ОНОМАСТИКАЛЫҚ АТАУЛАРДЫҢ ЛАТЫН ӘЛІПБИІНДЕ ТАҢБАЛАНУЫ

Қазіргі жаһандану кезеңінде ұлттық жазуымыздың латын графикасына көшуі, бір жағынан, әлемдік ақпараттық кеңістікке, халықаралық ғылыми өріске еркін енудің тиімді жолы болса, екінші жағынан, тіліміздің төл табиғатын қайтару, сақтап қалар тетік болмақ. Байқағанымыздай, әліпби ауысса да тіліміздің орфографиясының базалық қағидаттары негізінен сақталмақ. Орфографиядағы сабақтастықты сақтай отырып, латын графикасына көшуге байланысты кейбір іргелі сипаттағы қағидаттармен толықтыру зәру болып тұр. Жазуымызды латын графикасына көшірудің лингвистикалық тұрғыдан зерттелуі екі бағытта іске асырылады, олар, академиялық мазмұндағы ғылыми-теориялық ізденістер мен ғылыми-практикалық іс-шаралар. Латынға көшудің 2025 жылға дейінгі Мемлекеттік бағдарламасында ономастикаға қатысты бірнеше шаралар аталған. Мәселен, биыл, 2018 жылдың аяғына дейін қазақ азаматтарының аты-жөндерін транслитерациялаудың ережесі мен сөздігінің жобасын әзірлеу жоспарланған.Сондай-ақ, 2019, 2020 жылдарда Қазақстанның географиялық атаулары мен шетелдік кірме атаулардың анықтамалығының жобасын әзірлеу көзделіп отыр. Мемлекеттік бағдардамада 2021 жылы төлқұжаттарымыз түгелдей латын графикасына көшірілмек. Кісі есімдерінің ережесіне ең мұқтаж құжаттаушы мекемелер мен мемлекеттік және мемлекеттік ұйымдар мен пошта, тасымал қызметтері, нотариустер және көптеген мекемелерге күнделікті қызметіне аса қажет құрал болмақ. Сондықтан, бұл аса жауапты әрі қиын істі кәсіби лингвистер мен Әділет министрлігінің мамандары иық тіресіп, жүзеге асыруы тиіс. Ономастикалық атаулар орфографиясын тілдің жалпы орфографиялық ережелерінен бөліп қарауға болмайды, бірақ онимдік лексиканың өзіндік ерекшеліктері болғандықтан, ережесін де біршама жеке қарау керек. Сондайақ, ономастикалық атаулар жалпы лексика, термин сияқты қатаң стандарттауға келе бермейді, әрине, унификациялауды, әдеби нормаларға жақындатуды қажет етеді. Мәселен, кісі есімдердің варианттылығы бар, Ысқақ/Сқақ, Сләм/Ісләм, Фатима/Бәтима/Батма/Пәтиам/Патма, Рахат/Рақат, Күляйхан/Гүляйхан және т.б. сынды есімдер әдеби тіл нормасы аясында қатар қолданыла береді. Жаңа латын әліпбиінің тиімді жағы. Жаңа латын әліпбиі қазақ есмідерінің жазылуында кездесетін офрографиялық қиындықтарды реттеуге септігін тигізеді. Мәселен, Райана, Раяна есім вариантары латын графикасында Raiana деп дұрыс бірізді нұсқада таңбаланатын болады. Төлқұжаттарымыздағы бұрынғы латын стандартындағы кемшіліктер жөнделеді. Мысалы, Бексұлтан, Бексана сынды есімдер қолданыстағы латын графикасында BEXULTAN, BEXSANA болып жазылып жүр. Бұл мүлдем дұрыс емес, Екі есім де екі компоненттің бірігуінен жасалған: Beksultan, Beksana сондықтан екі сөздің біріккен тұсын (КС) Х бір таңбасымен беруге болмайды және бұл жаңа әліпиде жоқ таңба. Шетелге шыққанда, тегінің оқылуында қиындықтарға кез болған. Сондықтан бұл мәселе де өздігінен шешімін таппақ. Әліпбидегі қиындық. Қазақ тілі латын графикасына көшкенде кейбір графемаларды, есімдердің жазылуын біршама реттеу керек, мысалы, ӘуесханÁýesqan ба, әлде Áýesһan ба? Бұл жерде біз ұсынылған жаңа қазақ латын әліпби жобасына арнайы тоқталуды мақсат тұтпаймыз. Дегенмен, кейбір таңбалардың ономастикалық атауларды, сондай ақ, жалпы лексика сөздерінде жазу, оқуында қиындық тудыратын тұстары бар. Мәселен, Áýesһan есімі мен ashana типтес сөздерде кирилдегі сх графемалары sh таңбасымен беріледі. Сонда кері ретранслитерациялағанда бұл сөздерді Әуешан, ашана деп те оқуға да болады және бұл жайт кирил жазуындағы сх графемаларының тіркесі бар кез келген есімге, сөзге қатысты. Биыл өзгерістер енгізген соңғы латыәліпбиі нұсқасында кейбір әріптерге қатысты туындайтын мұндай екіұшты, түйіткілді мәселелерді келтіре беруге болады. Бұл мәселені лингвист мамандар, әдіскерлер, қоғам болып, көп ұзатпай шешу қажет. Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы Географиялық атаулар жөніндегі сарапшылар тобының пайымдауы бойынша ең ұтымды әліпби ол кері ретранслитерациялағанда ұлттық жазылу мен айтылу үлгісін мейлінше толық сақтайтын қайтарымды әліпби. Ал Қазақстанда ұсынылған латын жобасы әзірге толық қайтарымды болмай отыр, өйткені Аида, Айсәуле, Кеңесхан сынды антропонимдер Aıda, Aısáýle, Keńesһan кері ретранслитерациялағанда екіұдайы оқуға жол береді: Айда, Аисәуле, Кенешан болып қате күйде қайта түзіледі екен. Қазақстандағы орыс азаматтарының аты-жөндері паспорт, жеке куәлік, диплом, өзге де төлқұжаттарда кирил жазуымен қатар латын графикасында да жазылатын болады. Ономастикалық ережеге осыған байланысты жаңа қағидат бабын қосу керек. Оның сыртында қазақтілді мәтіндердің барлығында публицистика, оқулық, көркем және т.б. мәтіндерде орыс есімдері латын графикасында жазылатынын ескерсек, бұл жерде қазіргі латын әліпби жобасының графикалық құрамына байланысты өз аты-жөндерімізден өзге орыс есімдеріне байланысты қиындықтар туындайтыны анық. Сондықтан туған тіліміздің орфографиясын қорғауда табандылық қажет болады. Латын графикасындағы Балтық мемлекеттері өз офрографиясын қатаң қадағалап, қорғаштайды екен. Мәселен, Латвияда Шишкин, Пушкиндер шегарадан асқанда латыш графикасында жазылған Šiškin, Puškin фамилияларындағы Š графемасының үстіндегі (ˇ) диакритикалық таңбасы түсіп қалып, Сискин, Пускин деп оқылады екен. 2005 жылы орыс азаматтар жергілікті ЗАГСтерді сотқа беріп, жеңіліп қалған. Екіншіден, латыш тілінде ер адамдардың тегіне с жалғауы қосылып, Пушкинас, Шишкинас, Рахманс, нөлдік формадағы әйел тектері а немесе е қосымшасы арқылы Рахмане деп жазылатын болған. Сондай-ақ, Балтық елдерінде антропонимдерде қосарланған әріптер қолданылмайды, сөйтіп, Введенская Vedenska деп жазлған. Тіптен БҰҰ ұйымы жанындағы адам құқығы комиссиясына дейін арызданған. Алайда Латыш тілі институты бұл латыш тілінің нормасымен тұтастығын бұзады деп жауап берген және БҰҰ ұйымының шешімінің біз үшін заңды күші жоқ деп, бұл мәселені тоқтатып тастаған. Осыған байланысты Ш әрпі бар есім-фамилияларды жазудың екі жолы бар, біріншісі, ескерту ретінде (исключение) Shıshkın, Pýshkın деп қалдыру немесе Ш әрпіне қатысты өзгерістер енгізілсе, акут таңбалы S әрпімен жазу керек. Және қандай сөз, фамилия жазсақ та ортақ орфография қолданып, латыштардың ізімен қос стандартқа мүлдем жол бермеу керек. Латын графикасындағы кісі есімдерінің ережесі жаңа қағидаттармен толықтыру керек екендігін айтамыз. Өйткені Қазақстанды мекендейтін орыс халқынан өзге ұлт өкілдері, түркітілдес халықтарының аты-жөндерін жазуға қатысты тармақтар қосылады. Осыған орай, орыс азаматтарының, өзге ұлт азаматтарының аты-жөндері төлқұжаттарда, қазақтілді әралуан мәтіндерде ұлттық латын графикасында транслитерацияланып беріледі. Түркітілдес азаматтар Тіл білімі институтына соңғы жылдары аты-жөндерін ұлттық дәстүрлеріне сай, орыс тілді –ович,-евич, -овна/-евна сынды жалғауларсыз Жафар Гусейн оглы, Эмир заде, Халидам Илахунқызы, Дилшот Шухратұлы деп, ал татарлар тектерін –ов жалғауынсыз Ғабдулла Тукай, Латип Хамиди үлгісінде жазғысы келеді. Егер осы мәселені қолға алып жатсақ, келешекте ережеге жаңа баптар мен тармақтар қосылуы мүмкін. Байқағанымыздай, әліпбиіміздің латын графикасына көшуі қазақ ономастикалық атауларының жазылуындағы басты қағидаттар сақталады, мысалы, бірге-бөлек жазу, бас әріппен жазу, екі, үш сөзден жасалған атаулардың ережесі сол күйде болмақ. Орфографиялық жағынан біраз қиындықтар туғызатын экзонимдік атаулар, яғни шет мемлекеттің географиялық атаулары, олар, мемлекет, астаналар, халықаралық әуежайлар, әлемдегі аса танымал және беймәлім жер-су аттары. Көптеген әлемдік деңгейде танымал мемлекет, астаналары, ірі мегаполистер мен әлем мәдениетінің танымал тұлғалараның аттары қазақ тілінде жазылу дәстүрі орыс тілі арқылы қалыптасқан және визуалды бейнесі санамызда тұрақталған. Дегенмен, Гюго сынды есімдерді жаңа латын графикасында транслитерациялау екіұдайылық туғызуы мүмкін, Gıýgo/Hýgo ма, жоқ түпнұсқа жазудағыдай, көп еуропа тілдеріндегідей Hugo формасын қабылдаймыз ба? Шекспир есімін де түпнұсқадағыдай Shakespeare демей, өзіміз көз үйренген Shekspır формасын қалдыратынымыз анық. 1935 жылы орыс ғалымы Н.П.Архангельский КССРО дағы ұлттық республикалар арахикалық орыс тіліндегі Париж, Вена сынды жазулардан бас тартуын жөн көріп, сол атаулардың түпнұсқа айтылуы мен жазылуына жуықтатып алғанды жөн көрген. Экзонимдік атауларды транслитерациялаудағы ұстанатын басты принциптің бірі фонетизмге артықшылық бермей, орфографиялық принципке жүгінген жөн. Ономастика саласының біраз топтарының атаулары, эргонимдер, прагматоним-глобализмдер (тауарлық, брендтік атаулар, мекеме аттары, қысқарған аттар жалпы орфография ережесінің құрамында қарастырылады. Бұл жерде дәстүрдің тұрақтылығы байқауға болады. Дәстүрлі дегеніміз түпнұсқа жазуынан алшақ, ту бастан бұрмаланып, «қате жазылған» атаулар, мысалы, Пекин, Париж, Рим, Тошиба, Хитачи, дұрысы Тосиба, Хитаси, Самсунг –Самсон және т.б. Сонымен қатар, кейбір халықаралық деңгейде танымал шетелдік атауды транслитерациялағанда ол атау туралы тарихи, ғылыми ақпаратпен танысу керек. Кері жағдайда қателікке бой ұруымыз мүмкін. Мәселен, Ресей жеріндегі Карское море деген гидронимді қазақ тіліне Кар теңізі немесе Карск теңізі деп аударуға болатын сияқты. Ұлттық энциклопедияда бұл атау Кар теңізі болып аударылыпты. Алайда тарихи деректерге сүйенсек, ол жергілікті ненец халқының тілінде сол теңізге құятын Кара өзенінің атынан қойылған екен, яғни Кара теңізі болып транслитерацияланады. Транскрипцияны жүзеге асырушы маман алдымен кірме атаудың визуалды бейнесімен және оның дыбысталуымен танысады. Әр тілдің фонетикасы мен графикасының, орфография мен орфоэпиясының өзара қатынаста болатындығын ескере отырып, өз тілінің орфографиясына икемдеп жазуы қажет. Яғни бұл жерде фонетизмге де бой ұрмау керек. ХІХ-ХХ ғасырларда Ресей ғалымдарының арасында кірме атаулардың қабылдаушы тілдің нормаларын ескермей түпнұсқа жазылуын, айтылуын сақтау керек пе, жоқ қабылдаушы тілдің дәстүрлі нормаларын сақтап, шетел сөзінің жазу ерекшелігінен бас тарту керек пе деген қызу орфографиялық пікір-талас болған. Бұл жайтқа байланысты белгілі орыс ғалымы А.А. Реформатский өзінің мынадай түйінді сөзін айтыпты: «Надо сохранять своеобразие чужого языка и норму родного языка» [5,С.10]. Бұл пікірдің ғылыми-әдістемелік, емлелік тұрғыдан негізі бар деп есептейміз. Өзге тілдерден енген ономастикалық атауларды өз тілімізге аударғанда ұстанарлық, қисыны бар негізгі қағидаттардың бірі болмақ.

«akparatinfo.kz» — ақпарат».

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *