АРЫСТЫҚТАР ҚАШАНҒА ДЕЙІН ЖОСЫП ЖҮРЕДІ?

 

«Арыс. Біз біргеміз». Бейқам жатқан тұрғындар тыныштығын Арыстағы алапат жарылыс бұзды. Қас қағым сәтте  баспанасын тастап бас сауғалаған халық балаларынан көз жазып, жақындарын жоғалтты. Қапыда қаза тауып, жарақат алғандары қаншама? 40 000-нан астам адам жосып, тентіреп кетті.  «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді». Қанында тектілік бар халық, арыстық ағайынды құшақ жая қарсы алды. 3 күннен бері алдына асын тосып, барын берді. Біреулері уақытша баспанамен қамтамасыз етіліп, қалғандары арнайы құрылған лагерьлер мен мешіттерді паналауда. Қазіргі таңда, бәрі «Қауіп сиілді. Тұрғындар толық эвакуацияланды», деп жарыса жазуда. Дегенмен жұрт қашанғы жосып жүреді? Әскери қызметкерлер Арыстың 16 көшесінен 70 жарылмаған снаряд жинады. «Снарядтардың көбі үй ішінде» дейді. Қару-жарақ қоймасынан көрші ауылдарға атқылаған снарядттардың арасында әлі жарылмағандары да бар. Олардың кез-келген уақытта жарылу қаупі бар. Барлығын жинап алудың өзіне біраз уақыт кетеді. Ата қоныс, туған жерінен баз кешкен халық тұрақты баспанамен қашан қамтылады?

Анасынан  адасқан бала мен перзентінен көз жазып аңыраған ана үшін аса қасіретті күн болды. Бейбіт күнде шаңырағы шайқалған сол аңыраған ана мен адасқан баланың жадында қалған қайғыны қайтсек жоямыз? Алаш жұртын есінен тандырған оқиға қысылтаяң күн туса, қазақтың жұдырықтай жұмылатындығын дәлелдеді. Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болған ағайынның ауызбіршілігі Арыстықтарға айтарлықтай медет болды. Еліміздегі бірқатар кәсіпорындар мен қызметкерлер 1 күндік жалақысын жиып берді. Ал, мемлекет тарапынан қандай қолдау болды?     Жапа шеккен халықтың жасын қашанғы халықтың өзі сүртеді? Обал мен сауаптың қасиетін ұғынған ұлт болғанымызбен, бәрінің бір басынан артылар мәселесі жеткілікті. Бір-біріне демеу болғаны көңілге қуаныш ұялатады. Бірақ, шығынды мемлекеттің өзі толтыруы тиіс.

Жарылыс жайлы естіген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жапа шеккен тұрғындармен кездесіп, көңілін аулады. Дегенмен, «Қайтеміз енді. Мұндай нәрселер болып тұрады» деп жұрттың үрейін ұшырды. Сонда тұрғындар  өмірін қорқынышпен өткізуі керек пе? Бұған дейін 3 рет жарылған қойманың қайта жарылмауына кім кепіл? Дамыған 30 елдің құрамына енуге ұмтылған мемлекет халқының сыйқы осы.

Ұзақ жылдар бойы сақталған қару-жарақтың жарылуы экологияға айтарлықтай зардап келтірді. Қаланы қалпына кетіріп, тұрғын үйлерді қайта түзеткенімен, халықтың денсаулығы қаншалықты қауіпсіз?

Апаттың салдарынан көрі, себебіне неге мән бермейді? Қоймаға жауапты қызметкерлер қашан жауапқа тартылады?

 

         P.S: Тоғыз жолдың торабында орналасқан қала қаңырап қалды. Салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген, қазақылықтың қаймағы тұнған өңірге келген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев пен қорғаныс министрі Нұр­лан Ермекбаевтың орыс тілінде берген мәлімдемесін ана тілін ардақтаған тұрғындар түсінді ме? Қорғаныс және қауіпсіздік шараларына қатаң қадағалау қажет. «Ұлт қауіпсіздігі басты назарда» деп айта беруден, нақты іске көшу әлдеқайда тиімді. Мақсатымыз билік пен халық арасына іріткі салу емес, мәселенің тереңіне көңіл бөлу. Атқамінерлер көңілін елдің ертеңін ертерек бұру.

 Дидар Өмірзақ

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *