Елбасы Н.Назарбаев 2017 жылғы 26 қазанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.
Қазақ жерінен табылған тиесілі «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы біздің халқымызға да ортақ. Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде танылған тарихтан аян. Мұның бәрі біздің жазу мәдениетіміздің ерте дәуірден басталғанын көрсетеді. Ислам дінін қабылдауына байланысты араб әліпбиі еніп, араб жазу мәдениеті кең таралды. Ол қазақ даласында 900 жылдай қолданылып келді. Қазақ даласында әліпби жиі ауысқаны тарихтан мәлім. 1929 жылғы КСРО Орталық атқару комитеті мен КСРО Халық комиссарлары кеңесінің президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін енгізу туралы» қаулы қабылдаған еді. Сөйтіп , латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, ол кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.
Біз осы ретте Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында жауапты хатшы қызметін атқарған. Латын негізді әліпбиге көшу процесін ұйымдастыру жұмыстарына белсене қатысқан, бүгінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, Анар Мұратқызы Фазылжанмен тілдескен едік. Бұл тарапта бізбен ой бөліскен Анар Мұратқызы ойын былай сабақтады.
«2007 жылдары латын әліпбиіне көшу мәселесі саяси мінберден алғаш көтерілгенде «бұл мәселені неге халықтың талқысына салады, мамандар шешуі керек емес пе?» деп ойлайтынмын. Біз тәуелсіздік алғаннан кейін қалыптасқан тілдік жағдайды, реформаға жүктеліп отырған тілтанымдықтан басқа да міндеттерді түсінгенде, бұл пікірдің қате екеніне көзім жете бастады. Өйткені латын әліпбиіне көшу деген – тек жазуымызды жаңа әліпбиге ауыстыра салу емес. Бұл – біздің тілімізді реформалау, сол арқылы санамызды жаңғырту. Яғни бұл реформадан, менің ойымша, тек тілдің сыртқы әсерді игеру тетіктерін жандандыру күтіліп отырған жоқ. Жаңа жазуға көшу арқылы халықтың санасын өзгерту, ұлтты бір идеяның төңірегінде ұйыстыру көзделіп отыр деп бағалаймын. «Қазақпын», «Тілім – қазақ» деген әрбір азамат бұл іске, бұл үдеріске белсене араласуы тиіс. Бұл іске араласпаған күннің өзінде оған бейжай қарамауы керек. Сол себепті мектеп оқушысынан бастап зейнеттегі қарияларға дейін жаңа әліпбиіміздің өз нұсқасын ұсынғаны бір жағынан бізді қуантты. Латын әліпбиіне үлкен бір идеологиялық серпіліс ретінде қараған жөн. Екінші жағынан, жалпыхалықтық пікірге еріп, ғалымдарды тасада қалдыруға тағы болмайды. Мұндай тағдыршешті реформа барлық елде күнде-күнде бола беретін шаруа емес. Біз көп елдердің тәжірибесіне үңілдік, зерттедік. Түркітілдес Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, әліпби ауыстыру ісін жүзеге асырған реформаторлар мұны жай ғана тілдік реформа деп қарастырмаған. Мысалы, Түркияда бұл өзгеріс Мұстафа Кемал Ататүріктің бастауымен жаңа заманға өту, еуропалық өмір салтына көшумен байланыстырылып, Осман империясының ескі қалдықтарынан кетіп, заманауи Республика құрудың рухани негізі ретінде жүзеге асырылған»-дейді бізбен әңгімесінде Анар Мұратқызы.
Иә, біз тіл шаруасы, тіл ғылымы институты тізгінін ұстаған ғалыммен толық келісеміз. Латынға көшудің маңызы зор екендігі Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру болашаққа бағдар» бағдарлық мақаласында байыппен тәпсірленген-ді. Оны біздің сұхбаттасымыз Анар Мұратқызының ой пайымынан да айқын аңғаруға болады:
«Жазу – таза тілтанымдық қана құбылыс емес. Жазу – мемлекеттіліктің нышаны. Мемлекет пен халықтың арасындағы қатынас құралы. Тұтас бір мемлекеттің жазуы болғандықтан сол жазумен мемлекеттік құжаттар, ресми құжаттар толтырылады. «Мемлекет – халық» қатынасында жазудың негізгі функциясы – коммуникацияны ресмилендіру, оған ерекше мәртебе беру. Сол себепті, бұл тек халықтың, не тіл мамандарының шаруасы болып қала алмайды екен. Қалай болғанда жазу реформасына саясаттың әсері болады. Сондықтан дұрыс тіл саясатын жүргізу керек», – дейді ол.
«Латын әліпбиіне көшудегі мақсат – жаһаниятқа ілесу ғана емес, алдымен тілдің таза, ұлттық қасиеттерін сақтап қалу. Тілді жаңғыртсаң санаң да жаңғырады. Неміс ғалымы Гумбольд: «Тіл деген – рух» дейді.Тілің саламатты болса – рухың да саламатты. Тілің таза болса – рухың да таза. Тілің күшті болса – рухың күшті дейді неміс ғалымы. Ал, рухың күшті болса ой-санаң да, өмірің де, экономикаң да күшті болады. Сондықтан, біз тілімізді тіктейміз десек, рухымызды жаңғыртамыз десек алдымен жазуымызды реттеуіміз керек». Біз жұмысшы тобының жетекшісі, Анар Фазылжан ханымға:
– 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиге байланысты жұмыстар жоспарлы һәм қарқынды түрде жүре бастады. Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері бекітіліп, 2021 жылдан 0-сынып жаңа әліпбимен оқитын болған еді. Бірақ тоқтап қалды. 2019 жылы Президент Қ.Тоқаев қарпімізде әлі де олқылықтар барын айтып, тіл мамандарына жаңа әліпбиді жетілдіру керек деп тапсырма берген болатын. Одан бері де біршама уақыт өтті. Қоғамда кешеуілдей бергеннен жазу реформасының нәтижесіне күмәнмен қараушылық пайда болды. Осыған не айтасыз? – деген сауалымызды қойдық. Ғалым былай дейді:
«Тіл – Қазына» орталығы Үкімет жанынан құрылған Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдарының осы мәселеге қатысты бірнеше отырысын ұйымдастырды. Бұл отырыстарда Президенттің тапсырмасын орындауға атсалысып, өз әліпбиін ұсынған азаматтардың жобалары талқыланды, сонымен бірге тілтанушылардың өз ұсынысы да егжей-тегжей қаралып жатыр. Ғалымдар пікірі дәйекті болу үшін, ел ішінен ұсынылған жобаларға жасалған сараптама қорытындыларын да, сонымен бірге өз нұсқасын тексеретін сараптамалық-талдамалық зерттеу, шағын сауалнама нәтижелерін де пайдаланып отыр. Орфографиялық жұмыс тобының әрбір мүшесі – жазу теориясы, грамматология, фонетика-фонология, сөз мәдениеті, ортология-лық лексикография сияқты әліпби реформасы мәселесінің нағыз мамандары, сондықтан олар бұл мәселені шешудің тиімді әдіснамасы мен әдістемесін дұрыс таңдайтынына күмәнім жоқ. Үлкен дайындықпен жұмыс жүргізіп отыр. Кейбір азаматтарымыз, олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа әліпбиді жетілдіру бойынша берген тапсырмасын, яғни бұл мәселеде «асықпауымыз керек» деген пікірін дұрыс түсінбей, «ешқайда асықпайық та, ауыспайық та» деген қате ой айтып жүр. Шын мәнінде Мемлекет басшысының бұл сөзі халық қабылдамаған таңбаларға қатысты айтылған болатын. (Яғни соңғы нұсқадағы кейбір таңбаларға қатысты айтылған болатын). Президент осы әліпбиді жетілдіру бойынша тапсырманы Мәдениет және спорт министрлігіне берді. Ол реформаны тоқтатуды емес, керісінше жақсарта түсуді көздеп отыр. Біздің жұмысшы тобымыз Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен жаңа әліпбиге қандай жетілдірулер жасалады деген мәселені шешті. Бірауыздан келісіп, бір-бірінен принципті тұрғыда айырмашылығы аз, жетілдірілген акутты және умлаутты екі жобаға тоқталып отыр.
Әліпби ауыстыру тек таңба өзгерту емес. Ол тілге жасалатын үлкен реформа. Тіліміздегі жазба коммуникациясын оңтайландыруға арналған біршама оң өзгерістер орын алады. Ол ережелерге шет тілінен енген сөздерді қазақ тілінің емле-ережелерге сәйкес қазақшалап жазу сынды өзгерістер енгізілді. Барлық кірме сөздерді қазақшалау жазарман үшін қолайсыздық тудырады. Осыны ескере отырып ғалымдарымыз реформаны эволюциялық жолмен жасамаққа бекінді. Жаңа әліпбиге қатысты қоғам тарапынан айтылып жатқан ұсыныстар легі әлі де бар. Десе де, жетілдірілген әліпби көпшіліктің көңілінен шыққанын әлеуметтік желі беттерінен, БАҚ мәліметтерінен көре аламыз. Біздің институт осы ұсыныстарға жауап беріп келеді», – деп түйіндеді ол өз сөзін.
Ә.ТӘШІМ, журналист.