ӨНЕРДІ ЖАНЫНА СЕРІК ЕТКЕН МУНИРА

Сымбаты жарасып, күн санап түрленіп келе жатқан Түркістан қаласын тамашалау үшін еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жатқан қонақтар мен туристер аз емес. Қазақ өнеріне таң қалысып, шеберлеріміздің жасаған бұйымдарын іздеп жүріп естелікке алып кететіндер қаншама. Шет ел азаматтарына біздің қолөнерлерімізді, қазақи салт дәстүрімізді бейнелейтін кәде сыйлардың тең жартысы қолөнер шебері Мунира Рахманбердіқызының қолынан шығып жатқанын біреу білсе, біреу білмейді ау сірә.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-нің Спорт және өнер факультетінің шәкірті, Түркістан қаласы балалар қолөнер мектебінің үйірме жетекшісі Мунира Пахирддинова.
«Мен жастайымнан өнерге жақын болдым, яғни, сурет салып, маталардан түрлі нәрселер тігіп жүретінмін. 12 жасымнан бастап сурет салудан көрмелерге қатыса бастадым. Жоғары оқу орнында жүргенде ұстазым Гүлнар Абдуллаева Алматы қаласына үлкен көрмеге алып барды. Сол көрмеден кейін менің өнерге деген қызығушылығым одан ары арта түсті» дейді қолөнерді ерекше дәріптейтін Мунира ұстаз.
Мунира Рахманбердіқызы түрлі көрмелерге қатысып жүріп, қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарын жасайтын шеберлермен танысады. Олардың жасаған бұйымдары шеберлігін шыңдауға қатты әсер етті. Ең бірінші қолынан келгенше кәдесыйлар жасап бастайды. Қолөнердің ішінде әсіресе жүннен, яғни, киізден жасалатын бұйымдарға ерекше назар аударды. Киізден картиналар жасады.
Бейнелеу өнеріне киіз басу өнерін қосып, үйірмеге қатысатын балалардың санын арттырды. Балаларға үйретуден жалықпайтын ұстаз мектеп қабырғасынан бөлек өзінің жеке шеберханасында да оқушыларға тегін үйірме ашып қойған. Бүгінде шәкірттері де өзі де түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындармен оралып жүр. Сонымен бірге жоғары оқу орындарына грантпен түсіп, өнерлерін жалғастыруда. Өзі педагогика ғылымдарының докторы, ғылыми жетекшісі, профессор Қуандық Ералин мен ұстазы Гүлнар Абдуллаеваға және киіз басу өнерін үйреткен Қ.Р қолөнершілер одағының мүшесі Жұпар Бейсеноваларға өнер жолына жетелеп, осындай дәрежеге жеткізгендері үшін әрдайым алғыс айтатындығын жеткізді.
Ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрген Мунира қолөнер жасаудан бөлек қазақ тілінде өлең шығарып, мақала да жазады.
Биыл «Балалар жылына» орай арнайы көрме ұйымдастырды. Балалардың шығармашылығын шыңдай түскен көрмеге шәкіртерінің 100-ге жуық жұмыстары қойылып, көрмеге келушілердің таңданысын тудырды.
Шәкірттер мен олардың ата-аналарының Мунира ұстазға айтар алғысы шексіз. Олай дейтінім кейде ұстаз өз шәкірттеріне демеушілік жасап, үйірмеге қажетті заттарды өзі алып береді. Бұл балалардың өнерлерін өрге сүйреп, шығармашылық шыңдарға жетуіне үлес қосудың бір парасы деп білеміз. Ал, біздің тілек, алдағы уақытта өнерлі, шығармашыл ұстаз бен шәкірттерге тек биік шыңдардан көрініп, облысымыздың атын бүкіл әлемге таныта беріңіздер дейміз.
Akparatinfo.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *