Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы 12-сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді.
1929 жылғы 7-тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылданды. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13-қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшу туралы» заң қабылданды.
Мамандардың айтуынша латынға көшкенде ұтатын тұстарымыз: бірінші, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты еміле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Төртінші, түбі бір түркі дүниесі, негізінен латынды қолданды. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек.
Бұл мәселе бойынша пікірталас бұған дейін де 1923 жылдың ақпанында Нәзір Төреқұлов Ұлт істері жөніндегі Халық комиссариатының жанындағы араб әрпін өзгерту комиссиясының мәжілісін Мәскеуде өткізіп, Орта Азияны бірыңғай әліппеге көшіру үдерісіне белсене араласты.
А.Байтұрсынов бастаған Алаш зиялылары болса, бұл бастаманы құптамай араб графикасының өміршеңдігін ұғындырмаққа тырысып бақты. 1924 жылы маусым айында Орынборда өткен басқалармен бірге Нәзір де қатысқан қазақ білімпаздарының I съезінде ұлт зиялылары әліпби мәселесінде екіге жарылды. Бұл жолы А.Байтұрсыновтың ұсынған қазақ графикасы қабылданды.
Жалпы 1924-1926 жылдары Түркістан мен Қазақстанда толассыз жүрген әліпби төңірегіндегі тартыста Ахмет те, Нәзір де ұлт мүддесі, ұрпақ болашағы үшін ашық пікірталасқа түсті, өз ұстанымдарын барынша қорғады.1924жылдың маусымында өткен Білімпаздардың алғашқы съезінде Н.Төреқұлов көпшілікке салмақты ой тастап : «Біз латын қарпін қазаққа күштеп алдырғалы отырғанымыз жоқ. Латын қарпін үйрену, жазу қазаққа тым пайдалы, жеңіл.
… Мәдениеттің жаңалығы халықтың пікіріне қарап ілгері кетпей тұра алмайды. Латын әрпін қазір аламын, үйренемін деушілерге бөгет болмауға тиіс. Қашан латын қарпін қолданғанша 10 жыл,100 жыл болар,одан да арман кетер. Бірақ мектептегі оқушыларға таныстыру үшін осы бастан қазақ әліппесінің жанынан тіркеп, бір-екі әңгімелерді латын қарпімен жазып, балалардың көздерін үйрете беру керек» -деген болатын.
Бұл мәселе 1926 жылғы ақпан мен 6 наурыз аралығында Бакуде өткен І Бүкілодақтық түркітанушылар съезінде көтерілген болатын. Конференцияда негізінен әдеби орфография, тіл тарихы туралы мәселе сөз болды. Бірақ, қос жобаға қатысты ара салмақты анықтағанда латыншылдар – 9, арабшылдар – 8 дауыс жинады. Жалпы араб графикасын қолдаушылар 24 әріптен тұратын әліпбиді құп көрсе, Нәзір ұсынған латын әліпбиінің жобасы 28 әріптен тұрады. Дегенмен, бұл латыншаға өту үдерісі біршама баяулау жүзеге асып, еліміздің 1929 жылы ресми түрде латыншаға 29 әріппен көшкені белгілі.
Латыншаға өтудің ғылыми дәйектемесін әзірлеп шыққан Нәзір «Жаңа әліппе. Үлкендер үшін» кітапшасын жарыққа шығарып, араб әріптеріндегі қазақ дыбыстарын толық қамтитын латын әліпбиі негізіндегі жаңа мінсіз әліпбиді ұсынады.
Латын әліпбиіне көшуде Нәзір Төреқұловтың сіңірген еңбегі зор. Ол бастамашы ғана болған жоқ, сонымен қатар қабылданатын әліпбиді талқылаушылардың бірі, сыншысы бола білді. Оның ортақ түркі әліпбиі мәселесіндегі ой-пікірлері осы күнде де маңызды деуге болады.
Латын әліпбиіне өтудің тұтас халқымыздың қоғамдық өміріне, рухани қайта түлеуіне тың серпін беретіні де анық. Сондықтан, Елбасымыздың тарихи таңдауын қолдау – баршамыздың қасиетті борышымыз.
Айгүл ИСАБЕКОВА,
Н.Төреқұлов музейінің қызметкері.