Тәрбиелік мәні зор кездесу өтті

Бала тәрбиесі ешқашан салғырт қарауды көтермейтін, аса бір күрделі де маңызды іс. Адамды адамдық қалыпқа келтіретін де, аздырып, тоздыратын да жастық шақта берілетін тәрбие. «Ұрпақ тәрбиелі болса, сол ұлттың болашағы да жарқын болмақ» демекші, «Баланы жастан» деп халқымыз бала тәрбиесін әріден бастау керектігін де айтып кеткен. Адамгершілік үстемдік құрған қоғамның азаматын тәрбиелейтін мектеп деп айтып жатамыз. Дегенмен, оған қоршаған ортаның, отбасының, әсіресе аға буын зиялы қауымның әсері де зор болатыны ақиқат. Осындай тәрбиелік мәні зор кездесу №28 мектеп-лицейінде өтті, деп жазады akparatinfo.kz ақпараттық агенттігі.
Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызының тікелей бастамасымен ұйымдастырылған шараға белгілі тіл және әдебиет жанашыры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жанымгүл Камалқызы қатысып, оқушылармен еркін пікірлесті.
Жанымгүл Камалқызы қаламызға белгілі филолог ғалым, тіл және әдебиет жанашыры. Қаншама жылдар Халықаралық Қазақ-түрік университетінде еңбек етіп, мыңдаған шәкіртке ұстаз атанды десек артық айтқандығымыз емес. Белгілі ұстаз-ғалымның өнегелі мектебін көрген, оның тәлімін алған ұстаздарымыз да аз емес. «Бейсенбілік әңгіме» жобасы аясында өткен кездесуде оқушылар да ол кісінің өсиетті әңгімелерін тыңдап, зор рухани азық алды деп айта аламыз. Салт-дәстүр, мәдениет, әдебиет, күнделікті тыныс-тіршілігімізде кездесетін жағдайлар сияқты жас өрендердің тәрбиесіне қажетті маңызды әңгімелер айтылған кездесуге оқушылар да зор қызығушылық танытып, белсенді қатысқандығының куәсі болдық. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды. Жанымгүл Камалқызы белсенді оқушыларға өзінің сыйлықтарын яғни әдеби кітаптарын сыйға тартты.
Кездесу соңында сөз алған Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы кездесуді ұйымдастырудағы мақсаты, оның маңызы мен оқушылар тәрбиесіне әсері туралы айта келе, мұндай кездесулер қаланың барлық мектептерінде жалғасын табатындығын тілге тиек етті. Өнегелі әңгімелері үшін Жанымгүл Камалқызына шынайы ризашылығын білдірсе, №28 мектеп-лицей директоры Ләззат Жанәліқызы сыйлы қонаққа сый-сияпаттарын ұсынып, ұстаздар атынан алғысын жеткізді.
«Аkparatinfo.kz» — ақпарат»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *