Қазақ тілінің төл дыбыс құрамын анықтап, жіктелім белгілерін көрсетіп, жіктелім атауларын алғаш ұсынған қазақ тілтанымының негізін қалаған Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақ сөзінің фонетикалық талданым желісінің мәтіннен дыбысқа қарай жүргізілу керектігі мен сөз ішіндегі дыбыстардың өзіндік байланысу заңдылығы бар деген ойды да ғалым еңбектерінен табамыз.
Ғалым мұрасының фонетикалық ұстанымын екіге бөліп қарау керек деп есептейміз: бірінші, үндесім заңдылықтары; екінші, дыбыс талданымы. Өйткені дыбыс артикуляциясы мен сөз (буын) артикуляциясының айырмашылығы бар: дыбыс артикуляциясы жеке дыбыстың айырым белгілерін (жасалу орны, жасалу тәсілі, дауыс қатысы) көрсетіп, тек сол бір дыбысқа ғана тән болады, ал сөз артикуляциясы дыбыс тіркесімінің тұтас айырым белгісін (үндесім, үйлесім т.б. түрленімдер) көрсетіп, сол сөз (буын) құрамындағы дыбыстардың бәріне тән болады.
Дыбыс талданымы мен сөз (буын) талданымының өздеріне тән ғылыми аппараты (ұғымдар мен атаулары) бар:
Дыбыс талданымының ғылыми аппараты: жасалу орны – ерін, тіл ұшы, тіл ортасы т.б.; жасалу тәсілі – тоғысыңқы, жуысыңқы; дауыс қатысы – қатаң, ұяң, үнді.
Сөз (буын) талданымының ғылыми аппараты: тілдің көлденең қалпы – ілгерінді, кейінді; ерін, қатысы – еріндік, езулік.
Фонетикада тілдегі дыбыстардың басын біріктіріп, бүтін бір сөз етіп тұратын тіл заңдылығы болады. Осыған орай, А.Байтұрсынұлы «Фонетиканың қарастыратыны тілде қандай дыбыстар бар, олар қалай сөз ішінде байласады» дейді. Ендеше «тілде қанша және қандай дыбыстар бар» деген өз алдына маңызды мәселе болып табылса, олар «өзара қалай байласады» деген мәселе одан да маңызды болып табылады.
Әрі қарай А.Байтұрсынұлы өзінің «фонетикалық» пайымдауын төмендегідей сөздермен баяндайды: «Тіл болса, оның законы боларға керек… Қазақ тілінде бір сөзге жуан дыбыс пен жіңішке дыбыс араласып кірмейді. Бұл тіліміздің законы емес пе?… Менің бұрынғы жазған сөзім һәм осы жолғы жазған сөздерім фонетикаға тиісті сөздер. Фонетиканың қарастыратыны тілде қандай дыбыстар бар, олар қалай сөз ішінде байласады. Біздің сөйлеп, қарастырып отырғанымыз қазақ фонетикасы». Қазақ тілінің сондай «законы» ретінде үндесім (сингармонизм) заңдылығын айтып отыр.
А.Байтұрсынұлы қазақ тіліндегі 19 дауыссыз дыбыстың «…һәр қайсысы бірде жуан, бірде жіңішке айтылады» дегенді қазақ сөзінің үндесім заңдылығына сүйеніп айтып отыр. Содан келіп қазақ тілінде «43 түрлі дыбыс» бар деген қорытындыға келеді. Ендеше қазақ фонетикасындағы сөз просодикасының бастау көзі А. Байтұрсынұлы еңбектерінде жатыр екен.
Қазақ сөзінің фонетикалық бірлігі үндесімі (үндестік) екенін дәлелдейтін мысалдар А. Байтұрсынұлы еңбектерінде жеткілікті. Соның бірі жұрнақтарға қатысты талдауынан көрінеді. А. Байтұрсынұлы жұрнақтардың барлық айтылым (үндесім) варианттарын түгел тізіп жатпайды. Мысалы, «дық» жұрнақ, бұл осы топқа кіретін үндесім түрлерінің бәріне ортақ атау болып табылады. Содан әрі қарай үндесім ереже беріледі. «Жіңішке сөздерде «лық» орнына «лік», «дық» орнына «дік», «тық» орнына «тік» болып жалғасады…» Мұның өзі фонетикалық деңгейде жасалған шешім, үндесім түрлерінің арасынан негізгі үлгісін тауып, оны ортақ атау ретінде пайдаланған. Қазіргі кезде фонетика ғылымының алдында үндесім дыбыстардың қайсысын «негізгі нұсқа, ал қайсысын қосалқы нұсқа» деп қарау керек деген мәселе тұр. Жалпы фонетикада тілде ең көп кездесетін түрін негізгі нұсқа ретінде қабылдайды. Әрине үндесім құбылысына келгенде бұл ұстаным шартты амал болып табылады. Өйткені фонетикалық тұрғыдан үндесім варианттарының барлық түрлері тең мәртебелі. Сондықтан оның бірін жоғары, енді бірін төмен қоюға болмайды. Бірақ зерттеу амалы ретінде, сондай-ақ оқу-әдістеме тұрғысынан ең көп кездесетін түрін басты нұсқа ретінде қабылдауға болады. А.Байтұрсынұлының үлгісі осыны көрсетеді.
Сонымен үндесім әуездің артикуляциялық сипаттамасын көрсету үшін осы жұрнақтарды пайдаланамыз. Өйткені А.Байтұрсынұлы өзінің еңбектерінде қосымшалар мен бүтін сөздердің үндесім әуезін тең қояды. Сондықтан бүтін сөздің үндесімі мен қосымшаның үндесімі тең фонетикалық құбылыстар болып табылады. Бүтін сөз үшін алынған үндесім сипаттама қосымша үшін жарап жатса, қосымша үшін алынған үндесім сипаттама бүтін сөз үшін жарап жатады.
Қазақтың төл тілтанымында дыбыстардың жіктелім белгілерін алғаш рет А.Байтұрсынұлы ұсынады: «Қазақ тіліндегі дыбыстарды жаңадан жіктейтін болсақ, әрі айтуына қарай, әрі сөз жүзінде білінетін қасиеттеріне қарай жіктеу керек» А.Байтұрсынұлының «айтуына қарай» дегенін дыбыстың артикуляциясы (жасалымы) деп, «сөз жүзінде» дегенін дыбыстардың сөйлеу үстіндегі түрленімі деп түсіну керек сияқты. Ғалым ұсынған жіктелім атаулардың бастылары: толық дауысты, шала дауысты, ауыз шығысты, мұрын шығысты, босаң жолды, қысаң жолды, босаң бөгеулі, қысаң бөгеулі, тұйық бөгеулі, аңғал дауысты, қымқырулы дауысты, ымыралы, ымырасыз т.б.
Дауысты дыбыстардың «толық» деп а, ы, ұ, о, е («жасырын» дауыстылар тізімге ілінбеген, өз-өзінен түсінікті деп есептесе керек) және «шала» деп үнді дауыссыздарды топтайды.
Бұл жерде дауыс қатысының деңгейі белгі ретінде алынып отыр. Ал дауыс қатысының деңгейі дауыс желбезегінің (дауыс шымылдығының) тербеліс шамасына байланысты екенін ескерсек, онда А.Байтұрсынұлы жіктеген «толық» дауыстылар тобының артикуляциялық белгісі дауыс желбезегінің толық тербелісі болып табылады. Дауысты дыбыстарды айтқанда дауыс желбезегі толық тербеледі. Өйткені «толық/шала» жасалым белгісін тек дауыс желбезегінің қатысымен ғана анықтауға болады. Сонда «толық» дауыстылар, қазіргі атаулармен айтқанда, тербелмелі болып шығады. Дауыс желбезегінің толық тербелісін «тербелмелі» деп атаймыз.
А.Байтұрсынұлының «шала» дауыстылар деп отырғаны дауыс желбезегінің мол (бірақ толық емес) тербелісінен туындаған дауыссыздар. Дауыс мол қатысады, бірақ нағыз дауыстылар жасалымындағыдай толық болмайды. «Шала» (үнді) дауыссыздарды айтқанда дауыс желбезегі мол тербеледі, сонда «шала» дауыстылар, қазіргі атаулармен айтқанда, тербелімді болып шығады. Үнді дауыссыздардың дауысты тобына қосылып отырғандығы сондықтан.
Әрі қарай толық дауыстылар кең шығысты және тар шығысты болып тағы екі топқа жіктеледі. Мұндағы негізгі белгі дауыстылардың жасалымына ерін қатыс болып отырғанын аңғаруға болады. Ерін қатысына қарай ашық езулік дауыстылар кең шығысты болса, қысаң езулік дауыстылар тар шығысты болып отыр. Ерін қатысына қарайғы жіктелім өте дәлелді шыққан. Кең шығысты дауыстыларды айтқанда ерін тігінен кең ашылады, ал қысаң шығысты дауыстыларды айтқанда ерін езу тартып, көлденеңінен қысаң ашылады.
Егер сөйлеу мүшелерінің арасында ауа өтетін саңылау қалса, онда олар ашықтар болып саналады. Сөйлеу мүшелерінің өзара жуысуы арқылы жасалатын жуысыңқы (сүзілмелі) дауыссыз дыбыстар. Жіктелім белгісі жуысыңқы болып табылады.
Егер сөйлеу мүшелерінің арасында ауа жүретін саңылау қалмаса, онда олар тұйықтар. Сөйлеу мүшелерінің өзара тоғысуы арқылы жасалатын тоғысыңқы (шұғыл) дауыссыз дыбыстар. Жіктелім белгісі тоғысыңқы болып табылады.
Егер сөйлеу мүшелерінің арасында ауа жүретін тиянақты саңылау болмаса, онда олар тұйықтаулар. Сөздегі орнына қарай сөз ортасында ашық (жуысыңқы), сөз басында тұйық (тоғысыңқы) болып айтылатын тұйықтау (тоғысыңқы/жуысыңқы) дауыссыз дыбыстар.Жіктелім белгісі тоғысыңқы/жуысыңқы болып табылады.
А.Байтұрсынұлы пайдаланған артикуляциялық аппараттың негіздемесін қазіргі қазақ фонетикасының ғылыми аппаратынан табуға болады.
Ақзия МОЛДАШОВА,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты.