Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ж.КАМАЛҚЫЗЫ: «ШАҺАРҒА ЖАРЫҚ ШАШҚАН КҮН ІСПЕТТЕС»

Ордалы оқу орнымыздың іргесі қаланып бой көтергеніне 30 жылға жуықтапты. Ғұмырын университетпен біріктірген, осы білім ошағының іргесін қалап шаңырағын көтеріскен қаншама әріптестеріміз бар. Солардың бірі филология ғылымдарының кандидаты, профессор Жанымгүл Камалқызы бізбен сыр бөліскен-ді.

– Университеттің ашылған алғашқы жылдары жағдай қалай болды? Алғашқы дүниенің қашанда қиындықтары, кедергілері болатыны сөзсіз.

– Алғаш Түркістаннан университет ашылатынын өзім қызмет етіп жүрген Кентау таукен – металлургия техникумында, мұғалімдер бөлмесінде естідім. Орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім, бір топ орыс тілді мұғалімдерге айтып тұр екен. Кекесінмен: «Түркістаннан университет ашпақшы, Түркістанда университет болатынын елестетіп көріңдерші», дегенін есіктен кіріп келе жатып, естіп қалдым. Мен оған қарап: – Сіз Түркістан тарихын білмейсіз, сондықтан университет ашылатынына таңданып тұрсыз. Түркістан – үлкен ғылыми, мәдени орталық болған қала, университет ашылуы – заңдылық, мен өте қуаныштымын, – дедім, оған деген ішкі ренішімді барынша білдірмеуге тырысып.

– Онда сол жерде жұмыс істеуге асығыңыз, – деді ол кекесінмен. – Мен дайынмын, – дедім, бұл жолы ішкі қуанышым сыртқа күлкі болып ағытылды… Бірақ, санамда университетте тек үлкен ғалымдар ғана жұмыс істеуі керек деген түсінік болды. Жұмысқа ауысу ойыма келген жоқ. Жазда университетке қабылдау емтиханы  болып  жатқанын  естіп жүрдік. Сол жылы Түркістан ТИПТ (Түркістан индустриалды-педагогикалық техникумына) пайдалануға берілген, қазіргі Қазыбек би көшесіндегі ғимарат, қазіргі Тәуке хан көшесіндегі Түркістан педагогикалық училищесінің ғимараты университетке берілді. Есім хан алаңындағы Түркістан қалалық әкімшілік ғимаратына университеттің ректораты орналасты. Кентау техникумының ғимаратының жоғарғы қабаттары медицина және экология факультеттеріне босатылды.

1991 жылы университет сабақты 1 қыркүйектен бастай алмады. Берілген ғимараттарға жөндеу жүргізу бір жарым айға созылды. Қабылданған студенттер де жөндеу жұмыстарына тартылып, көмек беріп жүрді. Мен сол техникумда сабақ беріп жүргендіктен, оның барлығын көріп жүрдім. Алланың аузыма салған сөзі болды ма, бұйрық па, мен оқу орны алғаш сабақ бастаған 1991 жылдың 16 қазаны күні университетке жұмысқа қабылдандым. Кентау қаласында оқитын екі факультеттің (Медицина, Экология) орыс топтарына қазақ тілінен сабақ беретін оқытушы болып қызметке кірістім.

Университеттің алғашқы басшысы академик Мұрат Жұрынұлының ұйымдастырушылық қабілеті ме, әлде беделі ме, жаңа ашылған университетке ғылым докторлары, ғылым кандидаттары көптеп келді. Үлкен қалаларда тұрып келген ғалымдардың дені біршама жағдайы дұрыстау Кентауда тұруды жөн көрді. Кентау – өндірісті қала, тікелей Мәскеуге қарайтын. Мәскеу қамтамасыз ететін қала болып келген өндірісті қаланың жағдайы да, тұрмыстық ахуалы да Түркістаннан анағұрлым жоғары еді. Ал, Түркістанға келген ғалымдар көпшілігі қазіргі филология факультетінің жанындағы (Қазыбек би) жатақханаға орналасты. Ол кезде оның жағдайы өте қиын еді. Жылу жоқ, жарық жиі сөнетін. Обалы не керек, жайлы орындарын, қызметтерін тастап келген ғалымдар, үйсіз-күйсіз сол жатақхана бөлмелерінде тұрып жатты. Отбасыларын алып келуге мүмкіндік болмады. Университеттің әрі қарай өмір сүріп кетуіне көпшілік те, кейбір келген ғалымдар да күдікпен қарай бастады. Тіпті, бір орыс тілді ғалым «Казахстанская правда» газетінде «Болашағы жоқ университет» деген мақала да жариялап жіберді. Провинциядан ашылған университет деп кекесін білдірді. Оған себеп болған қаланың тиісті инфрақұрылымының талапқа сай болмағандығы еді.

– Алғашқы жылы кафедра қалай аталды? Кафедраны алғаш кім басқарды?

– Біздің кафедра «Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы» деп аталды. Қазақ топтарындағы қазақ тілі курсын жүргізетін орыс тілі мамандары да біздің кафедрада болатын. Кафедраның алғашқы меңгерушісі, профессор Мекемтас Мырзахметов болды. Одан бұрын келіп, кафедраның құжаттарын дайындап, алғашқы студенттерді қабылдауға қатысқан профессор Темірғали Есембеков болатын. Ал, қазақ тілінің барлық ауртпалығын доцент Мейірбек Ержанов көтеріп отырды. Тек бірінші курс қана болғандықтан, негізгі мамандық пәндер осы кісілерге тиесілі болды да, практикалық қазақ тілі мен орыс тілінен сабақ беретін оқытушылар жергілікті мектептерден тартылды. Дудариша Сартбаева екеуміз алғашқы жылы, келесі жылы Сапар Ергөбек пен Нағима Қошанова, Гүлімжан Жылқыбай, Салиха Дуанаевалар қосылды қатарымызға. Факультет – тарих-филология болып аталды. Алғашқы деканымыз – профессор С.Мадуанов болатын. Проректорымыз – марқұм Байтанаев Болат Әбішұлы болды.

– Алғашқы студенттер, бірінші түлектер кілең сайдың тасындай мықты болған дегенді есітуім бар. Расында солай болды ма? Таратып айтсаңыз.

– Университет ашылған жылы әр топқа он бір студенттен ғана қабылданды. Шет тілдері аптасына сегіз сағаттан оқытылды. Талап бойынша, болашақ халықаралық университет дәрежесіне сәйкес білім беру мақсат етілді. Осындай жарнаманың әсері болса керек, алғашқы жылдары университетке мектепті үздік бітіргендер көптеп келді. Мен сабақ берген медицина факультетінің орыс топтарында төрт топ, экология факультетінде екі топ болатын. Медицинадағы бірінші, екінші топтарында негізінен медалистер мен медучилищені үздік бітіргендер болды. Экология факультетінде де осылай болатын.

– Қожа Ахмет Ясауи университетінің Түркістан қаласында бой көтеруі қалаға үлкен бетбұрыс, мәдениет алып келді деген пікір бар. Келісесіз бе? Түркістан үшін университеттің маңызы қандай?

– Кез келген қала үшін, тіпті шағын елді мекен болса да, ол жердегі оқу орнының маңызы ерекше болады. Себебі ол – білім үйі, білім ошағы. Адамзат үшін білім алу қабілеті – Алланың ерекше сыйы. Біздің аталарымыз бұны жақсы білген. Мектеп үйлерін ерекше киелі орын ретінде құрметтеген. Тіпті, денсаулығында кінәраты бар кейбір жандар мектеп үйлеріне келіп түнеп кететін болған. Мектепке кіргенде ерекше ілтипат таныту, ұстаздарға иіліп сәлемдесу «надан» деп жүрген аталарымыздың жазылмаған қағидасы болған… Бұл қасиетті Түркістан халқы университет ашылған жылдары көрсете алды. Білім беруге келген ғалымдарды әулиедей сыйлады, құрметтеді. Ата-аналар балалары өз мекенінен ұзап шықпай-ақ, жоғары оқу орнында оқитынына қуанды. Сол жылдары күрт өзгерістен халықтың күнкөріс халі де нашарлап, ел түгелімен дағдарыста болған жылдар еді ғой. Дәл сол уақытта орталарында университет ашылуы – өздері қасиетіне шексіз сенетін Қожа Ахмет Ясауидің құрметіне Алланың жіберген сыйы деп қабылдады. Университет, ондағы білікті ғалымдар көпшіліктің үлгісі де бола білді. Ең бастысы, университет ғылыми орта қалыптастыратын үлкен орталыққа айналды. Қазіргідей бар жағдай жасалмаған, аудиториялар, жататын жатақханалар суық болса да, ғалымдар ғылымды жандандыруға, осы өңірде ғылыми орта жасауға бел шеше кірісті. Ғылыми зерттеу зертханалары, ғылыми семинарлар, одан әрі ғылыми дәреже қорғауға арналған ғылыми кеңестер ашылуы осының айғағы болды. Университеттің жаңадан салынған ғимараттары, жатақханалары, жанкешті еңбекпен бой көтерген ботаникалық бақ қалаға сән беріп қана қоймай, ескі шаһардың айбатын асқақтатты. Университет өмірі қалаға жаңа тыныс берді. Сол жылдары саңырауқұлақтай қаптаған жекеменшік университеттер бұл университеттің шын бағасын көруге мүмкіндік берді.

Қасиетті Қожа Ахмет Ясауи атын иемденген оқу орны өз биігін бағындыра берді. Алғаш қалай кірпіші қаланғанын, қандай қиындықтармен оқу басталғанын, сабақ бере жүріп, электр жарығы жоқ май шаммен отырып, лекция дайындап, одан қалған уақытта диссертация жазған, сабақта сырт киіммен дірдектеп жүріп лекция оқыған алғашқы оқытушылар бұл университеттің бағасын бәрінен де артық біледі деп ойлаймын. Бір қызығы, сол қиын күндерді, сонда бірге жүрген жандарды, бар ықыластарымен саусақтарын үрлеп қойып лекция жазып отырған студенттерді сағынасың… Түркістанды ғылыми ортаға айналдыруға әрекет жасаған ғалымдардың көбі бүгінде арамызда жоқ. Олар ескерусіз қалмаса екен деп тілеймін. Олардың еңбектері ерекше. Университет өзі де өсті, қанша жандарды да өзімен бірге өсірді. Ғылым – Алланың бір есімі делінеді. Ғылым мен білім ордасы Түркістан қаласы үшін жарық шашқан күн іспеттес. Әртүрлі мекемелер, түрлі мәдени орталықтар бой көтеріп жатқаны рас, бірақ оқу ордасының бағасы да, қадірі де бәрінен биік тұрады.

– Жанымгүл апай, отызыншы белеске аяқ басқан оқу орнына деген тілегіңізді оқырманға жеткізсек…

– Қожа Ахмет Ясауи университетінің әрбір қызметкерінен бастап, білім алушы шәкірттер үлкен философ бүкіл түрік халықтарына ілім таратқан, адасқанды тура жолға салған, қанша ғасырлардан бері ұрпағының қолдаушысы болып келе жатқан Қожа Ахмет Ясауидің кім екенін білгенін, оны оқып танығанын, ілімін үйренгенін қалар едім. Сонда университеттің де іргесі шайқалмай тұратынына сенуге болады. Алғаш университеттің басшысы болған академик Мұрат Жұрынов жұмыстан кетіп бара жатып, ұжыммен қоштасқан жиында: – Университеттің қандай қиындықпен ашылғанын, талай ауыр сынақтан қалай аман өткенімізді білесіздер. Бұл университет – Қожа Ахмет Ясауидің құрметіне оның ұрпағына Алланың жасаған сыйы, университет халыққа керек, оны аман сақтау сіздерге аманат, университетті сақтаңыздар, – деген болатын. Бұл университет тек мамандық беретін, ғылыми дәреже беретін орын емес, бұл университет табалдырығын аттаған әрбір жанға басқалардың қолына түсе бермейтін бабалардың қасиетті рухын сыйлайтын орын болуына айналғанын тілеймін.

Бұл университет әрбір қазаққа, түрік ұлысының барлық ұрпағына аманат ретінде өзге оқу орындарынан биік болуға міндетті. Сондықтан, бұл білім ошағына аяқ басқан әрбір жан Қожа Ахмет Ясауи ілімімен сусындап, соны айналаға ұғындыратындай мінез-құлық, біліммен қарулануы керек. Қожа Ахмет Ясауи ілімі, қазіргі күні жан-жақтан іздеп, таба алмай жүрген бар тәрбие әдістерінің тұнып тұрған таза жемісі, тек оны кәдеге жарата алу керек.

Әңгімелескен: Ә.ТӘШІМ.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *