ЗАҢ БҰЗҒАНДАР ҚАТАҢ ЖАЗАҒА ТАРТЫЛАДЫ

Ортақ міндет

Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендетіп, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы, адамдардың демократиялық сеніміне, заң мен әділдікке деген көзқарасына, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.

Жасыратыны жоқ, сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды. Себебі, мұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы елдің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда Үкіметке және билікке деген сенімсіздік тудырады. Өкінішке қарай, жең ұшынан жалғасқан, бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне кедергі келтіретіні даусыз. Мемлекеттік сатып алу, мемлекет қаржысын ысырап ету, жер учаскесін заңсыз беру, дүние-мүлкін, ақша капиталын салық декларациясынан, яғни мемлекеттен жасырып қалу сияқты мемлекет қалтасына қауіп төндіретін жат қылықтар әлі де орын алуда. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2015 жылы бұл жөнінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданғаны баршаға мәлім. Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын-алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізу, яғни жемқорлықпен күресу –  жалпыға ортақ міндет. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселе үнемі Президент назарында. Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында «Сыбайлас жемқорлық қоғамға, мемлекеттің конституциялық негізіне қауіп төндіреді, сондықтан, онымен күрес жүргізу жалпы ұлттық міндет», — деген болатын. Біз, елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың себебіне емес, салдарымен күресуге аударылып отыр. Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты.

Елбасы Жолдауында «Әрбір мемлекеттік қызметкердің ары да, жаны да таза, сауатты және білікті, біреуге тәуелді болмайтындай жағдайда болса екен», — деген мемлекеттік қызметкерлерге қойылған талап жұртшылық пікірімен үндескендей. Ол үшін мемлекеттік қызметкер атына кір келтіретін әрекеттерден аулақ болғаны жөн. Мұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар да қатаң жазаға тартылады. Әрине, ең алдымен, бүгінгі бала, ертеңгі мемлекеттік қызметкердің отбасындағы тәлім-тәрбиесі дұрыс болуы тиіс. Тәрбие отбасынан басталады, ата-анасының шаруаны пара беру арқылы шешетінін, не пара алу арқылы өздерінің материалдық жағдайын жақсартып отырғанын көріп өскен бала, бұл жағдайды орынды, яғни солай болуы керек екен деп түсінеді.

Қазақстан – көп ұлтты, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Алдымызда әлі талай үлкен міндеттер тұр. Осы сындарлы кезеңдерден сүрінбей өтіп, сапалы нәтижеге қол жеткізуіміз қажет. Сыбайлас жемқорлықпен күреске әрбір ұлт, әрбір қазақстандық бүгіннен бастап белсене атсалысуы қажет. Себебі, бұл елдің береке-бірлігіне, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан Елбасы Жолдауында айтылған жемқорлықты түбімен жою міндеті еліміздің болашағы үшін жасалған үлкен қадам.

 

Ералқасын Жақаншаұлы  ТҮКТІБАЙ

 

Шымкент қаласының Қаратау ауданы бойыншаТауарлар мен көрсетілетін

 қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін

бақылау басқармасының басшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *