«Тілдің ілгері басып өсуі үшін оның емлесі мен термин мәселесі дұрыс шешілмей болмайды»

Ұлттық болмысты сақтау мен жаңғырту, қазақ тілін табиғи қалпына келтіру жолындағы аса маңызды қадам – қазақ әліпбиін латын негізіне көшіру бірнеше уақыттан бері талқылана келіп, биылғы жылы Елбасы Жарлығымен бекітілді. Жаңа әліпби тек таңбаларды ауыстыру ғана емес, бастысы – негізгі этностың рухани жаңғыруы үшін барынша икемді, тиімді жолдардың бірі екенін қалың жұртшылық терең түсініп, жоғары саналылықпен қабылдауда.

Қазіргі тұста латыннегізді әліпбиге байланысты жауапты кезең – сан салалы іс-шараларды жүзеге асыру басталды. Іс-шаралардың бастысы – қазақ емлесін жаңарту, жаңғырту, емле қағидаларында ұлттық ентаңбаны(кодты) айқын белгілеу жайына келіп тіреліп отыр. Бұл бағытта қазақ тілші-ғалымдары ғылыми негізделген, тыңғылықты жұмыстар жүргізіп келеді, олардың нәтижелері – ұлттық біртектіліктің, ұлттың төлтума бітімінің сақталуын бекемдейтін, қазақ сөзі мен қазақ дыбыстарының табиғи заңдылықтары барынша ескерілген ғылыми негіздемелер мен емле ережелер таяу арада жұртшылыққа таныстырылатын болады.

Қазақ тілтанымының іргетасын орнықтырған атақты ғалым Құдайберген Жұбанов кезінде «Тілдің ілгері басып өсуі үшін оның емлесі мен термин мәселесі дұрыс шешілмей болмайды» деп айтқан еді. Қазіргі жағдайда да емле қағидаларын қалыптастыруда қазақ сөзінің құрамындағы халықаралық терминдердің таңбалануы мұқият талдауды қажет етеді. Бұның бірнеше себептері бар.

Алдымен айтарымыз – қазақ әдеби тілінде өзге тілдерден енген сөздердің саны мен көлемі ауқымды. Қазақ тілі шет тілі сөздерін қабылдаудың бірнеше сатысын басынан өткерді. Әсіресе соңғы ширек ғасырдан астам уақыттан бері ауызша және жазбаша коммуникацияда шетел тілдерінің сөзі анағұрлым көбейді. Бұған, әрине, ең алдымен Қазақ елінің жаһандану үдерістеріне қарай ұмтылысы айрықша себепкер болуда, сонымен қатар кросс-мәдени сапа мен тұтыну сапасы елеулі өзгерістерге ұшырады, соның нәтижесінде жаңа технологиялар, нарық экономикасы, білім мен ғылым, ойын-сауық индустриясы, спорт, сән әлемі және киім-кешек, музыка мен өнер, кулинария мен гастрономия салалары шетел сөздерін қабылдауда мейлінше ашықтық танытуда. Айталық, экономика мен қаржы саласы бойынша бекітілген терминдер тізбесінің 50 пайыздан астамы – халықаралық терминдер. Кезінде орыс тілін меңгерудің, ал қазір ағылшын тілін үйренудің басым бағытқа айналуы, осы тілдердегі түпнұсқа мәтіндерді оқу, орыс және ағылшын тілдеріндегі масс-медиа ақпаратының таралуы шетел сөздерінің кеңінен қолданысына ықпал етті және бұл ықпал ұлғая түсуде. Тағы бір атап өтетін жайт – қазақ тілді жұртшылықтың орыс тілінен енген сөздерді қолданудағы коммуникативтік белсенділігі жоғары, тілдік сана мен коммуникативтік сана қалыптасқан. Шетел сөздерінің қолданысына себепкер ретінде сыртқы факторлармен қатар жеке адамның қазақ сөзін біле тұра оны пайдалануға күш салмайтынын және тілдік моданың әсерін атап өтуге болады; тілдік талғам әбден өзгерген.

Мәселен, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, қоғам мүшелерінің тілді пайдалануға сұранысын арттыру бағытындағы тіл стратегиясына байланысты қазақыландырылған жаңа атаулар мен олардың байырғыдан санада орныққан шеттілдік баламаларының арасалмағына қатысты ерекшеліктерді, басқаша айтқанда, жаңа сөздердің сөйлеу актісінде игерілу жайын атап өтуге болады. Терминология қорына қосылған, қазақ тілінің өз мүмкіндіктері арқылы жасалған жаңа аталымдардың дені жазба тіл арқылы тілде орнығып келеді. Қазіргі мектеп оқулықтарында, айталық, биология пәні бойынша нарғызгүл (георгина), бақытгүл (хризантема), гүлшетен, гүлшанақ, гүлсағақ, кеппешөп, жылыжай, гүлсидам, іріктеме, тынымбақ, топсеруен тәріздес аталымдар еркін, түсініктемесіз, орыс тіліндегі анықтамасы көрсетілмей-ақ қолданылған. Алайда осы аталғандар сияқты ұғымдардың қазақ тілінде жасалған жаңа атауларын мектеп оқушыларының сабақтан тыс жағдайда соншалықты қолдана бермейтіндігі анықталып отыр. Мемлекеттік терминология комиссиясы тарапынан бекітілген, кең қолданыстағы, тілді пайдаланушылардың баршасына дерлік таныс емдәм(диета), таңбалауыш (маркер),дәрумен (витамин), пернетақта (клавиатура), мөртабан (печать), дәруменсіздік (авитаминоз) типтес жаңа аталымдардың қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына, ұғымның мағынасына сәйкес келетіндігі шүбә тудырмайды. Біз бұл арада тек мамандардың сөйлеу актісінде пайдаланылатын тар аядағы терминдерге – жаңа сөздерге емес, қазақстандық қоғамның қазақы тілді бөлігінің күнделікті әдеби тілде, күнделікті тұрмыстық тілде сөйлеуінде бұрынғы өзге тілдік баламасын ығыстырып, жоғары жиілікпен жұмсалуға тиісті жаңа сөздердің бір легіне ғана назар аудартып отырмыз. Квитанция, квартплата, афиша, обои, посылка, банкет, сюрприз, сувенир, пробка (на дорогах), зонт, аптека, дача, сотовый телефон, киоск, премия, капуста, помидор, укроп, варенье, клубника, редис тәріздес адамның күнделікті тұрмыстық іс-әрекеттерінде, тұтыну-сауда орындарымен қарым-қатынастарында игерілуге мүмкіндігі мол атаулардың бекітілген, ұсынылған, мерзімді басылымдарда байқалатын қазақша баламаларының қолданылуы бәсең.

Екіншіден, бір қарағанда, қоғам дамуы мен қазақ әдеби тілі динамикасының қазіргі сипатында шетел сөздерінің қазақ ұлтының когнитивті санасына, тілдік санасына мейлінше еніп, коммуникативтік қабілеттің жоғары көрінісі дәрежесіне көтерілгені соншалықты, өзге тілге тән сөздерді латыннегізді әліпби арқылы таңбалау айтарлықтай талдау-зерделеуді қажет ете қоймайтын да сияқты. Дегенмен Елбасының бағдарламалы мақаласындағы «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. …алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деген пікірі айрықша құнды, бұл тұжырым халықаралық терминдерді таңбалауды реттеуде тікелей басшылыққа алынуы керек.

Демек, халықаралық терминдердің емле ережелерін қалыптастыруда бірнеше проблемалар алға шығады. Шет тілдер сөздерін қазақ сөзінің табиғи айтылуы заңдылықтарына бейімдеу де соншалықты қажет, бұл ретте бұрынғы әмбебап үлгіден алшақтап, ұлттық дамудың үлгісін орнықтыруға жол ашылады. Қазақ тілінің тарихында айтылу ерекшеліктеріне бағындырылған, норма ретінде орнықтырылған сөздер легі бар (пойыз, пошта, станса, кәмпит, режім, шенеунік, нөл, нөмір). Сонымен қатар орыс тіліндегі жіңішкелік белгісі (ь) бар сөздерді де қазақ тілінің табиғатына бейімдеуге мүмкіндіктер бар, өйткені бұндай сөздердің көпшілігі жалпы қолданыстағы, күнделікті әлеуметтік-мәдени салада кеңінен жұмсалатын, кең танымал сөздер (модал, морал, ансамбіл, спектакіл, асфалт, валс, филм).

Осылайша топтай түскенде, қазақ дыбысының айтылу ерекшеліктеріне сәйкестендіруге бола ма немесе басқаша қалай реттеуге болатындығына қатысты сауалдар туындайтын шет тілдері сөздерінің қатары айқындала бастайды. Мәселен, сөз соңында -бр, -стр,-нг, -кс, -ст,-кт сияқты екі-үш дауыссыздың қатар келуі (тембр, кадастр, стерлинг, ринг, мониторинг, министр, магистр, брифинг, бокс, экономист, абстракт, факт) немесе сөз ортасында, сөз соңында бір дыбыстың қосар орналасуы (вакуум, ватт, капелла, металл, аллея, криптограмма, диффузия, корректор, саммит, конгресс-холл, коттедж, реестр) тәрізді жайттардың өзгерістерін қазақ тілінің дыбыстық-фонологиялық заңдылықтары арқылы анықтау қажет болады.

Әдеби тілдің құрамындағы шетел тілдері сөздерінің ауқымды корпусына байланысты ұсынылып келе жатқан пікірлердің тағы бірі – өзге тілдік бірліктерді, ғылым мен техника саласының терминдерін таңбалауда кирил графикасы негіз етіліп жасалған, қазіргі өз күшіндегі емле ережелерін сүйеніш ету, яғни орыс тілінен енген таңбалануын сақтау. Бұл пікірдің де ұтымдылығы бар, өйткені дәл осы бағыт басшылыққа алынатын болса, онда қазақытілді қауымның қазіргі сауаттылығын сақтап қалу жолында айтарлықтай қиындықтар болмайды. Сонымен қатар ғылым мен техника метатілінің терминдері негізінен жазба нұсқаларда қолданылатындығын ескеру қажет.

«Қазақстан 2050» стратегиясындағы нұсқауға тағы бір мәрте назар аудартамыз, онда «әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп айтылған болатын. Сондықтан шетел сөздерін қазақ тілінің айтылу заңдылықтарына бейімдеу ағылшын тілін меңгеруді жеделдетуге қаншалықты тиімді деген сауал туындайды. Осы себепті бекітілген әліпбидің құрамында бірқатар кірме таңбалардың (ч,ц) сақталуының қажеттілігі турасында пікірлер айтыла бастады.

Емле ережелерінің сақталуы мен қолданылуы үшін, бір қарағанда, үкімет тарапынан бекітілген заң күшіне ие қағидалардың жиынтығы болса жеткілікті сияқты болып көрінеді. Алайда заңнамалық құжат түріндегі емле ережелерінің жиынтығында қазақ тілінің барлық ерекшеліктерін нақтылап, айқындап түсіндіріп беретін мысалдар шектеулі болады, осыған байланысты заңмен бекітілген емле ережелерін, қоғам өмірінде тілдің үлес-салмағының өзгеруіне, ұлғаюына қарай туындап отыратын өзгешеліктерді таратып, түсіндіріп, осы арқылы тілді пайдаланушының сауаттылығын арттыруға, әдеби нормаларды қалыптастыруға ықпал ететін көмекші құралдар қажет. Таяу болашақта латыннегізді әліпби арқылы білім беруге арналған оқулықтар мен оқу құралдары, түрлі анықтамалықтар мен сөздіктер жасау ісі басталған кезде және олар қолданысқа түскен кезде шет тілдерінен енген сан алуан сөздердің реттелуінің қаншалықты маңыздылығы мен қиындықтары айқын көзге түсетін болады. Емле ережелерін реттеу, тиімді нұсқаны әбден сарапқа салу бірқатар маңызды іс-шаралардың – ұлт мәдениеті мен ұлттық біртектілікті танытатын Орфографиялық сөздік, Орфоэпиялық сөздік, Шетел сөздерінің сөздігі, Емлесі қиын сөздер сөздігі, Анықтағыштар, басқа да әдістемелік құралдарды түзу мен жасаудың, мамандар даярлауға атсалысудың жемісті және игілікті боларына жол ашады.

Akparatinfo.kz

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *