ЕРЛАН АЙТАХАНОВ ҚАЛАМ ҰСТАҒАН ҚАУЫММЕН КЕЗДЕСТІ

«Шымкентте әкім ауысса, аялдама қоса ауысады. Шымшаһардағы  аялдамаларға біркелкі ұлттық нақышта жөндеу жұмыстарын жүргізсе, қала сәулетіне сән қосары анық». Мегаполис әкімі Ерлан Қуанышұлымен кездесу барысында қалам ұстаған қауым осындай ұсыныс білдірді. Бұл жолғы жиында әдеттегідей әкім емес, журналистер сөйледі. Ұлт болашағын басты назарға қоятын аға буын өкілдері де үндемей қалмады.

Ұлттық идеология, білім саласы, жастар тәрбиесі, қала сәулетін арттыру мәселелері — жиында талқыға түскен негізгі ұсыныстар осылар. Еркін форматта өткен жиында оңтүстікте ойып алар орны бар, айтары анық, қаламы қарымды қаламгерлер ойларын ортаға салды.

Шаhар басшысы да әріптестеріміздің ойын орынды деп тауып, жоспарда бар іс екенін тілге тиек етті. Дегенмен, олардың ұсынысы мақсатын одан әрі айқындай түскенін жеткізді. Сондай-ақ,  инфрақұрылымды дамыту, баспанамен қамту, руханиятқа көңіл бөлу өзекті екенін айтып, болашақ жоспарларымен бөлісті.

Сонымен қатар, Түркістан мен Шымкент әкімшілік тұрғыда бөлінгенімен, тұрғындары мен қызметкерлерінің бірлігі бекем. Ауылы аралас, қойы қоралас, төсекте басы, төскейде малы қосылған, туысқандықтың тұғырын берік ұстаған еңбекқор халық
бір-бірімен байланысы артып, ынтымақ-бірлігі нығайып, руханияты дами бермек. Елбасы Жарлығы екі өңірдің бір-бірін қолдап, бірлесе дамуына зор серпін бергенін түсінуіміз қажет. Келесі жылы Шымкент ТМД-ның мәдени астанасы атанып, ел көлемінде Абайдың 175 жылдығын атап өтеміз. Міне, сол себептен жастар тәрбиесіне көңіл бөлу, Абайдың ұлағатын ұрпақ бойына сіңдіру, сондай-ақ мемлекеттік сананы нығайтуда бірлесе жұмыс істеуіміз керек, — деді қала әкімі.

Ал, журналистер одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Уали Қыдыр журналистердің баспана мəселесін шешу мақсатында үш жақты меморандум жасау туралы ұсынысын айтты.  Ерлан Қуанышұлы көтерілген мәселелер алдағы уақытта өз шешімін тауып, халыққа ыңғайлы жағдай жасауды басты назарға алатынын айтты. Журналистермен еркін өтетін алқалы жиын бұдан кейін де өз жалғасын табатын болады. Себебі, журналист — халық пен билік арасындағы алтын көпір болса, БАҚ — елдің көзі, құлағы һәм тілі болып қала бермек.

Д.Өмірзақова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *