Миссионeрлeрдің қарымды құрығына іліккендер

Кешегі мұсылман бауырларымыз бүгінде, өкінішке қарай, иегова куәгерлерінің, баптистердің, кришнаиттер мен евангелистердің, тағы басқа да толып жатқан теріс пиғылды кірме діндердің мүшелері ғана емес, керек десеңіз, жетекшілеріне айналып үлгерді. Ал бұл өз кезегінде көптеген шаңырақтың шайқалып, ағайын-туыстың діни тұрғыда алыстауына әкелді.

Осындай секталардың жұмысын өз көзімен көрген Василя Ж.С. деген әйел былай дейді:

-1991-1992 жылдары жетімдер үйінде директордың орынбасары болып жүрген кезімде, бізге облыстық білім беру басқармасымен келісіп, демеуші болу үшін Американың Лос-Анджелес штатынан кәрістердің «мисс Агафе» деген сектасы келді. Енді ол кезде жағдайымыз қиын болатын. Олар бізге тамақ, киім жағынан көп көмектесті. Басында осылай материалдық көмек көрсетіп жүрді де, кейінірек балаларды демалыс сайын қаланың ішінде қыдыртуға рұқсат сұрап, алып кетіп жүрді. 1991-1994 жылдары бізде қазақтар бірен-саран болды да, негізінен орыстың балалары көп болды. Кейінірек қазақ топтары ашыла бастады. Біртіндеп олар орыстың балаларын өз шіркеулеріне апарып, шоқындыра бастады. Біз оған онша мән бермедік. 1993 жылы 7 сыныпта оқитын Римма деген қазақтың қызы «шоқынамын» деп шықты. Тәрбиешісі Жанна Риммаға: «Сен — мұсылмансың, саған болмайды», — деп түсіндірген. Бірақ ол қыз көнбей қойған соң, тәрбиешісі маған келіп айтты. Мен де ол қызбен сөйлесіп едім, көнбеді. Содан Римманы демалыста қыдыруға жібермей қойдық. Бірнеше күн ол қызды райынан қайтаруға тырыстық. Алайда, ол: «Менің қай дінді таңдап алсам да құқығым бар»,- деп айтқанынан қайтпай қойды. Есім шыққаны соншалық, сол кездегі облыстық білім басқармасының бастығына телефон соғып, болған жайтты айттым. Ол кісі өзі ұлтжанды азамат еді. Мені тыңдап болған соң, шоқындырушыларды енді жетімдер үйіне кіргізбеуімді талап етті. «Егер шатақ шығарса, маған жібер, өзім сөйлесемін»,- деді. Содан секта мүшелерін кіргізбей қойдым. Кейін сол қызды автокөлікте кездестірдім. Өзі мені танып, құшақтап, бетімнен сүйді. Сонда оның есейіп, жетімдер үйінен кеткен соң бәрібір оларды тауып, шоқынғанын, сол жерде жұмыс істейтінін білдім. 2004 жылы Василя апайды бір мектепте жұмыс істейтін Айман есімді әріптесі әрі құрбысы Алматы қаласында орналасқан «Благодать» сектасына тарта бастайды. Оның күйзеліп жүргенін аңғарған Айман: «Сіздің жолыңыз болмай жүр, ол жерге барсаңыз, жолыңыз ашылады»,- деп, уағызын айтуды қоймайды. Бір күні Василя апай сол сектаға барып, бәрін өз көзімен көріп қайтуды ұйғарады.  Содан мен Айман берген мекенжай бойынша іздеп бардым. Ол маған «Асқардың тобын» сұра деген. Онда орыстілді, қазақтілді топтар бар екен. Бір есікті ашсам, кішкентай балалар тәрбиешімен ойнап отыр. Кейін байқағаным, сәбилердің қолындағы ойыншықтардың өзі дінге қатысты екен. Осында келіп жүрген ата-аналар уағызда отырғанда, олардың балаларын бөлек бөлмеде тәрбиеші қарап отырады. Мен Асқардың тобын тауып бардым, есікті ашсам, он шақты қаракөз қазақ отыр. Менімен бәрі қазақша амандасып, «кіріңіз, Асқар қазір келеді»,— деді. Бір уақытта жасы 35 шамасындағы көрікті жігіт кіріп келіп еді, біреулер мені көрсетті. Ол менің жаныма келіп: «Маған Марат пен Айман сіз туралы айтты»,- деді. Сол кезде Айман мен Марат кіріп келді. Керегелерге дінді уағыздайтын плакаттарды іліп қойған. Әркім өздерімен тамақ алып келеді екен. Бәрі дастарқанға жағалай жайғасты. Сонда жасы 60-тан асқан ақ жаулықты қазақтың анасын көрші орыс кемпірдің «Сен Исусқа сиын, біз де сен үшін сиынамыз. Исус саған көмектеседі»,— деп азғырып әкелгенін байқап қалдым. Бір кезде маған кезек келді. Сонда мен: «Сіздерге өтірік айта алмаймын. Айман айтқан соң, жәй көрейін деп қызығушылықпен келдім. Мен— мұсылманмын. Сіздер де өмірге мұсылман болып келдіңіздер. Онда неге өзге діннің жетегінде кеттіңіздер? Соны түсінбей отырмын»,— деп сұрадым. Олар: «Құдай біреу»,— деді. Бір уақытта Асқар қолына гитара алып, Исус жайлы қазақ тілінде ән айтты. Енді әнді тыңдасаңыз, еріксіз елітіп, көңіліңді босатады. Сірә, ондай әндерді қазақ тіліне бекер адам аудармаған сияқты. Мен Асқардан: «Мына отырған адамдардың негізі қараңғы адамдар. Ал сіз білімді, оқыған адамсыз. Қалай осы дінге келіп жүрсіз?» — деп сұрап едім, «1990 жылы жұмыссыз қалып, қатты қиналдым. Ал менің өз жанұяммен қоса әке-шешем, бауырларым да маған арқа сүйеді. Олардың киімі, тамағы бар дегендей. Содан базарға барып, сауда жасауға тырысып едім, қолымнан келмеді. Жарнамамен де айналыстым, тіпті вокзалға барып жүк тасыдым. Мен істемеген жұмыс жоқ. Ал бұл оқыған адам үшін тіпті қиын. Осылай сенделіп жүргенде, осы дін өкіліне кезігіп, олар маған көмек көрсетті»,— деп жауап берді. Асқар мені жеке шақырып алып: «Сіз адамды сөзге тарта алады екенсіз, сіз сияқты адамдар бізге керек»,— деп, менің келіп тұруымды өтінді. Шынымды айтсам, неге екенін білмеймін, мен өзімді ол жерде жайсыз сезіндім. Бір кезде басым қатты ауырып, солардың ыңғайына қарай жығылып бара жатқанымды байқадым да дереу есімді жиып, өзімді-өзім тоқтаттым. Сол себепті кеткенше асықтым. Содан бері ол жаққа барған емеспін, —деп әңгімесін аяқтады Василя апай. Осылай қаншама қазақ діні — ислам, пайғамбары — Мұхаммед екенін ұмытып, өзге діннің жетегінде кетіп, миссионерлердің ойыншығына айналып жүр. Олар өздері адасқанмен қоймай, қаншама қазақты, соның ішінде ақыл- ойы толыспаған жастарды алдап, өзге дінге кіргізуде. Егер осылай жалғаса берсе, мұның аяғы жақсылыққа апармайтыны анық. (Мира Майшығұлова»Заман-Қазахстан» газеті)

 

Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігі әзірлеген.

Көрнекі фотосурет ашық интернет көзінен алынды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *