Жаңа оқу жылы басталып, мектептегі қыруар жұмыстардың қыза түскені белгілі. Жазда да жұмысы тынбаған Оқу-ағарту министрлігі биылғы оқу жылына сағаттардың қысқаруы, бес күндікке қайта ауысу, оқу жылын 2 аптаға ұзарту секілді біршама өзгерістер мен өзге де жаңалықтар енгізгеннен болар, тап қазір білім шаңырағында шаруа шаш етектен. Осы орайда Түркістан қаласындағы №6 М.Мәметова атындағы жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жазира Нармахановамен сөйлесудің сәті түсті.
Мектептегі кез келген жаңару бастауыш білімнен бастау алады, сол себепті бастауыш мұғаліміне қойылар талап пен жауапкершілік те жоғары. Қазіргі таңда мектепте қандай бағдарлама бойынша жұмыс атқарылып жатқанын білмек үшін ұзтазбен сұхбаттасқан едік.
– Жазира апай, аталмыш бағдарламаның артықшылықтарымен бөлісе кетсеңіз.
– Қазіргі кезде мектебіміз білім беру жаңартылған бағдарлама бойынша оқытылып жатқанына 7 жыл болды. Ең алғаш 2015-2016 оқу жылы бірінші сынып оқушыларын жаңартылған бағдарлама бойынша оқытуды бастағанда бойымызда аздап қорқыныш болғанын жасырмаймын. Себебі, жаңа оқулық, жаңа бағдарлама. Жаңа бағдарламаның басты миссиясы – баланың ми, ойлау қабілетін дамыту, оны қозғау. Яғни, топ-топқа бөліп дәрісті жарыс сияқты өткізу. Бұл әдіс ең алдымен балаларды бірлесіп жұмыс жасауға, өзара тіл табысуға үйретеді. Нақтылап айтсақ, кітапта берілген әрбір тапсырманы балалардың логикасын ояту мақсатында әртүрлі әдіс-тәсілдер қолдану арқылы баланың бойына дарыта білдік. Оның үстіне барлық білімнің іргетасы бастауыш сыныпта қаланатынын білесіздер, сондықтан балаға дәл осы кезде білім беріп қалудың маңызы айрықша. Бастауыш мектеп – баланы біліп-тануға үйрету мен тәрбиелеу, оның жеке тұлға ретінде өзін-өзі ашуға, қабілетін көрсетуіне жағдай жасайтын орын. Негізі тұлғаның мектептегі білім алу кезеңі мен педагогикалық үрдіс ойдағыдай нәтижеге жету үшін бастауыш сыныптардағы оқу-тәрбие үрдісі казіргі заман талаптарына сай құрылғаны абзал.
– Оқу-тәрбие үрдісіне жаңа әдіс тәсілдерді енгізу оқушылардың білімге деген қызығушылығын, талпынысын арттырары сөзсіз. Осы орайда өзіңіздің бастауыш сыныпта оқытудың жаңа технологияларымен таныстырсаңыз. Қандай әдістерді қолданасыз?
– Иә, бұрынғы балалар мен қазіргі балалар деп екіге бөліп айтатын болдық қой. Қазіргі балалалардың өте гиперактивті екені баршаға белгілі. Оларды бұрынғы дәстүрлі сабақпен партада отырғызу мүмкін емес. Білім беру барысында жаңа технологияларды пайдалана отырып, оқушылардың білімге деген көзқарасын, құлшынысын арттыру мақсатында сабақтың қызықты өтуі мұғалімнің әрдайым іздену, тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану, оқыту әдістемесін жаңартып отыруына байланысты. Бүгінде мұғалімдердің инновациялық және интерактивті әдістерді дәріс кезінде пайдалануы сабақтың сапалы әрі қызықты өтуіне ықпалы тиіп жатқаны аңғарылады. Сол себепті, әрбір сабағымда әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданамын. Атап айтсақ, «Доп лақтыру» әдісін балалардың қызығушылығын, шапшандығын, тез ойлау қабілетін дамыту мақсатында қолданамын. Сондай-ақ жоғарыда айтқандай, сабақ барысында міндетті түрде бір топтық жұмыс жүргіземіз. Өйткені, балалар топтық жұмыс кезінде бір-біріне өз ойларын еркін жеткізуге тырысады, кейбір тұйық балалар топтаса жұмыс орындау арқылы бір-бірімен жылдам түсінісіп кетеді, мұғаліммен пікір алмасады, ізденеді, осылайша өз бетінше шешім қабылдауға үйренеді. Сол себепті әрбір сабақта топтық жұмыс болған дұрыс деп ойлаймын.
– Оқушыны шығармашылыққа баулуда баланың мінезіне, икеміне, бейімділігіне қарай баулу дұрыс деп ойлайсыз ба? Осы ретте тұйық балалардың тасада қалып қоятыны бар дегендей…
– Иә, дұрыс айтасыз. Шығармашылыққа баулуда баланың бойындағы мінез-құлықтарға міндетті түрде назар аударған жөн. Кейбір ата-аналар «баламның мінезі тұйық, көп сөйлемейді» деп, өз балаларын тани алмай жатады. Осы орайда баланың мінез-құлқын қалыптастыруда осы кезең өте күрделі екенін атап өткім келеді. Таңертең ерте жұмысқа кетіп, кеш оралған ата-ана баламен сөйлесуге, оның неге әуес екенін байқауға, не қалайтынына, жалпы ішкі дүниесіне үңілуге, тіпті үй тапсырмасын бірге орындауға уақыт таппай жатады. Барлығы деп айта алмаймын, бірақ осындай жағдайлар жиі кездеседі. Көңіл бөлмегеннен, ата-ана мен бала арасында диалог болмағаннан бала іштен тұйықталып, өзін-өзі жоғалтып алуға дейін барады. «Баламның ештеңеге ықыласы жоқ» деген балалардың көбісі өлең оқығанды, сурет салғанды, кейбірі үндемей отырып есеп шығарғанды ұнатады. Оларды барынша назардан тыс қалдырмай, жеке жұмыс жасауға тырысамын. Оқушыларымның бойында бір-біріне ұқсамайтын, ерекше бір қасиет бардай, олардың барлығы маған бір-бір дарын иесі болып көрінеді.
– Десе де, барлық сабақта жауап беруден қашатын баламен қалай жұмыс жасау керек? Оларға қаталдық танытып, ұрысқаннан жағдай реттеле ме?
– Мұғалім алғашқы сабақтан бастап әр баланың жеке ерекшеліктерін, ынта-ықыласын, оқу мен еңбекке ұқыптылығын ескере отырып оқу үрдісін жүргізуі керек. Оған қоса бүгінгідей интернеттің дамыған кезінде мұны ескерудің маңызы зор. Мүлдем сабаққа қызықпайтын баланың өзіне әртүрлі жеке жұмыс дайындап келуге болады. Сондай тапсырмалар арқылы баланың қызығушылығын арттырған абзал. Өз тәжірибеммен бөліссем: «Әдебиеттік оқу» пәнінен минутқа оқытамын. Бірінші сыныпта баланы нормативке жеткізу үшін оқи алмайтын оқушыларды бір минут емес, екі минут оқытамын. Сонда баланың «көп сөз оқыдым ғой» деп оқуға деген ынтасы артып, талпына оқып жатқанын байқаймын. Осы тәжірибені үнемі қабілеті төмендеу оқушыларға қолданып отырамын. Ұстаздың мақсаты – әр оқушының жүрегіне жол таба білуінде. Бала жүрегіне жол таба білмеген, білмеді деп ұрыса берген мұғалім кейде оны өзіне қарсы қойып алады деп ойлаймын.
– Жаңа оқулықтарға байланысты дау-дамайлар жыл өткен сайын азаяр емес. Бірде кітап мазмұнына шағым айтса, бірде жетіспеушілігіне немесе сапасына сын тағылып жатады. Өздеріңіздің білім ұясындағы кітап мәселесіне тоқтала кетсеңіз.
– Біздің кітаптарымызда айтарлықтай олқылықтар кездесті дей алмаймын. Рас, математика кітабында тапсырмалар өте көп берілген. Тапсырмалар көп болғандықтан кейбір оқушылар тақырыпты меңгеруі қиынға соғады. Сол себептен үнемі ата-аналарға «бағдарлама күрделі, мектепте – мұғалім, үйде ата-ана ұдайы қадағалап, балаға көмек беріп, демеп отырыңыздар», деп айтып отырамын, осы мықты үштік байланыс арқылы оқушының алда одан да қиын тапсырмаларды алып кететініне сенімдімін. Біздің мектеп кітапханасында кітап мәселесі жоқ. 100% оқушылар оқулықтарымен қамтамасыз етілген, сондай-ақ ой-өрісін дамытып, оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін ертегі, әңгімелер сияқты түрлі әдеби кітаптарды кітапханадан алып, оқып отыруларын қадағалаймын
– Осы уақытқа дейін қанша шәкірт тәрбиелеп шығардыңыз? Осыдан 5-6 жыл бұрынғы оқушы мен қазіргі оқушының арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар ма?
– Мен осы уақытқа дейін жүзге жуық шәкірт тәрбиелеппін. Олардың ішінде болашағынан зор үміт күттіретіндері өте көп. Оларды өз балаларымдай ойлап, биіктен көрінсе екен деп армандаймын.
Иә, әрине, «бұрынғы оқушы мен қазіргі оқушы» деген тіркестің пайда болғанын айтып өткенімдей, олардың арасы жер мен көктей десе де болады. Бүгінгі бала басқа. Бесіктен белі шықпай жатып балалар телфонға тәуелді. Жылаған баланы телефонмен жұбатамыз. Бұл қазіргі қоғамның басты дерті болып отырғаны өкінішті. Даму бар деп қуанамыз ғой, бірақ та телефон мәселесі ұрпағымыздың санасын улап жатыр. Соның әсерінен қазіргі оқушылардың білімді меңгеруі, есте сақтауы бұрынғы оқушыларға қарағанда төмен. Ата-аналар осыған бейжай қарамаса екен деймін.
– Биылғы жаңа оқу жылы басталарда орыс тілі, дене шынықтыру пәндерін қысқартуға байланысты шу шыққаны белгілі. Сіздердің әріптестеріңізге, аталмыш пән мұғалімдеріне бұл қаншалықты әсер етті және осы пәндердің оқытылуы қажет пе?
– Биылғы оқу жылында аталмыш пән мұғалімдерінің шу шығарғаны рас. Олардың көтерген мәселесі орынды деп ойлаймын. Себебі, жоғарғы сыныпта да,бастауыш сыныпта да екі топқа бөліп оқығаны дұрыс. Өйткені бастауыштың 25 оқушысын дене шынықтыру сабағында 1 мұғалім спорт залда алып жүру өте қиындық тудырады. Қанша дегенмен, біреуі құлайды, біреуі жылайды, ұрынады. Құлаған баланың ата-анасынан еститін айқай тағы бар дегендей, балаларға мұқият болу үшін топқа бөліп оқытқан тиімді. Ал орыс тілі пәніне келсек, өте қажет пән деп білемін. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп қазақтың қадірлі ақыны Қадыр Мырза Әли айтқандай, адам артық тіл білгеннен ұтыла ма? Керісінше, тіл білу арқылы жер танып, ел танып, өзіңнің нағыз қазақ елінің сауатты да білімді, саналы да парасатты азаматы екеніңді дәлелде! Осы ұранды әрдайым оқушыларыма айтып отырудан жалықпаймын. Балаларымыз жеті жұрттың тілін білген, білімді, қайсар ұрпақ болып қалыптасса екен дейміз. Ал, біздер, педагогтер сондай мақтан тұтар ұрпағымыздың оқу-тәрбиесіне өз үлесімізді қосып жатқанымызды мақтан етеміз.
– Әңгімеңізге рахмет! Ұрпағымыз білімді болсын!
Әңгімелескен, Н.Имнқұлова, Түркістан қаласы.