Тіл үшін күрестің екі майданы

Қазақ тілінің бүгінгісі мен болашағы үшін күрес шын мәнінде оның мемлекеттік тіл статусын алған 1989 жылдан басталды. Алғашқы 1-2 жылда «бөркімізді аспанға лақтырдық», яғни эйфория процесін бастан кештік. Мемлекеттік тіл дәрежесіне ие болған соң тіліміз өзінен-өзі қолданыс өрісін кеңейтіп, күнделікті тірлігіміздің барлық саласынан көрініп шыға келетіндей сезіндік. Алғашқы сәтте не үкімет орындары, не ғалымдар мен ағартушылар істі неден бастап, қандай шараларды жүзеге асыруды да білмей жатты. Бір ғана нәрсеге сендік, соны медеу тұттық, ол – қазақ тілінің қолданысқа ерік алуы, еркіндік алуы. Сол еркіндік қазақ мектептері мен балабақшаларының көбеюі, ата-аналардың балаларға жаппай қазақ мектебіне бере бастауы, тіпті орыс мектебінен қазақ мектебіне көшіру қазақ тілінде шаршы топ алдында: жиналыстарда, конференцияларда, ішінара парламент мәжілістерінде қазақша сөйлеу үрдісінің көріне бастауы, қазақ тілінде шығатын газет-журналдардың көбеюі, көшелерге, кейбір елді мекендерге қазақша ат берудің қолға алына бастауы, «Қазақ тілі» қоғамының құрылып, белсенді іске кірісуі, «Ана тілі» атты арнайы газеттің дүниеге келуі тағысын тағы осы тәрізді көптеген іс-әрекеттерден көріне бастады. Бұл – 90-жылдардың бас кезі болатын.

Қазақ тілі үшін ұлы күрестің осы алғашқы кезеңіндегі майданда тарих төрінен ығысып бара жатқан ана тілімізді сақтап қалу үшін айқас басталды, бұл айқастағы жеңіске тек қазақ тілінің әлеуметтік қызмет өрісін кеңейту арқылы жететініміз айқын болды. Бұл күрес аса қиындықпен жүрді. Қиындық еліміздің экономикалық ахуалының төмендеуінен, үкімет орындары жіберіп жатқан қате іс-шаралардан туындады. Қаржы тапшылығы талабынан ауылдық жерлердегі мектептердің (ал олардың дені қазақ мектептері болғаны аян) «оңтайластырылуы», қысқартылып біріктірілуі, кітапханалардың құртылуы (осы сөздің нағыз өз мәнінде), жаңадан шыға бастаған қазақ газет-журналдарының жабылуы, «Шалқар» сияқты таза қазақ тілінде сөйлейтін телеканалдың жоқ етілуі (қандай жаман сөз еді, бірақ бұл қаракетті басқаша ату мүмкін емес) – осы сияқты үлкенді-кішілі іс-әрекеттер лақтырған бөркімізді жерден көтертпей тастады. Қазақ тілінің «мемлекеттік» деген жорарғы дәрежеге иелігі қағаз жүзінде, сөз жүзінде қала берді. Әсірелеп айтсақ, тіліміздің ахуалын ойлауға келгенде, «жылау» кезеңі басталды, бұл өткен XX ғасырдың 90-жылдарының екінші жартысына созылды.

Соңғы 1997-1998 жылдардан бастап, мемлекеттік тілімізге қайтадан назар аудару, жабылып қалған қазақ мектептерін аша бастау, ауыл-селолық, тіпті қалалық кітапханаларды қайтадан ашып, шашылғанын жинап, жаңа қорларды іздестіру, аз сағат болса да таза қазақ тілінде хабар жүргізетін телеарнаны («Хабар-2») іскеқосу сияқты там-тұмдаған нақты шаралар үміт отынжаға бастады. Әрине, мемлекеттік тілдің әлеуметтік қызметін күшейтуге арналған ресми қаулылардың, нақты бағдарламалардың, нұсқаулар мен тапсырмалардың қажетті айқын сезілді. 1998 жылы 5 қазанда ҚР Президентінің № 4106 жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» шықты. Бағдарламада 1998-2000 жылдар кезеңіне есептелген іс-қимыл көрсетілген. Еліміздегі тілдерді, ең алдымен, мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы бойынша жүргізілетін іс-шаралардың нормативтік-құқықтық базасын қалыптастырудан бастап, атқарылуға тиіс ғылыми-лингвистикалық жұмыстар, бұқаралық ақпарат құралдары, ғылым, мәдениет және білім беру салаларында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге қатысты нақты жұмыстар мен міндеттер көрсетілген болатын. Өкінішке орай, бұл бағдарлама баспасөз бетінде кейінірек 1999 жылдың 2 наурызында жарияланды және1998-1999 жылдары әзірленіп, бастырып шығару керек деп көрсетілген монографиялар мен әр алуан сөздіктер, анықтағыштарға қаражат өте кеш бөлінді. Сондықтан Бағдарламада көрсетілген еңбектер сәл кешендеу 2000 жылдың соңы мен 2001 жылдың 1 жартысында жұртшылыққа ұсынылып отыр. Олар: Р.Сыздық «Қазақ тілінің анықтағышы» («Елорда» баспасы, 2000, 35 баспа табақ), «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» («Дайк-Пресс» баспасы, 2000, 18 баспа табақ), «Тілдік норма және оның қалыптануы» («Елорда» баспасы, 2001, 15 баспа табақ), ал «Қазақ тілінің академиялық грамматикасы», «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» сияқты еңбектер баспаға берілді, таяу уақытта олар да жұртшылықтың қолына тимекші. Демек, мемлекеттік тілімізді дамытуда көзделген нақты іс-шаралардың бір саласы – қазақ тілінің құрылымын таныту мен оның мәдениетін көтеруге арналған нақты міндеттердің алдыңғы легі орындала бастады деп айта аламыз.

Еліміздегі тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған екінші бағдарлама тағы да жасалып, ол да ҚР Президентінің 2001 жылы 7 ақпандағы Жарлығымен бекітілді. Мұнда тілдік дамудың басым бағыттары мен осы бағдарламаны іске асырудың тетіктері, яғни нақты іс-шаралар көрсетілген. Бұл жерде айтпағымыз – әлеуметтік үні бар, саяси, ғылыми мәні зор үлкен бағдарламаны түсіндіріп, баяндау емес (ол – өз алдына қажетті жұмыс). Аталған Бағдарламалардың ұсынылуы да, ондағы көрсетілген міндеттер де Республикамызда қолданылып отырған өзге де тілдердің, әсіресе Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің дамуы үшін күресенді екі майданда жүргізілуі керектігін көрсетіп отыр. Күрес деп отырғанымыз – ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін арттыру жолындағы іс-әрекеттеріміз, майдан деп отырғанымыз – осы іс-шаралардың түрлері мен іске асырылатын орындары.

Алдыңғы майдандағы күрес мемлекеттік дәрежедегі қазақ тілінің әлеуметгік-коммуникативтік қызметін кеңейту мен нығайту үшін жүріп жатса, екінші майданда – осынау жоғарғы мәртебелі тіліміздің мәдениетін қоса көтеру шаралары мен нақты жұмыстары жүргізілуі тиіс болғанын баса айтамыз. Тіл мәденнетіне қатысты іс-шаралар ұлттық әдеби тілдердің даму барысының белгілі бір кезеңдерінде бірде толастап, енді бірде жандана бастайтыны мәлім. Бұл процесс әсіресе халықтың бүгінгідей әлеуметтік, мәдени, рухани дүниелері тұсында қарекеттігі айқын сезіліп, белең алады. Бұған, ең алдымен, тілдің өзінің статусы көтеріліп, оның коммуникативтік қызметі кеңейе, түрлене түсуі себеп болып отыр. Қызмет өрісі ұлғайған тіл мейлінше дұрыс жұмсалатын «мәдениетті» құрал болуға тиіс.

«Тіл мәдениеті» – кең ұғымды беретін термин, бұл – күнделікті тіл тәжірибесінің аса қажетті тұсы, тіл туралы білім-ғылымның мәні зор саласы. Тіл мәдениетіне сөздерді дұрыс қолданудан бастап, сауатты жазуға дейінгі сан түрлі міндеттер жатады. Мұны да бұл жерде жіліктеп, таратып бермегенмен, нақты назар аудартатын тұстарын атап өтсек. «Тіл мәдениеті» құзырында, ең алдымен, тілдік норма және оны қалыптандыру (кодификация) мәселелері тұрады.

Ал тілдік норма лексикалық (сөздерді орнымен дұрыс қолдану), синтаксистік (сөйлем етіп дұрыс құрастыру), орфоэпиялық (сөйлеу барысында дұрыс дыбыстау), лингвостилистикалық немесе стильдік (тілді әсерлі етіп жұмсау), орфографиялық (сауатты жазу) болып жіктеледі. Бұлардың әрқайсысы өз ішінен және тарамдалады. Айталық, лексикалық нормаларды әңгімелегенде, терминология жайы, варианттылық құбылысы, әдеби нормадан тыс лексикалық топтар: диалектизмдердің, қарапайым сөздердің, варваризмдердің қолданылатын тұстары, функционалдық стильдердің ерекшелігін айыра білу сияқты толып жатқан жеке мәселелер алдымызда тұрады. Бұлар тек зерттеуді ғана емес, тіл тәжірибесінде қолдана білуді, яғни практикалық-әдістемелік жұмыстарды да керек етеді.

Бірақ қазақ тілі мәдениетіндегі бүгінгі таңда ерекше назар аударылатын сала – ауызша сөйлеу үстінде сөздерді дұрыс дыбыстау, яғни орфоэпиялық нормаларды білу, білдіру. Әсіресе мектептерде сөз сазына (орфоэпия нормаларына) назар аударатын уақыттың жеткенін баса айтамыз. сөз сазын оқу кестесіне қосып, әр сыныптың қазақ тіліне берілген оқу кестесінен бірнеше сағат бөліп, мектен бітіргенше үйрету арқылы ғана ана тіліміздің табиғи сындарлығын, әсем үнін сақтай аламыз. Бүгінге дейінгідей «сөздерді дұрыс жазса, дұрыс қолданса, дұрыс емес пе, орфоэпия, сөз сазы деген немене?» деп жүре берсек, қазақ тілін келесі ұрпаққа жеткізуін жеткізерміз, бірақ бұзып, бояуын кетіріп, әуезді үнін жоғалтып, қалай жазылса, солай оқып, айтып беретін түрде ұсынарымыз хақ.

Сауатты жазу, яғни орфографиялық нормалар да – ұлттық тіліміздің мерейін арттыру үшін жүргізетін күресіміздің бірі. Бұл орайда бүгінгі таңда ғалымдар мен ағартушылардың қатысынан тыс тұрған проблемалар бар, ол – алдымен жазуымыз өзгеріп, жаңа латын әліпбиіне көшу мәселесінің шешілуі, аз ба, көп пе мерзімге қазіргі қолданыстағы жазуымызды едәуір өңдеп, құрамынан ц, ч, щ, я, ю, ъ, ь, э сияқты таңбаларды ығыстырып, жаңа нұсқасын ұсыну керек пе, жоқ па деген мәселелер шешілуі керек және бұл жаңалықтар ресми түрде, үкімет тарапынан ұсынылуы қажет. Сол күнде емле ережелері де қайта түзіледі. Бұл ережелерде орыс тілі арқылы келген сөздердің қазақ тілінін дыбыс заңдарына икемделіп жазылуы сияқты бірқатар даулы жайттар орнына келеді. Қазіргі емле ережелерімізде қазақ сөздерін жазуға келгенде де ойласатын бірді-екілі тұстары барын білеміз. Мысалы, біріккен сөздер мен күрделі сөздердің жазылуын реттеп, ажырата түсу, біріккен тұлғалардың кірігу процесін тани түсу (айталық, біріккен екі сөздің арасында келетін екі дауыстының біреуін түсіріп жазу) сияқты жеке мәселелер қайта қаралады. Ал әзірге кириллица жазуын қолданып отырған бүгінгі күндерде 60-жылдан бері қырналып, өңделіп, толықтырылып келген емле қағидаларымызды ұстанып, мейлінше сауатты жазуды талап ету – бүгінгідей жазу тәжірибесі ұлғая түскен мемлекеттік тіліміздің мәдениетін көтеру мүддесінен туындайды.

Қорыта келгенде, мамандар мен жалпы тіл тағдырына жиірек үңіліп жүргендер үшін таныс мәселелер болғанмен, жоғарыда айтылған ой-толғамдарымызды тағы бір қайталап өтуді жөн көрдік, өйткені бұл – қалың жұртшылықты, оның ішінде тіл мамандары мен мұғалімдерді, баспагерлер мен баспасөз қызметкерлерін елеңдетіп жүрген проблемалар.

Сөйтіп, мемлекеттік тіліміздің қолданыс өрісін кеңейтіп қана қоймай, оны мәдениеті жоғары, әдемі етіп дамыту, келесі ұрпақтарға барша сөздік байлығымен, құлаққа жағымды үнімен, аса бейнелі, әсерлі сипатымен жеткізу – дәл бүгінгі таңдағы міндетіміз, іс-қарекетіміз, басты мақсатымыз болмаққа керек.

Akparatinfo.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *