Наталья қазақ тілінен дәріс беруді армандайды

Әлемде 256 ұлт бар болса, қазақ жерінде соның 130-дан астамы тату-тәтті өмір сүріп келеді. Түркістан қаласының өзінде де өзге ұлт өкілдері аз емес. Жергілікті халықпен туысындай араласып кеткен олар бүгінде ана тілімізде еркін сөйлеп жүр. Соның бірі – Наталья Григорьева.

Наталья Григорьева 2002 жылдың 6 қарашасында Түркістан қаласында дүниеге келген. Ол кішкентайынан қазақ балаларымен бірге ойнап өскендіктен, қазақ тілін еркін меңгергенін айтады. Өзге ұлт өкілдері арасында өткізілетін жарыстарға жастайынан қатысып, топ жарып көзге түскен орыс қызының бала күнгі достарына айтар алғысы ерекше.

— Мектеп қабырғасында жүргенімде қазақ тілін жақсы білгенімнің арқасында қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі сайыстарда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болдым, — дейді Наталья.

Кейіпкеріміз мектепті бітіргеннен кейін Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқыды. Білім ошағында ұйымдастырылатын түрлі жарыстарға қатысып, өзінің саласы бойынша сынға түсті. Мұнда да ұстаздары оның тіл меңгерудегі ерекше қабілетін ескеріп, республикалық деңгейде өткізілетін додаларға қосты. Бұл туралы ол өзі былай дейді: «Колледждегі ұстаздарым байқауларға қатысқанымда маған үлкен қолдау білдіретін. Әрбір жетістігіме қуанатын. Мен үшін қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Айсұлу Матибаева апайымның орны ерекше».

Мақаланы жазу барысында оның ұстазы Айсұлу Ергешбайқызын да әңгімеге тартқан болатынбыз.

— Наталья өзге ұлт өкілі болса да, оның қазақ тіліне деген құрметі шексіз. Қазақ поэзиясын жаны сүйеді. Біздің оқу орнында  сабақтан тыс уақытта түрлі үйірмелер, клубтар жұмыс істейді. Солардың бірі – «Толғау» клубы. Мен осы клубтың жетекшісі ретінде студенттерді мәнерлеп оқуға және түрлі прозалық шығармаларды талдауға дағдыландырамын. Наталья біздің клубтың белсенді мүшесі болды, — дейді ол.

Айта кетейік, Наталья жыл басында ұйымдастырылған «Мен қазақша сөйлеймін» атты республикалық акцияға Түркістан қаласының атынан қатысып, І орынды иеленген болатын. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, тіл саясатын іске асыру мақсатында өткен шарада қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан және Батырлар жырынан үзінділер оқып, көрермендерді таңқалдырған еді.

Биыл Наталья қолына дипломын алып, енді мамандығы бойынша жұмысқа орналасуды мақсат етеді. «Өз замандастарымды қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтуге және оны ұлтаралық қатынас тілі деңгейіне жеткізуге үлес қосуға шақырамын. Мен өз елімнің патриотымын» дейді ол.

Т.ШАМЕТОВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *