2025 жылға дейін қазақ жазуын латыннегізді жаңа әліпбиге көшіру

2025 жылға дейін қазақ жазуын латыннегізді жаңа әліпбиге көшіру. Бұл шешімді жалпы қазақ қоғамы қолдап, дереу үн қатқаны. Аталған үрдіс халқымыздың әлемдік өркениет көшінен қалмауына, күнделікті, жылдам өзгеріске ұшырап жатқан қоғамда жылдам әрі нақты, шынайы ақпарат алуына бастап апарар даңғыл жол болары сөзсіз. Сонымен бірге, сандаған жылдар бос кеңістікті ақпаратта болған түркітілдес халықтармен, шетелдегі қандас бауырларымызбен шынайы, жылдам ақпарат алуымыз, жалпы байланысымыз қалыпты сарынға түсер еді. Соңғы жылдары әр елде латын әліпбиіне көшу үрдісі жүріп жатыр, ал кейбір елдер бұрынға кириллицада қала тұруды да жөн санауда. Бауырлас өзбек, әзірбайжан, түркімен жұрты латын әліпбиіне көшкеніне де жиырма шақты жылдың жүзі болды. Алайда сол елдердің әліпбиі теңдессіз саналып, қоғамда қиындықсыз еніп кетті деп айтуға да болмас. Оның себебі – әріптерді дұрыс таңбаламаудағы қиындықтар, жаңа әліпбидегі шығып жатқан әдебиеттің аздығы, компьютерде арнайы бағдарламалардың болмауы. Мұның өзі прогресске емес, регресске алып келуі де ғажап емес еді. Осыған байланысты, латын әліпбиіне көшкен елдер осы жылдар ішінде бірнеше рет реформа жасаған екен. Бір жағынан, әр ел өзінше әліпби жасағаннан кейін, бауырлас елдер бірін-бірі түсіну де қиындайтыны рас. Тіпті «латынға бекер көштік, біз қателестік, сіздер қателеспеңіздер» деген сарындағы сөздерді де айтылып жүрді. Кейбір ғалымдар «жалпы түркі әліпбиіне көшсек қайтер еді» деген пікірлерді де айтып жүр. Бұл үрдіс қазақ қоғамында да үлкен талқыға түсіп жатыр. Елбасы бас болып, халық қолдап 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшуді қолға алуда. Сондықтан асықпай, өзге елдер тәжірибелерін етене зерттеп, кейін опық жеп өкінбейтіндей, тіл ерекшелігін, жасалар әр қадамды екшеп барып көшкен жөн болары сөзсіз. Бұл түйткілді мәселенің саяси, экономикалық, әлеуметтік жағы бар екендігін де жіті назарда ұстағанымыз жөн. Осыған байланысты, жеке тұлғалар, мекемелер, сала, фонетика мамандары өз жобаларын үкіметке ұсынды. Біраз ұсыныстар жұрт көңілінен шығып жатса, енді бірі «осы латын әліпбиінің жобасы» деп айтуға ауыз бармастай болып жатады. Бұл орайда бұрындары профессор Ә.Жүнісбектің жобасы жұрт көңілінен шығатындай көрініп еді. Енді осы жобаға және бұрын-соңды қолданылған әліпби жобаларына біраз тоқталайық. Ә. Жүнісбектің жалпы дыбыстарды таңбалаудағы нақтылығына, оларды заманауи ғылым-білімге, жалпы түркі дүниесіне жақындатуға, компьютерге икемдеуге әрекет еткеніне тәнті боласыз. Бұл әліпбиге қарап отырып және осы әріптермен жазылған мәтінді еш қиындықсыз оқу барысында өзіңді бұрыннан латын әліпбиінде жазып, оқып жүргендей сезінесің, ерекше бір шаттыққа кенелесің, бойыңда көтеріңкі көңіл-күй пайда болатын тәрізді. Болашақта осы әліпби енсе деп армандадық та. 1 кесте – Фонетика маманы, профессор Ә. Жүнісбектің ұсынған әліпби жобасы: ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ЛАТЫН ӘЛІПБИІ № КИРИЛ ШЕ ЛАТЫН ША АТАЛУ Ы № КИРИЛ ШЕ ЛАТЫН ША АТАЛУ Ы 1 А а А а а 14 Ң ң Ŋŋ ың 2 Ә ә Ә ә ә 15 О о O o о 3 Б б B b бы 16 Ө ө Ц ц ө 4 Ғ ғ(-Гг) G g(-Ğğ) ғы (-гі) 17 П п P p пы 5 Д д D d ды 18 Р р R r ыр 6 Е е E e е 19 Сс S s сы 7 Ж ж J j жы 20 Т т T t ты 8 З з Z z зы 21 У у W w ұу 9 И и Y y ый 22 Ұ ұ U u ұ 10 Қ қ (-К к) Q q қы(-кі) 23 Ү ү Ь ь ү 11 Л л L l ыл 24 Ш ш Ş ş шы 12 М м M m мы 25 Ы ы І ɪ ы 13 Н н N n ны 26 І і İ і і Ғалым қазақ тіліндегі дыбыстарды 26 әріппен таңбалауды ұсынады. Әрине, әріптер санының қысқалылығы, нақтылығы дұрыс. Туыстас екі дыбыс (мысалы, к-қ, ғ-г) бір әріп ретінде саналады, яғни, екеуі екі рет саналмайды, бір әріптік ретте (мысалы, ғ-г – әліпбидегі 4-әріп, қ-к 10-әріп) беріледі, бірақ түрліше (ғ-Ğğ, г-Gg Qq-қ, к-Kk болып) таңбаланылады. Олай болса, н-ң, о-ө, ұ-ү, ы-і дыбыс жұптарын да бір әріптік санда беріп, әртүрлі таңбалауға болатын еді, сонда әріп саны азая түседі емес пе. Енді әріптерді таңбалаудағы көз үйрене қоймаған, әзірше қараған көзге ерсілеу көрінетін әріптерді айтып өтсем. Әліпбиде ө дыбысы Цц, ү дыбысы Ьь, ң дыбысы Ŋŋ таңбаларымен беріліпті. Меніңше, мұндай дыбыстарды өз жұптарына ұқсастырып, қосымша белгі-ноқат қосып таңбалаған дұрыс болатын тәрізді. Мысалы, ө-ні Õõ, ң-ды Ññ, ү-ні Ũũ таңбасымен таңбаласақ қалай болар екен деп пікір қосқым келеді. Енді осы әліпби арқылы бір сөйлем жазып көрсек. Men A. Baytursɪnulɪ atɪndagɪ Til bilimi ynstitwtɪnda qɪlɪmu qɪzmetker bolɪp qɪzmet icteуmin. Байқап отырғанымыздай, осылай жазсақ еш қиындықсыз оқи береріміз сөзсіз еді. Алайда жоба ескерусіз қалды. Ы.Алтынсариннің Орынбордан 1864 жылы шыққан «Киргизская (казахская) хрестоматия», 1871 жылы шыққан «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты алғашқы оқулықтары «миссионерлік кириллицамен» басылыпты. Кирилл әліпбиінен қазақ тіліне лайықталып жасалған «миссионерлік кириллица» 1917 жылға дейін араб әліпбиімен қатар ішінара қолданылып келді. Татар ғалымы А.Мақсудидың «Мұғалім сәні» (1892) атты әліппесі Қазақстанда сауат ашуда көп қолданыс тапты. Әліппеде барлығы 29 әріп таңбасы, 1 белгісі (٭ (бар. А.Мақсуди әліппесі мен А.Байтұрсыновтың араб әліпбиінде (қадим) жасаған (1912, 1914) «Қазақша алифбасында» бір ғана у әрпімен бес дыбысты (о, ө, ұ, ү, у) белгіледі, и әрпін үш дыбысқа (ы, і, и) пайдаланды. Сөз ішіндегі қысаң дауыстыларды жазбау сөздердің дыбыс, буын, құрамын анықтауда қиындық келтірді: қйсық – қисық, алу – алұу, салқн – салқын, т.б. (2-кесте). 2-кесте – Қолданыста болған әліпбилердің салыстырмалы кестесі № Миссионер лік кирилл 1870 Араб әліпбиі 1924 Латын әліпбиі 1929 Кириллқазақ әліпбиі 1940 Дыбысталуы 1 Аa ا Aa Аa /a/ 2 Аa اٴ Әә Әә /æ/ 3 Бб ب Bʙ Бб /b/ 4 Уу Vv Вв /v/ 5 Гг گ Gg Гг /ɡ/ 6 – ع Ƣƣ Ғғ /ɣ/ 7 Дд د Dd Дд /d/ 8 Ее ە Ее Ее /e/, /je/ 9 (Йо йо) – Ёё /jo/, /jө/ 10 Жж ج Çç Жж /ʒ/ 11 Зз ز Zz Зз /z/ 12 Ии ي – Ии /ɯj/, /ɪj/ 13 Йй Jj Йй /j/ 14 Кк ك Kk Кк /k/ 15 – ق Qq Ққ /q/ 16 Лл ل Lʟ Лл /l/ 17 Мм م Mm Мм /m/ 18 Нн ن Nn Нн /n/ 19 Ҥҥ ڭ Ŋŋ Ңң /ŋ/ 20 Оо و Оо Оо /o/, /o/ 21 Ӧӧ وٴ Ɵɵ Өө /ø/ 22 Пп پ Pp Пп /p/ 23 Рр ر Rr Рр /r/ 24 Сс س Ss Сс /s/ 25 Тт ت Тт Тт /t/ 26 Уу ۋ Vv Уу /w,yw/,ɯw/, ɪw/ 27 Уу ۇ Uu Ұұ /ɤ/ 28 Ӱӱ ۇٴ Yy Үү /y/ 29 – Ff Фф /f/ 30 Хх Hh Хх /x/ 31 – – Һһ /h/ 32 (Тс тс) Цц /ʦ/ 33 (Тш тш) Чч /ʧ/ 34 Шш ش Cc Шш /ʃ/ 35 (Шш шш) Щщ /ʃʃ/ 36 – Ъъ 37 Ыы Ƅƅ Ыы /ɯ/ 38 Ии ی Ii Іі /ɪ/ 39 – يٴ Ьь 40 Ее Ээ /e/ 41 (Йу йу) Юю /jɤ/, /jy/ 42 (Йа йа) Яя /ja, /jæ/ А.Мақсуди әліппесіндегі (1892) әріптердің оқытылу реті: ا ر ز م ت ن ي ب ك ل و ه ف ق ش س ث ص ط ج خ ح غ ع د ض ذ ظ* Ал А.Байтұрсынов (1928) әліппесіндегі әріптердің оқытылу реті мынадай: ا ر ز و ن س ت ق ی ب ل د ۋ ي ۇ ش ع م ج ڭ پ ہ ك يٴ گ ٷوٴاٴ А.Байтұрсыновтың ықшамдаған араб әліпбиімен не айтылса соны жазып, не жазылса соны оқуға болатын. Оған дейін бір сөз бірнеше түрлі болып оқылатын. Әліпбидің құндылығы осында. Классикалық араб әліпбиінен ол ( ھ – һ, ح – қ, خ – х, ڡ – п, چ – ш, ث – тыс, ذ – з, ض – з , ظ – з, س – с, ط – т, غ – ғ, آ ( 13 әріпті кемітіп, әліппенің басынан аяғына дейін оңай, қысқа сөздерді алу, әр дыбысқа жеке әріп арнау ұстанымын ескерген. А.Байтұрсыновтың 1928 жылғы әліппесінде а дыбысымен бірге (басқа дыбыстарды емес) з, р дыбыстарының өтуінің себебі – араб әліпбиіндегі басқа дыбыстарға қарағанда, бұл дыбыстардың жазуға жеңілдігі, яғни бір ғана элементтен тұруы ( ا ر ز – а, р, з) және сөз басында, ортасында, соңында өзгеріске ұшырамайтыны, тек алдыңғы дыбыспен жалғасатыны, екіншіден сөз құрау икемділігі қарастырылған. Оқулық мазмұнында әріп таныту, оқу, сөйлету, жазып үйрету, т.б. мәселелердің кіріктіріле жасалуы бүгінгі күнге дейін жалғасуда. А.Байтұрсыновтың әліпбиінде барлығы 24 дыбыс таңбасы беріліп, ә, і, ү, ө дыбыстары сәйкес жуан дауыстыларға дәйекше қою арқылы жазылып, сингармонизм заңдылығына сүйеніп жасалған. «Әліб-бійдің» қазіргі әліппелерден ерекшелігі: алғашқы сабақта бірнеше дыбыс бірден таныстырылады. Мұндай әдісті Ғ.Мүсірепов пен А.Байділдин (1929), С.Кеңесбаев (1935) жалғастырып келді. «Әліб-бій» (1928) осы уақытқа дейін дыбыстардан сөз құрау, сөздерден сөйлем құрау тәсілдері, жалпы ғалымның әліппесінің артықшылықтары тұрғысында талданып келді. Ғалымның оқулықтары кейін басқа оқулықтар мен оқу бағдарламаларын жасауда маңызды рөл атқарды. 1929 жылы Қазақстан Орталық Атқару Комитеті Президиумы мен Қазақ АССР Халық Комиссарлары Советі латын графикасы негізінде жасалған қазақ әліпбиін бекітті. Қ.Басымұлының 1932-1937 жылдары Қазақстан баспасынан шыққан «Жаңа әріп пен жаңа емле және дыбыстарымыздың жіктері», Ғ.Бегалиевтың «Әріп, дыбыс, буын», латын әліпбиіндегі «Әліппеге әдіс жөнінен жетекші» атты әдістемелік құралдарда сауат ашу әдістемесінің өзекті мәселелері қарастырылды. Дыбыстардың орын тәртібі түбегейлі шешілмегенмен, авторлардың бірқатары дидактикалық қағидаларды ескеріп отырғаны байқалады. Сауат ашу әдістемесінің тарихын зерттеу барысында Т.Шонанов мен М.Жолдыбаевтың 1935 жылғы «Әljppе» оқулығына әдістемелік талдау жасауға болады. Әліппедегі әріптер реті «әljppe» (алфавит) деп аталып, былайша берілген: Аа Bb Cc Çç Дd Ее Әә Gg Ƣƣ Hh Ii Jj Кk Ll Мm Nn Ņņ Оо Өө Pp Qq Rr Ss Тt Uu Vv Yy Zz Ьь. Мұнда барлығы 29 әріп, ал бұдан кейінгі С. Кеңесбаевтың (1940) латын әліппесінде 32 әріп болды (2-кесте). Оған ф, х, й дыбыстары қосылған. Т.Шонанұлының «Әljppе» оқулығының кейінгі әліппелерден ерекшелігі – дыбыстық талдау жасағанда алдымен сөзді буынға бөледі, сонан соң дыбыстарға ажыратады, талдауға өтілген дыбыстардан тұратын сөз алады. Бұлай еткенде балалар сөзде қанша буын, әр буында қанша дыбыс барын іс жүзінде көзбен көріп саналы түрде меңгереді. «Әljppе» оқулығындағы кемшіліктер – дыбыстан басталып, буын, сөз, сөйлем реті сақталмай, керісінше, әліппе кезеңі бірден тұтас (бала) сөзді оқытудан басталады да, осылайша күн сайын жаңа сөз қосылып отырады, содан кейін сөздерді буынға, буынды дыбысқа ажыратады. Т.Шонановтың «Әljppе» оқулығында берілген материалдарды жүйелеп бере алмауының себебі: А.Байтұрсыновтың «Әліб-бійінде» (араб әліпбиі) әріптердің баспаша-жазбаша, үлкен-кіші түрінің болмауынан деуге болады. 1941 жылы әліппе С. Кеңесбаев, Ғ.Бегалиевпен бірлескен авторлықта кирилл-қазақ әліпбиіне аударылып, елімізде сауат ашуда көп жылдар бойы қолданыс тапты. Берілген материалдардан әліппеге дейінгі кезеңнің өзінен оқулықтың оқу мен жазуды кіріктіре оқыту (интеграция) әдісіне негізделген. Әріптердің өтілу реті: a, n, r, s, l, c, o, z, e, ә, t, m, q, ө, u, k, і, p, j, с, b, о ƣ, d, g, ū, y, ņ, x, v, f, h. Оқу және жазуды кіріктіріп оқыту соңғы жылдары 1998 жылдан кейінгі әліппелерде қайта қолданылып келе жатыр. Оған дейін біршама жылдар оқу-жазу екеуі екі бөлек сабақ ретінде қарастырылып, сабақ кестесіне оқу, жазу сабақтары болып жеке-жеке беріліп келген. C.Кеңесбаевтың «Әljppe» оқулығындағы дыбыстық талдаудың айырмашылығы – өтілген дыбыстардан тұратын сөздер алынып, суреттегі заттың атын балалар өздеріне таныс дыбыстардан саналы түрде шығарып, ол сөзде қанша дыбыс, қанша әріп бар екенін өздері ажыратады. Ал бүгінгі күн «Әліппелерінде» (1998, 2001, 2004) дыбыстық талдауға өтілмеген дыбыстары бар сөздер алынып, сурет бойынша ауызша айтуда ғана қолданылады, талдауға берілген сөздің қанша дыбыстан тұратынына және сөздің қай дыбыстан басталатынына мән береді (мұнда жаңа дыбыс қашанда сөздің басында болады). С.Кеңесбаевтың cауат ашуда дыбыстарды саналы түрде меңгерту әдісі тиімді екені анықталып, латынға негізделген сауат ашуда қолданылды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1940 жылы өткізілген бесінші сессиясында латын алфавитінен орыс графикасы негізінде жаңа әліпбиге көшу туралы заң қабылдап, оның барлық әріптерін қабылдады. Содан 1950 жылдарға дейін қазақ әліпбиінің құрамы тұрақтамай, әсіресе бастауыш білім беруде едәуір қиындықтар туғызды. Бұл – қазақ тіл біліміндегі бүгінгі күнге дейін шешілмей келе жатқан үлкен мәселе. Мектеп, арнаулы орта, жоғары оқу орындарының оқулықтарында қазақ дыбыстарын әр ғалымның өзінше қарастыруымен әрқалай түсіндіріліп, бірізділік болмай келе жатыр. 1986-1987 оқу жылынан бастап мектеп реформасы халыққа білім беру жүйесінде балаларды алты жастан оқытуды қолға ала бастады. Бұл мәселені психологиялық жағынан В.В.Давыдов, Д.Б.Эльконин, П.Я.Гальперин, педагогикалық, әдістемелік жағынан А.П.Усова, А.И.Воскресенская, С.П.Редозубов т.б., кешенді түрде А.М.Пышкало, Ш.А.Амонашвили, М.Мұқанов зерттеп, оқытудың мазмұнына, оқу әрекетін ұйымдастыру мен оған қажетті жағдайлар жасауға қатысты мәселелерді анықтады. Б.Баймұратованың басқаруымен жарық көрген «Алты жастағы балаларды оқыту мәселелері» атты жинақта күн тәртібін ұйымдастыру, балалардың физиологиялық, психологиялық даму ерекшеліктері, оқу-жазуға, сөзді дұрыс айтуға үйрету, сөйлеу тілін дамыту мәселелері қарастырылды. Үш жылдық білім берудің төрт жылдыққа ауысу мүмкіндіктерін қарастырды. Жаңа буынның «Әліппе» оқулығы профессор Ш.Әуелбаевтың жетекшілігімен ғылыми қызметкерлер Ә.Наурызбаева, Р.Ізғұттынова, А.Құлажановалармен авторлық бірлестікте жазылып, қысқа мерзімде оқужазуды үйрету, оның ой-өрісі, сөйлеу тілін дамытып, алғашқы ұғымдар негізін қалау мақсатын көздеді. Латынға негізделген қазақ әліпбиінің жобаларын жасауға атсалысып, өз ойларын бөлісіп жүрген ғалымдар: Ә.Қайдар, М.Жұрын, Ә.Жүнісбеков, М.Өтелбаев, Ж.Уәтай, Д.Әубәкір, Ж.Аймағанов, М.Алтай, М.Хасенов, Ж.Бапыш, И.Томай, К.Мұсаұлы, Д.Қамзабекұлы, С.Мәметов, т.б. ҚР ҰҒА президенті, академик М.Жұрын «Латын әліппесіне сапар» атты мақаласында латын әліпбиін құруда мынадай қағидаларды басшылыққа алады: – 26 әріптен тұратын латиница қорын толығымен қолдану; – емле ереже қазіргі қалыптасқан күйінде сақталып, келешекте өзінің табиғи жолымен, ғылыми зерттеу жолымен даму керек; – «бір дыбысқа – бір әріп» қағидатын қолдану қажет; – латын тілін қолданатын түркі тілдес елдердің тәжірибесін ескеру; – қолданыстағы кирилицаның 42 әрпінің қазақ тілінің табиғатына жат әріптерін қысқартып, қалғанын жаңа қазақ-латын әріптерімен беру. Әдіскер ғалымдар Т.М.Әбдікәрім, Ф.Ш.Оразбаевалар латын әліпбиінің артықшылықтарын айта келе, қазақ тілінің дыбыстық жүйесін тіл ерекшелігіне лайықтаудың сауат ашуда үлкен маңызы бар екенін айтса, белгілі фонетист Ә.Жүнісбеков жазу өзгертуді жай таңба ауыстыра салу деп қарамай, оны бір үлкен реформа деп қабылдау керектігін, латынға көшсек, 60 шақты ережеден тұратын қазіргі (кирилл) емле ережелеріміздің 15-і ғана қалатынын айтады. Бұл да – тіліміздегі шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі. Қазіргі қазақ тіліндегі артық дыбыстарға байланысты ережелердің шамадан тыс көптігі, бастауыш білім беруден бастап ЖОО-да көптеген қиындықтар туғызып жүргені анық. Компьютерде кез келген бас әріп, кіші әріп (символдар) код арқылы ажыратылады. Компьютердегі бағдарламалардың күрделілігі, оларды жасауға өте көп қаржы жұмсалатыны, төл әріптердің кодтау кестесінде жоқтығы көптеген қиындықтар туғызуы мүмкін. Білім беруді әлемдік электрондық жүйеге қосуға байланысты латын әліпбиіне көшудің қажеттіліктерін анықтау қажет. 1) Лингвистикалық қажеттілік: Қазақ әліпбиіндегі дыбыстар құрамын қайта қарап, оның табиғи заңдылықтарын сақтау. Бұған латын әліпбиіне көшу арқылы жетуге болады. 2) Техникалық қажеттілік: жүздеген бағдарламалау тілдерін, деректер базасын басқару жүйесі, мәтін редакторлары, тоғыз төл әрпіміздің кодтау кестесінде жоқтығы компьютерде жұмыс істеуде қиындықтар туғызады. Бұл мәселені латынға көшу арқылы реттеуге болады. 3) Саяси қажеттілік: Латынға көшсек, баcқа елдеріндегі қазақтардың елге келуге деген ниеттері пайда болып, сәл де болса қазақ ұлтының санын көбейтуге септігі болады және түркітілдес елдермен белгілі бір дәрежеде қарым-қатынас жасалады. 4) Жаһандану тұрғысындағы қажеттілік: ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, өркениетті ел қатарына қосылуда тілді дамыту, кез келген ел мамандарымен бәсекеге қабілетті, әлемдік білім, ғылым, техниканы меңгеруге жол ашуға мүмкіндік жасайды. Интернетке латын әліпбиімен енсек, әлем қазақтарымен тығыз байланыс жасай аламыз. 5) Экономикалық қажеттілік: Қазіргі кирилл-қазақ әліпбиіне қарағанда, жаңа әліпби жобасы қай жағынан болса да тиімді болмақ, біріншіден, таңба саны аз болғандықтан, оқу-жазуда уақыт үнемделеді; екіншіден, бастыруға материал аз шығындалады; үшіншіден, қаржы жағынан әлдеқайда тиімді. Әліпби сауат ашумен, оқыту ісімен және емле ережелерімен, жалпы айтқанда сауатты оқып-жазумен тікелей байланысты. Графикалық қағида бойынша, әртүрлі фонемалар бір ғана әріппен таңбаланбай, өзіне арналған жеке таңбасы (әріп) болуы керек деген басты қағидаға негізделмесе, сауат ашу, емлені үйрену қиындай түседі. А.Байтұрсынов әліпбиге тек қазақ тіліне тән дыбыстарды қамтыған. Кейіннен латын әліпбиін жасаушылар (1929) осы әліпбиді негізге алғанмен, кеңестік саясат әсерінен бірте-бірте орыстың барлық дыбыс таңбаларын қамтитын әліпбиге айналды (3-кесте). 3-кесте – Қазіргі қазақ әліпбиінің құрамы ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ ОРЫС ӘЛІПБИІ Орыс тіліне тән дыбыстар Ортақ дыбыстар Қазақ тіліне тән дыбыстар ё, ч, щ, я, ю, ц, ф, в, й, э, ь, ъ а, б, г, д, е, ж, з, и, к, л, м, н, о, п, р, с, т, у, х, ш, ы ә, і, ң, ғ, ү, ұ, қ, ө, (һ) Орыс тіліне тән 12 дыбыс, қазақ тіліне тән 9 дыбыс, екі тілге ортақ дыбыстар саны – 21. Қазақ әліпбиі орыстың барлық дыбыстардан және қазақ тіліне тән тоғыз дыбыстан тұратынын байқауға болады. Таза қазақ әліпбиі арқылы білім беру үшін орындалатын міндеттер: – қолданыстағы әліпбиді тіл ерекшелігіне лайықтап, құрамын нақтылау; – латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиін жасау; – жаңа әліпбиге байланысты нақты емле ережелерін бекіту. Басқа елдердің латынға негізделген әліпбилерін жан-жақты қарастыра отырып, оған қойылатын талаптар, негізге алынған ұстанымдар анықталды. Нәтижесінде бастауыш сынып оқушысы меңгеруіне қиындық келтірмейтін, латынға негізделген әліпби жобасы ұсынылды. Енді латын әліпбиіне көшкен біраз елдердің тәжірибелеріне шолу жасап көрелік. Латыштардың қазіргі әліпбиінде 33 әріп таңбасы бар, олардың 11-і үш түрлі диакритикалық белгілермен берілген. Латынның Q q, W w, X x, Y y таңбалары әліпбиге алынбаған. Макрон (Ā) – әріптің үстіне жазылатын, дауыстының ұзақтығын білдіретін, келесісі гачек (Č) – ызың дауыссыздарға (ч, ж, ш) қойылатын, седиль (Ņ) – дыбыстың жұмсақтығын (палатализация) білдіретін белгі. Соңғы белгі (седиль) ң дыбысын белгілеуде қолданылған. Түріктердің қазіргі қолданыстағы әліпбиінде 5 қосымша (диакритикалық) белгі (Ğğ, Öö, Ũũ, Şş, Çç) және әліпби құрамында латыннан басқа да таңбалар бар. Өзбек әліпбиінде 2 диакритикалық белгі (О`о`, G`g`), үш қосарлы дауыссыз (Hg hg, SH sh, CH ch) әліпби талаптарына сәйкес келмейді. W таңбасын әліпбиге қоспаған. Ал ұсынып отырған жобада төрт қосымша белгісі бар дыбыс таңбасы бар. Қосарлы таңбамен алынған дыбыс жоқ, барлығы латын таңбалары. Әзербайжанның латынға негізделген әліпбиінде 32 таңба (әріп) бар. Бұл дыбыстардың бесеуі қосымша таңбамен берілген (Чч-Çç, Ғғ-Ğğ, Өө-Öö, Үү- Üü, Шш-Şş). Ы дыбысына нүктесіз ı таңбасы алынған, ә дыбысына ә таңбасы алынған. Бұл екі таңба (ı, ә) – латын әліпбиінде жоқ таңбалар. Сонымен, әліпби құрамында 7 дыбыс латын әліпбиімен сәйкеспейді. Латынның ү дыбысына u таңбасын қосымша белгімен бергеннің орнына w таңбасын алса әлдеқайда тиімді болар еді. Әзербайжан әліпбиінің өзбек әліпбиімен салыстырғандағы жетістігі – қосарлы таңбалардың жоқтығы, кемшілігі – w таңбасын әліпбиге енгізбегендері. Түркімендердің латын әліпбиінде 30 дыбыс таңбасы, 8 қосымша белгі бар. Оның есесіне түркімендерде қосарлы таңбалар жоқ. Латынның С, V, Q, X таңбаларын қолданбаған. Осы төрт дыбысты әліпбиге алғанда 4 қана таңба қосымша белгімен болып, компьютерде жазуға жеңілірек болған болар еді. Өзбек әліпбиінде барлығы 29 әріп және 1 белгі бар. 29 дыбыстың – 6-ы дауысты, 23-і дауыссыз дыбыстар, 2 диакритикалық, 3 қосарлы таңбамен берілген. Әліпбиге латынның w таңбасы алынбаған. 4-кесте – Әліпби жобаларының шетел жобаларымен салыстырмалы кестесі. № 1926 Араб 1928 Лат. әл Кир. әліп б. Интер нет Латы ш әліпб иі Әзерб. әліпбиі Түрік әліпбиі Түркі мен әліпб иі Өзбек әліпбиі ا ا ا ا 1 ا ا ا ا ا Аа Аа Аа A а Aa Аа Aa Аа 2 اٴ Әә Әә А`а` Ā Әә – Ää – 3 ب Bb Бб Bb Bb Bb Bb Bb Bb 4 گ Gg Гг Gg Gg Qq Gg Gg Gg 5 ع Ƣƣ Ғғ G`g` Ģ Ğğ Ğğ Ff G`g` 6 د Дd Дд Дd Dd Dd Дd Dd Дd 7 ە Ее Ее Ее Ē Ее – Ee – 8 ج Çç Жж Jj Ž Jj Jj Jj/ Žž Jj 9 ز Zz Зз Zz Zz Zz Zz Zz Zz 10 ي Jj Йй Ii Jj Ii Yy Ii Yy 11 ك Кk Кк Кk Kk Kk Кk Kk Кk 12 ق Qq Ққ Qq Ķ Gg – – Qq 13 ل Ll Лл Ll L, Ļ Ll Ll Ll Ll 14 م Мm Мм Мm Mm Mm Мm Mm Мm 15 ن Nn Нн Nn Nn Nn Nn Nn Nn 16 ڭ Ņņ Ңң N`n` Ņ – – Ňň Hg hg 17 و Оо Оо Оо Oo Оо Oo Oo Оо 18 وٴ Өө Өө Òò – Öö Öö Öö О`о` 19 پ Pp Пп Pp Pp Pp Pp Pp Pp 20 ر Rr Рр Rr Rr Rr Rr Rr Rr 21 س Ss Сс Ss Ss Ss Ss Ss Ss 22 ت Тt Тт Тt Tt Tt Тt Тt Тt 23 ۋ Vv Уу Ww Uu Uu Uu Uu Uu 24 ۇ Uu Ұұ Uu Ū – – 25 ۇٴ Yy Үү Ùù – Üü Ũũ Üü – 26 ش Cc Шш Ss` Š Şş Şş Şş SH sh 27 ی Ьь Ыы Yy – I I ІІ Yy – 28 يٴ Ii Іі Іі – – – – 29 – Hh Хх Hh Hh Хх Hh Hh Xx 30 – – Һh – – Hh Hh 31 – – Фф Ff Ff Ff Ff Ff 32 – – Вв Vv Vv Vv Vv Ww 33 – – Чч C` c` Č Çç Çç Çç CH ch 34 – – Щщ Cc cc – Cc – 35 – – Цц Jj Cc – Cc 36 – – Ээ Ie ie Ee Ее Ee 37 – – Юю Iu iu – – – 38 – – Яя Ia ia – – – 39 – – Ёё Io io – – – 40 – – Ии I` i` Ii Yy Іі Ýý Ii 41 – – ь – – – – 42 – – ъ – – – ‘ – Cc(дж) Ба р 28 29 42 39 33 32 30 29 30 Өзбектер ң дыбысын – ng қосарлы таңбасымен таңбалаған. Бұл дыбыстардың тіркесі роман-герман тілдерінде кездеседі. Француз тілінде бұл екі дыбыс қатар келгенде бірде нж, бірде нг болып оқылады, бірде g түсіп қалады (echanger – [эшанже] – ауыстыру, sangluе – [санглие] – қабан, kangourou – [кангуру] – кенгуру, orang-outan – [оранутан] – орангутан. Ағылшын, француз, неміс тілдеріне қосарлы дауыссыздар оқуға да, жазуға да қиындық келтірмейді. Мысалы, балаларымыздың деген сөз орыс тілінде наших детей деп екі сөздің тіркесі түрінде жазылып, өз алдына бөлек жазылады. Ал қазақ тілінде тәуелдік, жіктік, септік жалғаулары түбірден кейін ретімен тіркесіп жалғана береді. Сол себепті қосарлы таңба алу сауат ашуда тиімсіз (5-кесте). 5-кесте – Қазақ тілі үшін қосарлы таңбаның тиімсіздігі ағылшынша французша орысша қазақша оur children our nuts our news nos enfants nos noix nos nouvelles наших детей наших орехов наших новостей бала-лар-ы-мыз-дың жаңғақ-тар-ы-мыз-дың жаңалық-тар-ы-мыз-дың Өзбектің «Alifbe» оқулығын (2006) қазақ «Әліппесімен» (2001) салыстыра отырып, мынадай тиімді әдістер мен ерекшеліктерін анықтауға болады: 1. «Әліппе» Аа әрпінен, «Alifbe» Оо әрпінен бастап оқытылады, өйткені өзбек тілінің ұлттық ерекшелігіне байланысты а дыбысының орнына көбінесе о дыбысы айтылады (ана – она, баба – бобо, ат – от, ас – ос, алма – олма т.б.); 2. Өзбек әліппесінде жаңа дыбысты танытуға берілген сөздер (оқулықтар бойынша) саны екі еседей аз болып отырады. 3. Өзбек әліппесінде бір дыбысты өтуге берілген екі сағаттың алғашқы сабағында сөздер берілсе, келесі күні одан гөрі күрделірек мазмұнды сурет, сөйлемдер, жеке суреттер, тапсырмалар және жазу үлгісі белгілі бір жүйемен бірінші күндегідей ретпен беріліп отырады. 4. Өзбек әліппесінде алғашқы күні дыбыстың кіші әрпі, келесі күні бас әрпі үйретілсе, қазақ әліппесінде кіші және бас әріп бір сабақта жазылып үйретіледі. 5. Өзбек әліппесінде жаңа дыбысты өтерде бірден сөздер берілмей, бірінші бағанға (егер ол дыбыс дауысты дыбыс болса) өтілген дауыссыз дыбыстармен мүмкіндігінше құрылатын барлық буындарды береді. 6. Өзбек әліппесінде 15 дыбыс өтілгеннен кейін-ақ тәрбиелік мәні бар мақал-мәтелдер беріле бастаса, қазақ әліппесінде дыбыстарды өткен кезде (әліппе кезеңінде) мақал-мәтелдер берілмейді. Қысқасы, жаңа әліпбиді қолданғанда, онымен еңбектер жазып, оқулықтар шығара бастағанда жоғарыда көрсетілген тәжірибелерді ескере отырып жетілдіре түсу қажет. Әр дыбысқа өзіне лайықты, қолдануға (оқу мен көзкөрімге) жеңіл таңба беру керек. Барлық әріптің жеке транскрипциясы жетілген түрде көрсетілгені абзал. Сөздерді, терминдер мен атауларды дұрыс транскрипциялау мен транслитерациялау ісі де жақсы жолға қойылуы тиіс. Болашақта әріптерімізді дәл белгілейтін, мақтанышпен жазып-оқитын латын қаріпіндегі қазақ ұлттық әліпбиінің пайда болатынана сенім мол. Ол әліпби өскелең ұрпақтың да тез үйреніп алуына ыңғайлы болуы – ең басты мәселе.

Шүленбаев Н.Қ.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *