МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ЕЛ МЕРЕЙІ

Кез-келген өркениетті елдің өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады. Демек, мемлекеттік тіл де – мемлекеттігіміздің негізгі атрибуттарының бірі. Біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп жазылған. Біз Конституция талаптарын мүлтіксіз орындауға міндеттіміз. Тіл адамдардың қарым-қатынас құралы болғандықтан, ол сөйлеу әрекетінің арқауы болып табылады. Тіл ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. Адам тіл арқылы бір-бірімен қатынаса алады. Қазіргі таңда, еліміз өз егемендігін алып, дербес мемлекет ретінде танылуда.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз», – деген болатын.

Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің насиқаттап, бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз.

Отбасы өзіміз, Отанымыз – Қазақстан! Тіл меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше екенін, әр отбасы уыз шағынан балаға қазақ тілін үйретуді қолға алса, бұл тілдің еш қиындығы жоқ. Қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Елбасымыз айтқандай, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Ендеше, тілімізді, ұлтымызды отбасымызды қадірлегендей қадірлейік!

Қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. Тіл-адамның барлық саналы өмірінің құралы, өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді. Тіл оның ішінде біздің ана тілі еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру әрбіріміздің борышымыз. Тіл байлығын игеру – ана тілін қадірлейтін, тіл мәдениетінің шыңына қол созатын адамның әрекеті. Ана тілін жақсы білу – әркімнің азаматтық борышы, қоғамда атқаратын қызметінің тірегі. Еліміздің тәуелсіз мемлекет болып, егемендік алуы тілі мен психологиясына оның өз мәнінде дамуына мүмкіндік берді. Бүгінгі күні мемлекеттік тілді қоғам өмірінің барлық саласына тереңдете енгізу мәселесі үлкен маңыз алып отыр. Соңғы кезде мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге, оның өркен жайып дамуына ықпал ететін басты-басты қадамдар жасалуда.

Тіл туралы заңның қабылданғаны, оның баптарының жүзеге асырылуының бағдарламаларының жасақталғаны, Мемлекет басшысының тіл саясатында дұрыс бағыт ұстап, қолдау танытып отырғаны көпке мәлім. Аталған әрекеттердің бастауы мектептерде қазақ тілін оқып үйретуді дұрыс жолға қою болып табылатыны сөзсіз. Ата заңының баптарында сонымен қатар, «Тіл саясатының тұжырымдамасы» мен «Тіл туралы Заңда» айтылған басты мәселе мемлекеттік қазақ тілін дамыту.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсам, тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Сөзімнің соңын Елбасының ана тілі туралы айтқан мынадай көрікті ойымен аяқтағым келеді: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі жас отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұ дүниеде қымбат не бар екен?! Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйтқысы болған – оның ғажайып тілі».

А.Иржанов, Түркістан қалалық сотының судьясы.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *