Қалыптасқан терминдерді өзгерту қажет пе?

Қазақ тілінің ұлттық терминологиялық жүйесін жасау, қалыптастыру, тұрақтандыру мәселелері – қоғамдағы мәдени-әлеуметтік жағдайлардың және ғылым-білімнің дамуымен тығыз байланыста болатын аса маңызды мәселе. Тіл саласында, оның ішінде терминология саласында талқыға салып, ақылдасып, шешімін табуы тиіс түйткілді мәселелер жетерлік. Оны бір отырыстың немесе жиынның аясында түгел қамту мүмкін емес. Қандай да тіл болмасын, сол тілдің терминдік жүйесін жасау – ғылым мен білімді сол тілде жазып-жасаудың, оқыту және дамыту істеріне алдын ала дайындықпен, тұрақты түрде кірісудің негізі, бастауы десек болады. Қазіргі таңда елімізде тілдік қарым-қатынастар мен тіл құрылысын қалыптастырудың басым бағыттары нақты айқындалып, осы бағыттағы мақсат-міндеттерді жүзеге асырудың кешенді бағдарламалары мен жоспарлары әзірленген. Сондықтан, алда тұрған мақсат – оларды іс жүзіне асырудың нақты тетіктерін тауып, іс-әрекетті қажеттілікке қарай белгілеп алу. Міне, дәл осы жерде салиқалы ойлар мен нақты ұсыныстарға зәруміз. Өйткені қазір ұлттық тіліміздің көпшілік болып, жұмыла шешер келелі мәселелері аз емес. «Терминологиялық лексика – жетілген әдеби тілді танытатын басты белгілердің бірі» демекші, қазіргі кезде қоғамда орын алып жатқан түбегейлі өзгерістерге байланысты терминологиялық қабаттың да сипаты өзгеруде.

Ғылымдағы жаңашылдық үрдістері мен технологиялық даму, жалпы жаһандану үдерісі ұлттық терминологияның алдына жаңа мақсаттар мен міндеттер қойып отыр. Ал, жалпы терминология бағыты бойынша елімізде қазіргі кезге дейін атқарылған игі істерді тізбелеп айта беруге болады. Еліміздегі терминологиялық жұмыстардың басым бөлігі – салалық терминология мәселелері болып табылады. Салалық терминологияны дұрыс қалыптастыру үшін әрбір саланы жеке-жеке алып, оның терминдерін жанжақты қарастыру керек екендігі белгілі. Ал салалық терминді жасау, түзу немесе бір тілден екінші бір тілге аудару сол саланың атау-түсініктерін дұрыс анықтап, іріктей білуден басталады. Сондықтан нақты саланың өзіне ғана тән төл және негізгі түсініктері, оның әртүрлі өндірістік жұмыстары барысында жиі қолданылатын атаулары ғана таңдалып алынуы шарт. Былайша айтқанда, әр салалық сөздік сол салаға ғана қатысты, сол саланы танып-білуге негіз болатын атаулар жүйесін толық қамтуы керек. Бүгінгі таңдағы қазақ тілінің қолданыс аясын барынша кеңейту, оның мемлекеттік тіл мәртебесін орнықтыру істерінің бір тетігі осы терминдік жүйеде жатса керек-ті. Қазіргі қазақ терминін түзу ісі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басынан бастау алғандығы белгілі. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бергі кезеңдерде А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омаров, Т.Шонанов, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Қ.Кемеңгерұлы, Ж.Күдерин, М.Жұмабаев және т.б. оқымысты-зиялылар ұлттық тілімізде оқулықтар жазып, аударды. Аталмыш еңбектерде ғылым-білім атаулары қазақ тілінде жасалып, аударылып қолданыла бастады, сондай-ақ жаңа сөздер де жасалды. Қолданыстағы байырғы сөздеріміз ғылыми ұғымдарға телініп, терминдік сипатқа ие болды. Кейінгі жылдары, атап айтқанда 90-жылдардан кейінгі кезеңдерде, А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының игі істерін жалғастырушылар қатары артпаса, кеміген емес. Ұлттық терминологияның теориялық та, практикалық та мәселелері жан-жақты қарастырылып, оның басты қағидаттары мен нақты тұжырымдары ұсынылған Ә.Қайдар, Ө.Айтбайұлы, Б.Қалиев, Ш.Құрманбайұлы, Ш.Біләл, С.Ақаев, Е.Әбдірәсілов, С.Әлісжан, Қ.Айдарбек және т.б. еңбектерін атап өтуге болады. Ал, салалық терминшіғалымдар қатарында Ә.Жүнісбек, Н.Уәли (тіл білімі), А.Рақышев, Б.Шәкенов (медицина), Н.Сейітов (геология), Ш.Әбдіраманов (тау-кен), Н.Нұрахметов, С.Ақаев (химия), Е.Аязбаев, Қ.Қайым (биология), Е.Жамалбеков және т.б. көптеген ғалымдардың ғылымның қазақша сөйлеуіне зор үлес қосып келе жатқандығын, бұрынғы термин түзу дәстүрін бүгінгі күнге жеткізіп отырғандығын ерекше атап өткен лазым.

Тәуелсіздігімізді алып, тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғаннан бергі уақытта термин түзу ісі айырықша қарқынмен жүргізілді деуге негіз бар. Бұрындары аударылмай келген көптеген терминдер қазақ тілінде сәтті баламаларын тапты. Жеке-жеке ғылым салалары бойынша жарық көріп жатқан сөздіктермен қатар, 2000 жылы «Рауан» баспасынан 31 томдық сөздік шықты. Ғылыми басылымдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, әртүрлі жиындар мен конференцияларда, семинарларда, дөңгелек үстелдерде және т.б. термин мәселесі қазір де жан-жақты талқылануда. Осы ретте еліміздегі ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының білікті де білімді, тәжірибелі сала маман-ғалымдарының басын қосып, әрбір салалық терминдерді барынша қамтып, ұлттық үлгіде беруге тырысушылық байқалған 30 томдық сөздікті құрастыру барысы жөнінде айта кеткен жөн болар. Үш жылға созылған сөздік құрастыру жұмысының басықасында болғандықтан, ол кезде қаншалықты қиын да күрделі әрі жауапты іс атқарылғандығын қазір айту оңай. Академик А.Құсайынов жетекшілік жасаған бұл науқанды іске сала мамандарымен қатар, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бір топ қызметкері де атсалысты.

Осы жұмыс барысында қандай да сала болмасын, белгілі бір терминнің қазақша баламасын дөп басып, дәл беру үшін қаншама уақыт, күш-жігер, тіпті бір-екі күнге созылып кететін отырыс жайын айтсақ та жеткілікті. Басты мақсат – терминдерді мүмкіндігінше қазақ сөзімен, қазақ тілінің құралдарымен жасау және нақты салаға қатысты ұлттық ұғым-түсініктерді де беру болды. Мұны тәтпіштеп айтып отырған себебіміз – сондай қажырлы еңбектердің нәтижесі ретінде қабылданған, біртұтас ғалымдар қауымы көз майын сарқып жасаған кейбір терминдерге, атауларға деген қазіргі кезде екіұдай пікірдің қалыптасуы. Бұл ретте, мәселен, музей – мұражай, архив – мұрағат, процесс – үдеріс, процент – пайыз, тенденция – үрдіс, композитор – сазгер, пианино – күйсандық және т.б. атауға болады. Әрине, кез келген істің мүлтіксіз атқарылуы мүмкін емес, жетіспейтін жақтары, кемшіліктері болады.

Дегенмен, сонау А.Байтұрсынұлы бастаған кезеңдерді айтпағанның өзінде, кейінгі тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық терминологияға қатысты еңбектерді, онда жасалған тың тұжырымдарды, терминдерді қазақ тіліне аударып, бекітіп, біріздендіруге, қазақ тілінде салалық құжаттарды, стандарттарды әзірлеуге қатысты жұмыстарды, салалық сөздіктерді, тіпті жекелеген авторлардың ұсынысымен қолданысқа сәтті еніп, тұрақтанып кеткен термин-атауларды біз ерен еңбектің жемісі, ерік-жігердің нәтижесі, ұлтжандылықтың бірден-бір нышаны ретінде қабылдауымыз керек. Терминдерді жарлық-қаулылардың күшімен қолданысқа енгізіп, тұрақтандыру мүмкін емес. Ол – уақыттың еншісінде. Уақыт өте келе, сәтті терминдер жігі білінбей, өз-өзінен қолданылып кете береді. Ал сәтсіз дегендері, синониммен берілетіндер екшеліп келіп, белсенді қолданылатын біреуіне тоқтайды. Бүгінгі таңда тұрақтанып, қолданысқа сіңісіп кеткен жанжағы жұп-жұмыр терминдерімізді қайта қопарып, бұл былай емес, басқаша болу керек еді, кезінде дұрыс қабылдамаппыз деудің реті қандай?! Қалай болғанда да, отыз жылға жуық уақыт аралығында іске асырылған қыруар еңбектің жетістігін дұрыс емес деп, жоққа шығару қалай болар екен?

Қазір айтылып жүргендей, қаржы бөліп ауыл-ауылдарда, мектеп мұғалімдерін елді аралатып, терминнің қай аудармасы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін анықтату, сауалнама жүргіздіру – қаншалықты қажет? Өткенді қопармасақ та, қазіргі терминологияның күн тәртібінде тұрған мәселелері жетерлік. Өкінішке орай, терминология мәселесі мемлекеттік деңгейде қаншалықты өзекті десек те, А.Байтұрсынұлы институты, оның ішінде Терминология бөлімі тарапынан ұсынылатын жобаларға әзірше жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей отыр, яғни гранттық қаржыландыруға ілінбей келеді. Ол жобалар елеп-ескерілсе, бірқатар түйткілді мәселелер сөзсіз шешімін тауып қалар еді. Жалпы, ел алдындағы ең басты мәселе – латын графикалы ұлттық әліпбиімізді жасап, оңтайландырып алу. Оның сыртында қаншама ережезаңдылықтарды тыңнан негіздеу, жаңадан жасау, оқулықтар, оқу құралдарын жазу, кірме терминдерді беру мәселесі және т.б. сияқты қыруар шаруалар кезек күтіп тұр. Міне, бар күш-жігерді, жер-жерлердегі адами күштерді осы бағыттарға жұмылдыру қажет деп ойлаймыз.

«akparatinfo.kz» — ақпарат»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *