Көп-ақ білетін шығар біздің қазақ халқының өз тіліне шығарған харпі жоқ болып, араб жұртының харпін ешбір қазақшаға түзетпей сол жұртта қалай жазылса, сол бойымен алған еді. Және де бұл араб әліпбінің қазақ сөздерін жазуға толық емес көп кемдігі бар һәм қайсы бір харіптері керексіз артық екені де оқу білетіндерге белгілі. Қайда болса да харіптің керексізідауысты харіп. Дауысты харіпсіз сөзді үн шығарып оқи алмайды. Оқыса да аса қиын. Мысалы, «жаманат» деген сөздің әліптерін алып тастасақ, «жмнт» болып қалады, осыны әліпті қоспай оқып байқасаң дауысыңды шығарып оқу аса қиын. Шала хат танитындар оны тіпті оқи алмайды. Араб тілінде дауысты харіп аз. Бірлі-жарым дауысты харіптерін олар асты-үсті үтір қылып көрсетеді. Мысалы, біздің «мата» деген сөзіміз арабша «мт» деп жазылар еді. Бүйтіп астын-үстін қойып арабтар құран һәм сондай үлкен кітаптарды жазады, жеңіл-желпі кітаптарды астын- үстін қоймай-ақ жазады, мысалы, мата дегенді «мт» қылып қояды. Осы кейінгі формамен араб дініне кірген түркі һәм өзге халықтардың көбі жазады. Бұлардың арасында қазақ та солай жазады. Мысалы, қазақ дегеннің орнына «қзқ» деп, халық дегеннің орнына «хлқ» деп жазамыз.
Мұндай дауыссыз харіппен жазған соң түзу оқу аса қиын екенін айтып болмайды һәм ұйқас сөздер аса көбейіп, бек шатақ болады. Мұндай шатақтығы әсіресе бір аса белгілі емес сөздерді жазғанда білінеді. Өзге бір ұйқас сөздер орнына оқып кетпесін деп жазған кісі соның не сөз екенін білдіруге керексіз, бөгеті көп сөздер қосады. Егер сол сөздерді қазақ тіліне әдейілеп шығарған харіптермен жазса, бір де ұйқас болмас еді. Мысалы, «бөлінбек» деген сөзді екі түрлі ұғуға болады. Бірі – бұзылды деген сөз, бірі – екі бөлек болды деген сөз. «Мін» деген сөзді үш түрлі ұғуға болады:
Мін деп айыбын, кемдігін айтады.
Атқа мін деп бұйырғанын айтады.
Мен деп сөйлесіп отырған кісі өзін айтады.
«Сен» деген ол екеуі де үш-үш сөздің орнына жүреді.
Мұндай болатынының бәрі қазақтың дауысына дұрыс келетін харіптің жоқтығы. Дауысты харіптің орнына осы күнгі қазақ жазуында үш харіп жүреді: А, у, и. Анықтап байқасаң, қазақ тілінде 12 дауысты1 харіп бар. Қатты әліп (мысалы, ат деген сөздегі), жұмсақ әліп (мысалы бәсе деген сөздегі). Екі деген сөздегі (е) һәм (и), (у) һәм іні деген сөздегі (і) дауысты жазатын харіп тіпті жоқ. «Ол» деген сөздегі (о) қойылған дефисті жазатын екі түрлі, бірі қатты, бірі жұмсақ. Соларды да жазатын харіп жоқ. Мысалы, «ол» деген сөзді екі түрлі оқуға мүмкін. Біреуі өлмек деген сөзден шыққан, біреуі (ол барды) деген жауаптағы сөз. Әуелгі сөзде «ә» жұмсақ, екіншіде қатты. Онан соң «у», «бұ», «ту» сөздерге «у» мен көрсеткен харіп жоқ. Осынша харіптердің бәрін «А», «О», «И» мен-ақ бірдеме қылып іләлап жазады. Қайсы уақытта арабтардың қылғанын қылып, сол үш харіптің өзін де жазбайды.
Осы турада Сұлтанғазыұғлы мынадай депті: «Араб харіптерінің түрік сөздерін анықтап жазуға онша ұнамды емес екенін недәуір заман болды, түрік жұртының ғұлама білімдәрі де байқаған екен. Сол жарықтықтардың бір бөлегі араб әліпбиін тастап, жаңадан әліпби шығарайық деп таласып, таласып ақыры араб әліпбиін қалдырыпты. Осы күнде түрік жұртында араб әліпбиімен жазса да өз харіптері бір түрлі болып азырақ өзгеріп кеткен, парсыларда өзгергендей болып. Сол себептен парсы, түрік тілдерінде бір харіптермен жазатұғын екі халыққа бірдей сөздер де екі түрлі болып оқылады. Мысалы, араб әріптерімен былайша «тоты» деп жазғанда, түрікше «додо» деп оқылады. Парсылар дұрысырақ оқиды. Түрік жұрты араб әліпбиін тіпті түзеткен жоқ, сол бойымен осы күнге шейін жүргізіп тұрады. Мұны түрік кітабын оқысаң көресің. Олардың жазуында дауысты харіпті көбінесе біздіңше қоймайды. Және де түрік һәм парсы жұрты «тоты» деген сөзді әр қайсысы өз тіліне келтіріп, түзу оқығаны харіптерін түзеткенінен емес. «Екі» деген қазақ сөзін мен жазғанындай оқымай, қазақша қалай айтса, солай оқимын. Олар да «тоты» дегенді солай оқиды. Харіптің кемдігін Дінмұхамед мырза айтады, інжу кітабымен жеңгізу керек дейді. Інжу кітабы тоқтау қылар пәлен сөз солай жазылсын деп. Мысалы, мен шәкірттерге үйретсем, меніңше ойымның аймағының форымын «екі» деген сөз деп біліңдер десем, інжудің көрсеткені сол секілді болып кетпей ме, қозғалмаған әліпбидің кемдігі түзелмеген соң.
Қазақ тіліне жаңа харіп шығаруға, не болмаса осы күнгі жазып жүрген әліпбиді түзетуге көп тіл білетін ғұлама адам керек дейді қайсы бір адамдар. Бір кісінің оқудан қайтқан баласы құдыққа құлап кеткен соң, әкесі арқан салып келіп: «мынадан ұстап шық, мен тартайын» десе, баласы айтқан екен: «әуелі арқан деген нәрсе, соның мәнісін маған айт, құдыққа түсіп кеткен кісіні тартып шығаруға өзгеше бір машина шығару керек» деп шықпаған екен. Жоғарғы айтқандардың осыған ұқсайды. Біздің көп тіл білеміз деген ғұламамыз түгіл хатты шала- шала танитынымыз да аз. Бұ күнде құдықта жатқан баладаймыз. Әуелгі әліпбиді шығарған кісі көп тіл біле қойған жоқ шығар. Не жұмысқа да болса рас, білім керек, мен оған таласпаймын. Сөйтсе де, қандай ғұлама данышпан жер астынан шықса да қазақ тіліндегі осы күнгі бар әртүрлі дыбыстан артық-кем ойлап таба қоймас, сол дыбыс нешеу болса сонша харіп шығарады. Егерде біз өз көшімізге қарап шамамыздың келгенінше ескі әліпбиді жетпегенін қосып түзетсек, аз-мұз қате кетсе соңына бір ғұлама шыға қалса түзетер, онша тілден көп білмесек те үлкен қателер бұл турадан кете қоймас. Және де мұндай ғұлама қазақ ішіне қайдан келеді, қашан шығады? Мен сіздерге мырзалар, айтайын, ғұлама өз тұсынан жерден тезінен шыға келмейді, ғұлама үлкен оқулы адамдар кішкентай адамдардың жаһұтымен шығады. Істі жалғыз ғұламадан басқа қыла алмайды емес, кім қыламын деп талаптанса, кім жақсылық қыламын десе сол қылады. Мұнда қандай әліпби қазақ тіліне дұрыс келеді яки ескі араб әліпбиін қалайша түзетеміз деген жауап көп сөз болы жатқан. Әйтеуір қазақ тіліне анық жететін қылып әлібиді түзету керек. Әліпбисіз ешбір халық ғылым, білім болмайды. Осы күнгі білімді халықтардың бәрі әліпбиі болғаны үшін ғылым, білімді болды. Қайсы бір халықтарда әліпбиі бар да, бірақ қиын шатағы көп. Сол себепті ғылым, білім түгіл хат жазуды үйренуге аса бай адамдарының яки үлкен ұлықтарының балаларының ғана шамасы келеді. Бұрынғы Мысыр жұртында солай болған. Осы күнгі Қытай харіптері біздің қазақтікінен қиын болған, себебі жалғыз оқып жаза білуіне онда он бестеп жыл өткізеді. Бұл күнгі Ағылшын, Француз, Италия, Германия, Испания, Америка халықтары әліпбиін сондай оңайлатқан, екі-үш күнде бала хат танып, жазу да жазады.
Және де олардың ауызша айтқанынан жазғанын жақсы ұғасың. Біздің жазғанымыздан үйтіп ұғу қиын, себебі ұйқас сөздер көп болады, харіп түгел болмағаны үшін Әліпби шықпай тұрып ғылым, білім жоқ. Онсыз бола алмаған. Әліпби шыққаннан кейін ғылым, білім де шықты. Әліпби бар болғанымен қиын шатағы көп болса, ғылым, білімге де көп бөгет қылады. Бір іс бастап, ол ісің оңай болса, көңілденіп қызығына кіріп жұмыстайсың. Егерде шатақ, бөгет шыға бастап, өзін ұға алмасаң көңілің қайтып, қылғың келмейді. Бала оқи бастағанда өзі түсініп оқытқанының байыбына барса, көңілденіп оқиды, мұнысы оқу бітіруіне көп себеп, әр қайсы уақытта бүтіл ғұмырына жақсы-жаман тұруына да себеп болады. Араб әліпбиінде қазақ тіліне кемдігі, шатағы бар. Харіптері басында бір түрлі жазылады, аяғында, ортасында әр қилы болып, баланың басын қатырады. Менің ойымша, құран кітабын дін жөнінен оқығанда араб әрпімен оқи берсін, қазақша жазылған хиса, өлең, ертегі сөздер һәм бір ғылым жайлары қазаққа деп оңай қылып әдейілеп түзеткен харпімен жазылса екен.
Өзге жұрттардың әліпбиінде неше түрлі тыныстар бар, бізде о да жоқ. Қазақ тіліне әлі көп қиын кітаптар жазылмаған соң, бұлар керегі жоқ секілді көрінеді, қиын бірдеме жаза бастасаң бұл аса керек. Және де қазақ жазуында біреудің есімін құрмет тұтқаныңды көріп, басына жазуға үлкен харіптер де жоқ.
«akparatinfo.kz» — ақпарат»