Мақалада қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі ұлттық әліпбиге көшіру қарсаңындағы тілдік жағдаятқа сипаттама жасай отырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясы мен сапасындағы кейбір проблемаларды және оларды шешудің жолдарын анықтауға талпыныс жасалады.Әлеуметтік тілтанымдық зерттеулерде тілдік жағдаят деп қандай да бір тілдің өмір сүру формалары жиынтығын немесе белгілі бір географиялық аймақ, не әкімшілік-саяси құрылым шегіндегі аумақтық-әлеуметтік және функионалдық әрекеттестік тұрғысындағы тілдердің жиынтығын айтады [1, 266]. Қазақстандағы қазіргі тілдік жағдаятта тілдік құзіреттіліктері төмендегідей сипатталатын тіл иелмендері қалыптасып отыр: – қазақ-орыс қостілділігі;– орыстілділер (орыстар, белорустар, украиндар, поляктар, немістер, кәрістер, гректер, молдовандар, морвиндер, чуваштар және т.б.);– этностық-қазақша, этностық-орысша екітілдік немесе этностық-орысша-қазақша үштілділік (өзбектер, ұйғырлар, түріктер, күрдтер, әзербайжандар, тәжіктер, шешендер, қырғыздар, татарлар, дүнгендер, башқұрттар және т.б.);– қазақ-орыс-ағылшын үштілділігі. Мынадай тілдік топ түрлерін атап көрсетуге болады:– тек қазақша сөйлейтіндер (негізінен қазақтар);– тек қазақ және орыс тілдерін меңгергендер (негізінен қазақтар);– тек орысша сөйлейтіндер (негізінен орыс диаспорасының өкілдері);– қазақ тілінен басқа, орыс және этностық тілдерде сөйлейтіндер (көбінесе славяндар);– қазақ тілінен басқа этностық тілдерді білетін және орыс тілін білмейтіндер (негізінен түркітілдес диаспора өкілдері);– этностық және қазақ тілінде сөйлейтін, орыс тілін білмейтіндер (негізінен оралман қазақтар мен түркітілдес ұлт өкілдері);– этностық және қазақ тілдерінде, сонымен қатар орыс тілінде сөйлейтіндер (негізінен түркітілдес ұлттар мен славяндар);– ағылшын тілін меңгергендер (негізінен жастар, ұлтына қарамастан);– ағылшын тілін білмейтіндер (негізінен ауылдық жерлердегі аға ұрпақ).Қазіргі Қазақстандағы тілдік жағдаят мынадай әлеуметтік тілтанымдық шамалар бойынша сипатталады.Біріншіден, Кеңестік кезеңнен қалыптасып қалған экзоглосстық тілдік жағдаят эндоглоссияға қарай ойысып келеді. Яғни елдегі қазақ тілі мен орыс тілінің арасындағы қатынас өзгерді: қазақ тілінде сөйлейтіндердің саны артты және болашақта да көбею үрдісімен ерекшеленеді. Қазіргі Қазақстандағы түркітілдес диаспора өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді. Ресми мәліметтер бойынша түркітілдес халықтардың ішінде өзбектердің 95,5%-ы, ұйғырлардың 93,7%-ы, қырғыздардың 92,7%-ы қазақ тілін сөйлеу тілі деңгейінде, ал 12%-ы қазақша оқып, жаза алатын жоғары деңгейде меңгергені анықталып отыр. Славян диаспорасы ішінде орыстардың 25%-ы, украиндардың 21,05%-ы, белорустардың 19%-ы, поляктардың 20,9%-ы, сондай-ақ неміс диаспорасының 24%-ы ауызекі қазақ тілін түсінеді. Аталған диаспоралар ішінде қазақша оқып, жаза білетіндер үлесі – 2,9%-ды құрайды. Бұл үдерісті дұрыс арнаға бұрып, тіл саясатын іске асыру мемлекеттік бағдарламалары арқылы диаспора арасындағы қазақ тілінің дамуына әрі қарай жағдай жасалатын болса, мемлекеттік тілде сөйлейтіндердің қатары 2 746 755 адамға толығатын еді [2, 10]. Көрсетілген сандық өзгерістер мемлекеттік тіл қолданысының сапасын жақсартуды талап етеді.Екіншіден, мемлекеттік тілдің демографиялық базасының күшеюі қоғамдық санадағы сапалық өзгерістерді тудырды. Бұған дейін орыс тілі басымдық танытқан этносаралық коммуникация мен ресми қарым-қатынас саласында да мемлекеттік тілдің қолданысын талап ету күннен-күнге күшейіп келеді. Мұны әртүрлі этнос өкілдері тарапынан да мемлекеттік тіл бойынша құқықтарын бұзбауды талап ету фактілерінің артуынан көруге болады.Статустық жоспарлауда мемлекеттік тілдің қызмет аясын кеңейту, нормативтік базасын күшейту бойынша бірқатар шаралар атқарылғанмен, бұл саладағы бүгінгі күнгі өзекті мәселе – мемлекеттік тіл туралы заңның қажеттілігі. 1989 жылы «Тіл туралы» заң қабылданды. КСРО құрамынан шыққан басқа елдердің көбі мемлекеттік тілдің мәселесін 2000 жылға дейін шешіп болды: Әзербайжан, Өзбекстан, Латвия, Литва, Эстония, Молдова, Армения, Грузияда заңнамалық түрде тек мемлекеттік тілдің мәртебесі бекітілген. Қазақстанда орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар ресми қатынаста қолданылатын тіл ретінде Конституцияда бекітілгендіктен1, әлі күнге дейін қазақ тілінің мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер, заңның әлсіздігін пайдалана отырып, мемлекеттік тілді өз деңгейінде қолданбайтыны белгілі жайт. Қазақ тіліне деген қажеттіліктің, мықты тілдік ортаның тиісті деңгейде жасалмағаны туралы мәселені диаспора өкілдері де көтеріп отыр. Бұл азаматтардың мемлекеттік тілде еңбек ету, білім беру қызметтерін тұтыну, әртүрлі ақпарат алу құқықтарына қайшы келеді. Демек бүгінгі күні мемлекеттік тілге қатысты заңнамалық базада либералды тәсілдерден инструменталды тәсілге көшу барша қазақстандық қоғамның сұранысынан туындап отырған кезек күттірмейтін мәселе. Тіл саясатында жүзеге асырылатын тілдің статустық жоспарлануы үшін инструменталды тәсілдерді қолданатын Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау аса маңызды. Сондықтан тез арада осы заңды қабылдаудың шаралары енгізілуі керек. Ана тілі ретіндегі қазақ тілінің қазіргі қолданушы жастар арасында тілтанушы мамандар жаһандық кейбір теріс үрдіс салдарынан кітап оқу мәдениеті, өз ойын ауызша сауатты жеткізу, тілдің лексика-фразеологиялық қабатындағы бейнелі сөзқолданыстарды, этномаркерлі лексикалық қорды білу, қолдану қабілеті төмендегені туралы дабыл қағып отыр [3]. Қазақ тілін жаңғырту тек тіл саясаты арқылы жоғарыдан ғана жүрмейді, тілді жаңғырту халықтың сөзшығармашылығының нәтижесінде де жүзеге асады. Сондықтан қазақ тілінің өміршеңдігі үшін жас ұрпақтың тілдік құзыреттіліктерін оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім – барлық коммуникативтік әрекетте бірдей жоғары деңгейде дамыту аса қажет. Осыған байланысты қазақ тілі ғылыми және пәндік курсының мазмұнын орфоэпия, фразеология, стилистика, тіл мен сөз мәдениеті бойынша жаңа білімдер жүйесімен байыту керек. Сонымен бірге осы Тұжырымдамада анықталған тіл өміршеңдігінің барлық параметрлерін жақсарту жұмыстарын кешенді жүзеге асырғанда ғана жастардың мемлекеттік тілдегі құзіреттілігін қалыптастыруға қолайлы жағдай жасалады. Елімізде орыс-қазақ қостілділігі басым. Бұдан кейінгі орында қазақ-орыс және этностық-орыс қостілділігі (өзге ұлт өкілдерінде) мен қазақ-ағылшын, орыс-ағылшын қостілділігі таралып отыр. Қостілділіктер мынадай ерекшеліктерге ие: біріншіден, аралас сипат алған, яғни екі тілдің элементтері бір сөйлеу актісінде қолданылады, сөйлемде екі тілдің де бірліктері араласып жүреді; екіншіден, әртүрлі коммуникативтік жағдаятта толықтай бір тілде таза сөйлейтін үйлесімді <лат. от лат. coordinatio> және бір тіл басым болып табылатын субординативті қостілділіктер аз таралған, мұндай қостілді тұлға санасында екі тіл автономды түрде орнығады, үшіншіден, Қазақстандағы қостілділік кеңестік кезеңнен бері алмастырымды сипатта дамып келеді, мұндай қостілділікте тұлға бір тілді үйрену барысында бірінші тілдегі құзіреттіліктерін жоғалта бастайды. Мұның қарма-қарсы түрі – қосымша қостілділікте, керісінше, екінші тілді үйренген қостілді тұлға бірінші тілдегі құзіреттіліктерін жоғалтпайды [4].Қазақ тіліндегі ғылыми ақпарат көлемі мен сапасының артуы ұлттық сананы нығайтады. Бұл үшін ғылыми айналымдағы мәтіндер ұлттық тілде әзірленіп, ғылыми ортадағы коммуникация ұлттық тілде жүзеге асырылып отыруыкерек. 2010 жылдан бастап ғылыми қызметке жауапты ресми органдар ғылыми-зерттеу жұмыстарының байқауына қатысу өтінімдері мен ғылыми есеп мәтіндерінің бір данасын «мемлекеттік немесе орыс тілдерінде», екінші данасын ағылшын тілінде әзірлеуді талап етеді [5]. Бұлай болмаған жағдайда өтінім не есеп қабылданбайды. Әсіресе жаратылыстану-техникалық ғылым салалары бойынша өтінім мен есептер орыс және ағылшын тілдерінде әзірленеді. Ағылшын тілін міндеттеу талабы Қазақстан Республикасының ешбір нормативтік-құқықтық құжатында белгіленбеген. Керісінше, заңмен регламенттелген мемлекеттік тілде талап ету әлсіз. Жағдайдың бұлай қала беруі ғылыми дискурстағы ұлттық тіл позициясының мүлде әлсіреуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік тілдің ғылымдағы қолданысын кеңейтуге, жақсартуға арналған нормативтік-құқықтық саладағы өзгерістер мен нақты шаралар жүзеге асырылуы тиісӘлеуметтік зерттеулер ресми қатынастағы ауызша коммуникацияда мемлекеттік тілдің шектеліп, өз құқықтық-нормативтік негізінде қолданылмайтын жайттардың көптігін көрсетеді. Бұл әкімшіліктер мен мемлекеттік басқару орындарында респонденттердің небәры 7,9% «қазақ тілін», ал 27,4% «көбіне қазақ тілін қолданамын» деген жауаптарынан байқалады. Ал сауалнамаға қатысқандардың 75%-дан астамы мемлекеттік тілді жетік меңгергенін ескерсе [6], басқару саласындағы қазақ тілінің деңгей әлі төмен екені анық. Электоратының санын көбейтуге, оның өздеріне деген оң көзқарасын қалыптастыруға мүдделі саяси дегдарлар қоғаммен мемлекеттік тілде коммуникацияға түсуі керек. Олай болмаған жағдайда саяси элитаның өз электораты сенімінен айырылу қаупі жоғары.Ақпараттық технологияларда «Google Translate» және «Yandex Переводчик» аударма қызметіне енгізілуі арқылы қазақ тілі әлемдік онлайн платформалардың негізгі тілдері қатарына қосылды. Wikipedia онлайн-энциклопедиясында қазақ тіліндегі сегмент мәтіндерінің саны 200 000 мақаладан асты. Microsoft компаниясының өнімдері MS Office, Windows қазақшаландырылды. «Қазақстанның Интернет Қауымдастығының» мәліметі бойынша қазіргі уақытта Қазнетте қазақ тіліндегі сайттар саны қазақстандық сайттардың жалпы санының шамамен 12 %-ын құрайды. Вики платформасындағы басқа жобалар әзірге белсенді дамып жатқан жоқ, жасанды интеллект қазақ тілінде әлі де қолданылмайды. Мәтінді дауыстау, дауысты мәтінге түсіру технологиясына қазақ тілі қосылмады. Қазақтілді ақпаратты мәтін, дыбыс, бейне форматында жинақтау қолға алына бастады, дегенмен әзірге ұлттық дәрежеге жетпеді. Мемлекеттік қаражатқа дайындалып шығарылған кез келген медиа өнім (кітап, аудио не видео, анимация) интернет желіге тегін жариялануы керек. Осы сияқты көптеген мәселелерді шешу үшін «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының міндеттерін тіл саясатының мемлекеттік бағдарламалары-мен үйлестіру аса қажет [7], себебі қазақ тілі цифрлы форматқа көшпейінше Қазақстанды цифрландыру қиын. Ең алдымен тілтанушылар мен IT-бағдарламашылардың тандемдік жұмысы негізінде жүзеге асырылатын мегажоба – Қазақ тілінің ұлттық корпусын әзірлеудің маңызы ерекше.Ұлттық бизнестің дамуы халықтың заманауи экономикалық мәдениетіне негізделеді. Экономикалық мәдениет қоршаған дүниені экономикалық тұрғыдан игеру (оның экономикалық құнын анықтау) арқылы қалыптасады. Ұлттық тарихи үдеріс барысында әрбір этникалық және діни бірегейлік иелмендері шаруашылық жүргізудің түрлі тәсілін жасады, жүзеге асырып отырды. Осы себепті православиелік, конфуцийлік, протестанттық, католиктік т.б. діни дәстүрлерге негізделген қытайлық, ресейлік, ағылшындық, италиялық экономикалық мәдениеттер ажыратылады. Сондықтан Қазақстанға да экономикалық мәдениеттің өзіндік ұлттық моделін қалыптастыру керек. Ұлттық тілге табан тіреген экономика ғана бұған негіз болады. Экономикалық ақпарат контентін қазақ тілінде жасап, сапасын жетілдіру ұлттық кәсіпкерлікті қалыптастырып, дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Бұл ауылдық өңірдегі өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген халықты кәсіпкерлік ортаға тартуға, ауылдағы кәсіпкерлік бастамаларды арттыруға септігін тигізеді. Сонымен, ұлттық болмыстағы шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріліп, ұлттық бизнес таптың қалыптасуына мүмкіндік тудырады.Мәселен, «Өнімді түрде жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Bastau Бизнес» оқыту бағдарламасы жобасы бойынша Қазақстанның барлық өңірінде, соның ішінде ауылдарда өз ісін ашам деуші қауымға бизнес-тренингілер өткізілді. «Бастау-Бизнес» жобасы жанындағы Талдау орталығы осы тренингілер тәжірибесінде халықтың лингвистикалық құзыреттілігіне байланысты мынадай мәселелерді анықтады: — тренингіге келген ауыл халқы көбінесе жаттықтырушыдан қайталап сұрауға ұялады, бұл, бір жағынан, сауатсыз деп бағалаудан қорықандықтан болса, екінші жағынан, мемлекеттік тілде бизнес негіздері бойынша қарапайым білім жүйесі мен экономикалық мәдениет қалыптастыратын оқыту, ақпараттық алаңдардың жоқтығы, сол себепті коммуникативтік дағдылардың жетілмегенін байқатады;- халықтың функционалдық сауаттылығының деңгейі, оның ішінде тілдік біліктілік құзыреттері әлі де төмен;- Қазақстан аумағында бизнес жүргізу, оны заңгерлік сүйемелдеу, қаржылық сауаттылық және басқа да мәселелер бойынша білім жүйесінің болмауы. Мұның басты себебі қазақтілді экономикалық, бизнес және қаржы жөніндегі ақпарат саны мен сапасының төмендігінде жатыр. Орта және ірі бизнес саласындағы менеджментті оқытуға арналған құралдар негізінен орыс тілінде дайындалғандықтан және мемлекеттік тілге сапасыз аударылғандықтан, қазақтілді аудиторияның қабылдауына жарамсыз;- шет тіліндегі терминдердің көптігіне байланысты жаңа экономикалық ақпаратты түсіну қиындық тудырады;- тренерлердің, спикерлердің тілдік (мемлекеттік тілде) құзыреттерінің деңгейі төмен [8]. Аталған проблемаларды шешу үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп әзірленуге тиіс экономика, бизнес саласындағы мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге бағытталған жүйелі шаралар тіл саясатына қатысты бағдарламаларда кеңінен көрініс табуы тиіс. Біздің жүйелеуімізше, шешімдер төменде көрсетілген бағыттар бойынша атқарылатын шаралар желісі негізінде жүзеге асырылуы тиіс деп санаймыз.І Латынграфикалы жаңа әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту <ағыл. modernization> бағыты бойынша:- қазақ тілін жаңғыртудың құқықтық-нормативтік негіздерін жасау: мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау;- қазақ тілінің ұлттық корпусын (ҚТҰК) әзірлеу және үздіксіз жетілдіріп отыру. Қазақ тілінің ұлттық корпусы – метабелгіленім мен грамматикалық белгіленімі бар, омонимдерді ажырата білетін, кең ауқымдағы пайдаланушылардың тілтанымдық білімдерге деген алуан түрлі қажеттілігін қамтамасыз ететін, соған сәйкес үнемі толықтырылып, кеңейтіліп, байытылып отыратын, теңгерімделген және көлемі ауқымды мәтіндер базасын қамтитын, ғылыми және техникалық жағынан жетілдіріп отыруды қажет ететін терең аннотацияланған инновациялық-ақпараттық ашық жүйе; әр кезеңдегі тілтанушы-лексикограф ғалымдардың көп жылғы еңбектерінің нәтижесінде жазылған сөздіктер мен грамматикалардың барлық мүмкіндіктерінен асып түсетін, теңдесі жоқ анықтамалық құрал: корпус сұранысқа сәйкес бірнеше секундтың ішінде тілге қатысты статистикалық көрсеткіштер қоса қамтылған жан-жақты ақпараттар ауқымын береді [9], лингвистикалық зерттеулердің эмпирикалық базасын кеңейтіп, тілдік материалға негізделген дәйек-дәлелдерін байытады, қазақ тіліндегі жекелеген тілдік құбылыс, олардың қолданыс аясы туралы нақты мәліметтер алуға мүмкіндік береді және әрбір ғаламтор желісін пайдаланушыға қолжетімді болып табылады. Сондықтан оны дер кезінде жасау ұлттық мәдениетті дамытуға және ұлттық-мемлекеттік бірегейлікті нығайтуға да септігін тигізеді. Осы Бағдарлама аясында ҚТҰК-ның ауқымын 100 млн сөзқолданыстан тұратын мәтіндік база деңгейіне жеткізу керек. Корпус ашық, үнемі тоығып отыратын жүйе болғандықтан, алдағы тоғыз жылда оның мәтіндік базасын 300 млн сөзқоланыс көлеміне жеткізу көзделуі тиіс;- жаңа әліпби мен емле ережелері негізіндегі қазақ тілінің ортологиялық кодификациясы;- қазақ тілінің салалық терминжүйесін жетілдіру, біріздендіру және жаңа әліпби негізінде кодификациялау;- латынграфикалы әліпби негізінде ономастикалық кеңістікті реттеу және кодификациялау;- визуалды ақпарат тілдік құралдарының жаңа әліпбидегі ортологиясы.ІІ Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мәдениетін арттыру бағыты бойынша:- қазақ тілінің білім беру саласындағы қызметін кеңейту, қолданыс мәдениетін арттыру;- филологиялық білім беруді жаңғырту;- мектепке дейінгі және жалпы білім беру жүйесінде үштілді білім саясатын реттеу;- қазақ тілінің ғылым саласындағы қызметін кеңейту, қолданыс мәдениетін арттыру;- мемлекеттік ұйымдардағы қазақ тілін білу деңгейін арттыру және оны бағалау жүйесін жетілдіру;- мемлекеттік емес ұйымдардағы қазақ тілінің қызметін реттеу;- қазақ тілінің ақпараттандыру және байланыс саласындағы қолданысын жетілдіру;- қазақ тілінің мәдениет, халыққа қызмет көрсету, БАҚ және бизнес саласындағы қызметін реттеу.IІІ Мемлекеттік тілдің қоғамдық беделін арттыру және насихаттау бағыты бойынша: – тілді «жұмсақ күш» <ағыл. soft power> ресурсы ретінде пайдаланудың тетіктерін жасау және оларды қазақ тілінің отандық және халықаралық кеңістіктегі беделін арттыруда қолдану шараларын іске асыру [бұл туралы:10];- қазақ тілінің халықаралық қатынас тілі ретіндегі қызметін жүзеге асыру;- жазу мәдениеті жоғары тұлғаның беделді бейнесін қалыптастыру;- қазақ тілін насихаттайтын азаматтық бастамаларға қолдау көрсету;- «Абай институты» атты қазақ тілінде ашық білім беру бағдарламасын іске қосу.ІV Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамыту бағыты бойынша:- қазақ-ағылшын қостілділігін дамыту;- орыс-қазақ қостілділігін дамыту;- қазақ-ағылшын-өзге этнос тілі үштілділігін дамыту.
Анар Фазылжан,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағыТіл білімі институтының директоры, ф.ғ.к.