ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІККЕ КӨҢІЛІҢІЗ ТОЛА МА?

Шымкент – мегаполис қала. Миллион тұрғыны бар. Мұнда миллион тағдыр. Басым бөлігі өмірін автобус жүргізушісіне аманаттап, қоғамдық көлікпен қатынайды. Алайда, жүргізушілердің бәрі бірдей көліктегі жолаушылардың өздеріне деген зор сенімін түсінсе, құба-құп. Бейресми деректерге сүйенсек, Шымкентте күніне 500 000-нан астам халық қоғамдық көлік қызметіне жүгінеді. Тұрғындарды тасымалдау үшін 1700-ден астам автобус қатынайды.

 Басты мақсат – халыққа сапалы қызмет көрсету. Қай салада болмасын ашық бәсеке болуы – заман талабы. Қоғамдық көлік қызметі де бәсекелестік ортаға берілген. Сол себепті,  бәсекелестік жағдайына төтеп бере алатын көлік компаниялары ғана нарықта өз орнын алады. Қаламыз мегаполис болғалы қала бағытында жолаушылар тасымалдайтын жаңа автобустар пайда болды.

Осы тақырыпты толығырақ тарқату үшін халық арасынан сауалнама жүргізген болатынбыз. Ендеше, тұрғындар пікіріне көз жүгіртейік.

Салтанат ЖОЛДАСБЕК, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Қалада қоғамдық көліктердің көп болғаны халыққа жақсы. Жеке көліксіз жүргендер қаншама, таксимен жүру қалтаға қонымсыз. Ардагерлер мен студенттерге жеңілдікте бар. Оған қоса көп балалы аналарға да жеңілдіктер қарастырылып жатыр. Қалада жаңа қоғамдық көліктер жәймен жаңартылып жатыр, мұнысы қуантады. Басқа қалаларға қарағанда жол ақысы 70 теңге.

 

Жан АТАБЕК, қала тұрғыны:

— Миллион тұрғыны бар мегаполис қала болдық. Енді, осы дәрежеге сай болуымыз керек. Жаңа автобустар келгеніне қуанып қалдық. Енді, шаһарды осындай қоғамдық көліктермен толық қамтамасыз етсе екен «зың» әкіміміз. Менің айтар ешқандай арызым жоқ. Халыққа жағдай жасап жатыр. Қаламыз күннен күнге гүлденіп, көркейіп келеді. Осы жағдай менің көңіліміе ерекше қуаныш ұялатады

 

Нұрлан Байтұрған, қала тұрғыны:

— Мен қоғамдық көлікке көп мінбеймін. Себебі, өзімнің жеке көлігім бар. Дегенмен, қоғамдық көліктер таң атпай қозғалысқа түседі. Бұл тұрғындарға өте қолайлы деп ойлаймын. Тіпті жұмыс уақыты аяқталып, жұрт үйінде демалып жатқан кезеңдерде де қоғамдық көлік жүргізушілері тынымсыз еңбек етіп жатады. Мен бүкіл халықтың атынан сол қызметкерлердің еңбегін елеп, алғысымды жеткізгім келеді.

Клара Ибрагимова, қала тұрғыны:

— Абай ауданында тұрамын. Қоғамдық көліктер уақытымен жүреді. 78, 103, 12-ші автобустарға жиі мінемін. Орталық көшеде тұратындықтан, олқылықты көп байқамаймын. Өзім зейнеткермін. Баратын жеріме уақытылы барамын. Ешқандай шағымым жоқ. Қазір қой үстіне бозторғай жұмытқалаған заман, біздер кезінде автобустарды ұзақ тосатын едік. Себебі, тек уақытпен жүретін. Бір ауылда бір машина болса болды, болмаса, көрші ауылға жаяу қатынайтын едік. Бейбіт замандағы тоқшылықты бағалау қажет.

Гүлбахрам Сарбасова, Түркістан облысының тұрғыны:

— Мен Түркістан қаласында тұрамын. Шымкент қаласына бүгін қыдырып келдім. Автобусты көп күтпедім. Бәрі дұрыс. Шымкентке жиі келіп тұрамын. Қоғамдық көліктерге ешқандай наразылығым жоқ. Біздің қала да облыс орталығы болып жатыр. Енді, Түркістанда да автобустар көбейетін шығар. Ал, көлік жүргізушілерінің оғаш мінез көрсететіне келер болсақ, ондай түйсігі төмен адамдар барлық салада, барлық қалада  бар деп ойлаймын.

Нұрдаулет Төлеев,студент:

— Мен студентпін. Сабағым 8:30 да басталады. Оқуға 8:00 де шығамын. Осы орайда қоғамдық көлік қызметкерлеріне алғыс айтып кеткім келеді. Еңбектері адал. Күннің ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамай  үнемі жолаушыларды тасымалдайды.

Сымбат АНАРБЕК – студент :

 

— Таң азанымен қоғамдық көліктер жүре бастайды, ерте шықсаң жұмысқа да үлгересің. Жол ақысы да лайықты. Жаңартылған үлкен автобустар келіп жатыр, халық санына қарай кеңейтілуде. Уақытылы жүреді.

Малика БЕГИМКУЛОВА – студент :

–  Студенттерге автобусқа жеңілдік жасағаны жақсы, студенттік билеттерді көрсетіп отырсаң болғаны. Қазір халықтың жағдайы үшін барлық жағын жасауда. Кондукторлар да аялдамаларды уақытылы айтып отырады, білмеген аялдаманы да айтып, қажетті автобусты айтады. Әр уақытта үлкендерге орын беруін жастардан сұрап, ескертіп тұрады. Қоғамдық көліктердің көптеп жүретіндігі халыққа жақсы. Кейде шатасып басқа автобусқа мініп кетсең, түсіндіріп айтсаң билеттерін қолға ұстатып, сұраныспен керекті автобусқа мінгізіп жібереді.

Түйін: Қала тұрғындарының пайымы осылай. Келбеті күн сайын көркейіп келе жатқан шаһарға, сүйсіне қарайтын шаһар халқы алдағы уақытта тағы да оң өзгерістер боларына нық сенімді.

 

                                                  Дидар Өмірзақова

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *