыр.

Менің бес балам бар. Төртеуі кәмелеттік жасқа толмаған. Үйге тексеріп барады. Бірақ, маған әлі барған жоқ. Келе берсін. Пәтер жалдап тұрамыз. Жолдасымда тұрақты жұмыс жоқ. Айына 60 мың тауып келеді, әйтеуір. Өзімде жұмыс бар, оның табыс көзін әкеліп отырмын.

Үйдегі мысық пен итті тексерген соң, болды ғой, енді. Мысалы менде кір жуатын автомашина жоқ. Оны да есептеп жатыр дейді.

Айнұр Атаева, “Табысымды есептегеннен кейін неге пәтерақым мен кредитімді де есептемейді”

— Мен дүкенде сатушы болып істеймін.Айына 80 мың алам. Сосын балаларыма жалпы 30 мыңдай алам. Қазір соның бәрін есептеп, сізге жәрдемақы шықпайды дейді. Бұлар менің табысымды есептегеннен кейін неге пәтерақым мен кредитімді есептемейді. Мысалы, менің 750 мың кредитім бар. Оны да баламды емдету үшін алғанмын. Қазір айына 56 мың пәтерге, 40 мың кредитке беремін. Жолдасым ауырып жұмыс істемейді. Ал, кішкентай балам әлі жазылған жоқ. Астанада тұрғаныма 5 жылдай болды. Үй кезегінде тұрмын бірақ, одан үміт күтпеймін де…

Түйін

Светлана Жақыпова  қоластындағы адамдардың аналарды қалай сандалтып қойғанын білмей ме? Әлде, бес баланың өліміне селт етпеген Жақыповаға тағы да бәрібір ме? Шын мәнінде “заңсыз мүлік” тексеруді кімнен бастауымыз керек. Аналардан ба, әлде жасырын бизнес жүргізіп, түбі шет елге тайып тұратын шенділерден бе?

Иә, “Халық төзімді. Бірақ, халық төзе береді екен деп тасыраңдауға болмайды”, айналайын, Үкімет!

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *