Кирил әріптерін бір-бірімен байланыстырып көлбеу жазып-cызуға автоматты түрде дағдыланған бүгінгі кирилсанадағы жазарман жаңа графиканың көркем түрімен қаншалықты жылдам жазып-cызуға үйренеді? Жаңа әліпбидегі латын әріптерін екі топқа бөлуге болады: 1. гомогенді әріптер (кирил мен латын әліпбилеріне өзара ортақ, ұқсас, біртекті әріптер: Аа, Ее, Oo, Кк, Мм, т.б.); 2. гетерогенді әріптер (кирил мен латын әліпбилеріне өзара ортақтығы жоқ, ұқсас емес, әртекті әріптер: Gg, Jj, Nn, Qq, Rr, Pp, Ll, Ff, т.б.). Жаңа әліпбиді меңгерту тәжірибемізде екінші топтағы гетерогенді әріптерді көркем түрімен жазып-сызуда біршама психологиялық дискомфорт тудырды. 2018 жылы Елбасының Жарлығымен бекітілген әліпбиде көркем жазу түрі ұсынылмағандықтан, үйренушілердің екінші топтағы әріптердің көркем жазу түрімен әркім әртүрлі нұсқада жазып, нәтижесінде бірінің жазған мәтіндерін бірі оқып-тануда қиындық келтірген жағдайлар кездесіп жатты. Әсіресе, графемааралық интерференциялық құбылыстар кирилдегі Pp [ыр] мен латындағы Pp [пы] әріптерінің арасында болды. Жазудағы ала-құлалық J [жы] мен L [ыл], Q [қы] бас әріптерінде болды. Мәселен, жиілігі жағынан өте жоғары Q таңбасының имегін үйренушілердің бірі жолдың бойына қойса, бірі сызықтың астына белгілеген. Бір әріпті баспа түрімен жазса, бір әріпті көркем жазу түрімен өрнектеген. Осылайша үйренушілер әріптерді жазып-сызуда біршама уақыты мен қуатын жұмсады.
Сондықтан үйренушілер әр әріптің көркем түрімен бірізді жазу үшін «Жаңа әліпбиде» көркем жазудың түрі ұсынылу керек еді. Осы ретте Әзербайжан елінің әзірлеген латын әліпбиі үлгі аларлықтай әліпби екенін айта кетуіміз қажет. Әзербайжан әліпбиінің бірінші бағаны баспа әріптеріне, екінші бағаны көркем жазу түріне арналған. Бұл кез келген үйренушінің жаңа әріптердің тек баспа түрін ғана емес, көркем жазу бейнесін де санасына бірте-бірте қалыптастырып, дағдыландыра беретінін көрсетеді. 2019 жылы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Елбасының Жарлығымен бекітілген әліпбидегі баспа әріптерінің каллиграфиялық жазу үлгісін әзірлеу бойынша жұмыс тобының құрамын құрып, каллиграфиялық жазу үлгісінің жобасын әзірленген болатын. Жұмыс тобында әр әріптің көркем жазудағы негізгі және қосымша элементтері талқыланып, каллиграфияның негізгі талаптары ескерілген. Ендігі кезекте осы атқарылған жұмыстар жетілдіріліп, өзгеріске түсіп жатқан жаңа әліпбиге әріптердің көркем жазу түріде енгізіліп, елеусіз қалмауы тиіс деп ойлаймыз. Жаңа әліпбидің құрамына осы екінші топтағы гетерогенді әріптерді таңдауда, саралауда аса сақтықты қажет етеді.
Мамандардың арасында көп талқыға түсіп жүрген әріптердің бірі – кирилдің У таңбасы. Бұл таңбаны латынмен кейбіреулері U-мен беруді ұсынады, кейбіреулері W-мен таңбалауды жөн көреді. Мәселен, taw, awa,sawap, т.б. Осы сөздердің құрамында кездесетін W таңбасын 1-сыныптың баласы үшін көркем жазумен қол үзбей, әрбір элементін жоғарыдан төмен, төменнен жоғары ұластыра, тұтастыра жазып кетуіне қаншалықты ыңғайлы? Бала тұтастырып жазу үшін, алдымен, әріптегі төрт сызығын біресе оңға, біресе солға салып жаттығады. Одан кейін ол сызықтарды өзара түйістіріп жаттығады. Бұл әріпті баланың бір сызық бойына үзбей көлбеу жазып үйренуіне оңай бола ма екен? Сондықтан әріп таңдауда әріптердің, ең бастысы, мектеп табалдырығын енді аттайтын 5-6 жасар балаға жазып-cызудағы қолайлығын, тіпті ерексектерге де үйренуге жеңіл, психологиялық тұрғыдан дискомфорт тудырмайтындай болу жағын да қарастырғанымыз абзал.
Айнұр Сейітбекова
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты,Тіл тарихы бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к.