Латынның 26 таңбасымен ғана әліпби жасаудың мүмкін еместігін роман-герман тілдерінің өзі – ағылшын, француз, неміс әліпбилері көрсетті. Латын әліпбиінің 26 әрпін толық қолданып, ағылшын әліпбиінен басқасы қосымша диакритикалық таңбалар алды. Ағылшын графикасы (әліпбиі емес) қосар таңбалар пайдаланды. Жазба тілі мен ауызша тілінің арасында айырмашылық үлкен, жазба тілін меңгеру қиындық тудыратын, идеографиялық жазуға айналып бара жатқан жазу болса да, бұл олардың ұлттық ерекшелігіне айналды. Француз әліпбиі тілдегі 36 фонеманы таңбалау үшін 26 латын әрпінің үстіне est, et, ai, ei, eu, au, oeu, am, on, em, en, in, aux, eou, ain, aim, ein, ien, oi, gn, ss, ph, ch, ill, il, т.б. әріптер тіркесін және â, ê, è, é, û, ô, ç, î, ï диакритикалық таңбалары бар әріптерді қосымша пайдаланды.Неміс тілінде фонема саны 39, әріп – 26. Сондықтан әліпбиде жоқ, бірақ жазба тілінде пайдаланатын β <c>, ä <э>, ö <ө>, ü <ү> таңбалары және sch<ш>, ch<х>, ng<ң>, ck<к> әріп тіркестері, ch<х>, еі <ай>, eu<ой>, eh<ей>, ig<их>, gu<кв>, іе<й> маркерлі әріп таңбалары tsch<ч>, tz<ц>, рһ<ф>, sh<ж> сияқты шеттілдік сөздерді жазатын таңбалары және бар.Яғни латын әліпбиін қабылдаған ағылшын, француз, неміс, норвег, дат, португал, румын, чех тілдері 26 әріптің үстіне қосар әріп те, диакритикалық әріп те алған, ал итальян, поляк, финн, венгр, түрік жазулары 26 әріпті толық алмай, оның орнына қосарлап, не диакритикалап графика жасаған, ең бастысы өздерінің тілін бейнелеген ұлттық жазулар. Яғни «Латынның 26 таңбасымен әліпби жасау мүмкін бе?» деген сұраққа мүмкін емес деген нақты жауап аламыз. Жалпы, ашық әліпби болсын, жабық әліпби болсын, белгілі бір әліпбиде пайдаланылғанда ұшталып, жетілдіріліп қолданылады. Мысалы, ашық жазу жүйесінің бірі – араб әліпбиін қабылдаған парсы жазуында (ІV-V ғ.) 32 әріптің 29-ы дауыссызды, 3-і дауыстыны таңбалайды. Араб әліпбиінің үстіне парсы тілінің өзіне тән 4 фонемасына (хойе, иә, вав, гәф) қосымша әріп берілген. а, у, и дауыстысынан басқа е, ә, ө фонемалары харакаттар арқылы таңбаланған.Жабық жазу түрлерінің ішінде корей әліпбиінде (1443ж.) 41 әріп бар. 41 әріптің 10-ы (а, я, о (еріндік), е (еріндік), о, е (езулік), у, ю, ы, и) дауысты фонеманы, 12-сі дифтонгоид дауыстыны (э, е, ие, ие, оа, уе, уе, ои, уо, уе, уи, ыи), 11-і дауыссыз фонеманы (к, н, т, р, м, п, с, ң, ж, ч, х), 8-і дауыссыз дифтонгоидты (кхы, тхы, пхы, кк, тт, пп, сс, джж) таңбалайды. Бір әріп екі фонеманы (мысалы, бір әріппен к-г, т-д, л-р, п-б дыбыстары таңбаланады) да бере береді. XVғ. дейін қытай иероглифін пайдаланғандықтан көне әдеби тілдегі сөздерді иероглифпен де жазды.Б.э.д. VIғ. қытай иероглифтерінің негізінде жасалған жапон жазуында екі әліпби түрі бар: хирагана және катакана. Катакана алфавиті тек шеттілдік сөздер мен шеттілдік кісі есімдерімен жер-су аттауларын жазу үшін пайдаланылады. Жапон жазуы буын жазумен иероглиф жазу бірге қолданылатын аралас жазу типіне жатады. Әліпбиде 5 дауысты (а, и, у, э, о) дауыссыздармен (к, с, т, н, б, ћ, м, й, р, w, ң, п) буын құрайтын 51 әріп бар, мысалы, ка, ки, ку, кэ, ко, са, ши, су, сэ, со т.б. буындарының жеке-жеке таңбалары болады. Сонда төрт буыннан, 8 фонемадан тұратын хирагана сөзін 4 таңбамен береді.Бұл мысалдар «Қосымша таңба алмай шығу мүмкін бе?» деген сұраққа мүмкін емес деген жауап айтады. Бірақ ашық әліпби түрі әріп саны фонема санынан әлдеқайда кем, жазу-оқу процесі біршама қиындық тудыратын, жазу экономиясы нашар әліпби берсе де, әр жазу тілдің қабырғасын сөкпей, «қиыннан қиыстырып» ұлттық жазуларын жасаған. 1929-1939 жж. әліпбиімізде латынның 26 таңбасын тұтас пайдаланбадық, мақсатсыз қолданбадық, қызметсіз жұмсамадық. Қазақ тілінің өзіне тән дыбыстарының таңбасы латынның ұқсас дыбыстарының әрпінен шығарылды:1) ә әрпі е жіңішке дауыстысының төңкерілген таңбасы, 2) ө таңбасы о әрпінің белі сызылған түрі, 3) ƣ (ғ) ұяң дыбысын қатаң q (қ)әрпін өзгертіп бердік; 4) ы дыбысын і әрпінің жазба түрін өзгертіп (ь) таңбаладық, 5) ш дыбысын с әрпімен бердік, 6) ш дыбысының ұяң варианты ж дыбысына с әрпін өзгертіп бердік (ҫ), 7) ң дыбысын n әрпіне ұқсатып, ŋ-мен таңбаладық. Ұқсас дыбыстар ұқсас әріптермен таңбаланғаны оқытуда, сауат ашуда оңай болған, әліппені тез үйренген, ал оқуда тез танылған, жазуда қолды үзбей жазуға көмектескен. Тек ұ→u, ү→y, у→v еріндік дыбыстарының таңбасы әртүрлі болды.1929 ж. жазу ықшам, оңтайлы, жеңіл жазу болған. Ал бұл шындығында, Байтұрсынұлының жетілген, «үлгі әліпбиінің» жалғасы еді!Бұл 1940 жылы орыс әліпбиіне көшкенде де үлгі болды: қ дыбысы к әрпінің аяқ салынған түрі, ғ дыбысы г әрпінің белі сызылған түрі, ң дыбысы н әрпінің аяқ салынған түрімен бейнеленіп, ө мен ә дыбыстары латындағы түрін сақтады, ұ мен ү дыбысы еріндік у дыбысының таңбасынан шығарылды, тек ы мен і дыбыстарының таңбасы ұқсамады.Қазақ жазуы қашан да бір дыбысқа бір әріп арнаған, ортақ түркі әліпбиінің шарттарын сақтаған әліпби түрлерімен жазған. 1929 жылғы латын әліпбиін де, 1940 жылғы кирил әліпбиінде де ортақ келісілген таңбалардан өзгені пайдаланбаған. Қыпшақ тілдері тобындағы ноғай жазуы сияқты ә дыбысын аь, қ дыбысын къ, ң дыбысын нъ, ө дыбысын оъ, ұ дыбысын уь, ғ дыбысын гъ әрпімен беріп жазуын ұзартпаған. Немесе қара-шай жазуындай гъ (ғ), къ (қ), нг (ң) қосар әріптермен қатар,орыс тілінің таңбаларымен төл дауыстыларды беріп, шатастырмаған: е (ө), ю (ү), и (і).Ал «Әліпбиде латынның барлық әріптерін пайдалану міндет пе?» дегенге әр әліпби әртүрлі жауап көрсеткен. Ол әсіресе w, c, х әріптеріне қатысты. W әрпі ағылшын әліпбиінде дауыссыз [у] дыбысын береді, бірақ сондай-ақ, дауыстыларды беретін қосар таңбалардың ішінде қолданылады. Кез келген дауыстының алдында [у] болып оқылады, мысалы, west, winner, r әрпімен бірге сөз басында келсе, оқылмайды, мысалы wrong, write, ал aw, ew, ow диграфының құрамында «дыбысы өшеді», һ әрпімен диграф құрса, бірде [у] болып оқылады, бірде тағы «үні өшеді». Ол латынның түпнұсқа әліпбиіндегі u әрпімен жарысып та қолданылған, мысалы, flour/flower, guard/ward и suede/Swede.. Бірақ мағынасы басқа сөздер жасалған. Яғни u әрпінің беретін дыбысына ұқсас болғандықтан, бұл әріптің қызметі кейде артықтық еткен. Ендеше қазақ әліпбиінде де u әрпімен бірге жарыстырмай, w әрпін алудың қажеті жоқ. Сол сияқты с, х әріптерінің де басы артық болайын деп тұр. Әліпбиге бір [у] дыбысын белгілейтін w\u, [c] дыбысын таңбалайтын с\s, [һ] дыбысын таңбалайтын һ\х әріптерін жинасақ, «жоқ жерден» проблема табамыз. Бүгінгі кирил жазуының өзінде қ, һ және х әріптерінің қайсысын таңдарымызды білмей отыратынымызды еске алайық. Халі ме, қалі ме, хош па, қош па, Гаухар ма, Гауһар ма еді, жихангер ме, жиһангер ме, дастархан ба, дастарқан ба, рахмет пе, рақмет пе? Ал әліпбиге С әрпін алсақ, ол қай дыбысты таңбаламақ? С дыбысын таңбалай ма? Әлде ц дыбысын таңбалай ма? Кирил жазуындағы ц дыбысын латын жазуына неге «ертіп кіреміз?» Алсақ, осы кезге дейін тілімізге орыс тілі арқылы еніп кеткен термин сөздерді жазу үшін ғана аламыз. Керек қылсақ, қазіргі кирил санамен ойлайтын өзімізді ғана ойлап, керек қыламыз. Ал одан кейін бұл әріптің қызметі әлсірейді. Болашақта роман-герман тілдерінен осы с әрпі бар жаңа сөз алатын кезде бізде S және С әрпімен жазу жарыспалығы болады. Себебі ол кезде біздің ұрпақтың санасынан екінші шет тілі болатын – орыс тілінің Ц әрпі кетеді. Ендеше «Әліпбиде латынның барлық әріптерін пайдалану міндет пе?» деген сауалға міндет емес деп жауап береміз.
Құралай Күдеринова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор.