ТІЛТАНЫМНЫҢ ЕҢСЕСІ БИІК ОРДАСЫ

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты – қазақ тілін ғылыми және қолданбалы тұрғыдан зерделеп, зерттейтін бірден-бір ғылыми мекеме, ұлт тілі және тіл ғылымы бойынша құндылықтарды сақтаушы қасиетті қара шаңырақ. Рухани жаңғыруға саналылықпен бет бұрған қазіргі кезеңде Институт ғалымдарына жауапты міндеттер жүктеліп отыр. Осыған орай Тіл білімі институтының кешегі, бүгінгі және келешектегі бағыттары жөнінде осы Институттың бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Алдаш Айман Мырзалықызын әңгімеге тарттық.

– Айман апай, Сіз Тіл білімі институтында көп жылдардан бері қызмет атқарып келесіз. Институттың қалыптасу тарихынан мағлұмат айтсаңыз. 

А.А. – Атақты жазушы Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романы: «Күн көзіндей жарық бар, Ботагөздің көзінде, Телегей теңіз тарих бар, Ботагөздің сөзінде» деп басталады. Айтарлықтай телегей теңіз болмаса да, Институттың жүріп өткен жолдарынан хабардармын. М.Әуезов пен Қ.Сәтбаевтың тікелей бас-көз болуы арқасында Тіл білімі институтының жеке мекеме болып құрылғаны тарих беттерінен белгілі.

Адамның өмір жолын қалыптастыратын, тәрбиелейтін, бағыт-бағдар беретін орта, есте қалатын айшықты жылдар болады. Сонау жетпісінші жылдардың соңына қарай ғылым жолын арман етіп Институт қабырғасын аттаған бір топ жас ең алдымен А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбановтың ілімін қастерлеп жалғастырып келе жатқан, тіл ғылымы саласындағы аса көрнекті ғалымдар шоғырланған ғылыми ортаға түстік. Сол бір топ жас І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Қ.Мұсабаев, А.Ысқақов сынды ұстаздардың тәлім-тағылымынан өткенін әлі күнге дейін құрметпен еске алады. Осы ғалымдар талай сыннан өтсе де, ұлт мүддесі мен ұлт тілін дамыту жолында қажырлылық пен табандылық көрсеткен ерекше тұлғалар еді.

– Сол жылдарда Институттың ғылыми ізденістерінің бағыттары қандай еді? 

А.А. – Біріншіден, жетпісінші жылдарда Институттың қазіргі бәрімізге таныс терминмен айтсақ, рейтингісі өте жоғары болды. Институтқа Н.А.Баскаков, А.Н.Кононов, Э.Тенишев сияқты белгілі түрколог ғалымдар бірнеше мәрте келіп, негізгі ғылыми бағыттармен танысып, жоғары баға берді: «түркология ғылымындағы ең озық ғылыми орталық» деген пікірлері «Совесткая тюркология» журналында да жарияланды.

Екіншіден, осындай баға кеңестік кеңістікте кез келген салаға берілмейтін еді. Көрнекті ғалымдардың, тіпті күллі түркітектес тілдер мамандарының Тіл білімі институтының атқарған жұмыстарына ден қоюы, қазақ тілші ғалымдарының зерттеулерін мойындауы бірнеше себептерге байланысты ғой деген ойдамыз. Барынша ықшамды баяндап, төмендегі жайттарды мақтанышпен айтқым келеді.

Сол тұста Институт қабырғасында абайтану және алаштану бағытындағы алғашқы тың зерттеулер жасалды. Бұл түркітанудағы, қазақ мәдениеті мен ғылымында ойсанаға сілкініс тудырған маңызы зор оқиға болды. Абайтану мен алаштануда академик Р.Сыздықтың еңбегі өлшеусіз. Абыз ұстаз Рәбиға апайдың сан салалы еңбегіне орайластыра айта кетуге болады: академик Р.Сыздық емле ережелерін түзу, нормативтік сөздіктерге басшылық жасау арқылы қазақ әдеби тілінің нормаларын, қазақ ортологиясын қалыптастырды, реттеді. Қырғыз ғалымы Б.Орузбаева Институтқа бір келгенінде «қазақ тілінің емлесі басқа түркі тілдеріне үлгі боларлық ең сапалы емле» деп айтқаны есте қалды.

Белгілі ғалым академик Ә.Қайдар зерттеу салаларында тың арнаға жол салды. Этнолингвистикаға қатысты еңбектерін атамағанның өзінде, ғалымның түбір-негіз – түркі тілдерінің байырғы сөздік қорының өзегі екендігін анықтаған еңбегі Институттың абыройына абырой қосты. Академикке «Түркі тілдерінің тамыршысы» деген баға да берілді.

Сондай-ақ Институтта исі қазақ баласына, түркі әлеміне таныс академик Ш.Сарыбаев атты жан-жақты ғалым қызмет етті. Ол кісінің диалектология, әдеби нормалар, лексикография, қазақ неологиясына қатысты еңбектері құндылығын жоймақ емес. Осы ретте сонау 1926 жылы Бакуде А.Байтұрсынұлы қатысқан бірінші съезден кейін екінші халықаралық түркологиялық конференцияның Институт қабырғасында өткенін, оның тікелей ұйымдастырушы Ш.Сарыбаев болғанын атап өткен жөн. Түркітектес тілдің болашағына арналған басқосуды кеңестік кезеңде өткізудің оңай болмағаны белгілі.

Сонымен қатар аға буын – Т.Жанұзақов, Б.Әбілқасымов, Е.Жанпейісов, Қ.Есенов сияқты ғалымдардың тіл тарихы, ономастика, стилистика, грамматика мәселелері бойынша алғашқы және тың тұжырымдары осы Институтта жасады. Осындай ардақты ғалымдар тіл ғылымының мектебін қалыптастырып, Е.Жұбанов, Ө.Айтбайұлы, А.Жұбанов, К.Хұсайын, Ә.Жүнісбек, Н.Уәли, Ж.Манкеева, З.Базарбаева, М.Малбақов, Р.Шойбеков Е.Қажыбек тәрізді білікті ғалымдар тобын баулып шығарды. Бұл ғалымдардың кейбіреулері о дүниелік болғанын білесіздер. Бірақ көпшілігі қазірге дейін Институтта жемісті еңбек етіп келеді.

– Әңгімемізді Тіл білімі институтының қазіргі бағыттарына, атқарылып жатқан жұмыстарына қарай өрбітсек.

А.А. – Институтты қазақ тіл білімі мен түркітанудың өзекті мәселелерін қазіргі заманның ағымына сәйкес зерттей алатын әлеуеті күшті ғылыми-зерттеу орталығы деп тануға тиіспіз. Бұлайша бағалауға негіз болатын себептер бар. Институтты қазір белгілі ғалым – ҚР ҰҒА корреспондет мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Задаұлы Қажыбек басқарады. Ұрпақтар сабақтастығы дегенді еске алсақ, Е.Қажыбек – жоғарыда аты аталған атақты ғалымдардың мектебінен өткен, біріне шәкірт, біріне ізбасар болған, әрі жеке өзіне де, басқаратын мекемеге де жүктелетін міндеттерді терең түсінетін маман. Институттың бүгінгі ғылыми бағыттары жан-жақты: тілдің дыбыстық жүйесінен, сөз байлығын жинақтаудан бастап, қолданбалы лингвистиканың мәселелеріне дейін ғылыми ізденістер жүзеге асырылуда. Бұл ізденістердің басты бағыты – ұлттық болмысты тіл арқылы таныту, әріректе қалыптасып қалған стереотиптерді жаңғырту және жаңарту. Көрнекті тілші ғалымдар қалдырған сара үлгінің ізімен Институтта түркітектес елдердің тілші ғалымдарымен байланыстар жалғастырылды. Осы бағыттарды қолға алған және тынбай еңбек етіп келе жатқан, алдыңғы буын мен орта буынның лайықты ізбасарлары ретінде қалыптасқан, жаңа буын – ғылыми әлеуеті мығым білікті мамандар Институт қабырғасында жеткілікті.

– Тіл білім институты тіл ғылымын зерттеумен қатар, сол жетістіктерді тәжірибеде қолдануда қандай іс-шаралар жүргізілуде? Институт мемлекеттік тілді дамытуға қандай үлес қосуда?

А.А. – Өте орынды сұрақ. Тіл ғылымын зерттеп қойғанмен, ондағы жетістіктер тәжірибеде тиімді қолданылмаса, ғылымның пайдасы қанша? Осы тұрғыдан әрине, Тіл білімі институтындағы ғылыми-зерттеу нәтижелері ең алдымен монографиялар мен сөздік түрінде барлық кітапханаларға таратылады. Әрі қарай жаңа лингвистикалық білімдер жүйесін әдіскерлер танысып, оқулыққа, оқу бағдарламасына енгізуге тиіс. Өкінішке қарай, ғалым мен әдіскер, тіпті мұғалім арасындағы байланыс тек осындай байланыспен шектеледі. Себебі Тіл білімі институты ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізумен айналысады. Дегенмен, қазіргі мемлекеттік тіл жағдайын көтеру, тіл саясатын дамыту бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Мәселен, қазақ тілі пәні бойынша мектеп оқулықтарының лексика-грамматикалық минимумын құрастырдық. Лексика-грамматикалық минимум «Ұлттық корпус» жобасы, жиілік сөздік жасау аясында жүзеге асырылды. Әсіресе қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде қазақ тілін меңгертуде сынып оқушысы қандай сөздер және қанша сөзді меңгеріп шығуы тиіс деген жүйелілікті реттеуге ықпалы зор болды.

Сонымен қатар, Тіл білімі институты Оқулық орталығымен әріптестік қатынаста. Оқулық орталығы барлық сыныптардың жаңа оқулықтарының тілін, стилін тіл мамандарына сараптамалық тексеруден өткізеді. Сол кезде Тіл білімі институтының тіл мамандары дөрекі сөздердің болмауын, сөйлемнің дұрыс құрылуын, орфографиялық қателердің болмауын, шеттілдік сөздердің қазақ тіліндегі төл баламасын тұрақтандыруға тырысады. Оқулық авторларымен, пән мұғалімдерімен тіл мамандары тікелей қарым-қатынаста болып, лингвистикалық жаңа білімдер жүйесін түсіндіріп отырады.

Мемлекеттік тілді дамытуға қатысты жұмыстарды атқаратын арнайы мекемелер бар. Біздің институт сол мекемелерге дәріс беру үшін, тілдің ғылыми-теориялық негізін үйрету үшін арнайы лингвистикалық семинарлар ұйымдастырып тұрады.

Сондай-ақ «Өрлеу» біліктіктілікті арттыру ұлттық орталығында ұйымдастырылатын мұғалімдердің, оқытушылардың, әдіскерлердің біліктілігін арттыру курстарында Институт ғалымдары қазақ тіліндегі жаңа ғылыми жаңалықтарды таныстыру үшін дәріс оқиды.

Сонымен қатар, тіл мамандарын даярлайтын ҚазХҚӘТУ, ҚазҚҰПУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессорлары мен әдіскерлерінен құрылған ғылыми-зерттеу жобалары жұмыс жасап жатыр. Жоба аясында тіл мәселелері, тілді дұрыс меңгерту мәселелері талқыланып, шешімі қабылданып отырады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін.», – деген болатын. Осыған байланысты Институт қазақ тілін ғылыми-практикалық, қолданбалы-әдістемелік тұрғыдан зерттеп қана қоймай, мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәселелерін де қарастырумен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, тіліміздің ғылыми негізін зерттеумен қатар, мемлекеттің тілді дамытуға бағытталған іс-шараларды жүргізу Институттың бір міндеті саналады.

– Негізгі әрі маңызды мәселені әңгімеміздің соңына сақтап отыр едім. Қазіргі кезде Рухани жаңғыру аясында латыннегізді әліпбиге көшу ісі қоғамның назарына айрықша ілігіп отыр. Әрі әліпби, қазақ емлесі дегенде қалың жұртшылық Тіл білімі институтына көз тігеді. Жаңа әліпби және әліпбиге қатысты жұмыстар жөнінде сұрақ болуы заңды.

А.А. – Бұл мәселені, әліпби ауыстырудың, ұлттық әліпбидің қажеттілігін, маңыздылығын кеңінен, таратып айтудың өзі артық сияқты. Өйткені қоғам, жұртшылық мән-жайдан хабардар. Дегенмен бірқатар мәселелерді анықтауға болады. Латыннегізді әліпбиге көшу мәселесі Институт қабырғасында соңғы отыз жыл ішінде ғылыми-зерттеудің нысанасы болып келді және қазірге дейін зерделеу жұмыстары жалғастырылуда. Институтта жаңа әліпби жасаудың ғылыми-теориялық негіздерін жетік меңгерген, әліпбиге, тіпті әліпбидің құрамындағы әрбір әріпке, әр әріптің дыбысталуына қатысты негізделген пікір айтып беретін аса білікті ғалымдар тобы бар. Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан халқына Жолдауынан басталған қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру идеясы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында аталған тапсырмасына ұласқаны белгілі. Осы орайда Институт бекітілген әліпби үлгісімен ортологиялық құралдардың біразын әзірледі.

Екіншіден, әліпби жайы әлі де пысықталу үстінде. Қазіргі кезде Мемлекет басшысының «Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек.», – деген тапсырмасына орай жұмыстар жүргізілуде. Ел Президенті Қ.Тоқаев бұл мәселеде науқаншылдыққа салынбай, байыппен қарау керектігін айтқаны баршаға мәлім. Әліпби жобасы таяу арада шешіледі деген үміт бар. Ал қазақ емлесінің жаңартылған, жаңғыртылған нұсқасы әліпби тағдыры толық шешілгеннен нақты анықталатын болады. Дегенмен соңғы үш жылдан бері Институт қызметкерлері ортологиялық құралдардың, терминжасам мен ономастикалық атаулардың емлелік ережелерінің құрылымын, жүйеленуін, моделденуін қалыптастырды; жаңа әліпбиді пернетақтаға орналастыруды зерделеді. Жүргізілген жұмыстардың негізгілері баспасөзде талай мәрте талқыланды, ғылыми еңбектер жарияланды.

Тіл білімі институты Ахмет Байтұрсынұлының қастерлі есімімен аталады. Осы есім оның еңсесін биіктетіп тұр. Соңғы жарты ғасырдан астам уақыт ішінде атқарылған жұмыстар және олардың нәтижелері арқылы Институт тіл ғылымының нағыз беделді ордасы екендігін одан сайын растап отыр. Жаңа заман жаңа міндеттерді ілгері шығарды. Институт басшылығы мен мамандары өздеріне жүктелген жауапкершілікті түсінеді және әліпби мен қазақ емлесінің жаңаруы мен жаңғыруы арқылы тілдің барлық құрылымдары мен қаттауларының өн бойында ұлттық болмыс пен ұлттық код, тілдің табиғи заңдылықтары терең орын алуы үшін ғылыми әлеуетін таныта беретін болады.

– Әңгімеңізге рақмет.

Г. Садық

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *