Асығыстыққа жол бермейік (емле ережесін електеу)

Ш. Шахметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ҚР Білім және ғылым Министрлігі ғылым Комитеті А.Байтұрсыныұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдарымен бірлесіп латыннегізді әліпбидің емле жобасын әзірлеп, әріптердің латын графикасында жазылу ережесінің кейбір тұстарын қоғамның пікіріне қарай сауалнамалар арқылы өзгерту, түзету жұмыстарын жүргізіп келеді. Осындай басқасудың бірі 2018 жылғы 16 тамызда Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде өткізілді. Онда Алматы қаласы бойынша әртүрлі әлеуметтік топтардан (оқушы, студент, азаматтық қызметкер, мемлекеттік қызметші, мемлекеттік емес мекеме қызметкері, зейнеткер, әскери сала қызметкері, тіл жанашырлары, ғалымдар, т.б.) 250 адамды қамтитын байқау сынағы өткізілді. Жиналғандар алдында «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Е. Тілешов сөз сөйледі. Оның айтуынша, бұған дейін емлені сынап байқау жұмысы Ақмола облысы, Зеренді ауданында жүргізіліпті. Бұдан кейін апробация жұмыстары 22-23 тамызда Қапшағай қаласында жүргізілетін болады. Ал сауалнамалар қорытындылары 25 тамыз күндері шығарылып, сол күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жарияланады. Содан кейін жетілдірілген емле ережесі қыркүйек айында Үкіметке бекітуге ұсынылады екен. Ол: «Латыннегізді қазақ әліпбиіне көшу ел мүддесі, яғни ол әрқайсымыздың да мүддеміз болуы тиіс. Әлемдегі түркітектес елдердің 60 пайызы латын әліпбиін қолданады, тек 17 пайызы ғана кириллді қолдануға мәжбүр. Біздегі кирилл орыс әліпбиінің бір нұсқасы тәрізді. Сондықтан әлемдік өркениеттен қалмау, соны, жылдам ақпарат алу, туыс елдермен жақындасу мақсатында латын қаріпіне көшу бүргінгі күннің көкейтесті мәселесі», – деді. Енді осы сауалнамада берілген сауалдарға және оған деген өз көзқарасымды білдіріп өтсем. Сауалнама тапсырмалары бірнеше бөлікке бөлініп беріліпті. 1. Қарамен берілген сөздерді оқып, дұрысының астын сызу. alaaıаq-аlaıаq, qугkúıеk-qугgúıеk, kókónis-kógónis, qalyń qalaı-halyń qalaı, shekara-shegara, raqmet-rahmet, dastarqan-dastarhan, klýbtıń-klýptıń. Мұнда бірінші сөзде екінші нұсқаға аlaıаq (алайақ) басымдық беріледі. Өйткені қазақ тілінде екі дауысты дыбыс қатар келмейді, келсе, бірі түсіп қалады. Басқа сөздерде тапсырмалар к-г, қ-х, б-п сәйкестігіне байланысты. Егер орфография мен орфоэпия заңдылықтары сақталсын десек, «qугkúıеk (қыркүйек)» ретінде жазсақ дұрыс болар, ал «qугgúıеk (қыргүйек)» деп айтармыз. Өйткені кейбір сөздер өзгертіп жазуға еш көнбейді. Ал соңғы жылдары «көгөніс» деп айтып та жазып та жүрміз. Сол нұсқа дұрыс тәрізді. Бұған дейін «шекара» деп жазамыз, «шегара» деп айтамыз деп келдік. Бірақ тіпті оқыған, көзі ашық зиялы қауым өкілдерінің кейбірінің өзі жазылуы бойынша shekara (шекара) жазып та, айтып та (қате) келеді. Сондықтан екінші нұсқа shegara (шегара) көңілге қонады, солай айтайық әрі жазайық. «halyń qalaı, rahmet (халың қалай, рахмет)» деп жазамыз, ал ауызекі сөзде «qalyń qalaı, raqmet (қалың қалай, рақмет» деп айта береріміз белгілі. Ал контексте қалың сын есімі берілсе, оны «qalyń» ретінде жазамыз. «dastarhan (дастархан)» деп жазамыз, «dastarqan (дастарқан)» деп айта береміз. «klýptуń (клуптың)» ретінде жазып әрі айтқан да дұрыс шығар. 2. Сауалнаманың келесі тапсырмалар топтамасы. Жаңа әліпбимен жазыңыз, дұрысын белгілеңіз: бассүйек-бас сүйек, бастарту-бас тарту, киізүй – киіз үй, Базарбаев-Базарбайев, алмаағаштың-алма ағаштың. Латын графикасымен: bassúek-bas súek, bas tartý-bastartý, kıizúı-kıiz úı almaaǵashtyń- alma aǵashtyń, raqat-rahat, suqbat-suhbat. Мұнда белгіленгені дұрыс нұсқалар. Соңғы кездері біраз сөздер біріктіріп жазу үрдісі белең алуда. Бассүйек сөзін де соған жатқызуға болады «Бір нәрсені істегісі келмеу» мағынасындағы сөзді bastartý (бастарту) деп бірге жазуға келеді. Ал «сыйлы кісіге бас тарту» мағынасындағы жөн-жоралғы атауы bas tartý (бас тарту) бөлек жазылады. Мұндай синоним сөздер мен тіркестерге абай болғанымыз жөн. kıiz úı (киіз үй) тіркесін бірге жазудың еш қисыны жоқ. Адамның тегіне бұрын й дыбысын қоспай жазып келдік, енді оны қосудың да қажеті болмас әрі болашақта -ев, ов-тар алынып тасталуы қажет. alma aǵash (алма ағаш) сөз тіркесін бөлек жазсақ. Екі дауысты бірге жазылмайды және көзкөрімге де оғаш көрінеді. 3. Тиісті форманы таңдап, астын сыз. Jumys oryny/orny (жұмыс орыны/орны, keriktiń moıyny/moıny (керіктің мойыны/мойны), Azıa daýysy/daýsy (Азия дауысы/даусы), dosymnyń aýyly/aýly (досымның ауылы/аулы). Бірінші нұсқаларды дұрыс санаған себебеміз: дыбысты алып тастасақ, буын саны, тасымал реті бұзылады. Сондықтан алғашқы нұсқа дұрыс. 4. Төменде берілген сөздерді жаңа әліпбимен жазыңыз. Дирижер, парашют, глюкоза, ассамблея, юпитер, электр, конституция, пицца, ащы, училище, плащ. Бұл сөздерді ретімен латын қаріпінде жазсақ: dırızer, parashýt, glýkoza, assambleıa, ıýpıter, еlektr, konstıtýsıa, pıtsa, ashy, ýshılıshe, plash, atseton, akvarel. Бұл сөздерге қатысты айтарымыз: кірме ю дыбысын кей сөздерде ý-мен, кейде ıý-мен белгілеуге болады; ё-ні е не ıо-мен таңбалауға болады; ц-ны кейде s не ts-мен таңбалауға болады. Тіпті қос ц келген сөзді бір ғана ts дыбыс тіркесімен беруге болады. Сондай-ақ ч, щ, дыбыстарын да бір ғана sh диграфымен таңбалай беруге болады. 5. Сөздерді оқып, дұрысын белгілеңіз. король – karol, károl, гастрольgastrol, gástrol, циркуль – sırkýl, sırkúl, асфальт-asfalt, ásfalt, альпинистalpınıs, álpınıs, дубль-dýbl, dúbl, гольф-golf, gólf, сюжет-sýjet, sújet, люксlýks, lúks, пицца-pıtsa, pıssa, вальс-vals, váls, брифинг-brıfıng, brıfın, алоэaloe, aloı. Байқағанымыздай, сауалнаманың бұл сұрағы жіңішкелік белгіні түсіріп жазу немесе оны түсіріп жаза отырып дауысты дыбыстың жіңішке сыңарымен, оның ішінде қазақтың төл дыбыстарымен беруге, сөз соңындағы дыбысты түсіріп жазуға, қосарлы (ц,ю) дыбыстарды таңбалауға байланысты. Енді осы өзгертілген сөздерді кириллмен жазып көрсетелік: кәрол, сиркүл, әсфалт, әлпинис, дүбл, гөлф, сүжет, лүкс, питса, вәлс, брифин, алой. Бұл да дұрыс тұжырым, өйткені жаңа әліпбиді пайдаланып жіңішкелік белгісінен, сөз соңындағы артық дыбыстардан арылуға болады. Алғаш оғаштау көрінгенмен, мұндай сөздерді жаза, айта берсек қол да, көз де жаттығып кетеді. 6. Төменде берілген сөздерді кирилше жазыңыз. Ashat, аshana, shema, Shyńǵyshan, sholastıkа. Әрине, бұл сөздердің тиісінше Асхат, асхана, схема, Шыңғысхан, схоластика болып оқылатынын көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты, ересек адам бірден біледі. Ал мектепке жаңа барған немесе шала сауатты азаматтар шатасатыны анық. Және мұндай сөздерді тек қазақ тілінде Ашат, ашана, шема, Схынғысхан, шоластика тәрізді дыбысталатын сөздерінің жоқ болу себебінен оңай тауып алады, Ал енді бұлардан басқа жоғары берілген сөздермен бірдей дыбысталатын сөздер бар болса, нағыз шатасу болады. Сол себепті ш(sh), һ, х (һ) таңбаларын әлі де қайта қарауға кеш емес. Қысқасы сауалнама сұрақтарын толтыру барысында байқаған мәселелер мыналар: а) кейбір дыбыстар дұрыс таңбаланбаған, яғни оларды басқалай таңбалау, әлі де жетілдіре түсу қажет; ә) әріптердің артықшылығы мен кемшілігі оларды қолданған (жазған, көрген, оқыған) кезде байқалады екен. б) біраз әріптер қолдануға (жазуға, оқуға) ыңғайсыздық туғызады және бір қарағанда көзкөрімге де оғаш көрінеді. Жаңа әліпбиде й (и) дыбысы I ı, ы дыбысы Y y, таңбасымен беріліпті. Бұларды, керісінше, яғни й(и)-ді Y y таңбасымен, ы-ны нүктесіз I ı таңбасымен беру дұрыс болатын шығар. Ал у дыбысы акутты Ýý таңбасымен берілген. Бұл еш қисынға келмейді. Олай болса, у-ды әлем тәжірибесіне сүйене отырып, Ww таңбасымен берген жақсы болар еді. Сонда айта-айта жауыр болған, жұртшылыққа түсіндіре алмаған ми, ки, су, ту сөздерін айтылымы бойынша mıy (мый), kiy (кій), suw (сұу), tuw (тұу) деп қатесіз жаза, айта алар едік. Сондай-ақ ие, қиыр тәрізді сөздерді iye (i-ye), qıyır (qı-yır) түрінде дұрыс буынға бөліп тасымалдауға болар еді. Бұлай таңбалау туыстас түркі тілдерінде бар. Айтпағым, и, й дыбысын I ı, ы дыбысын Y y, у-ды Ýý ретінде таңбалау еш қисынға келмейді, жазуда ыңғайсыздық тудырады және бір қарағанда көзкөрімге де оғаш көрінеді. Сондай-ақ һ мен х дыбыстарында бір ғана һ таңбасымен беріліпті. Бұл өте дұрыс деп білемін. Біріншіден, өзіміздің төл дыбысымыз саналып жүрген фарингал (тамақ) һ-ны сақтап қаламыз, екіншіден кірме дыбыс х-дан арыламыз. Енді х-дан басталатын сөздер һ арқылы жазылатын болады. Мысалы: һаbаr (хабар), һаt (хат), halık (халық) және т.б. Алайда бұл сөздер айтқанда қазақтың қ әріпі арқылы айтылатыны (қабар, қат, қалық) тағы бар. Онда мұндай сөздерді әліпбидегі q арқылы да жазуға болар еді. Ол qabar, qat, qalıq түрінде көрініс табады. Әліпбиде ш дыбысына sh, ч дыбысына ch таңбалары беріліпті. Менің ойымша, бұл екі дыбысқа бір таңба (sh немесе ch) берген жөн болар еді. shаr, shек сөздерінің бірін шар, екіншісін чек деп оқи алатынымыз кәміл. Ал әліпбиде мұнымен қоса х, һ дыбыстарын белгілейтін һ, с дыбысын белгілейтін s таңбасы барын ескерсек, бұл дыбыстар сөзде қатар келгенде оларды түсіну қиындығы туады. Мысалы: ashana (асхана ма, жоқ ашана ма), Аshat (Асхат па, жоқ Ашат па) және т.б. Сондықтан ш, ч, с және х, һ дыбыстарының таңбаларын да реттеу қажет. Акут әліпбиде кірме я, ю, ё, щ, ц дифтонгтер (қосар дыбыс) енгізілмеген. Бұл дырыс та. Кейбіреулер енді кірме сөздерді қалай таңбалаймыз деп уайым шегуде. Бұларды жазғанда жеке-жеке әріптермен таңбалауға болады. Меніңше, я әрпі yа, ю әріпі yw, ё әріпі yо болып таңбаланады. Мысалы: qıyуа (қия), аyw (аю), shyоtkа (щётка). Ал щ әріпі sh таңбасымен белгіленеді. Сонда үш әріп (ш,ч, щ) бір ғана sh не ch болып жазылады. Ал ц кірме әріпін s (с) арқылы таңбалай береміз. Онда бұрынғы цемент, цирк тәрізді біршама сөздер тіліміздің фонетикалық ерекшелігіне бейімделіп, sement (семент), sıyrık (сыйрык) болып жазылады. Несі бар, қазір оғаштау көрінгенмен жүре-жүре үйренеміз, сөздерді тілімізге ыңғайлап алуды меңгереміз. Ал егер бұл қосарлы дыбысты жеке белгілейік десек, оған ts (тс) қосарлы таңба береміз. Ол жағдайда цемент, цирк сөздеріміз, тиісінше tsement (тсемент), tsıyrık (тсыйрык) болып жазылады. Әрине бұлай жазу қате саналады, өйткені қазақ тілінде екі дауыссыз қатар жазылмайды. Сол алғашқы нұсқа қисынға келеді. Енді өзім түзету ұсынған әліпби бойынша бір-екі сөйлем жазып көрейін. Меn Аlmаtı qаlаsındа turаmın. Almatı – elimizdiń mádeny astanası. Ol – ásem qala. Көріп отырғанымыздай, таңбалар жазуда еш ыңғайсыздық, көзкөрімге олқылық туғызып тұрған жоқ. Бейне бір бұрыннан солай жазып жүргеніміз сияқты, барлық әріп өз орнында тұрғандай сезінесіз. Біреулер «мына әріп таңбасы қарақалпақта бар, ана әріп өзбекте бар, ал мынау әзірбайжан мен түрікте бар, олай болмайды, біздің әліпби басқалардан ерекше, теңдессіз болу керек» деп байбалам салады. Дұрыс та шығар. Алайда жаңа әліпби жасауда әлем елдерінің, түркітектес елдердің озық үлгілерін пайдаланғанның еш оғаттығы жоқ дегенді айтқым келеді. Қысқасы, жүргізілген сауалнама кейбір әріптердің таңбаларын өзгертуді, оларды жетілдіруді, тек содан кейін ғана тап тұйнақтай емле ережелерін жазып шығуға болатынын көрсетті. Бұл істе асығыстыққа, науқаншылдықққа жол берудің еш қажеті жоқ. Әріптердің артық-кемшілігі оларды қолданғанда (жазғанда, оқығанда) белгілі болатын тәрізді. Алда әлі қыруар жұмыстар жүргізілуі тиіс. Оның ішінде компьютер пернатақтасына төл дыбыстарымызды беретін таңбаларды орналастыру мәселесі де бар.

Шүленбаев Н.Қ.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *