Тіл адам баласының пікір алысу, қарым-қатынас жасау қажетін өтейтін өткір құралы болғандықтан, оны жасаушы, пайдаланушы қоғам ол құралды шыңдай түсу қамын ойлайды. Өйткені қоғам өмірінің биік шыңға көтерілуі, адамдардың ой-өрісінің, сана-сезімінің, экономика, өнер-білім, ғылым, мәдениетінің біріне- бірі ілесе ілгері дамуы, сөз жоқ, оның тіліне де ыкпалын тигізеді. Қазіргі қазақ әдеби тілін кемелденген бай тіл, мәдениеті жоғары тіл деп танимыз. Оны қазақ халқының Октябрьден кейінгі ұшан- теңіз көп табыстарының бірі деп те ұғынамыз.
Тіл байлығы, тілдің икемділігі оның қоғамдық қызметінің ұлғая түсуімен, әдеби тілдің нышан-белгілерін дамыта түсумен ұштасып жатады. Өйткені әдеби тілге тән ерекше белгілерін, соның бірі – нормально жүйесін жетілдіру әдеби тілдің өзін қалыптастыра, дамыта түсудің қамы болмақ.
Әдетте мәдениетті елдің тілі де, жазуы да жүйелі түрде тәртіпке түскен болады. Солар адам ойының жүйелілігімен үйлескен барлық іс-әрекеттерінің орнықты, тап-тұйнақтай айқын, дәл болуын тілейді.
Тіл жұмсауда да сондай дәлме-дәлдік, айқындылық болуға тиіс. Соның бір саласы тілдік нормалардың қалыптасу мәселесімен ұштасады.
Тілдік норма тілдің ішкі заңды жүйелері негізінде дамып қалыптасады, солар сұрыпталған, ұтымды орайында, жалпыға бірдей ортақ түрінде жұмсалады. Тілдік норма дегеніміз – тілдегі бірізділік, тіл материалдарын нормалау деген сөз, белгілі бір тәртіп, заңдылыққа бағындыру.
Ол тәртіпті орнататын да, оның иін қандыратын да әдеби-тіл. Тілдің дыбыс жүйесі, сөз байлығы, сөз мағыналары, тілдің грамматикалық құрылысы – бәрі атам заманнан келе жатқан заңды ерекшеліктерге негізделеді. Халық тіліндегі сан алуан байлықтар басы бір жерге қосылмайтын бытыраңқы құбылыстар емес. Олардың бәрінде әдеби тілге негіз боларлықтай заңдылықтары бар. Сонымен қатар ауызекі халық тілінде ол заңдылықтардан жөнді-жөнсіз ауытқитын әдеби нормадан тыс жатқан құбылыстар да бар.
Қазақ әдеби тілі халық тілінен өзіне керегін таңдап-талғап, сұрыптап алып, оларды жалпы жұртқа ортақ етіп, халықтың тіл мәдениеті дәрежесі жоғары болу үшін, оларды бір ізге түсіреді. Ол ұзын-сонарлы процесс бірер жылда аяқтала қоймаса керек, көптеген әдебиеттер арқылы әдеби тілдің түрлі даму кезеңдерінде тіл нормалары түрлі себептермен өзгеріп, белгілі бір дәуірде олар басқаша айтылып, басқаша жазылып, жаңа нормалар орнығуы да мүмкін.
Мысалы, қазіргі әдеби тілдің басын демократиялық әдебиеттің дамуымен байланысты деп қарайтын болсақ, оның алдында түркі халықтарының біразына ортақ “шағатай әдеби тілі” болғаны мәлім. Оның бір түрі XVIII ғасырда “кітаби тіл” деп те аталатын. Қазақ елінде сол тілді пайдаланушылар арабша сауаты бар ақындар болатын. Мысалы, М. Қалтаевтың “Насихат қазақия” деп аталатын кітабында (1911 ж., Қазан) уағда – уәде, тоғры– тура, ғамал – амал, хакім– әкім, халал — адал, харам — арам, ғадал– адал сияқты сөздер кездеседі.
“Кітаби тіл” үлгілерінде нормаға айналып, өте жиі кездесетін мағлұм, китаб, мехнат, ғұмыр, қарақат, гүнаһкар сияқты араб-парсы тілінен енген сөздер әдеби тілдің халықтық нышандары бекемделе түскен кездерде, әлгіндей сөздердің халық аузында жиі айтылған түрлері нормаға айналды. Сондай-ақ ертеде шұнын, бірлән, хұрматпу, барадүр, келедүр, айтылмыш, һам, уа һам сияқтылар да әдеби норма болатын. Сол кездегі қазақ әдеби тілінің ресми іс- қағаздар үлгісі былай болатын: “Семей облысының бес дуанының барша халқының сайланмыш адамдарының 1885 жылында май айында, Шар бойында, Карамола сиязында жасалмыш “Ережедүр”.
“Ұшбү 74 бапты ЕРЕЖЕНІ біздер жасадық, қазақ ресімінше таза көңліміз һәм ғаделетіміз илан уә һәм растығына ишанамыз”. Бұл “ереже” Абайдың қатысуымен жазылып, 1886 жылы Қазанда басылып шыққан. (Ол туралы “Қазақ әдебиеті””газетінің 1982 ж. 10 июньдегі санын қараңыз).
Осындағы сайланмыш, жасалмыш, ережедүр, ұшбү, бапты, һәм, план, уә һәм, сияз, ғаделетіміз, ишанамыз сөздері мен олардың кейбір грамматикалық тұлғалары (-мыш, -дүр) сол ескі әдеби тілдің нормалары есебінде бұрынғы “кітаби әдеби” тілде жұмсалғандықтан, бұлардың бірқатары кейін, тіпті, қазір де шаң беріп қалады (мысалы, айтылмыш, жазылмыш, һәм).
Сол “Ереженің” Зб тармағы (бабы) былай жазылған: “Суға кетіп бара жатқандарға өрт уағында көмек көрсетпегендерге бас тоғыз бірлән ғайыпталадүр”. Мұндағы “бірлән” (мен), “ғайып – таладүр” (айыпталады) дегендерден басқа сөздердің, грамматикалық тұлғалардың бәрі қазіргідей. Солар ол кездерде де үйреншікті, ауызекі тілден енген нормалар болу керек.
Сөйтіп, әдеби тілдің бір кездегі нормалары оның кейінгі кезеңдерінде өзгеріске ұшырауы да, өзгеріске түспей жалғаса беруі де мүмкін. Мысалы, әдеби тіліміздің дәрежесі төмен кезінде, (1920 жылдары) біраз термин сездер осы күнгіден басқаша айтылатын: милләт – ұлт, сияз – съезд, кеңес – совет, ортақшылдық – коммунизм, төңкеріс – революция, жағрапия – география, алпауыт– помещик, кіндік комитеті – орталық комитет.
Әдеби тілдің ертеректегі кезеңінде нормаға айналмаған кейбір сөз қолданыстары қазіргіден гөрі әлдеқайда жиі қолданылады. Тіпті, әдеби тілдің белді уәкілі деп саналатын Ы. Алтынсариннің “Начальное обучение киргизов по русскому языку” (1879) деген кітабында мынандай сөйлем кездеседі. “…әке-шешеммен бірге базарға бардым. Кімі мал сатады, кімі киім, кімі шұға, кімі темір нәрселер сатып жатыр”. Шамасы, “кісі” сөзін автор орыс тілінің “кто” есімдігінің баламасы есебінде қолданған болу керек. Қазір де “кейбіреулер” дегенді “ қайсыбіреулер, біреуісі деп те жазғандарды кездестіреміз.
Әдеби тіл тарихында үйреншікті болмаған, нормаға жатпайтын сөздер мен грамматикалық тұлғаларды бұзып, өздерінше өзгертіп айтуды, солай жазуды әдеби тіл қабылдай бермейді. Мысалы, Т. Әлімқұлов “Сырлы назында” барадының орнына – “барашақ”, біледі дегеннің орнына – “білешек”, түскіш дегеннің орнына – “түсешек” (“сергелдеңге түсешек бала…”) деп қолданыпты. Осылардай, әдебиетте кездесетін жасанды сөздер тілде бар сөз жасау үлгілері (модельдері) бойынша емес, жергілікті ерекшеліктерге тән үлгілермен жасалса, ондайлар нормаға айнала қоймайды.
Октябрь революциясынан кейін әдеби тілге жүздеген жаңа сөздер (неологизмдер) енді. Мысалы, өнім, түсім, құрам, басым, басылым, құрылыс, табыс, жаратылыс, жиналыс, көтеріліс, үзіліс, оқулық, апталық, сұраулық т. т. Осылардың жасандылығы білінбей, жалпыға бірдей үйреншікті төл сөзге айналу себебі – олар тілде бар бітім, жарыс, саулық, байлық… деген белгілі бір моделі бойынша сөз жасау үлгілерімен “пішіліп” бекемделген сөздер. Осы күндері жаңадан жасалған біріккен сөздер көп: шекара, баспасөз, өнеркәсіп, халықаралық, бесжылдық, жағажай, балмұздақ, жанкүйер, бессайысшы т. т. сөздерді біріктіріп айту амалы бұрын да бар болатын және жолбарыс, жарқанат, балықкөз сиякты сөздер. Сондықтан, ондайлардың тілге жаттығы болмай, тез нормаға айналып кетуі – тіл дамуының бір көрінісі.
Қазақ халқының қазіргі әдеби тілі халықтың ауызекі тілі негізінде жасалған дейміз. Бірақ ауызекі тілде, ауыз әдебиеті тілінде бар нәрсенің бәрі әдеби норма деп танылмайды. Әдеби тіл солардан керегін таңдап, талғап, жазба әдебиет елегінен өткізіп алып, нормаға айналдырады. Сондықтан әдеби тіл – белгілі дәрежеде тәртіптелген, жүйеленген тіл. Оның құрамындағы тіл байлықтары, әсіресе жаңадан енген сөздер, тіл жұмсаушылардың бәріне бірдей қызмет етуге тиіс. Осыны түсінген адам “мал аласынан сөз аласы жаман” дегенге қол қояды да, әдеби тілде қалыптасқан нормаларды сақтауға тырысады. Жазу арқылы нормаланбаған тіл қаншама көркем болғанмен, “әдеби тіл” деген ұғымға дәл келмейді. Қазақ әдеби тілінің алғашқы лабораториясы – қазақ халқының бай ауыз әдебиеті. Осылардың тілі қазақша, көпшілігі жатық, көркем болғанмен, жалпы алғанда, тілдік нормалары орнықты болмаған, ала-құлалығы мол болғандықтан, қанша мақтағанмен, олардың тілі “тәртіптелмеген” тіл деп танимыз. Олар, ауызекі сөйлеу тілінде кездесетін құбылыстардың бәрі, екшелмей, сұрыпталмай, әр жерде әр түрлі вариантта жұмсала берген. Фольклор тілі – халық тілінің, ауызекі тілдің байлықтарының алтын қоры бола түрып, күрмегінен айырылмаған күріштей, екшеу, елеу-елегінен өтпегендіктен, шын мәнінде “әдеби тіл” үлгісіне жатпайды. Бірақ онда да тілдік нормалар бар. Халық тіліне тән лексикалық, грамматикалық нормалардың дені тілдің ішкі заңы бойынша орныққан жүйелер орайында жалпы халық тілінде жұмсала береді, бірақ оларда кодификация жоқ. Ал әдеби тіл сондағылардың бәрін емес, тиімділерін талғап пайдаланады, бұрын болмаған жаңа нормалар (мысалы, орфографиялық, пунктуациялық, терминологиялық, орфоэпиялық) орнатады. Айналып келгенде, әдеби тіл және тілдік норма бірінсіз- бірі болмайтын, бір бүтіннің екі жағы сияқты. Тілдік нормалардың беріктігі – әдеби тіл дәрежесінің жоғары екенін көрсетеді.
Жоғарыда айтылғандардан шығатын тағы бір қорытынды мынау: әдеби норма өзгермейтін, сірідей сіресіп қатып қалған тілдік тәсілдер емес. Олар да диалектикалық даму процесінде қалыптасып, өзгеріске ұшырап отырады. Сондықтан оған тіл дамуының кісенделген құбылысы деп қарамай, тіл мәдениетін жоғары сатыға көтеретін, оның икемділік, дәлме-дәлдік қасиетін арттыратын шараның бірі деп қарау керек.
Оның екі түрі бар: бірқатар нормалар тілдің объективті даму заңдары негізінде қалыптасса (мысалы, қазақ тілінің дыбыс жүйесіндегі үндестік заңдары, лексика-грамматикалық жүйелері), енді бірқатары әдеби тілдің ілгері даму бағдарына сәйкестендіріліп қолдан жасалады. Соңғыларға мыналар енеді: 1) Сауатты жазу ережелері – орфография, пунктуация ережелері; 2) Қаулы-қарарлар арқылы қабылданған терминдер жүйесі; 3) Сөздіктер, оқулықтар және басқа жетекші құралдар арқылы тіл байлықтарын екшеп, оларды жұртқа дұрыс таныту әрекеттері.
Тіл мамандары әр алуан сөздіктер, оқулық, оқу құралдарын жазғанда, ана тілінің нормалық жүйелерін таныту, жұртқа соларды үйрету, уағыздау үшін жазады. Ал мерзімді баспасөз, театр, радио, телевидение, дәлірек айтқанда, жазушы, ақын, диктор, редактор, корректор, лектор, мұғалім, артист т. т. өздерінің тіл жұмсау іс-әрекеттерінде жалпы қазақ халқына бірдей түсінікті әдеби тілде жазып, сол тілде сөйлеуі де әдеби тіл нормаларын орнықты етудің қамы болады. Бірақ не пайда, кейде тілдік нормаға мән бермей, оның белінен басып, ауа жайылатындар да аз емес. Мысалы, өзімізден бастайық. Сөзді жерде көп кездесетін түрліше құбылып айтылатын сөздердің дұрыс деген вариантын жұртқа ұсыну керек емес пе? Ал түсіндірме сөздікте оларға онша шек қойылмайды. Ондай варианттардың екеуі қатар берілген. Мысалы, бейхабар– бихабар, бейшара — бишара (313-б.), бейтарап – битарапта(312-б.), беймәлім – бимәлім – бимағлум (222, 308-б.), беймаза – бимаза (308-б.).
Осындай сөйлеу тілінде түрліше айтылған сөздердің бәрі бірдей дәрежеде әдеби тілдің нормасы болуы мүмкін емес. Егер олардың бәрін мағыналық дифференциацияға салмай, ел аузында кездеседі ғой деп төпеп жаза берсек, тілдік анархияға жол берген болар едік. Әдеби тілде ондайға шек қою бағыты күшті. Бір уақытта қазір, үшін, және, өйткені, сөйтіп, мәлім, бейнет, участок, учаске, съезд сияқты сөздердің де басқаша айтылу варианттары болған еді. Оларды топырлатпай, бір вариантта жазуды әдетке айналдырдық. Сондай әрекет әдеби тіл мәдениетінің бір саты жоғары көтерілуіне септігін тигізді.
Рас, түрліше айтылған сөздердің бірқатарының айырым мағынада жұмсалатындары да бар. Мысалы: өкімет – үкімет, мәлімет – мағлұмат, ғылым– ілім т. б. Кейбір жарыса қолданылып жүрген дублеттердің бірін тастап, бірін нормаға айналдыруда әлі де қиыншылықтар бар. Мысалы, мұнда варианты сараланған, әдеби компоненті анықталған сөздер баспасөзде қатар қолданылады, тіпті бір кітап, бір мақала ішінде олардың түрліше жазылатын жағдайлары кездеседі. Ондайлар кездейсоқ қателер емес, баспасөзде жиі кездесетін шала сауаттылық, мысалы: киіз– кигіз, кравать – кереует, кірауат, кәдімгі– кедуілгі, кәдуескі т. т.
Осындайларға қарап, қазақ әдеби тілінің нормалану дәрежесі қандай? – деген сұрақ қоюға болады. Бұл сұраққа А. Ысқақовтың 1974 жылы берген жауабы мынау: – “40– 50-інші жылдарда қазақ әдеби тілінің ауызша да, жазбаша да ұлттық нормалары бірыңғайланып, 50– 60-ыншы жылдарда негізінен орнығып, әбден қалыптасқаны айқын”. Бұл туралы не айтуға болады? Біріншіден, ауызша, және жазбаша норманы ұлттық деп атау дұрыс емес. Мүмкін, автор нормалау процесінің жоғары сатысын төмендегісінен ажырату үшін “ұлттық нормалары” деп айырғысы келген болар. Екіншіден, “50– 60-шы жылдарда негізінен орнығып, әбден калыптасты” дегенінде асығыстық бар ғой деп ойлаймын. Дұрысында, олай емес. Ертеректе басталған ол процесс қазіргі әдеби тілде үздіксіз жүріп жатыр. Ол әлі де болса көпке созылады. Міндет – норма “әбден қалыптасып” болды деп қол қусырып отырмай, әдеби тілді әрі қарай дамыту қамын жеп, ол процесті жеделдете түсуді ойластыру керек.
Жоғарыда сөздердің жұмсалуындағы бірізділіктің жоқтығы айтылды. Ол жазуда, сөздерді айтуда, грамматикалық тұлғалар мен синтаксистік құрылысты жұмсауда оқтын-оқтын кездесіп отырады. Солардан аз уақыттың ішінде арылу оңай емес. Сондықтан тілде барды, тілге қатысты ережелерді біршама орнықты етуді ойластырсақ.
Балақаев М.Б.