Тілдегі кей сөздер грамматикалық құрылысқа түскенде ешбір грамматикалық тұлғасыз-ақ белгілі бір грамматикалық мағынаны білдіре алады. Ол білдіретін грамматикалық мағына сөз түбірі білдіретін грамматикалық мағынадан бөлек болады. Міне, сондай арнайы қосымша көрсеткіші болмай, грамматикалық тұлғасы көрінбей тұрып грамматикалық мағына білдіруді нөлдік тұлға не нөлдік форма немесе сөздің нөлдік морфемада қолданылуы делінеді. Өйткені арнайы көрсеткіш, формалық элемент болмағанымен, онда белгілі бір грамматикалық мағынаның нөлдік көрсеткіш арқылы көрінуі туралы көзқарас, бүгіндері ғылымда өз шешімін тауып, тұрақталғаны басы ашық мәселе. Бұған нөлдік тұлғаның қазақ тіл білімінде көріну дәрежесі туралы тілші ғалым Ы.Маманов, М.Томанов, С.Исаев, Н.Оралбаева, Ж.Балтабаева және т.б. ғалымдар нөлдік форма, нөльдік көрсеткіш, нөлдік тұлға мәселесіне қатысты әр кезеңде нөлдік форманың сипаты, оның тілдің грамматикалық жүйесінде алатын орны мен қолданылу аясы жайында баспа бетінде жарияланған ғылыми мақалалары мен зерттеу еңбектері айғақты ғылыми дәлел бола алады
Тіл білімінде нөлдік тұлға ұғымы жайлы ғалымдар пікірлері, олардың нөлдік тұлғаға берген сипаттамасы, нөлдік тұлғаның семантикасы мен қолданыстағы көріну дәрежесі туралы ғылыми тұжырымдар, филолог-педагог мамандығынын даярлайтын жоғары оқу орындарында жүргізілетін «Қазіргі қазақ тілі» ғылыми курсының грамматика саласына қатысты пәндердің дәріс, семинар, зертхана сабақтарымен қоса, студенттердің оқытушы басшылығымен өздері орындайтын жұмыстарында жүйелі түрде нақты деректер мен мысалдар арқылы дәлелді түрде ғылыми-теориялық тұрғыда меңгертілу тиіс. Туыстас түркі тілдері тәрізді қазақ тіл білімінде де бар кейбір сөз тұлғаларының грамматикалық формаларының сөздің ыңғайына қарай ашық түрде жалғанып, не жасырын түрде түсіріліп қолданылатын формаларды ғалымдар: «нөлдік көрсеткіш», «нөлдік форма», «нөлдік элемент», «нөлдік морфема», «нолдік тұлға», нөлдік» қосымша» т.с.с. түрлі атаумен атап келеді . [1. 92-135 бб.]
Сөз мағынасының өзгеруі өзінен -өзі пайда болмайтыны, ол тілдегі қалыптасқан тәсілдердің нәтижесіндегі құбылыс екені белгілі. Тілде әрбір грамматикалық мағына белгілі бір грамматикалық форма арқылы беріліп отырады. Ал кей жағдайда ешбір грамматикалық формасыз да мағына айқын білініп тұрады. Айырмашылық, ол грамматикалық мағына түбір білдіретін жалпы грамматикалық мағынадан бөлек мағына екендігінде. Арнайы грамматикалық көрсеткіші, тұлғасы болмай, формасы көрінбей, сөйлемде белгілі бір қызмет атқаруы арқылы грамматикалық мағынаны білдіретін нөлдік форманы немесе формасыз форма деп атайды. Яғни, нөлдік форма басқа да грамматикалық формалар сияқты өзіне тән белгілі бір жеке грамматикалық мағынасы бар парадигмалық түрлену жүйесінің бір түрі болатын, сөздің грамматикалық құрылысында өзінің байланыстырушылық қызметін толық атқаратын, бірақ оны көрсететін арнайы формасы жоқ тұлға, форма, көрсеткіш. Осы қасиеті арқылы бір грамматикалық категорияның басқа да формасы бар түрлеріне қарама-қайшы мәнде, бірлікте келіп бір бүтін ретінде ешбір нақтылы тілдік элементсіз мағынаны өзгертетін, түрлендіретін тілде қалыптасқан басқа да түрлі тәсілдердің қатарына жататын нақтылы морфемалар сияқты категория мағынасын да білдіре алатын, сөз жасауға да қатысатын қызметі бар нөлдік көрсеткіш ретінде, тілдің түрлі саласында өте кең мағынада, әрі кең ұғымда нөлдік жұрнақ, нөлдік жалғау, нөлдік көмекші, нөлдік қосымша атауымен сөздің грамматикалық категорияларның парадигмалық түрлену жүйесінде қолданылатын өзіндік орны барграмматикалық форма «нөлдік морфема» деп аталады. [2. 32- 52 бб.]
Структуралық лингвистикада тілдік таңбаның системасын жасап теориясын дамытқан және сол таңбалардың қарым-қатынасының негізінде тіл құрылысын анықтаған Фердинанд де Соссюр тілдік таңба теориясының негізін жасайтын екі элементтен тұратын құрамды бөліктің біріншісі- белгіленуші (означаемое), екіншісі- белгілеуші ( означающее) екенін көрсетеді. Мұнда ол тілдік таңбаның сыртқы материалдық жағын «белгілеуші» деп, ішкі мазмұн, мағына жағын «белгіленуші» деп атайды. Әрі Ф. де Соссюр тілдік таңбаның сыртқы материалдық жағы үнемі нақтылы дыбыстық құрамнан бола бермейтінін де ескеріп, тіл элементтерінің өзара қарым-қатынасын, олардың өзіндік белгісі мен айырмашылықтарын да «белгілеуші» деп таниды. [4; 5;]
Қазақ тілінде басқа тілдердегі сияқты мағына тек қана белгілі дыбыстық құрамнан тұратын морфема арқылы ғана емес, қосымшасыз семантикалық тәсіл арқылы танылған, сонымен бірге екпіннің де мағынаға қатысты жағдайы кездесетін, яғни қосымшалары толық емес жетімсіз парадигмалар арқылы жасалуы да бар.
Мысалы, бір ғана қазақ тілінің жіктелу системасын алайық. Жіктелу үш жақ, екінші жақтың анайы, сыпайы, жекеше, көпшелік мағыналардан тұратыны белгілі. Солай болғанымен, оның бәрінің нақтылы қосымшасы бар деуге болмайтыны анық. Ал осы үш жақтың мағынасының қазақ тілінде көрінуінің бір түріне мысал келтірсек, мақсатты келер шақтағы етістік үш жақта жіктеледі, бірақ жақтық көрсеткіш тек І, ІІ-жақтарға ғана жалғанады. Егер мағынаның конкретті дыбыстық комплекстен тұратын морфема арқылы белгіленуін ғана танысақ, бұл жіктелудің ІІІ-жағын танымау керек болар еді. Бірақ тәжірибеде бұл парадигмада ІІІ-жақтың қосымшасы жоғына қарамастан, ІІІ-жақ танылады. Алайда грамматикаларда, жеке зерттеулерде ІІІ-жақтың қосымшасы жоғы ғана аталады да, оның көрсеткіші қайсы екені айтыла бермейді. Ал диалектикалық материализм заңы бойынша мағына бар жерде оны білдіруші форма да болатыны ақиқат. Тіл білімі тұрғысынан алғанда да, жоғарыда аталғандай ІІІ-жақтық мағынаның ақиқаттығы оны белгілеушінің барын көрсетеді, өйткені тілдегі әр мағынаның көріну, берілу жолы бар. Мәселен, мақсатты келер шақтың ІІІ-жағында жақтық қосымшаның болмауы осы үшінші жақтың сыртқы көрінісі болумен бірге І,ІІ жақтардан өзінің нольдік формасы арқылы ажырататын, айырма белгісі, оның «белгілеушісі» болып табылады. Мұнда белгіленуші – ІІІ-жақтық мағына болса, оның белгілеушісі – бұл парадигмада ІІІ- жақта жақтық қосымшаның жоқтығы, яғни мұндағы нөлдік қосымша арқылы мағынаның көрінуі ғылымда нөлдік морфема деп аталады Сөйтіп, қазақ тілінде мақсатты келер шақтың 3-жағы нольдік морфема арқылы беріледі деп тануға толық болады. Бұл нөлдік морфеманың танылуына негіз – тілдегі әрбір тілдік таңбаның екі құрамдық құрылымдық құрылысына тән белгіленуші мен белгілеушінің бірлігі.
Сөйтіп, нөлдік морфема – тілдік таңба тұрғысынан да тілдік бірліктер қатарында танылып жүрген, тілдің грамматикалық жүйесінде белгілі орны бар тілдік құбылыстың бірі. Тіліміз мұндай фактігі өте бай. Сөздің арнайы көрсеткішсіз нөлдік тұлғада, нөлдік қосымшасыз формада тұрып, белгілі бір грамматикалық мағынаны білдіруі қазақ тіліндегі негізгі сөз таптары категориясында бар. Мысалы, етістіктің бұйрық райының жекеше екінші жағының анайы түрі қазақ тілінде әрқашан нөлдік формада қолданылады. Бұл бұйрық райдың нөлдік формасы сыртқы тұлғасы жағынан түбір етістікпен бірдей сияқты болғанымен, бұл екеуі екі басқа тілдік бірлік. Бұйрық райдың нөлдік тұлғасы – грамматикалық форма болса, етістіктің түбір тұлғасы – лексикалық бүтін.
Бұл сияқты тілдік құбылыс есім сөздер мен етістік сөз таптарының тәуелдену, септелу, жіктелу (жақ) және рай мен сандылық категорияларының грамматикалық түрлену жүйесінде жиі кездесетінін Абайдың «Жігіт сөзі» өлеңінен алынған «Иығымда сіздің шаш, аймаласып тайталас. Ләззат алсақ, болмай ма, көз жұмулы, көңіл мас?» деген бір шумағындағы асты сызылған «шаш, тайталас, ләззат болмай, көз, көңіл» сөздерінің арнайы көрсеткішсіз-ақ, әрқайсысы әр түрлі мағынаны білдіріп тұрғанынан көруге болады. Яғни аталған сөздердің сөйлемдегі грамматикалық мағынасы сөздің түбірі білдіретін мағынасынан мүлде бөлек, әрі ол мағына қосымшасы берілетіні, қазақ тілінде бұндай көрсеткішсіз қолданудың жиі екенін дәлелдейді. Нақтылап айтсақ, «шаш, көз, көңіл» сөздері зат есімнің тәуелдік категориясының нөлдік формаларында қолданылуы арқылы, тәуелділік мағынаның екінші жақ, сыпайы түрінің мағынасы (сіздің шаш-ыңыз), тәуелділік мағынаның көпше түрінің бірінші жағының мағыналары (көз-іміз жұмулы, көңіл-іміз мас) нөлдік қосымша, нөлдік морфемада нөлдік тұлғада қолданыуы арқылы беріліп тұр. Ал, «тайталас, болмай ма» сөздерінің нөлдік формадағы мәні, бірінде, бұрынғы өткен шақтың (тайталас-ып) формасының жасырын келуі арқылы берілсе, екіншісінде, жақтық мәннің (болма-й-ды ма?) үшінші жағы түсіріліп айтылу арқылы көрінсе, «ләззат» сөзінің көпше түрдегі тәуелдеулі септеудегі көпше түрінің формасы мен табыс септік формасының көрсеткіші (ләззат-ымыз-ды алсақ), оның етістік алдында араға сөз салмай қолданылғандығына байланысты түсіріліп айтылған болса керек. Осы сияқты қимылдың бағытын білдіретін барыс септігінің қосымшасыз түрі етістіктің алдында тұрған сөзде түсіріліп қолданылатыны сирек те болса кездесіп қалады. Қазақ тіліндегі септік жалғаларының қызметі туралы профессор Сәрсен Аманжолов: «Барыс жалғауы барлық жерде бірдей көрнеу тұра бермейді. Ілік, табыс жалғауы сияқты барыс жалғауы да кейбір етістік алдында түсіп қалады. Бірақ онымен сөз мәні жойылмайды»,- деген тұжырым келтіреді. Сонымен бірге әдеби тілде екі-үш сөздің қатарынан ілік септігінің қосымшалы тұлғасында қолданылуы, сөйлемнің мағынасын түсінуге қиындық келтіретінін де айтып, ілік септігі жалғауының стилистикалық қолданыстағы қиындығын атап көрсетеді. [3, 227 б.]
Ілік септігінің нөлдік тұлғасы сөйлемнің бірыңғай мүшелерін жасауда оларды түрлендіріп қолдануға мүмкіндік туғызады: Мысалы: Әке-шеше, туған-туысқан, ғашық-жар, бала-шағаның хабары қайсысының болсын тілінің ұшында, жүрек түбінде (М. Әуезов) сөйлемде, ілік септігі жеті рет кездеседі. Сондықтан автор стилистикалық мақсатпен төртеуін нөлдік (әке-шеше, туған-туысқан, ғашақ-жар, жүрек), үшеуін қосымшалы (бала-шағаның, қайсысының, тілінің) тұлғада алған. Ілік септігінің нөлдік тұлғада қолданылуы, не түсіріліп айтылуы, бірыңғай анықтауыш мүшелердің әр түрлі модельде көрініс беруіне мүмкіндік туғызып тұратыны, ал көпшілік жағдайда, сөйлемнің тек соңғы компоненті ғана қосымшалы тұлғада, ал алдыңғы позициядағы компоненттерінің бәрі нөлдік тұлғада келетіні көрінеді. Сонымен қатар бірыңғай анықтауыш мүшелердің кейбір модельдерінде ортаңғы компонент қосымшасыз, бірінші, үшінші компоненттер қосымшалы тұлғада келеді Мысалы: Қорқыт туралы қазақ аңызы тарихтың, дәуір, заманның бірде- бір елесін, долбарын бермейді. (М. Әуезов).
Мұндай бірыңғай мүшелердің құрылысының әр түрлі тұлғада келуі олардың жалғаулықты шылауларды тіркестіре қолданылғандарында да кездеседі. Бұл кезде нөлдік тұлғадағы бірыңғай мүшелер «мен, бен, пен» шылауының алдында келуі шарт Мысалы: Бықсып жанған қидың, дүрілдеп жанған баялыш пен қарағанның иісі мұрынға келеді. (Ғ. Мүсірепов).
Кейде қосымшалы және нөлдік тұлға кезектесіп келіп, ритмикалық жұп құрайды: Керей, Матайдың, Мұрын, Сыбанның да толып жатқан мырза, төрелері осында. (М. Әуезов).
Табыс септік тұлғасының бірде ашық, бірде жасырын қолданылуы сөйлемде бірыңғай мүшелерді жасауда маңызды рөл атқаратыны байқалады. Мұндайда екі мақсат көзделеді: бірі тілдік экономия ұстанымы бойынша, екіншісі бірыңғай мүшелерді түрлендіріп қолдануға ұмтылушылық. Екі жағдайда да табыс септігінің тұлғасы керек- ақ. Мысалы: «Асанды, Омарды, Асқарды, Нұрланды шақыр»-деп тілдік практикада әрқайсысы қосымшалы түрде қолданылса, «Асан, Омар, Асқар, Нұрланды шақыр» – деп қолдануда, тілдік экономия ұстанымына негіздеп, бірыңғай мүшелердің алғашқы үшеуін бірдей табыс септігінің нөлдік тұлғасында, ал соңғы төртінші сөз қосымшалы формада қолдануды қажет етеді.
Тілдің грамматикалық жүйесінде сөздің түрлі нөлдік формада қолданылуы, кейіннен пайда болған құбылыс емес, көне дәуірден бері қалыптасып, дамып келе жатқан тілдік құбылысқа тән екені, көне дәуір ескерткіштері тіліннен алынған мына сөйлемдерден анық көрінеді. Мысалы:Іле суын кечтіміз (М.Қ) -деген сөйлемде «Іле» сөзі ілік септіктің жасырын (ашығы – Іленің), Таш тоқытдым (К.Т.) сөйлемінде «таш» сөзі табыс септіктің жасырын (ашығы – тасты), Хінддін Герім бардыңыз (Б.Н.) деген сөйлемде «Хінддін» сөзі шығыс септіктің жасырын (ашығы –Хінддіннен), «Герім» сөзі барыс септігінің жасырын формаларында (ашық түрі – Герімге) тұрғанынан грамматикалық септіктерде де, көлемдік септіктерде де нөлдік морфеманың «жасырын» келуі, сөздің сыртқы нөлдік формасы жағынан атау тұлғаға ұқсағанымен әуелден екеуі бір емес екенін көрсетеді.
«akparatinfo.kz» — ақпарат».