Сөздердің бірге, бөлек жазылу мәселесі кез келген жазудың ерекше бөлігін құрайды. Оның себебі бірге, бөлек жазу – дыбысталған сөзді әріп тізбегіне кодтайтын жоғарыдағы емледен мүлде басқа, лексикалық бүтінге ұғымдық бүтіндік немесе ұғымдық бөлшек сәйкеспейтін тіл тұтынушы санасымен байланысты айрықша жазу тәртібі. Сонымен қоса бірге, бөлек жазу – лексикадағы, оның ары жағында семантикадағы семалық процестерді мағыналық жылжу, ауысу, кеңею, тарылуды, лексикалық валенттілікті көрсететін, мазмұн межеде болатын өте баяу процестерді бейнелейтін тұрпат меже.
Ауызша сөз үздіксіз, күнделікті сөйленісте жазудағы үтір, нүктелі үтір, нүктеге дейінгі лексикалық бірлік бір деммен, бір интонемамен айтыла береді. Біз екі тілді де меңгергендіктен, ауызша сөздің үздіксіздігін аңғармаймыз да. Ал ертедегі жазулардың сөзге, тіпті сөйлемге емес, мағыналық бөліктерге ғана бөлінгеніне, көне түркі жазуы тұтас жазылып, ара-арасына ғана таңбалар салынғанына қарасақ, алғашқы жазуда мағыналық бірліктердің тұтаса жазылғанын көреміз. Жазба коммуникация жетекшілік сипат алған сайын, жазуды жеңілдету ең алдымен сөз бірліктердің арасын ажырата беруден көрінді. Бұл көздің ерекшеленіп тұрған мағыналы бөлшектерді тұтас қармап көруіне және бөлшек-бөлшек тұтастықтарды аттап оқуына ыңғайлы болды. Сөйтіп, мәтінге босаралық салу мағынаға назар аударуды талап етті. Мағына дегенде толық мағыналы сөз де, жалғаулардың грамматикалық мағынасы да есепке алынды. Мысалға араб жазуына негізделген қазақ жазуында аффикстердің бөлек берілу емлесімен ерекшеленген. Кезінде 1929ж. емле конференциясында Т.Шонанұлы: “Бүкіл түркі халықтарының жазуында біріккен сөз емлесі қиындық тудырып отыр. Оған түбір мен қосымшаны да бір-бірінен ажыратып берген араб жазуы кінәлі. Ендігі жерде тірі, өлі қосымшалардың бәрін бірге жазуымыз керек” [1] деген.
Араб жазулы мәтіндер, жалпы алғанда, босаралықпен жазу бағытын ұстанды. Ол, бір жағынан, орфографияға байланысты емес, тілдің даму бағыты, сөзжасам тәсілі, сөздік құрамның баю жолдарына да байланысты. Мысалы, тілдің коммуникативтік қызметі артып, стильдік тармақтары жетілсе, адам санасына бейнеленген заттар мен құбылыстар, ұғымдар тасқыны толастамай сөзжасам тәсілдерінің барлық потенциалды мүмкіндіктері ашылса, лексика-семантикалық, синтетикалық сөзжасам тәсілдеріне қарағанда аналитикалық тәсіл алдыңғы орынға шығатыны белгілі. Сондықтан да бірге, бөлек жазу қиындығы әсіресе ғылыми-техникалық прогресс нәтижелері мен идеологиялық төңкерістер тасқынының заманында, ХХ ғасыр ішінде шықты.
Сөздерді бірге, бөлек таңбалау қиындығының бірнеше себебі бар. Оның бірі сөздердің сөз тіркесі мен құрама сөз, күрделі сөз және біріккен сөздің “аралық деңгейінде” ұзақ жүруі; екінші – бірге, бөлек таңбалауды мағыналық белгілерге қарап анықтау. Үшінші, әр сөз табының әртүрлі принциппен жазылуына қатысты. Мысалы, орыс тілінде сын есім семантикалық принципке, күрделі зат есім формалды принципке сүйенген [2, 7б.]. Формалды принципке сүйенетін орфограммалар көбіне емледегі бірізділікті ұстайды. Сондықтан бүгінде тіл-тілдің қайсысында да осы принципті жетілдіруге күш салынып келеді. “Теоретической и практической точки зрении более целесообразным представляется ставить написание сложных слов в зависимость только от формально-грамматического принципа” [2, с.12].
А.Байтұрсынұлы бірге, бөлек жазу проблемасын графикалық тұрғыдан шешсе, 1929-1938ж. жазу сыңарлары кіріккен сөзді фонетикалық принциппен жазды да, сөйлеуші санасында бір ұғым болып табылатын, сыңарлары кірікпеген сөзді бірге жазуды ұсынды. Логикалық жағынан дұрыс болғанмен, сөйлеуші санасындағы ұғымдық бірлік тілдік бірлікке барлық уақытта сәйкесе бермейді. Мысалы, 1941ж. емле сөздігі атқора, ауажайылу, бейпілауыз, боссөз, ботатірсек, бұлшықет, жертүбі, кешкетаман, белбайлау, қаракөк, қаракөлеңке, ашатұяқ, бақайқулық, бойұсыну, бөріойнақ, бұрнағыкүн, жертүбі, жіңішкеауру, кереқарыс, кешкетаман, белбайлау, күретамыр, қаракөже, қасбатыр сияқты көптеген сөздерді бірге жазды [3]. 1948ж. сөздік алауыздық, алажаздай, алакөлеңке, алакөз, аласапыран, алатаң, алағоржын, алтатар, алқара, алқызыл, арампейіл, аржақ, асырасілтеу, асықжілік, атсалысу, атүсті, ашықауыз, аяқалыс, аяқасты, ақжүрек, ақжарқын, бассалу, басыбайлы, басыбүтін, беломыртқа, кішіжүз, кішіпейіл, неғылу, көкала сөздерін босаралықсыз таңбалап, реестрге шығарды. Бірақ бір ұғымды білдіретін тіркесті атауларды жаппай біріктіруге тілдік бірліктердің грамматикалық мүмкіндіктері жете бермеді. Оның үстіне фразеологиялық, идиомалық тіркестердің негізгі сипаты компоненттерінің бөлек таңбаланатыны тұрақталды. Дей тұрғанмен кезінде Л.В.Щерба фразеологиялық тіркестердің бөлек жазылғаны негізді емес деген [4, с.48] деген Л.В.Щерба.
Сөздерді бөлек таңбалау 70-жылдардан бермен қарай қатаң нормаға айнала бастады. Тәжірибеде бірге таңбаланып жүрген құрама сөздер сынға алынып, жазу мәдениетінің төмендігі ретінде көрсетілді. Терминдер мен бұрыннан бірге жазылуы қалыптанған атау сөздер болмаса, әсіресе изафеттік тіркестердің, анықталатын-анықтайтын қатынастағы тіркестердің бөлек жазылуы қатаң норма болды. Бірақ қазақ емле сөздігінің әр басылымына жасалған ішінара өзгерістер, 1983ж. емеле ережесіне енгізілген түзетулер, негізінен, бұрын босаралықпен жазылған сөздерді біріктіру есебінен жүрді.
Орфографиялық сөздіктің 2000 жылғы басылымы проф. Р.Сыздықтың ұсынуымен біріккен сөз қатарын молайтты. Аффиксоид деңгейіне жете алмаған стандарт құрастыруыштермен бірге стандарт префиксоидтар да екшелді. Мысалы: қарақой, төс, түйе т.б. сияқты алдыңғы сыңардың қайталануы арқылы жасалған сөздер бірге жазылды. Бұл орфограмманы жұртшылық теріс көрген жоқ, керісінше, ақаю, қоңыраю сияқтыларды да осы қатарға қосуды ұсынды. Проф. Б.Қалиев 70ж. А.Жиенбаеваның бинарлы атау теориясына сүйеніп, түр атауының бөлек жазылғанын дұрыс деді [5]. Егер мұндай уәжге негіздесек, онда көкқұтан, көлбақа сөздерін бөлек таңбалауға тиістіміз. Сондықтан, Н.Уәлиұлының пікірінше, сөздердің, әсіресе термин сөздердің орфограммасы ғылыми-терминдік мағынаға емес, жалпы лексикалық мағынаға табан тіреуі керек. Жиі қолданылатын бір денотаттың атауы бірге жазылуы тиіс.
2000ж. емеле сөздігі басылымы бойынша қазақ жазуында біріккен сөздің мынадай типтері бар: -лық, -қыш, -ар, -қы, -лар ұластыруыш арқылы біріккен сөздер; хана (40), ара (21), аралық (19), басы (10), құмар (33), тану (23)аффиксоид құрастыруыштар арқылы (жақша ішіне біріккен сөз саны алынған); хат (14), қап (17), белгі, гүл (41), бау (19), шөп (68), ақы (15), жай (17), жегі (19), тікен (17), жапырақ (25), тамыр (13)арқылы біріккен стандарт құрастыруыштар.Бұлар қосымша және ортақ денотативтері бар формалды белгісі бар біріккен сөз тобын құраса, енді бір көлемді топ мағына құрылымындағы семалардың дамуы арқылы және денотатты атау қажеттігінен туындаған семантикалық белгілі біріккен сөзді құрайды.
Көрсетілген ұластыруыштардың болуы арқылы біріккен сөздің жазылуын айқындау формалды белгісі жоқ біріккен сөздің таңбалануына қарағанда оңайырақ. Бірақ -лар, -лық, -ар, -ыс, -м, -ма, -ғыш ұластыруыштарының сөзұластырушылық қызметін барлық позицияда қолдану керек: ағашкеміргіш, ағаштілгіш, адамсүйгіш, еңбексүйгіш, отансүйгіш… Қазіргі қазақ орфографиясында екі сыңары да зат есімнен тұратын, алдыңғысы анықтайтын, соңғысы анықталатын құрама сөздердің жазылуы үлкен қиындық тудырып отыр. Ат қора, ағаш соқа, мойын омыртқа, азу тіс, ағаш аяқ, ағаш төсек сияқты сөздер “ат тұратын қора”, “ағаштан жасалған соқа”, “мойынның омыртқасы”, “азудағы тіс”, “ағаштан жасалған аяқ” деген ұғымдық “төркініне” оңай ажырайтындықтан, танықтықтан гөрі (С.Мырзабектің термині) анықтық қатынасты “ұнататын” қазақ жазуында бөлек таңбаланып келеді. Осы мәселеге байланысты алдыңғы зерттеуімізде қазақ тілі емлесіндегі үлкен қиындық құрамы экстралингвистикалық мәнділікпен Д2Д1, Д1Д1, К1Д1 қатынастағы құрама сөздердің жазылуы екені айтылған болатын [6]. Өйткені соңғы сыңары экстралингвистикалық мәнділікпен Д1 қатынаста болатын сөздер негізінен бөлек жазылатын еді. Алайда емле сөздігінің 2000ж. басылымында атбұршақ, аюбадам, балқоға, баскиім, белағаш, бозшымшық, таусарымсақ, шұбаркөбелек, ақшағала, арамшытыр, іссапар тәрізді Д2Д1, Д1Д1 қатынастағы сөздердің бірге жазылуы заңдастырылған. Оның басты себебі бір денотативтің тілдің тұтас таңбасы бола алуында болды. Теміржол, баскиім, асүй, сиясауыт, күретамыр, ішкиім, сұржылан, сиыржоңышқа, өгізөлең және т.с.с. сөздер синтаксистік тұрғыда қандай жол, қандай жоңышқа? деген сұраққа нақты жауап беріп тұрса да, таным тұрғысынан бұл сұрақты қажетсінбейді: тілді тұтынушы санасында тұтас бейненің тұтас таңбасы қалыптасқан.
Жазу тарихының кезеңдеріне көз жүгіртсек, қазақ орфографиясы сөздерді бірге, бөлек таңбалауда алғашқы ұстанымдарына қайта бара жатыр. Мысалы, алғашқы емле сөздігі бірге жазылатын сөздердің көптігімен ерекшеленді (1941, 1948). Кейін фразеологиялық тіркестер мен изафеттік тіркестер бөлек жазылуы тиіс деген ұстаныммен бөлек жазылатын сөз қатары молайды (1963). Келесі кодификациялау сатысында біріккен сөз қатары тағы тарыла түсті (1978).
Сөйтіп, емле сөздігінің соңғы басылымдарында (1988, 2000) алдыңғы кодификациялауда жіберілген “қателіктердің” орнын толтыру бағытында жұмыс жүргізілді.
Жалпы қазақ жазуында, қазақ тіл білімінде сөздерді бірге таңбалаудан, бірге жазып қоюдан “қашатын”, “қорқатын”, “мәдениетсіздікке санайтын” көзқарас бар. Ол неден, қайдан басталды және бірге жазу неге сауатсыздық болып табылуы тиіс деген сауал ойландырады.
Біздің ойымызша, ол ең алдымен қазақ тілінің жалғамалық сипатына байланысты сияқты. Лексикалық бірліктің 4-5 буыннан, 10-13 әріптен аспауы көздің оқу қабілеті мен қолдың жазу техникасына сай болып көрінеді, көздің сөзді тұтас “суретке түсіріп” алып, санаға сигнал жібергенде лексеманың мазмұн межесін оңай қабылдауы ескеріледі. Сондықтан, мысалы, құрама сөздің сыңары бір буынды болса, ол бір деммен айтылып, бірге жазылуға бейім болды. Алайда, көбіне, дәл сол сыңар орнына 3-4 буынды басқа сыңары бар біріккен сөз болса, ол бөлек жазылғандықтан алдыңғысы да бөлек таңбалану керек делінді. Екінші, түркі тілдеріне тән изафеттік тіркестер бөлек таңбалану керек деген қағида болды. Ол изафеттің І, ІІ түрінен ІІІ-түрінің дамитынын және айырмашылығын көрсету үшін қажет болды. Осыған орай, өсімдік, аң, құс бинарлы атауларының туыс аты ортақ денотатив, түр аты ерекше бір белгіні көрсететін сигнификатив болып келді де, атаулардың айырмашылығын көрсету үшін тірек компонент өрісіне байлап, атауды бөлек таңбалау тиімді көрінді. Осы негізде бөлек жазу, өсімдік аң-құс атауларына ғана байланысты емес, материалды мәдениет лексикасының бәріне қатысты. Сөйтіп, денотативті ортақ (тірек) компонент өзін анықтайтын сыңардан бөлек таңбалауды қажет етті. Үшінші, жалпы тіл білімінде тұрақты тіркестер ажыратылып таңбаланады деген қағида болды. Ол коннотатив мағыналы сөздердің экспрессивтік қызметін күшейту үшін қолданылған еді және ауыспалы мағыналы сөз денотатив мағыналы сөзге қосымша, поэтикалық, эмоциялық мән-мағына үстеп тұрады деген түсінік болды. Коннотатив мағынасы ғана бар бір зат, не ұғымның атауы болмайды деген көзқарас басымдық танытты. Мысалы, ат салысты, ақ көңіл т.б. фразеологизмдерінің тура мағыналы варианттары жоқ. Ендеше бұлар неге жеке сөздік бірлік бола алмайды?
Оның үстіне тілдің шығуы алдымен эмоцияны, әсерленуді таңбалаумен байланысты. Онда коннотатив сөз тілде бар денотатив сөздің реңкін ашу үшін ғана қызмет етеді деген ұғым ескірген болып шығады. Төртінші, қазақ тіліндегі біріккен сөздер орыс тіліндегі жазылуына қарап анықталды. Мысалы, орыс тілінде головной убор бөлек жазылғандықтан қазақ тілінде де бас киім бөлек таңбаланды. Бесінші, кейбір құрама сөздерді біріктіргенде сөз құрамы танылмай, буынға бөліну өзгеріп кететін болды. Мысалы, ақ аю, ақ от сияқты сөздер біріккен сөздің барлық белгілеріне ие болып тұрса да, ақаю, ақот деп жазуға келмеді. Міне, осындай себептер қазақ тіліндегі біріккен сөз қатарын шектеп отырды. Дегенмен, сөздікте әлі де болса бірге таңбалануға “сұранып” тұрған сөз қатары бар дейміз.
Алдымен сыңарлары Д2Д1 не Д1Д1 қатынастағы бір зат не құбылыстың атауы болатын моделге мына топ жатады: ағашсоқа, ағашкүрек, киізүй, жерүй, ағаштабақ, ағаштөсек, ағашүй, азутіс, ақаю, ақжапалақ, ақот т.с.с.
Жалпы, сөздің бөлек, бірге таңбалануын тілдік бірліктің құрылымдық (статикалық) қалпымен жұмсалымдық қызметі негізінде қарау керек сияқты. Орфографиялық сөздік реестрі мен ұясында қамтылған бірліктер жалаң единица ретінде өзін-өзі анықтау үшін бөлек таңбалауды қажетсінеді. Ол, әсіресе бір денотатқа байлаулы шектеулі тіркестердің орфограммасын кодификациялағанда айқын көрінеді. Мысалы, азу тіс, күрек тіс, бет сүйек, бас сүйек, жақ сүйек деген статикалық сипаттағы бірліктер бөлек таңбалану арқылы өзара ерекшеліктері бар “тіс”, “сүйек” айырмашылықтарын көрсетеді. Ал аталған тіркестер сөйлем аясында, динамикада жұмсалғанда тұтас тілдік таңба ретінде жұмсалады. Міне, сондықтан емле сөздігі бөлек нормалаған сөздер көбіне жұмсалымдық қызметте таңбасы өзгеріп (бірге жазылып), қайшылық туады. Н.Уәлиұлы тілдік, орфографиялық дискреттілікті функционалды дискреттілікке салып, шатастырып келдік пе деген ой айтады. Мысалы, иіс сабын сөзінің лингвистикалық тұрғыдан анықтағыш-анықталғыш қатынаста тұруын емледе де сыңарларының жеке таңбалануын қажетсінеді д.с. Бірақ тілдік дискреттілік пен жұмсалымдағы сөздің дискреттілігі сәйкес келмейді.
Қазақ тілінде бір денотатқа байлаулы тіркес саны үшеуден көп болса, бөлек жазу бағыты күшейіп отырған. Мысалы, бет сүйек, жақ сүйек, бас сүйек, жамбас сүйек; ат қора, сиыр қора, қой қора, бұзау қора, түйе қора т.б. Ал тірек сөзді құрама сөздер аз болса, біріктіріліп жазылған. Біздің ойымызша, бір денотаттың атауы болатын, “аталым дәрежесіне жеткен”, “сөзжасам процесіне араласатын” тілдік санада тұтас бейнеленген, синтагмалық контексте емес, парадигмалық жүйеде дайын тұратын құрама сөздер бірге жазылуы тиіс. Жазу тәжірибесінде ұғымдық тұтастыққа жетпеген тілдік сана тұтас бірлік ретінде танымайтын сөздерді де бірге жазып қою кездеседі. Ол сөзбірліктердің функционалды қызметінің универбтелу процесіне көбірек ұшырайтынын, адам ойын жеткізу үшін екі босаралық арасында тілдік таңбаны аз пайдалануға тырысады да, құранды тіркестерді біріктіріп жібереді. 1941ж., 1948ж. емле сөздіктеріне қарағанда 1963ж. емле сөздігі сөздердің бірігуіне шек қойды. Біріккен сөздің негізгі белгісі етіп, сыңарларының мағына көмескіленуін, бір сыңарының мағына көмескіленуін және сыңарлары арасында анықталғыш-анықтағыш қатынастың болмауын алғанмен жазу тәжірибесінде сөздердің бірге жазылу бағыты бұрынғыдан да күшейе берді.
Фразеология теориясы бойынша қазақ жазуында бөлек жазылуға тиісті идиома, тұрақты тіркестер сөздіктің әр басылымы сайын бірге таңбалау бағытын күшейтіп келді. Атап айтқанда, айдала, ақжолтай, аққұла, ақсақал, ақсарбас, ақсаусақ, ақсүйек, ақтаяқ, ақырзаман, арамтамақ, асанқайғы, асқазан, атамекен, атамұра, атжал, атжалдану, аткөпір, атүсті, ауызекі, аяқжақсы, әлімжеттік, әңгіртаяқ, әпербақан, бақкүндес, бақталас, балабақша, балқаймақ, балсыра, басараздық, басарқа, бассаулық, басбілгі, баукеспе, бойжеткен т.б. көптеген нормалар белгілі бір зат не ұғым атауына біріншілік атау болып та (айдала, ақсақал, ақсаусақ, ақсүйек, ақырзаман, арамтамақ, аткөпір), екіншілік атау болып та (баукеспе, бойжеткен, атүсті, әлімжеттік, құлантаза, қанішер), сөзжасам процесіне араласып та (көрбілтелену, көрбалалық, көксоқталану, көзжұмбайлық, кеудемсоқтану, кеудемсоқтық, кертартпалық, кеңпейілді, кеңпейілділік, кішіпейілділік, жалпақшешейлік, қызуқанды, қызуқандылық) бірге жазыла бастады. Сөз бірліктердің метафоралану процесі арқылы көбейетінін әнұран, елбасы, елтаңба сөздерінен-ақ көруге болады. Ендеше атаудың фраза, идиома негізінде шығуынан, тілдегі атау болуға сұранып тұрған тұрақты тіркестерді біріктіріп, сөздік бірлік етуден “қашудың” реті жоқ деп ойлаймыз.
Сөздіктің әр басылымы кіріккен сөздердің қатарын көбейтіп отырды:алагөбе/алакөбе, ұланғайыр/ұланқайыр, қым-ғуыт/қым-қуыт, көк ет/көгет, кіші гірім/кіші кірім, құлағдар/құлақдар, жедеқабыл/жедеғабыл, ежеғабыл/ежеқабыл, арагідік/аракідік, апыл-құпыл/апыл-ғұпыл, қиян-кескі/қиян-гескі, көл–көсір/көл–гөсір, алағаншық/алақаншық, алагеуім/алакеуім, арагідік/аракідік, бейқам/бейғам, байғұс/байқұс, жегжат/жекжат, миғұла/миқұла, сайгүлік/сайкүлік, саргідір/саркідір, ерғашты/ерқашты, сол ғұрлым/сол құрлым, не ғұрлым/не құрлым, байғұтан/байқұтан, қолғап/қолқап, қолғанат/қолқанат, алағұс (әумесер) /алақұс, алагүшік (жау қолына түскен жесір) /алакүшік, алагөбе/алакөбе, алакүлік/алагүлік, айғабақ/айқабақ, айғұлақ/айқұлақ, анағұрлым/анақұрлым, әнеугүні/әнеукүні, байғазы/байқазы, байғұс/байқұс, байғұтан/байқұтан, байғыз/байқыз, бозғалдақ/бозқалдақ, бозғонақ/бозғонақ, алауыз, саржағал, алаяқ т.б. Біріккен сөз сыңарларының дыбыстық контоминацияға түсуі әсіресе мағынасы көмескіленген сыңарларды қамтиды. Бұл процестің уәжі бар еді деп ойлаймыз. Ал екі сыңарының да мағынасы айқын көкөніс, көкет, қыркүйек, алааяқ сөздерін кіріктіріп жазу көзшалым, жазу арқылы түбіртаным процесіне кедергі келтіреді. Сөздің жазба тұрпаты сөз мағынасынан, түбір этимологиясынан хабар беруі керек деп ойлаймыз.
Енді емле сөздігінің соңғы басылымындағы өзгерістер туралы айта кетейік. Бұрынанықтауыш-анықталғышқатынастағы есімді тіркестерделініп бөлек жазылып келген бір ғана зат, ұғыматауларыжаңа басылымда бірге таңбаланды. Жазу дәстүрін бұзбау мақсатымен, мұндай қатардағы сөздерді жазу жүйесіне сатылап енгізу қарастырылды. Сондықтан көпденотативке ортақсыңарлы тіркестен гөрі бұл сөздікте 2-3 денотативке телінген есімді тіркестерді бірге жазу кодификацияланды. Олар:қолорамал, беторамал, асқасық, шайқасық, қолайна, қолбұрғы, қолшана, желдиірмен, будиірмен, қолсағат, ашішек, тоқішек, көтенішек, атдорба, аткөпшік, еткөйлек, жанқалта, желбесік, желқайық, шыныаяқ, қойындәптер, ішкөйлек, сазбалшық, қарабалшық, көрпетыст.б.
Аталған қатардың бірге жазылуына, біріншіден, екі сыңары да, әсіресе соңғы сыңары өз мағынасында тұрғанмен, екеуі бірігіп, бірзаттың атауы болуы, екіншіден, жиі қолданыстағы тұрмысты қатау болуы; үшіншіден бір екпінге бағынуы себеп болды.
Сондай-ақбірбірұғымдыбілдіретін-ым жұрнағымен келетін ұлттық өлшем атаулары бірге жазылды: аспісірім, атшаптырым, әудемжер, биесауым, бірезім, бірасым, көзкөрім, біржағым, біркөшжер, бірасым, біраттам, бірауыз, біржайлы, біржерегу, біржолғы, біржолы, біржұтым, біриірім, біркиер, бірқадам, бірқайнатым, бірқызық, бірсалар, бірсалым, бірсауым, бірсыдырым, біртабан, біртартар, біртурам, біртұтам, біртүрлі, біртілім, біртістем, біруыс, бірұрттам, бірүзім, біршағым, біршайқам, біршөкім, біршымшым, етасым, етқайнатым, етпісірім, жазғасалым.
Бұлқатар бұрын экспрессивті -эмоциялық сипаты бар бағалауыш мәндегі фразеологизмдер ретінде бөлек жазылатын. Алайда мұнда экспрессивтіліктен гөрі қазақ ұғымына тән өлшем бірлік атауының номинациялану дәрежесі бірге жазуға мүмкіндік береді.
Бірге таң балауға байланысты енді бір өзгеріс бейнелі тіркес ретінде бөлек жазылып келген дерексіз атаулар, әсіресе адам мінезін сипаттайтын біріншілік атау дәрежесіндегі фразеологизмдердің жазылуында болды. Және бұл қатардың сөз жасам жұрнақтарымен (–лан, –лық, –лы) түрлене алатын сипаты бірге таңбалаудың шартына айналды. Мысалы:ақкөңіл, ақкөңілді, ақкөңілділік, ақкөңілдену, ақниет, ақниетті, ақниеттену, ақниеттілік, ержүрек, ержүректену, айранкөз, –дену, ақайран, –дану, ақжағал, –дану, ақжарқын, –дылық, ақжем, –дену, ақжүрек,-тену, –тік, ақкөз, –дену, аққұлақ, –тану, ақниет, –ті, –тену, –тілік, ақпақұлақ, –тану, ақпейіл, –ді, –ділік, –дену, ақсирақ, –тану, ақтаңдақ, –тану, ақтүтек, –тену, ақүй, –лі, ақүрпек, –тену, ақшаңдақ, –тану, алабажақ, –тану, алабөтен, –дік, алағаншық, –тану, алакөз, –дену, –дік, алакөңіл, –дену, –дік, алақол, –дық, –дану, аласабыр, аласапыран, –шыл, аласапақ, алауыз, –дану, алашапқын, –дану, алаяқ, –тық, алқаби, –лік, алаөкпе, –лену, апайтөс, арамтамақ, –тық, атажұрт, атақоныс, атамекен, атамұра, ататек, атжал, –дану, аткөпірету, атқамінер, –лік, атсалысу, –лықатүсті, –лік, ашкөз, –дену, –дік, ашықауыз, –дық, –дану, әкімқара, басбұзар, –лық, баскесер, –лік, бассауға, –лау, бозөкпе, –лену, –лік, бойұру, –шылық, боркемік, –тену, босбелбеу, –лену, –лік, боссөз, –ділік, бұлаңқұйрық, –тану, шаласауытты, –лық, құймақұлақ, қызылшырай, –лы, бірбеткей, –лік, бірмінезді, –лік, бірсөзді, –лік, біртуар, дүниежүзі, –лік, дүниеқоңыз, –дану, –дық, езмалта, –лау, –лық, екіжүзді, –лік, екісөзді, –лік, жалаңаяқ, –тану, –тық, жалаңбас, –тану, –тық, жалғызбас, –тылық, –ты, жалпақшешей, –лену, –лік, жалпетек, –тену, жалтаңкөз, –дену, –дік, жанқияр, –лық, жанпида, –лық, жансауға, –лау, жаужүрек, –тену, –тік, жаутаңкөз, –дену, –дік, жезөкше, –лік, сормаңдай, –лық, –лану, сужүрек, –тену, –тік, суқараңғы, –лық, сумұрын, боқмұрын, суыққол, еркөңілді, –лік, сыңарезу, –лік, –лену, сыңаржақ, –тық, –тану, сырткөз, тасжүрек, –тену, –тік, кісікиік, –тену, –тік, ауызбірлікт.б.
Сондай-ақкөпденотатқаортақүй, ағаш, мәшине, тас сөздерін ақтымағынасына науытқып, дерексіздене бастаған қолданысында бірге жазылды: бормәшине, ісмәшине, ауызүй, төрүй, асүй, алмаағаш, жидеағаш, сүтмәшинет.б.
Бейнелі тіркес ретінде бұрын бөлек таңбаланып келген мезгіл, шақ атаулары бірге жазылды: күнұзаққа, күнүлгері, күнібұрын, алакөлеңке шақ, қаракөлеңке шақ. Сондай-ақ аяқасты, аяқастынан, әртарап, әртекті, әртүрлі; басыбүтін сияқты сөздер үстеу ретінде бірге таңбаланды.
Соныменқатар үш сөзден тұратын зоологиялық атаулардың –ды, жұрнағымен келетін алдыңғы екі сыңары және осы тіркестің -лар жұрнағымен келетін түр атауы біріктіріліп реестрге шығарылды. Мысалы: ашатұяқты, ашатұяқты жануар, ашатұяқтылар, бауыраяқты, бауыраяқты жәндік, бауыраяқтылар т.б.
Формалды белгісі бар біріккен сөз қатары молайды: адамсүйгіш, еңбексүйгіш, ауызбаққыш, антатқан, атмалтыс, мұрынжолды, ауырдәулетті, беткеұстар, ақнәсілді, ағылшынтілді, қазақтілді, екітілді т.б. Мұндағы жұрнақтар (-ғыш, -лы, -ыс, -ар, -ды) қазақ тіліндегі біріккен сөздің формалды белгісі ретінде танылып, сөзжасамныңбіртәсілінеайналғанеді.
V-басылымда -лық жұрағының сөзбіріктірушілік сипатына артықшылық берілді: жұрнақ қатар айтылған есімді тіркесті де, етістікті тіркесті де біріктірді. Мысалы: -лық//шылық: алдыналушылық, арашаруашылық, арқатұтушылық, арттақалушылық, артықкетушілік, асырасілтеушілік, атқоюшылық, ауажайылушылық, ауызбірлік, ауызтатырлық, ауызтұшырлық, ауылшаруашылық, бассалушылық, белбайлаушылық, бұғышаруашылық, бүкілхалықтық, бүкілқазақстандық, жалпымемлекеттік, жалпыұлттық, жалпыадамзаттық, жалпыхалықтық, жалпыэкономикалық, жантүршігерлік, жанашырлық, жантыныштық, жателдік, жатжұрттық, жатжерлік, жатпейілдік.
«akparatinfo.kz» — ақпарат».