Кейінгі кезде жетілдірілген жаңа әліпби туралы ерінбегеннің бәрі жазып жатыр. Бұл әліпбидің бұрынғылардан айырмашылығы қандай? Латын қарпіне көшудің қажеті қанша? Әліпбидегі әріптерді қалай ажыратамыз?
Осы сұрақтардың жауабын білмекке Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері Қуатбек Дүйсенге хабарласқан едік.
– Қуатбек, латын әліпбиі деген не және оның кирил әліпбиінен айырмашылығы қандай?
– Латын әліпбиі – латын таңбалары негізінде жасалған әріптер жүйесі. Қазіргі кезде латын әліпбиін әлемнің 130-дан астам мемлекеті пайдаланады. Латын әліпбиінің кирил әліпбиінен басты айырмашылығы – өзара әріптерді қабылдау жүйесінде. Мәселен сіздің есіміңіз латынша Örken болып жазылса, сіздің есіміңіз АҚШ-та, Түркияда, Вьетнамда, Чилиде, Зимбабведе және т.б. дәл солай жазылады. Ал кирил жүйесінде ондай жүйелілік байқалмайды. Себебі Қазақстандағы “Өркен” есімі шекара асып кирилше жазатын мемлекеттерде Оркен, Уркен болып тұрқы бұзылып жазыла беруі әбден мүмкін.
– Латын әліпбиіне не себепті көшіп жатырмыз?
– Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу себебі көп. Дегенмен ең негізгі себебі жазу жүйесін тілге ыңғайлы ету болып тұр. Себебі қазіргі кирил әліпбиде біз мүлдем пайдаланбайтын немесе сирек пайдаланатын Һһ, Цц, Чч, ь, ъ, Ээ, Юю, Яя әріптері бар.
– Кирил әліпбиінен латын әліпбиіне көшкен елдер бар ма?
– Әрине бар. Әзірбайжан 1991 жылы, Түркіменстан 1993 жылы, Өзбекстан 2001 жылы латын әліпбиіне көшті.
– Қазақ латын әліпбиінің ұсынылған соңғы нұсқасы қайсы?
– Қазақ латын әліпбиінің соңғы нұсқасы көпшілікке 28.01.2021 ұсынылды.
– Жаңа латын әліпбиі қанша әріптен тұрады?
– Қазақ латын әліпбиінің ұсынылған жаңа нұсқасы 31 әріптен тұрады.
– Бұл әліпби нұсқасының бұрынырақ ұсынған әліпби нұсқаларынан айырмашылығы қандай?
– Қазақ тіліне тән жіңішке дауысты дыбыстарды беру үшін екі нүкте (умлаут) белгісі қойылады және жуан дауысты дыбысты беру үшін сызық белгісі қойылатын болды. Мысалы:
Жіңішке дауыстылар үшін: Әә=Ää, Өө=Öö, Үү=Üü
Жуан дауысты үшін: Ұұ=Ūū
Дауыссыз дыбыстарды беру үшін мынадай өзгерістер жасалды:
Ңң=Ŋŋ
Шш=Şş
Іі=Iı
Ии/Йй=İi
– Қазақ латын әліпбиінде әріптерді қалай ажыратамыз?
– Оңай. Дауысты дыбыстардың белгілері әріптің үстінде тұрады (Әә=Ää, Өө=Öö, Үү=Üü, Ұұ=Ūū). Дауыссыз дыбыстардың белгілері әріптің астында тұрады (Ңң=Ŋŋ, Шш=Şş).
– Қазақ латын әліпбиінің бұл нұсқасын байқап, пысықтап көруге бола ма?
– Әрине, болады. Телеграм мессенджерінде мына сілтемеге өтіп тіл пакетін орнату арқылы әліпбиді тестілеп көруіңізге болады (Ескерту: бұл тек телефонға арналған).
– Цц, Чч, Щщ әріптері бар сөздерді қалай жазамыз?
– Жазылғанда Цц˃Ss ауысады. Мысалы: цирк˃sirk, центр˃sentr. Чч˃Şş ауысады. Мысалы: чемпион˃şempion, блокчейн˃blokşein. Щщ˃Şş ауысады. Мысалы: щетка˃şötke, Ащысай˃Aşşysai.
– Латын әліпбиіне қайтіп көшеміз?
– Мемлекеттік жоспарға сәйкес латын әліпбиіне көшу балабақша мен бастауыш сыныптардан бастап, орта, жоғары сынып, колледждер мен университеттерде біртіндеп көшу қарастырылған.
Латын әліпбиіне көшуге қатысты тағы сұрақтарыңыз болса, осы жазбаға пікір ретінде қалдыруыңызға болады. Келесі жазбаларда сұрақтарыңызға қысқа да нұсқа жауап беруге тырысамыз.
Айбар Рысдәулет