1929 жылы латын әліпбиіне көшкен кездегі емле өзгерістері туралы не білеміз?

Қазақстанның келешектегі даму бағытын сөз еткенде, өткен тарихын да әрдайым есте ұстап, тарихтан тағылым алған абзал. Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – дей келіп, ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту қажеттігін баса айтқан еді [1]. Осыған байланысты ұлттық кодтың негізі болатын ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының еңбектерін, тілтанымдық мұрасын әрдайым назарда ұстауымыз қажет.

Бүгінде латын графикасына көшуге байланысты терминдерді таңбалау, халықаралық атауларды дұрыс жазу мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осыған байланысты өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы  қазақ зиялыларының еңбектерінің маңызы артып отыр.

1922 жылы Қазақстанда жат сөздерді, пән атауларын қазақшаландыратын комиссия құрылады да, оны А.Байтұрсынұлы басқарады. Комиссия жат (өзге тілдік) сөздерді қабылдауда мына принциптерді басшылыққа алған:

а) жат атаулардың мағынасын түсіндіргендей қазақ сөзін алу;

ә) оған қолайлы қазақ сөзі болмаса, түркі сөзін алу;

б) түркі сөзі де тура келмесе, қазақ тілінің заңына үйлестіріп, еуропа сөзін алу [2].

Ғасыр басында қазақ білімпаздары аударма ісіне белсене араласқаны белгілі. Мұрағат деректеріне зер салсақ, Ә.Бөкейханұлы – география, Е.Омаров – алгебра, М.Жұмабаев – педагогика, Ж.Аймауытов – дидактика, Ф.Ғалымжанов – физика‚ Б.Сәрсенов – геометрия, И.Тұрғанбаев – арифметика, Қ.Кемеңгерұлы – жаратылыстану пәндері бойынша оқулықтарды қазақ тіліне аударғанынан [3]хабардар боламыз.

Осы кезде емле, термин мәселелері қызу талас тудырып, басылым беттерінде көптеген мақалалар жарық көрді. Олардың қатарына А.Байтұрсынұлы “Емле туралы”‚ Т.Шонанов “Шет сөздерінің імләсі жайында”‚ А.Мамытұлы “Емле‚ пән атаулары туралы”‚ Е.Омаров “Емле мәселесі”‚ Ж.Аймауытұлы “Емле‚ әріп жайында” т.с.с. мақалаларды жатқызуға болады.

Бұл мәселе 1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде де сөз болады. Онда Елдес Омаров баяндама жасап, шеттен еніп жатқан терминдер (жат сөз) қазақтың өз сөзіндей тілімізге сіңіп кетуі үшін қазақ тілінің өзіндік заңдылықтарына сәйкестендірілуі керектігін ескертіп, 9 заңдылықты көрсетеді:

1.  Қазақ тілінде үндестік заңы бар.

Қазақ тілінде үндестік заңына келмейтін сөздер де жоқ емес. Соны айтып үндестік заңына қарсы болып жүрген азаматтарымыз да бар. Үндестік заңына келмейтін сөздердің бәрі де қазақтың өз сөзі емес, қазақ тіліне кіріп кеткен жат сөздер. Үндестік заңына келмейтін қазақша сөз түрі жалғыз-ақ «нікі» («дікі», «тікі»)-мен жалғанып айтылатын сөздер.

Қазақ тілінде үндестік заңы бар екеніне осы «нікі»-ден басқа қарсы дәлел жоқ. Дұрысында, ешбір тілде де тастай қатқан тұрлаулы заң болмайды: бір заңның күшімен екінші заңға бағынбай кететін сөз түрлері болмай қалмайды. Ондай заңға келмейтін бірен-саран сөз түрлерінен ол заңды жоққа шығару я ол заң жоғалуға бет алған деп жору – қата.

Қазақ тілінде үндестік заңы бар екені рас болса: қазақ тіліне кіргізген жат сөздердің бәрін де сол заңға келтіріп алу керек, сөздің ішіндегі дыбыстарының бәрін де бірыңғай жіңішкертіп я бәрін де жуандатып алу керек.

2. Қазақ тілінде жұмсақ «ә» сөздің бас буынынан басқа буындарда болмайды, әсіресе сөздің соңғы буындарында жұмсақ «ә» болмайды.

Бұл: үндестік заңының салдарымен болған, қазақ тілінің айрықша бір қасиеті. Қазақ тілінде «Мәриә», «Кәмійлә» сықылды соңғы буындарында жұмсақ «ә» келетін сөздер де жоқ емес. Бірақ ол сөздер арабша оқыған молдалардың зорлап кіргізген сөздері, мұндай сөздің ерсі жері – бұларға жалғау қосып өзгерткенде, бұлар қазақ тілінің сөз жүйесінше өзгере алмайды «Кәмійлә»-ның өзі жұмсақ болғанмен, мәселен, барыс жалғауы, қазақша сөз жүйесінше «Кәмиләге» болмайды «Кәмійлаға» болады. Қазақ тілінің мұндай сөздің бас буынынан басқа жеріне жұмсақ «ә»-ні сыйдырмайтын қасиеті болған соң: бас буыннан басқа буындарында жұмсақ «ә»-сі бар жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде, «ә»-ні өзгертіп я «е», я жуан «а» қылып алу керек («адабыиат» ­– «әдебиет»).

3. Қазақша сөздерде «о», «ұ» дыбыстары бас буындарда ғана болады. Басқа буындарында «о», «ұ» дыбысы бар, «бейнетқор», «қамқор» сықылды сөздер  оның аяғында «қор» деген жат жұрнақ болғаннан ғана болып тұр. Тіліміздің ымырасынша «о», «ұ» дыбыстары бас буыннан басқа жерде тұра алмайтын болған соң: бас буыннан басқа буындарда «о», «ұ»-сы бар жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде «о», «ұ»-ларды басқа бір дауысты дыбысқа айналдырып алу керек (Покров – боқырау).

4. Қазақша сөздің аяғы «ғ», «г», «д» болып тынбайды, «қ», «к», «т» болады. Ондай сөздерге дауысты дыбыспен басталатын жұрнақ жалғаулар (жіктеулер) қосылып «қ», «к»-лер («т» емес) екі дауысты дыбыстың арасына түссе (олардың алдындағы дыбыстары да дауысты болса, «ғ», «г» болып өзгереді. «Ғ», «г», «д» дыбыстарымен тынған жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде сөз аяғындағы «ғ», «г», «д»-ларын «қ», «к», «т» қылып алу керек. Бұл дыбыстардың алдындағы дыбыстары дауысты дыбыс болғанда, артынан жаңа дауысты дыбыс жалғанса: «қ», «к»-лер «ғ», «г» болып өзгеретін болып, «т» өзгермей, сол күйінде қалатын болуы керек. Ондай сөздің аяғындағы «қ», «к»-лердің алдындағы дыбыс дауысты болмаса, ол сөздерге дауысты дыбыспен басталатын жалғау, жұрнақтар жалғанғанда да «қ», «к»-лер өзгермейтін болуы керек. Я болмаса сөз аяғындағы «ғ», «г», «д»-ларды мүлде жоғалтып жіберу керек (Оренбург – Орынбор).

5. Қазақ тілінің үздіксіздік заңы бар. Қазақша сөздің ішіндегі дауысты дыбыстан айырылып (онан кейінгі буынға) шыға алмайды («қарағай», «қар-ағай» болып үзіліп буындала алмайды); «мәселе» сықылды үзіліп буындалатын сөздер қазақ тілінде болмайды. Және: бір сөздің ішінде арасына дауыссыз я жарты дауысты дыбыс салмай, екі дауысты дыбыс қатарынан келмейді. Үздіксіздік заңына келмейтін жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде, өзгертіп үздіксіз қылып алу керек («мәсле» – «мәселе», «мүмін» – «момын»).

6. Қазақша сөздің екпіні соңғы буынында болады. Сондықтан екпіні соңғы буыннан басқа буындарында болған жат сөздерді қазақшаландыруында тілін соңғы буынға келтіріп алу керек («Самара» – «Самар», «пуховый» – «бөкебай»).

7  Қазақша сөзде бір дыбыс қосарланып келмейді. Сондықтан дыбысы қосарланған жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде қатарынан екі қама айтылатын дыбыстың біреуін я мүлде жоғалтып жіберу керек те я болмаса орнына басқа бір дыбыс кіргізіп алу керек («Макка» – Мекке», «Алла» – «Алда»).

8. Қазақ тілінде өзінде жоқ дыбыстардан тізілген сөздер болмаса керек.

Тілінде жат дыбыстары бар жат сөздерді пән сөз қылып алғанда, оның жат дыбыстарын шығарып тастап, орнына қазақша дыбыс кіргізіп алу керек. Жат дыбыстардың әрқайсысына алдын ала қазақ дыбысын арнап көрсетуге болмайды; ретіне қарай, мәселен, ерсі «у», «п», «б» болып өзгеруі мүмкін; «х» дыбысы қазақша кейде «к», кейде «қ» болып өзгеріп, кейде мүлде жоғалып кетуі мүмкін.

9. Қазақ тіліне кірген жат сөздер түбір сөз есебінде алынып, қазақ тілінің заңдарынша өзгеретін болуға тиіс.

Жат сөздерді жат жұрнағымен алуға болмайды; жұрнағымен кірген сөз болса, оның сол жұрнақты түрін түбірге балап алу керек [4, 91-94-б.].

Қазақ оқығандары арасында жат (шет) сөздерді қабылдауда екі түрлі ұстаным болған. Осы съезде сөйлеген сөзінде де, «Жат сөздер туралы» деген кітапшасында да [5] Н.Төреқұлов түркі тілдерінен сөз іздемей-ақ «делдалсыз тура Аурыпадан алуды» ұсынады да бибауырмал дегеннің орнына интернационалтарих сөзінің орнына историятарихшы сөзінің орнына историк деп қолдану керектігін айтады. Жат сөздерді “өзге жұрт тілдерінде айтылуынша ешбір бұзбастан, айнытпастан алу керек. Кәзір Қырым, Әзербайжан сықылды өзге ұлт респөбликелері де солай алып жүр. Біз неге сүйтпейміз?” [6, 168], – деушілерге Х.Досмұхамедұлы “Жат сөздерді қолданғанда, тілімізге ылайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады… Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұ жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді”, -деп [7] жауап берсе, А.Байтұрсынұлы “Сәбитке жауап” деген мақаласында: “Жат сөздерді басқалар, мәселен, орыстар өз тілінің заңына үйлестіріп алғанда, солай алуға біздің де қақымыз бар”,- деген еді [8].

ХХ ғасырдың басындағы басылым беттерінде коммунист сөзін ортақшыл, интернационал – бейбауырмалт.с.с. етіп алу сияқты көптеген ұсыныстар болғанмен, мұндай сөздер негізінен аударылмай, орыс тіліндегі күйінде берілген. Онда да екі түрлі бағыт байқалады: бірде коммунист, социализм, комиссариат, пролетариат, конференция т.с.с. сөздерді қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне үйлестіріп, сингармонизмді сақтауға тырысушылық байқалса, енді бір жерлерде сингармонизм заңдылықтары ескерілмей, сөз негізгі қалпына мүмкіндігінше жақын етіп берілген.

Мысалы: Ақша кемесеретінде әуелі оқыу басталғанда 70-ке жақын адам оқыймыз деп іспескесін берді («Еңбекші қазақ», 20.03.1928, №65 (1092).

Қазағыстан пұрылтарыйат-қара шарыуашылар ұйымы кәмпеске тұуралы тарыйқы ауыз әдебійттерді түгелінен пайдаланыб, жыйнаб бастырмақ («Еңбекші қазақ»,  5.04.1929, №76, (1405).

Сондықтан кітап жазған адамдарға айтатын сөз: білім кемесійесінің қолданған атауларын қолданыу керек ((«Еңбекші қазақ», 26.01.1925, №294).

Келтірілген мысалдардағы асты сызылған сөздерде қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігі сақталып, қазақы артикуляцияға бейімделіп, икемделген. Сонымен қатар қазақ тілінің заңдылықтары ескерілмей, орыс сөздерін түпнұсқа күйіне жақындатып берген мақалалар да бар: Партыйаның Қазағыстандық 6-ыншы канперенсенің қорытындысы ((«Еңбекші қазақ», 27.01.1928, №48 (1075).

Орталықтан балшебек партыйа нұсқау жіберді деген сөздің аты: «төңкерісшіл пыролетарыйат ұлт еңбекшілеріне көсемдік қылды», – деген сөз ((«Еңбекші қазақ», 7.03.1928, №56 (1083).

Жоғарғы айтылғандарды еске алып, жұмысшы қара шаруа бақылау камыйсарыйаты қаулы қылды: ақша жұмсаудағы тәртібті бұзып, қазақыландырыу ісіне арналған қарежетті жоспарсыз ұстағандығы үшін ақша камыйсары Мырзағалый ұлына сөгіс жарыйалансын! ((«Еңбекші қазақ», 4.02.1929, №27 (1356).

Латын графикасын қабылдауға байланысты «Еңбекші қазақ» газетінің 1929 жылғы 18 ақпанындағы санында Қазақстан Орталық жаңа әліпби комитетінің емле мәселесі туралы тіл білімпаздарына, оқушыларға, барлық жазушыларға ашық хаты жарияланады [9]. Онда 1929 жылдың 20 наурызында Қазақстан оқу комиссиариаты шақыратын білімпаздар съезіне дейін емле мәселелері талқылануы керектігін ескерте келіп, жан-жақты емлеге енген өзгерістерге оқушылардың пікірлерін сұрайды. Осыған байланысты газетке түрлі мақалалар жарияланып, түрлі ұсыныстар түседі. «Шет сөздердің імләсі жайында» атты мақаласында Телжан Шонанов былай деп жазады:

1.  Жат сөздер халық айтуына жеңіл, құлағына жағымды, түсінігіне үйлесімді, қат тануына оңтайлы болуы үшін, жат тіл імләсін тіліміздің заңына үйлестіруіміз керек. Осы күні бір жат сөз әр түрлі құбылып жазылады. Мысалы: камисериет, камисерет, камөнес т.т. Мұнан қалың бұқараның қат тануына, шет сөздерді түсінуіне зиян көп, тіліміз заңына келмеген соң, қалық тілі күрмеліб айта алмайды, сондықтан шет сөздер белгілі ережемен жазылсын.

2.  Шет сөздер дұрыс жазылу үшін: аяғы қалай жазылуына, 2) түбірінің қазақ тіліне үйлеспейтін дыбыстарын қалай өзгертіп, қысқартуына жол көрсетілсін.

Шет сөзді жазуда заңға сүйенбегендіктен, орыстың «кооперация» деген сөзінің аяғын «се», «тсе», «са», «тса», «тсие» қылып құбылтып жүрміз. Мұндай мысал көп. Шет сөздің тұқылындағы дыбыс заңына сүйенбегендіктен, орыстың «коммунист» деген сөзінің тұқылын «кәмен», «кәмөн», «камун», «көмен» қып құбылтып жүрміз. Жат сөз қазаққа қол байырғы болу үшін керек жерінде барлық дыбысын өзгертуіміз керек. Өйткені әр тілдің дыбыстарының айтылатын, шығатын жолдары бар. Сол  жолмен жүрмеген дыбысты адам айта алмайды. Орысша сөйлеген қазақ он жыл оқыса да, орыс тілінің дыбысын дұрыс айта алмайтыны осыдан. Мәселен, қазақ тілінде төменгі ерінді тіске тіреп айтатын (в, ф) дыбыстары жоқ (см. проф. Богородицкий «Введение в тюрко-татарское языкознание». Часть 1. Стр. 23. Таблица классификации звуков).

3.  Шет сөзді дыбыс негізіне сүйеніп (фонетический принцип) жаңа тілін меңзеу (морфологическая аналогия) заңымен қарастырып жазалық.

Әр тілде бір дыбыс көршілеріне әсер етеді: қатайтады, жұмсартады. Мұны еліктіру (ассимиляция) заңы дейміз.  Орыс тілінде тартыншақ еліктіру (регрессивная ассимиляция) болса, (пробка – пропка, сбереги – збереги) біздің тілімізде итіншек еліктіру (прогрессивная ассимиляция) бар (ұрған – ұтқан, азға – асқа…). Итіншек еліктіру бар тілімізде тартыншақ еліктіру заңымен шет сөз жазып шатасып жүрміз (әліпбе, дұрысы – әліппе). Онан соң тілімізде еліктіруге қарсы іру заңы бар. Ол заң мынау: бір ыңғай айтуға қиын дыбыстар тіркес келсе, оңайлау үшін іріп, әр жолдан шығуға тырысады. Мысал: атшы басқа түрік тіліне қарағанда атчы болар еді.

Итіншек еліктіру мен іріту дауыссыз дыбыста болса, дауыстарымызда үндестік (сингармонизм) заңы бар. Шет сөзді жазғанда бұл заңды қолданбасақ, қазақтың тілі келмейді. Қазаққа: ат айланар деп айтқыза алмайсың.

Пішін меңзеуіміз мынау: шет сөз сын есім болса (социалистический) біз де соның сотсиал деген түбіріне бір жалғау жапсырғымыз келеді. Тас үй, қазақ малы дегенде, сын есімде жалғау бар ма, міне, шет сөзге қазақ тілінде жалғау беріле ме, жоқ па, берілсе қазақ тілі қандай жалғау береді, мұны ретке салу керек.

4.  Шет сөзді дыбыс негізіне тіліміздің заңына сүйеніп жазу үшін тілімізге қалық арқылы кірген араб, парсы жана ескіден кірген орыс сөздері дерек болсын. Бұл күнгі газет-жорналдар қалықтың шет тілге тілі қалай келуімен санаспаған. Сондықтан бұлар өзгертіп алған сөздер імлә жасауға дерек бола алмайды. Тілдің неге келмеуі әр тілде әр түрлі дыбыс жолы (артикуляционная база) болуынан. Қалық өзінің дыбыс жолына үйлестіріп, тілін келтіріп шет сөз алады. Тілі келмейтін газеттегі шет сөзден халыққа зияннан басқа пайда жоқ: қат танып, тілін ұстартуға бөгет [10].

Орталық Атқару Комитетінің президиумы мен Халық Ағарту Комитетінің шешімі бойынша 1929 жылы Қызылордада емлені реформалауға байланысты конференция шақырылды. Конференцияда осы уақытқа дейін емлеге байланысты ұсыныстар, айтыс-таластар қорытындыланып, жаңа алфавитке сай жаңа емле қабылданады. Конференцияға Е.Д.Поливанов, К.Юдахин, Э.Шмидт, Қ.Жұбанов, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонановтармен бірге Е.Омаров та қатысып, комиссияның құрамында болады. Осы конференцияда К.К.Юдахин бастаған бір топ баяндамашылар қазақ тілінің заңдылықтарын белшеден басып, өрескел бұзады. Қазақ тілінің заңдылықтары бұрмаланып, емле, терминология мәселелеріне байланысты қайта-қайта таласып қалып, оған ешкім құлақ аспай қойған соң Е.Омаров пен Қ.Кемеңгерұлы қарсылық білдіріп, шығып кетуге мәжбүр болады [11].

ХХ ғасырдың 20-30-жылдарда орыс тілінен енген сөздерді (жат сөздерді) қабылдап, тұрақтандыруда төмендегі ұстанымдар негізге алынған:

а) бұл кезеңде орыс тілінен енген сөздерді жазуда осы уақытқа дейін тілімізде араб-парсы және бұрынырақта орыс тілінен енген сөздерді үлгіге алған.

ә) сөздердің өн бойында сингармонизм заңдылықтары сақталған. Сол себепті комиссариат – кемесерет, тема – теме, курсант – күрсент, губерния – гүбірне, конференция – кәнперенсе, лекция – лексійе түріне ауысқан.

б) бастапқы буындары езулік, соңғы буыны езулік болып келген сөздерде (екпін түспесе) еріндік бастапқы буындарға ауысқан не мүлде жойылып, езулікке айналдырылған: автор – аптыр, срок – сұрык т.б.

в) орыс тіліндегі ф орнына п; г орнына – ж; һ, х орнына жуан сөздерде қ; жіңішке сөздерде к, ц орнына с, в орнына у; щ орнына ш қолданылған. Мыс: физика – пійзійке, география – жағырапа, химия – кіймійк, техник – текнійк, станция – станса, Москва – Мәскеу т.б.

г) сөздің соңы а дыбысына бітсе, ол түсіп қалған: аптека – аптек, фабрика – пабірік, награда – награт. Жер атауларындағы соңғы а дыбысы үндесіміне қарай ы, і болып өзгерген: Европа – Жаурыпы, Африка – Әпірікі, Азия – Әзійе т.б.

д) орысшада тр-ға біткен сөздерде т мен р арасына ы, і дыбыстары кіргізілген: тыйатыр, метір т.б.

е) орыс тіліндегі -тор– ға біткен сөздерде ол тыр/-тір, -тұр/-түр болып өзгерген: тырактыр, доқтұр, карректір т.б.

ж) ка-ға біткен орыс сөздерінің соңы көбінесе -ке түріне ауысқан: справка – ысрырабке, музыка – мүузійке, техника – теқнійке т.с.с.

з) орыс тіліндегі -ок қосымшасы қазақ тілінде ке-ге өзгерген: участок – ұушаске, список – іспеске т.б.

и) орысшада аяғы -ция-мен тынған сөздерде оның орнына -са/-се жазылған: милиция – мелетсе, станция – станса т.б.

ХХ ғасыр басында тіл тазалығын ту етіп көтеріп, тіл заңын бұзбауға шақырған А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омаров, А.Байтасұлы, Қ.Кемеңгерұлы т.б. білімпаздар жат тілден жұрнақ қабылдауға қарсы болды. Мәселен, «Қазақша жазу жайы» деген «Еңбекші қазақ» газетінің бірнеше санында жарық көрген көлемді мақаласында Е.Омаров тіл заңын бұзбау қажеттігін айта келіп: «Орыстың «сатсыйализм», «сатсыйалист» деген сөздері – жалпы жұртқа ортақ сөз. Оны қазақ тіліне кіргізуге де болады. Бірақ оны алғанда, түбірін гәнә алыб, «изм», «ист», «ни»; сықылды жұрнақтарын шығарыб тастау керек. Олардың орнына қазақ тілінің жұрнақтарын қосыу керек: жұрнаққа қазақ тілінен бай тіл кем-ақ болар. Өзіңде үйір-үйір жұрнақ бола тұрыб, жат жұрнаққа жармасыудың тіл бұзыудан басқа түк пайдасы болмайды», – дейді [12].

Орыс сөздерінің қазақ тілінің жұрнақтарын қабылдауы да көп кездеседі. Орыс тіліндегі сын есім мен зат есім тіркесуінде –ный, (-ная, -ное) қосымшасының орнына қазақ тілінде -лық / лік; -дық / дік, -тық /-тік қосымшалары жұмсалған: райондық мектеб, үйездік теқнійкүм, үйездік жер, гүбірнелік, үйездік оқыу бөлімі, өкіріктік мекеме, гүбірнелік газет, пійзійкелік бөлім лабараторыйасы, өкіріктік жастар кәмійтеті, үйездік партыйа кәмійтеті т.б. Бұл, бір жағынан, орыс сөздерінің тілімізге сіңісті бола бастағанын танытса, екінші жағынан, -лық /-лік, -дық/-дік, -тық/-тік аффиксінің сол кезде өте актив қолданысқа ие болғанын көрсетеді. Осы кезде жаңа әліббійшілер, ескі әліббійшілер, жаңа әлібшілер кәнперенсесі, жаңа әліббешілер кәнперенсесі, жаңа әліб кәмійтеті, жаңа әліббе кәмійтеті, Қазағыстан жаңа әліббе кәмійтеті, Одақтық кіндік жаңа әліббе кәмійтеті, жаңа әліббешіл т.с.с. тіркестердің, атаулардың да жарыса қолданылған.

Сонымен, ХХ ғасырдың басында, әсіресе 1929 жылы латын жазуына көшуге байланысты терминдердің жазылуы, емле мәселелері қызу талас тудырып, әртүрлі ұстанымдар болғанын байқаймыз. Бұл орайда еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, өткенімізді сараптап, ұлттық дүниетанымға қайта үңіліп жатқан кезеңде тіл білімінің тарихын зерделеу қажеттігі туындап отыр. Осыған байланысты 1929-1940 жылдары жарық көрген сөздіктерді, ғылыми еңбектерді сол кездегі латын графикасымен жарияланған (сканерленген) нұсқасымен қатар қазіргі қолданылып жүрген орыс графикасымен шығару қажет деп білеміз. Сол арқылы латын графикасына көшуде өткенімізді таразылай отырып, қай дыбыс қалай игерілгені, қосар дыбыстарды таңбалаудағы ерекшеліктер, шет тілдік терминдердің жазылуы, таңбалауда қандай ұстанымдар басшылыққа алынғаны жөнінде көп мағлұмат алар едік. Ондай материал тілшілер үшін де, тарихшылар үшін де таптырмас құнды материал болар еді. Осы уакытқа дейін латын графикасын қабылдаған халықтардың (өзбек, әзірбайжан) қателіктерінің (әліпбиге бірнеше рет реформа жасау, таңбалаудағы кемшіліктер) алдын алып, таразылау үшін де ондай еңбектердің маңызы зор.

О. Жұбаева

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *