ТІЛДІҢ ТАБИҒАТЫН САҚТАУ КЕРЕК

Тіл реформасының бірінші кезеңі, яғни қоғамның рухани жаңғыруының бастапқы сатысы мәрелі кезіне таяу. Сөз қазақ тілінің латынграфикалы жаңа әліпбиінің қабылдануы туралы екені көзіқарақты жұртқа түсінікті болар. Қаншама нұсқа ұсынылды, пікірлер айтылды, мақалалар жазылды. Әліпбиге қатысты ой білдірушілердің қарқыны бәсеңдегенімен, бұл тақырып әлі күнге талқылану үстінде. Өйткені бұл тек рухани дүниедегі ғана емес, елдік көлемдегі маңызы зор іс.
Таяуда ғана жаңа әліпбиді әзірлеушілерінің бірі, ғылыми ұжым – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ерден Задаұлы Қажыбекпен бүгінгі күннің өзекті мәселесі жөнінде әңгімелескен едік. Осы сұхбат оқырмандар назарына ұсынылып отыр…

– Бізді осы алфавиттің басты әзірлеушілері деп атағаныңыз үшін алғыс айтамыз. Оныңыз, бір жағынан, рас. Өйткені, тілтанушы ғалымдардан басқа әліпбиді ешкім сауатты жасай алмайтыны белгілі. Атап айтсақ, ол – еліміздегі жалғыз кешенді ғылыми мекеме, қазақ тілінің бүгінін де, тарихын да, болашағын да зерттейтін, тіл морфологиясын, сөзжасамын, синтаксисін, лексика-лексикографиясын, ономастикасын, фразеологиясын, терминологиясын, сөз шеберлігін, қолданбалы-математикалық және әлеуметтік лингвистикасын, түркітану мен алтаистикасын, этнотілбілімі мәселелерін, жергілікті ерекшеліктері мен диалектологиясын, мемлекеттік тілдің дамуы мен қалыптасуын жан-жақты қарастыратын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. Алайда, екінші жағынан, оны талай жерде айтып та, жазып та жүрміз, осы күнге дейін қабылданып жатқан ресми әліпбилердің ешқайсысына республикамыздағы бірде-бір тілші-лингвист қатыспаған болып шықты. Мемлекеттік деңгейде көптеген ұйымдар іске жұмылдырылғанда бұндай жағдайлар болып тұратыны түсінікті. Мәселен, түрлі комиссиялар, топтар мен комитеттердің құрамында ғалымдардың саны да талапқа сәйкес, шектеулі болады. Бірақ бұл құр қарап отыруға негіз бола алмайды. Лингвистердің маңызды мәселе шешілу сәтінде пессимист болуы ұят жай. Керісінше, қазақ әліпбиіне қатысты барша қоғамның етене араласуы – елімізде бұл үрдістің шынайы демократиялық жолмен іске асырылып жатқанының бір көрінісі деп есептеген жөн. Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тілші ғалымдардан ұсыныс күтетінін айтқан болатын. Осы мүмкіндік  бізге  ғылыми негізделген әліпби нұсқасын  ұсынуға  зор сенім ұялатады.

– Нақтырақ түсіндіріп өтсеңіз, ғалымдар қандай алфавитті ұсынады және мұндай ғылыми тәсілдің мәні неде?

– Алдымен бізге қандай әліпби қажет екендігі туралы әңгімелейік. Біріншіден, бізге қазақ тілінің әліпбиі қажет. Бұл мәселе көпшілікке қарапайым көрінетіні де рас. Себебі бір тілдің әліпбиі туралы мәселе қозғалып отыр деп түсінетіні де, сөзсіз, рас. Бірақ осындай өте қарапайым мәселенің не себепті шиеленісі көп болып, шешіле алмай жатқанының басты себептеріне мән бере бермейміз.  Сондықтан біз, ғалым мамандар былай деп айтуға мәжбүрміз: қазіргі уақытқа дейін біз, яғни қазақ тілін тұтынушылар, бір қазақ әліпбиін емес, екі тілдің, яғни қазақ және орыс тілінің әліпбиін пайдаландық. Демек, біздің әліпбиде орыс және қазақ тілінің дыбыс-тарын таңбалайтын барлық әріптері болды, сөйлеу барысында қазақ және орыс сөздерінің дыбыстарын анық, өзгеріссіз дауыстап айтып келдік. Ең қызығы, бұл аталған тілдердің (қазақ және орыс тілдері) фонетикалық-фонологиялық принциптері бір-біріне ұқсамайтын, кейбір тұстарында диаметралды қарама-қайшы келетін қағидаттары бола  тұрса да соған қазақ тілінің заңдылықтарын да бұрып, әділін айтсақ, бұзып келдік. Әліпбиге қатысты мәселенің мәні де осында! Біз үйреншікті екі тілдің алфавитін емес, жалғыз, тек қана қазақ тілінің алфавитін құруымыз керек. Тіл реформасының басты мәні де осы!  Бұл – ең бірінші және ең маңызды пос-тулат.

– Жақсы. Тағы қандай шешілмей жатқан  мәселелер бар немесе қандай маңызды қағидаттарды басшылыққа алу керек деп ойлайсыз?  

–  Баршамызға қарапайым әрі түсінікті қағида болғанымен, әліпби жасауда үнемі қаперде ұстауды қажет ететін маңызды заңдылықты ескеруді ұмытпауымыз керек: әліпби құрамында қазақ тілінің барлық төл дыбыстары міндетті түрде болуға тиіс. Төл дыбыстардың саны белгілі: дауысты дыбыс – 9, дауыссыз дыбыс – 19.  Бұл – екінші базалық ұстаным.

Қазақ тілінің әрбір дыбысын бір жеке графемамен, яғни бір әріппен белгілеу өте маңызды. Әрине, бір графема немесе әріп қазақ тілінің бір ғана дыбысын таңбалауы керек. Бұл қазақ тіліне тән қажеттілік.  Сондықтан бұл  үшінші мызғымас ереже.

Сондай-ақ латын әліпбиіндегі белгілеулеріне сәйкес дауыстыларды дауысты дыбысты таңбалайтын әріптермен, ал дауыссыздарды  дауыссыз дыбыстарды таңбалайтын әріптермен беру бірізділігі сақталуға тиіс. Бұл – төртінші ғылыми қағида.

Әліпби жасауда басшылыққа алынатын аталмыш төрт қағиданы айтқанда барлығы сөзсіз келіседі, ешкім дауламайды. Бірақ, өкінішке қарай,  іс жүзінде әліпби құрастыруда ғылыми тұрғыдан түбегейлі дәлелденген осы қағидаларды сақтамайды. Соның салдарынан әліпби құрастырудың қиындықтары туындаған. Қазақ тіліне тән әліпби заңдылықтары толық сақталмайынша, пікірталастар да, келіспеушіліктер де көбейе береді.

– Қазақ алфавитінде бұрын кездеспеген, бірақ қазір бар дыбыстар болмауы керек деп айтқыңыз келе ме?

– Шетел тілінде бар және біздің тілімізде жоқ дыбыстар бүгінгі тілімізде айнытпай, өзгеріссіз әрі дыбысталып, әрі ерекше, жекеше таңбаланып жатқанын мойындауымыз керек. Бұлар – қазақ тіліне тән емес дыбыстардың жиынтығы. Олар қазақ алфавитінде болғандықтан ондай әріптерді қазақтың дыбысы деп тану стереотипі қалыптасып кеткен. Мысалы,  ц, ч, щ дыбыстары немесе ь, ъ белгілері осы күнге дейін қазақ алфавитінде тұрғанымен қазақ дыбыстары немесе әріптері деп танылмауға тиіс еді. Себебі біз кез келген шетел сөздерін қазақ тіліне аударып немесе икемдеп айтуға тез бейімделе аламыз және осы үдерісті қарқынды орындауымыз қажет. Өз уақытында біз кровать орнына кереует, караван орнына керуен, пуховой орнына бөкебай, самовар орнына самаурын, Россия орнына Ресей, Москва орнына Мәскеу деп икемдеп айта алдық және бұл сәтті қолданыстар болды. Қазір бұндай қолданыстар үйреншікті емес екенін мойындауымыз керек. Өйткені қазіргі қазақ тілінде айтылымның маңызды принциптері өрескел бұзылған, оның салдары орфографияға да кері әсерін тигізетінін байқап келеміз. Қазіргі орфографиямыз да, қазіргі кириллица алфавиті сияқты таза қазақша емес, орыс-қазақ жазу заңдылықтары араласып жүр. Бұл, әсіресе терминология саласында айқын көрінеді. Қазақ тілінің табиғатына тән емес бар кемшіліктерді жоюға және ана тіліміздің табиғи тілдік заңдылықтарын қалпына келтіруге бағытталған лингвистикалық реформаны бастайтынымызды жете түсінуіміз, түйсінуіміз қажет.

 – Қазіргі таңда  тілімізде  бар кірме  дыбыстарды әліпбиден алып тастау керек пе?

–  Әлемдік тәжірибеде қабылданған қағидаттар бойынша,  кез келген тіл шетелдік дыбыстарды беру үшін алдымен қолда бар дыбыстық арсеналын пайдаланады. Яғни, кірме дыбыстар әдетте ұлттық әліпби таңбаларымен беріледі. Бір мысал келтіре кетейін. Орыс тілінде window, whatsapp, west, tower, own сөздерінде [w] сияқты қазақтың дауыссыз дыбысын беруге арналған арнайы дыбыс та, графема да болған жоқ. Сондықтан оны кейде в әрпімен (Кокчетав), ал кейде дауысты дыбысқа арналған графикалық – у (саумал) әрпімен таңбалау жүйесі қалыптасты.

Қазіргі таңда ұлттық қазақ әліпбиіне w әрпін енгізбеуге және оны u дауысты дыбыс әрпімен беру ұсынысы – бұл дыбысты берудің «ескі» дәстүрлерін сақтау әрекеті. Дауысты дыбысты таңбалау үшін  дауыссыз дыбыстың әрпін ұсынуға болмайды (төртінші ереже), барлық төл  дыбыстар  әліпбиде толық әрі дұрыс берілуге тиіс (екінші ереже). Тоқеретін айтқанда, бұрынғы «екітілді» буданды дыбыстарды қалпына келтіруге тырыспай, қазақ тілінің жаңа әліпбиін (бірінші базалық ереже) жасап жатқанымызды ұмытпауымыз керек.

Тіліміздің төл әрі өте жиі кездесетін және маңызды жүйеқұраушы қызметке ие, морфологиялық функциясы жұрнақтарда айқын және нақты көрініс тапқан дауыссыз й [у] және у [w] дыбыстарымызды дұрыс таңбалау – бүгінгі латынәріпті әліпбиге көшу барысындағы ең маңызды және ең принципті мәселелерінің бірі. Осы мәселеге көбірек назар аударғанымыз жөн. Ахмет Байтұрсынұлы бұлар жөнінде: «дауыссыз й мен у… дауыссыз р мен л-ға қосылып кетеді. Бала, кісі, еге, оқы деген сөздердің аяғындағы дыбыстары дауысты, қар, жүр деген сөздердің аяғындағы дыбыстары дауыссыз р, сұу, сай, жұу, тій деген сөздердің аяғындағы  дыбыстары  дауыссыз у мен й… Дыбыс жүйесінше у мен й-дың дауыссыз р-дан еш басқалығы жоқ екені, екеуі де дауысты дыбыстарға қосылмайтыны сипатталады» деп түйеді. Тағы да Ахаңның түптеп айтқан, қорыту тұжырымдарын келтірейік: «У мен й дауысты дыбыстарының қатарына кіре алмайды. Дауыссыз р мен л-ға қосылып кетеді».

Ахмет Байтұрсынұлы пікірін толық білу үшін Халықаралық түркі академиясы шығарған «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінің» (факсимилесімен бірге 270 беттік) толық стенограммасына зер салсақ жеткілікті. 1924 жылдың 12-18 маусымы аралығында Орынборда бір апталық құрылтай аясында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхаметұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Сәкен Сейфуллин (ұзын саны жиырма-отыздан аса адам) қатысқан үлкен жиналыс, жан-жақты талқылау өткізіледі. Тақырыбы қазақ тілінің жазуы мен емле ережелеріне арналады. Төрағалыққа Ахаңның өзі сайланады. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша арнайы тағайындалған баяндамашылар сөз сөйлейді. Баяндамашыға бір сағат регламент, қосымша сөз сөйлегендерге жарты сағаттан уақыт, пікір айтушыларға 15 минуттан беріледі. Жиналыс күнде таңғы сағат онда басталып, кешкі тоғызға дейін үздіксіз жалғасады. Баяндамалардың, сөздердің бәрі қағазға түсірілген.

Олай болса, осы тарихи талқылау нәтижесінде қол көтеріп мақұлданған Ахмет Байтұрсынұлы пікіріне тоқтайық: «Қазақ тілінде дауысты ұзын у мен и жоқ екенін мойындаған соң ыу, ұу-лардың орнына жалғыз у жазамыз деудің түк те қисыны жоқ. Мұнан былай у мен и-дің жазылуын дыбыс жүйесіне келтіріп, дұрысынша жазуымыз керек. Онан қашып, тілдің заңына келмейтін шатақ ереже шығарудың жөні жоқ». Ең ғажабы қолдаушылардың ішінде талқылау кезінде «ұу, ій деп ұзартып жазғанша у, и деген жөн» деп қарсы пікір білдірген Міржақып Дулатұлы да болғанын ерекше атап өту керек. Яғни мәжіліс Ахаңның пікіріне қосылған, ғұлама ғалым ойымен келіскен. Сол басқосуға қатысқан Хәлекеңнің (Халел Досмұхаметұлы) тоқетер сөзімен біз де бұл мәселеге нүкте қояйық: «Ахметтің келтірген дәлелдерінен асып кету мүмкін емес».

 –  Сіздің көзқарасыңыз бойынша, алфавит жасау кезінде мамандар қандай қателерге бой алдырып жүр. Олардың типтік, жиі кездесетін қателерін атап берсеңіз.

–   Сізді сәл түзетуге рұқсат етіңіз. Мамандар, әдетте, қателерге жол бермейді. Қазақ тілі мамандары мен түркологтардың  арасында  отыз жыл бойы латын графикасындағы қазақ әліпбиінің қандай болуы керегі туралы бірауыздан шешілген әрі құжатталған бірыңғай пікірі бар. Бұл қандай құжат? Бұл – соңғы 2-3 жыл ішінде жарық көрген үлкен ғылыми ұжымдық және жеке монографиялар, форумдарға қатысушылардың қолы қойылған халықаралық және отандық конференциялардың қарарлары, соның ішінде 2017-2020 жылдардағы іс-шаралар, ресми мекемелер мен ведомстволардың жоспарлы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері. Осы құжаттардың барлығында да латынәріпті қазақ әліпбиінің бір ғана нұсқасы ұсынылған болатын.

Ойланып көріңізші, тілдің өзіне тән дыбыстарының нақты саны мен сапасын білсеңіз, сондай-ақ мақаланың басында келтірген ең болмағанда әліпби құрастырудың төрт негізгі қағидатты қатаң сақтасаңыз сан түрлі алфавит нұсқалары ұсынылар ма еді? Жауап қарапайым: тіл заңдарын білетіндер және мүлтіксіз сақтайтындар үшін әліпбидің бір ғана нұсқасы бар және олардың пікірі де ортақ. Ал, керісінше, тілдің төл табиғаты мен ерекшелігін сақтауға ұмтылмайтындар немесе одан хабарсыздар әліпби жасаса «жаңашылдық» та, әліпби нұсқаларын ұсыну да тоқталмайды.

Енді ең типтік қателер туралы сұраққа жауап берейін,  айтпақшы, оны түзету өте оңай. Мысалы, дауыссыз й (йот) әрпін і белгісімен берсек, ал қазақтың і (іnі) дыбысын – ı түрінде (нүктесіз і) таңбаласақ, онда дауыссыз дыбыс-ты дауысты графемасымен  белгілеуге  болмайды деген төртінші принцип орындалмай қалады. Бұл қателікті түзету үшін й әрпін латын графикасындағы тиесілі у (toyota) таңбасымен беру тиімді болады деп есептейміз. Оның үстіне, қазақ тілінде і және ы  –  жұптық дауысты дыбыстары, сондықтан оларды бір әріппен беру тиімді әрі бірізді. Мәселен, o ~ ö, u ~ ü, i ~ ı (о ~ ө, ұ ~ ү, і ~ ы) сияқты. Дәл солай,  ınımızdı, tılımızdı  түрінде емес – inimizdi, tilimizdi деп жазған дұрыс, ai, aiaq, Qonaiev дегеннен гөрі ay, ayaq, Qonayev  деп жазу оңтайлы.

Сондай-ақ, кейбіреулер қазақтың ұ дыбысын макрон диакритикасымен  ū деп белгілеуді талап етеді. Бірақ лингвистикадағы әрбір белгінің өз мақсаты бар екенін ұмытуға болмайды. Мысалы  макрон дауысты дыбыстың ұзаруын, яғни оның ұзақтығын білдіреді және бұл жағдайда қазақтың ұ дыбысының табиғаты мен ерекшелігіне тікелей қайшы келеді.

Осындай мәселелер бойынша қызу пікірталастардың бірінде жаңалықтарды ұсынып жүрген «рационализатор» мен «өнертапқыштардың» сөзіне шыдай алмаған белгілі америкалық түркітанушы, Назарбаев университетінің Қазақ тілі және түркология кафедрасының меңгерушісі, профессор Жолай Шәмілұлы былай деп жауап қайтарғаны еске түседі:  «Құрметті қазақ әріптестерім, мен сіздерден латын графикасындағы дыбыс-тарды беру жүйесіне «өзгертулерді» енгізуге тырыспаңыздар дегім келеді. Өйткені әрбір белгінің және әрбір графеманың лингвистикада белгілі бір орныққан функциялары мен мазмұны бар және оларды өз қалауы бойынша «жаңартуға» болмайды. Себебі оны бәрібір қоғам да, ғылым да қабылдамайды». Түсінікті болу үшін мысал ретінде түсіндірейік: қоғам Нұр-Сұлтан қаласын Nur-Sultan деп жазуды таңдайды,  Nūr-Sūltan деп жазу сай емес, шатастыруға алып келеді.

– Жаңа қазақ әліпбиін дайындауға әлі де ұзақ уақыт керек пе?

–   Жоқ. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі осы саладағы ғалымдармен және бас ғылыми мекеме – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Дәл қазір сізге әліпби жасаудағы назар аударатын  әрі маңызды  түзетуді  керек ететін үш қажеттілікті атап өттім. Себебі мұндай фактілерге назар аудармағандықтан қателіктерге бой алдыру көбейіп жатқанын көріп отырсыз. Кәсіби мамандардың пікірі баяу, бірақ дұрыс. Ғалымдардың ұсынған нұсқасына қорытынды нұсқа жақындап, жоғары дәрежеге біртіндеп көтеріліп келеді. Ол отыз жыл бұрын академик Әбдуәлі Қайдар (тіл білімі институтының сол кездегі директоры) ұсынған, 15-25 жыл бұрын тілтанушылардың бірнеше халықаралық форумдарда талқыланған, 14, 10 және 5 жыл бұрын  біздің институтымыз бірнеше рет зерттеген, 8 жыл бұрын «Түркі кеңесі» халықаралық ұйымында мақұлданған, 4 жыл бұрын «Халықаралық Түркі академиясында» қаралған, 3 жыл бұрын латыннегізгі қазақ әліпбиін әзірлеу үшін құрылған Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Рухани жаңғыру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс тобында, 2 және 1 жыл бұрын қазақ әліпбиін құру мәселелеріне арнайы арналған беделді халықаралық және республикалық конференциялардың қарарларында таныстырылған, қазақ тілі мамандары ұсынған қазақ тілінің латынәріпті әліпбиінің ортақ және бірден-бір нұсқасы.

Әліпбиді дайындаудағы сапалы қарқын ілгерілеп келеді. Қазіргі уақытта апострофтар мен акуттардың орнына «умлаут» ұсынылды, бұл тілші ғалымдардың ортақ ұсынысы болатын. Кейбір дауыссыздар үшін кеңейтілген латын графикасындағы «бревис» және «седиль» диакритикалық белгілері енгізілді. Бұл да  – кәсіби мамандардың ортақ ұстанымы болған еді.

Енді тек екі-үш таңбаны түзету қалды.

–  Сонымен  латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиін өмірге келтірудегі басты қиындықтар қандай?

– Негізгі мәселе санамыздағы, тіпті түпсанамыздағы ақиқат дүниені тану және мойындауда жатыр. «Рухани жаңғыру» мен тіл реформасының басты міндеті – әріптердің  механикалық ауысуы емес. Біздің мақсатымыз – сананы жаңғырту, әрбір жеке тұлғаны «кедергі келтіретін өткен заманның стереотиптерінен» босату, арылту, төл мәдениеттің мәңгілік рухани кеңістігі мен  шынайы құндылығына шіркеу болған ойлардан тазарту.  Болашаққа біз ұлттың шынайы болмысын қалпына келтіру арқылы ұмтыла аламыз. Мұның бәрі тіл проекциясында жүзеге асырылатынын ескергеніміз жөн. Біздің тіліміз болашақ пен тарихтың алтын көпірі ғана емес. Бүгін тіліміз мүмкіндігін жоғары деңгейде көрсете алса, болашағымыз жарқын екеніне сенуге болады. Тіліміздің бастапқы табиғи қалпын орнына келтіріп, оның тазалығы мен сапасын сақтасақ қазіргі заманымыз да оңалады, кедергі болып тұрған тосқауылдар да жойылады.  Өкінішке қарай, бұл үдеріс біз ойлағандай жылдам емес. Қазақ «Батпандап кірген – мысқылдап шығады» дейді ғой.

Ұлттық мәдениетке оралу үдерісі – бұл тек ар мен ождан қағидаты емес, бұл, ең алдымен, әлемдік мәдениеттің макрокеңістігіндегі ұлттың өмір сүруі мен сақталуының тапжылмас шарты, рухани бағдары кемел әрі берік дамыған әлемдік мемлекеттердің клубына енуге бағытталған біздің басты бағдарымыз, ілгері дамудың өзегі, тіршілік етудің негізі, адам өмірінің мәні болып отырғанын ұмытпауымыз керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрперзент Домбай

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *