ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ЗАМАН ТАҢДАУЫ

«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы тіліміздің сара да дара ­жолын берік етіп, келер ұрпақ қолына аманат қылған. Қилы заман болсын, аманатқа қиянат жасауға ешкімнің де дәрмені жетпек емес. Заман артынан заман туар, бірақ біз  дара жолдың туралығын сақтап келеміз. Бұл жолда тілші ғалымдар ғана емес, күллі өр ұрпақ ұлтына һәм тіліне жан берісе қызмет етпек керек. М.Әуезов айтқандай, олар «ана тілінде түс көруі тиіс».
Әлемдік жаһандану үрдісінде ағылшын тілінің үстемдігі жүріп тұрғаны жасырын емес. Кірме сөздер де қолданысқа дендеп енуде. Бәлкім, бұл заман талабы болар. Ал бұл орайда қордаланып  жатқан тіл мәселелерін шешуде талабы таудай жас ұрпақ нендей іс атқаруда?  Латын әліпбиіне көшуге дайынбыз ба? Кірме сөздерді қазақ ұғымына икемдеген дұрыс па? Біз бүгін осы сауалға қатысты бірнеше жас ғалымның пікірін білдік. Сонымен…

Жарас Ескендір, «Қазақ тілі мен әдебиеті педагогтерін даярлау» мамандығы, ­Педагогика ғылымының магистрі,  А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Терминология орталығының аға лаборанты:

ТІЛІМІЗДІҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН БОЛАДЫ

– Жарас Ертайұлы, жас ғалым ре­­тін­де тіліміздегі өзгерістерге берер ба­ғаңыз қандай?

– Жас ғалым ретінде тіліміздегі орын алып және істеліп жатқан жұмыстарға берер бағам – оң. Кеңестің идеологиясы мен ­саяси мүддесі кирилл графикасы арқылы жүзеге асты. Сол арқылы орыстың танымы, көзқарасы мен түсінігі жазу арқылы санамызға енді. Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен қазақ тіліміз ­латын негізді әліпбиге өтіп, қайта жаңғыру үстінде. Әліпбиден ц, щ, э, ь, ъ дыбыстары және ю (иу), я (иа) әріптері алынып, тіліміз ұлттық сипат ала бастады. Латын жазуы арқылы ұрпағымыздың бойына отаншылдық, ұлттық тәрбиемізді сіңіріп, мемлекетіміздің және ұлтымыздың  мәңгі өмір сүруіне жол ашамыз.

– Тілдің дамуы мен қолданыс аясын зерттеуде Тіл институтына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр ма? Болса, қаншалықты дәрежеде?

– Тілдің дамуына Үкіметтен, әсіресе Мемлекет басшысының ­тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп жатыр. Мемлекет басшысының А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанды Ақордада жеке қабылдап, қолдау білдіруі осының айқын айғағы. Жыл сайын білікті тіл мамандарының ұсынған жобаларын қабылдап, мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлініп отыр. Болашақта осы қарқынмен тірлік жалғаса берсе, Алла қаласа, тілі­міздің болашағы жарқын болады.

– Тіл тазалығының сақталуы үшін кірме сөздерді қазақ тіліне икемдеуіміз қажет деп жатамыз. Онда неліктен бас «термин», «терминология» сөзінің өзін өз тіліміздегі икемделген сөз ретінде қолданысқа енгізбеске?

– Ахмет Байтұрсынұлының шет тілін, кірме сөздерді алуда ұстанған үш принципі болды. Ең әуелі, тіліміздің лексикалық қорын пайдалана ­отырып сөздерді алу, одан табылмаса, түркі халықтарының сөздерін алу. Оны тілдік заңдылықтарымызға сай игеру. Соның ішіндегі игеру мәселесі күні бүгінге дейін көптеген ғылыми жұмыстарда жазылып, ғалымдардың назарында жүр. Қазақ тілінде игерілген сөздер араб, парсы және орыс тілі арқылы енген. Кейіннен жазу, кирилл әліпбиі енгеннен кейін, кірме сөздер орыс тілінің заңдылықтарына сай иге­ріліп барып, тілімізге кіре бастады. Кейбір терминдер игеруге келсе, кейбірін игеру қиынға соғады. Мысалы, сіз айтып отырған «термин» сөзіне қатысты «термін» ­деген де нұсқа бар. Мұндай термин нұсқаларды ғылымға күштеп енгізу қиын. Ол үшін, ғалымдар бір ауыздан мақұлдап, Тіл комитеті бекітуі керек. «Термін» сөзін «Терминком» сайтынан бекітілген терминдердің сайтынан  іздесеңіз шықпайды. Сол секілді өзге де терминдерді, кірме сөздерді халық қабылдап, солай айтуға және жазуға дайын болуы керек. Оны жүзеге асыру үшін қоғамдық пікір қалыптастырып, халық арасында кеңінен насихаттауымыз қажет.

– Терминология мәселелерімен тек тіл ғалымдары ғана айналысуы шарт па?

– Жоқ. Себебі терминология тек тіл ғалымдарының мәселесі емес. Әр терминнің белгілі бір атқаратын қызметі және мағынасы болады. Ол қызметті сол сала мамандары жақсы біледі. Тіл мамандары әртүрлі ғылым салаларының мамандарымен бірлесе жұмыс атқарса, өнімді нәтиже болар еді деп есептеймін.

– Әлемдік жаһандануға сай шетелден жаңа сөздер енуде. Біздің сөздік қорымыз қанша шетелдік сөзбен толыққан?

– Оны нақты айту қиын. Өйткені ғылым мен технологияның дамуы, жыл сайын әртүрлі індеттің пайда болуы тілге көптеп терминдерді енгізу үстінде. Тіл мамандары сол терминдерді жүйелеп, лексика-грамматикалық талдаулар жасап, сөздік шығарумен айналысуда.

– Кірме сөздер қай салаға көптеп енген?

– Барлық саладан көп терминдер енген. Әзірге ешқандай ғалым оның санын анықтап шығарған жоқ. Менің пікірімше, терминдер еніп жатқан ең көп сала медицина мен информатика бағыты болуы керек. Себебі өзге салалар бірқалыпты өркендесе, ал медицина мен информатика салалары әлі де жаңарып, қарқынды даму үстінде.

– Кезінде Х.Досмұхамедов «жат сөздерді қолданғанда өзімізге лайық­тап алу қажет» деген. Ал қазір шет елдің сөздерін игеру һәм қазақ сөз­дігіне икемдеу жұмыстары осыған сай жүргізіліп жатыр ма?

– Толықтай болмаса да, жет­кілікті дәрежеде жүргізіліп жатыр. Мысалы, «smokiñ» (смокинг) терминіндегі «нг» дыбыстық тіркесі қазақ тілінде сөз соңы ұяң дауыс­сызға аяқталмағандықтан, «ң» болып, «mach» (матч) терминіндегі «тч» дыбыстық тіркесі қазақ тілінде жоқ болғандықтан, «ч» болып өзгерген. Сол сияқты жаңа емледе «aktór» (актёр), «element» (элемент), «parashút» (парашют) сияқты кірме терминдердегі төл дыбыстарымызды көруге болады. Ондай мысал көп. Мұның өзінен осы бағытта жұмыс істеліп жатқанын көруімізге болады. Осылай жалғасып, ұлтымыздың жазу нормасына енсе, тілімізде оң өзгеріс пайда болады деп сенемін.

– Дипломдық жұмысыңызда кірме сөздерді іріктеп шыққан екенсіз. Ол статистикалық мәліметтеріңіз ескірмеген болар.

– Ол 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» бар. Берілген кірме сөздерді және терминдерді теріп, игерілу мәселесіне қарай жіктеп шықтым. Сол арқылы тіліміздегі үлкен мәселені анықтап, нақты сандық көрсеткіш арқылы дәлелдеген болатынмын.

– Көпшіліктің арасында «жат сөздерді аударып алудың не қажеті бар?» деген пікір қалыптасқан. Бұл тіл тағдырына селсоқ қарағандық па, әлде тіл мәселесін жете түсінбегендік пе?

– Бұл тіл мәселесін жете түсін­бегендіктен деп ойлаймын. Себебі тіліміздің сөздік қоры өте бай және сондай активті пайдаланбай, шет тілінен алу дұрыс емес. Ғылым дамысын десек, сол терминдердің мағынасын тереңірек түсініп, соны ары қарай ғылыми мақсатта пайдалануымыз керек. Ол шет тілінде емес, ана тілімізде берілсе, түсінуге жеңіл әрі қолданысқа ыңғайлы болады. Оны мектептегі оқушылар да қиналмай, түсіне, қолдана алар еді. Сонда тіліміздің біртіндеп ғылым тіліне айналуына жол ашар едік. Қытай тілі де, түрік тілі де, жапон тілі де осылай дамып, ілгерілеген. Бөгде терминді түсіну үшін, оның аудармасын біліп, қолдану барысында міндетті түрде есімізде сақтап отыруы­мыз қажет. Сол себепті, ғылымды шет тілінде зерттеген ыңғайлырақ болады. Бұл барлық терминді аудару керек деген сөз емес. Икемге келетінін мүмкін болса, игеріп қабылдауымыз қажет.

– Елімізде әліпбиге ­байланысты үлкен бетбұрыс жасалуда. Қоғамдық пікір екіге жарылған. «Латын әліпбиіне көшу» және «латын негізді қазақ әліпбиіне көшу». Қайсысын құп көресіз?

– «Латын негізді қазақ әліпбиі» деген дұрыс. Себебі «латын әліпбиі» дегенде көпшілікте латын тіліне көшу деген түсінік пайда болады. Бұл – қате түсінік. Біз латын әліпбиін негізге ала отырып, қазақ әліпбиін жасап, соған көшкелі отырмыз. Латын әліпбиі кирилл және араб әліпбиі секілді төл әліпбиіміз емес. Біздің төл әліпбиіміз сонау түркі заманындағы руна тасқа қашалған руна жазуы. Бірақ арабты және кирилді пайдаланып, төл дыбыстарымызды енгізіп, қалай әліпби жасасақ, дәл солай латын әліпбиін пайдаланып, қазақ әліпбиін жасағалы жатырмыз. Сондықтан мұндай тіркесті де дұрыс пайдаланған жөн.

Жаңа әліпбиге жас тілші-ғалымдар да атсалысып жатыр. Тәжірибелі ғалымдар жаңа әліпбидің теориясын жасап, практикалық жағын қарастырып жүрсе, ал ­жастар материал жинап, көмек көр­сетуде. Мұның өзі жастардың ­ғы­лымда шыңдалып, болашақта сол ­ғы­лымдағы аға ұрпақтың орнын басуға сеп болады деп есептеймін.

Қуатбек Дүйсен, А.Байтұрсынұлы атындағы, Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері:

БҰЛ «ДАУЛАСАТЫН МӘСЕЛЕ ЕМЕС, ОЙЛАНАТЫН ПРОБЛЕМА»

– Латын әліпбиіне көшуге қатысты әңгіме қашан басталды?

– Көп жерде латын әліпбиіне көшудің дұрыс-бұрыстығына көзқарас әртүрлі. Бірақ латын қарпіне ауысу, профессор С.Ғаббасұлы айтқандай, «дауласатын мәселе емес, ойланатын проблема». Мен профессор С.Ғаббасұлының пікірімен толық келісемін. Жаңа жазу жүйесіне көшу – біздің ұлт әрі мемлекет ретінде дамуымыздың жаңа көкжиегіне шығатын заманауи таңдау. Біз бұл бағыттағы алғашқы қадамды 2017 жылы жасадық. Сол кезден бері латын әліпбиіне көшуге ­байланысты көптеген өзгерістер қолданысқа енді. Мәселен, Елтаңбадағы жазу «QAZAQSTAN» болып өзгерді, теңгеміз латын қарпінде шығарыла бастады, онлайн карталардағы көше атаулары латын әліпбиімен жазылып жүр. Жаңа жазуға көшуге орайластырылып, «Тіл туралы заңға» өзгерістер мен толықтырулар енді. Көптеген өзгерістер мен толықтырулар пакеті Парламент, Үкімет, түрлі мекемелер тарапынан әзірленіп жатыр. Мемлекеттік тілдің жаңа жазу жүйесіне тиімді өтуі үшін осындай іргелі жұмыстар жасалып жатқан уақытта, мәселенің дұрыс немесе бұрыс тұсын талқылаудың нәтижесі аздау болатын сияқты.

Латын әліпбиіне өту бойынша алғашқы қадамдар 2010 жылдары, 2000 жылдардың басында және егемендігіміздің бастапқы кезеңінде жасалды. Алайда ол қадамдар шамасы зерттеу, талдау сипатына ие болған секілді. Ал қазақ тілінің жазудағы жаңа жүйеге  өту бойынша нақты қадамдары 2017 жылы басталды. Бұл бастаманың басында көптеген әлеуметтік үдерістер жатты. Солардың бірі – отарсыздану. Қазақстан азаматтары өздерін ­тарихы терең, дәстүрі кемел, өзіндік бірегей мәдениеті бар қауымдастық екенін жаңа дәрежеде сезіне бастады. Біз жаңаны қабылдап, өз қажетіміз бен талғамымызға сай жетілдіретін болдық. Тіліміз де сол өзгерістің жетегінде өз ыңғайымызға сай жетіле бастады.

– Латын қарпіне көшсек те, ана тілімізге деген ұлттық сана, өзгеріс қолдау таппаса, не істемекпіз?

– Бұл жерде біз бір нәрсені нақтылап алғанымыз дұрыс. Жастардың көбінде қазақ тілі туралы қарапайым базалық ақпарат жоқ. Қазақ тілінің орны мен қызметін білмегендіктен, олар азды-көпті ақпаратты аға буыннан алады. Ал аға ұрпақ кеңес заманындағы қазақ тіліне қатысты дискриминацияны көрген адамдар. Сондықтан аға буын кеңес уақытында тілдік дискриминациядан алған психологиялық жарақатын өзінен кейінгі ұрпаққа таратады. Соның кесірінен жас ұрпақ та аталған психологиялық жарақаттың тасымалдаушысы әрі таратушысы болып жүреді. Ал шындығында қазіргі кезде  қазақтілді ортаның ауқымы өте кең. Қазақ тілі әлемдегі ең көп сөйленетін 100 тілдің санатына енеді. Қазақ тілі заңмен қорғалған. Қазақ тілін білмейтін адам мемлекеттік қызметке бара алмайды, сайланбалы лауазымдарға үміткер болуға қауқарсыз. Тілді білмеген «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсе алмайды, PhD докторантураға қабылданбайды және т.б. Сонымен қатар латын әліпбиіне көшу – жаңа жазу жүйесіне өту. Жазу жүйесін өзгертуге «сакралды» түрде мән беруді жеке басым жөн деп санамаймын.

– Латынға уақыт өте бейім­делеріміз анық. Жастар жағы тез үйренгенмен, үлкен жастағы кісілерге қиындау болатын секілді. Мұны қалай шешкен жөн?

– Үлкен жастағы кісілер толық бейімделгенге дейін конвертерлер қолданатын болар.

– Жас ғалым ретінде еліміздегі  үлкен өзгерістерге орай қатарластарыңызға ­берер ақыл-кеңесіңіз?

– Шекаралар жоқ, ол тек сенің миыңдағы мекендерде бар.

 

Д.БИШЕР, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

журналистика факультетінің 2-курс студенті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *