ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНДАҒЫ ФОНЕТИКАЛЫҚ ҰСТАНЫМНЫҢ РОЛІ

Қазіргі таңда қазақ жазуы жаңа латын жазуына көшіп жатқан тұста қазақ тіл білімінің бүгінгі көтерілген ғылыми әлеуеті өткенге сын көзбен қарап, кем-кетігімізді дұрыс бағамдауға мүмкіндік беріп отыр. Орыс әліпбиіне бейімделген жазуымыздың кемшін тұстары енді көзімізге айқын көріне бастады. Осыған орай, жаңа латын жазуына көшкен оңтайлы тұсты пайдаланып, өзіндік төл жазу қағидаттарымызды қалпына келтіруді көздегеніміз дұрыс. Бұған қатысты тілші ғалымдардың арасында түрлі пікірлер айтылып, қызу талқылаулар жүріп жатыр. Қарап отырсақ, Ағылшын, француз, неміс тіпті орыс тілі сияқты тілдер де осы күнге дейін басқа тілден келген сөзді өз тілінің айтылуына бағындырып, жұтып жіберетін «темір» заңдылығын мығым сақтау арқылы әлеуетті алпауыт тілге айналып отыр екен. Бұл тілдердің орфографиялық сөздігінде «шеттілдік сөздерді жазу ережесі» деген арнайы тарауша да кездестірмейсіз. Оны олар қажетсінбейді де. Өйткені ол тілдер шеттілдік сөздерді жазуда өз сөйлеу тілінің табиғатын ғана пайдаланады, яғни кірген сөздерді тырп еткізбей, өз тілінің дыбысталуына бағындырып айтылуы бойынша ғана жазады. Яғни, кірме сөздерді фонетикалық ұстаным қағидаты бойынша жазады.

Сол себепті де бұл тілдерде төл сөзі үшін ғана ереже жасалынған. Кірме сөздер сол тілдің ережесіне амал жоқ бағынып, сол тілдің өз сөзі болып кете барады. Демек, кірме сөздерді қай тілде де бағындырып беретін – тек сөйлеу тілі. Қазақ жазу да фонетикалық ұстанымға негізделген еді бір кезде.Халел Досмұхамедовтің «Өзінің заңымен өзгертпей қазақ тілі ішіне ешбір жат сөзді алмайды, кіргізбейді. Бұл ақиқат нәрсе»-деуінің өзі сол кездегі тіліміздің кірме сөздерді игерудегі әлеуетінің қаншалықты мығым болғандығын көрсетеді. Қазақ тілінің осы «тілдік механизмін» дұрыс таныған тіл жанашырлары сол кезеңде кірме сөздерді (терминдерді) жазудың басты ұстанымы сөйлеу тіліндегі үндесім заңдылығына бағынуы қажеттігін көрсетіп, жазуда фонетикалық ұстанымды басты басшылыққа алатын өте дұрыс шешім қабылдаған еді. Нәтижеде, 1926 жылы 26 ақпан мен 5 наурыз аралығында Бакуде өткен түркітанушылардың съезінде де, 1929 жылы 2-4 маусым аралығында Қызылордадағы емле жазуына қатысты ғылыми орфографиялық конференцияда да айтыс-тартыс болғанына қарамастан, тіліміздің үндесімділік заңдылығын бәрінен жоғары қойылғанды. Соның нәтижесінде қазақ тілі кірме сөздерді адам танымастай етіп өзгертіп, өз сөзіміз етіп жібере бастады. Мысалы: обылыс партыйа , кәмійтет, калхоз, өктәбір , тырактыр нойәбір т.б. [1,2013]. Яғни бұл кезеңде тіліміздегі «сингормонизм» заңдылығы қазақтың өз сөздерінде де сөз арасында естілетін қысаң дауыстыларды (І,Ы) естілуі бойынша жазу арқылы (тұуралы, тарыйқый, шұу, жатұу, білүу, болұу, отырұу) кірме сөздерді де тіліміздің заңдылығына тастай етіп бағындыратын «тілдік механизмін» жұмыс істетіп отырғандығын көреміз. Біз осы «тілдік механизмнен» қалайша айрылып қалдық…

Кеңес үкіметі орнауымен байланысты қазақ лексикасында кірме сөздердің саны еселеп арта бастап еді. Мұның өзі жылдан-жылға артып келе жатқан орыс сөздерін табиғи меңгеруге қиындық әкеледі деген ой сол кездегі біраз ғалымдардың пікіріне негіз болды. Әрі сол кездерден бастап Кеңестік саясаттың орыс тіліне басымдық бере бастаған саясаты да қазақ жазуының біртіндеп өз заңдылығынан айрылуына әсер ете бастағанын байқаймыз. Осы кезден бастап тіліміздегі кірме сөздерді өзіне толық бағындыруда «кілт» болып отырған, тіліміздің үндесімдік заңына (сингормонизм) деген ғалымдарымыздың көзқарасы да өзгеріп «сингормонизм соншалықты тұрақты құбылыс емес, ол да өзгереді» деген сияқты пікірлер белең ала бастады. Бүгінгі күн тұрғысынан бажайлап қарасақ, мұның да бірқатар өзіндік себептерін аңғарамыз… Айта кетуіміз керек, ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы қоғамдық ғылымдар аясында әсіресе, тіл білімінде Я.Н. Маррдың «Жаңа ілім» немесе «Яфет теориясы» теориясы үстемдік құрып тұрған бір қасіретті кезең еді. Әсіресе, Яков Николавич Маррдың «Түбінде барлық тілдер құрылымдық жағынан кірігіп бір тілге айналады»,«тілдердің құрылымдық дамуының ең жоғарғы сатысы флективті тілдер» деген секілді идеясы Кеңес үкіметінің ұлттық тілдерді ұлы орыс тілінің айналасына бірегейлендіру саясатына сәйкес келді. Мұның өзі бұл идеяны сол кезеңдегі құндылығын шарықтатып, тіл ғылымы ғана емес, бүкіл қоғамдық ғылымдардың дамуының бас ұранына айналдырғандығын бүгінде анық көріп отырмыз. Міне, осындай науқан кезеңінде біздің тілші ғалымдарымыз да бұл ұранның шырмауына ілікпей қала алмағаны анық. Тарихтағы осы бір кезеңнің келбеті сол кезеңде енді қалыптасып жатқан жазу теориясының басты қағидаларындағы сыңаржақ пікірлердің қалыптасуына да әсер етпей қалмағаны анық. Мысалы осы жылдарда (1928-1930жж) Ленинградтың Шығыстану институтынан білім алып келген Қ.Жұбанов та осы Я.Н.Маррдың талай дәрістерімен сусындаған жылдар еді. Бұл жылдардағы алған білімі Қ.Жұбановтың кейінгі лингвистикалық ой-пікірлеріне мықтап әсер еткендігін бірқатар мақалаларынан көреміз.

Ол жайында бірталай ойлар айтуымызға болады. Бірақ, мақала аясынан алшақтамау мақсатында тек ғалымның жазу теориясына қатысты ойларына ғана тоқталғалы отырмыз. Айталық, Қ.Жұбанов бұл жылдары өз замандастары сияқты Я.Н.Маррдың «тілдердің кірігуі» идеясын қуана қолдады. Мысалы, ғалымның жазу арқылы тілдерді біріктіруге болатындығын айтқан мына бір пікірлеріне назар аударайық: «Мұнан былай, жазу бұқарашылданған соң, тiлдi бiрiктiруге болады. Адам деген белсендi жануар, адам өз тұрмысын да, тiлiн де өзгерте алады. Бiрақ жалғыз жазумен емес, түрлi шаруашылық-әлеуметтiк шарттар арқылы өзгерте алады. Ол шарттар түрiк тiлдерi түгiл барлық адам баласының тiлдерiн бiрiктiруi де мүмкiн»-дейді Қ.Жұбанов[2.131]. Сол сияқты Я.Н.Маррдың «Тілдердің сатылай дамуы» теориясына сүйене отырып: «Мен қопармалы тіл жалғамалы тілден жетіліңкірек екеніне қосылам»- деген секілді пікірлері ғалымның кірме сөздерді игеруде кілт болып отырған үндесу заңдылығын яғни сингормонизм заңдылығын да қайта қарап, оны түркі тілдері үшін де тұрақты құбылыс емес деген ойға алып келген сияқты. Мұның өзі ғалымның кірме сөздерді орыс тіліне барынша жақындатып, өзгертпей жазу керек деген пікір айтуына негіз болса керек. Мысалы, Құдайберген Жұбанов 1929 жылғы Қызылорда конференциясында қазақ тілінің сингормонизм заңдылығын алға тарта бермей, халықаралық терминдер мен советизмдерді өзгертпей алу керектігін ашып айтады:• «При этом следует совершенно игнорировать теоретизированные законы сингармонизма из расчета, что сингармонизм – не такая постоянная категория в казахском языке, что международные термины и советизмы одолеют эту преграду не хуже арабских слов: qudret, qьzmet, qasiet, qurriet и т.д.».(Қ.Жұбановтың 1929ж Қызылорда конференциясында сөйлеген сөзі)Ғалымның бұл сөзінен біз оның кейінгі жылдарда жиі көтерген «И,У дыбыстарын дара дыбыс ретінде беру керек» деген пікірін қалыптастыруына негіз болуы мүмкін екендігін де байқаймыз. Мысалы, ол 1935 жылы жазылған «Қосар ма, дара ма» деген мақаласында бұл дыбыстардың грузин, француз сияқты басқа да тілдерде бір кездерде қосар болғанымен бүгінде кірігіп, бір дыбысқа айналып кеткендігі жайлы тағы да Н.Я.Маррдың пікіріне сүйенгенін анық көреміз: «Мұндай дыбыстаpды қосаp әpiппен таңбалау, байқасақ, ел-елдiң бәpiнде де болған екен. Ескi гpек емлесiнде ұу дыбысын оу әpiптеpiмен таңбалау болса, мұны ескi гpузин әлiппесiнде де көpемiз. Осы күнгi гpузин әлiппесiндегi ұу әpпi даpа әpiп. Бipақ бұл даpа әpiп ескi гpузиннiң шеpкеу әлiппесiндегi о әpпi мен у әpпiнен қосылып жасалыпты»-дейді ғалым Маррдың «Гpамматика дpевнегpузинского языка» деген еңбегіне сілтеу жасай отырып[2.134].

Ағылшын, француз, армян сияқты тілдерде бұл дыбыстарды қосар таңбалағандарымен дыбыстауда олардың кірігіп кеткендігінен, жазу мен сөйлеудің арасында алшақтық қалыптасқандығын алға тартқан ғалым, бұл дыбыстардың орыс, грузин сияқты тілдерде дара әріпке айналғандығын айта келіп: «қосар әріптің алдағы тағдыры осы, оны қанша сүйрете бергенмен дыбыстың қосарлығын сақтап қалмақ емес»- деп түйіндеуінде де осы тілдердің Н.Я. Марр көрсеткен «кірігу» «фузиялану» идеясының жатқандығын анық байқауға болады деп ойлаймыз. Н.Я. Маррдың ұстанымы бұл кезеңдегі барлық қазақ тілші ғалымдарының лингвистикалық зерттеулеріне әсер еткені белгілі. Мысалы, әліпби мен емлені орыс тілінің заңдылығына жақындатып жазуға көшу жайлы, бұл арада тіліміздің сингормонизм заңдылығын алға тарта берудің қажет еместігі жайлы ойларды Сәрсен Аманжолов та осы кезден бастап жиі айта бастады. Ғалым тіпті қазақ тілінің сингормонизм заңдылығына бағынатындығына дүдәмәлмен қарап“Социалистік Қазақстан” (1933 жылы) газетіне жариялаған мақаласында:• “Қазақ тілінің сингармонизм заңына бағынатындығы бұлай тұрсын, қазақтың ежелгі сөздерінің талайы дыбыс жүйелі принципке бағынбайтын еді. Мысалы: tuz+cь, ag+cь, bas+сь, gel+bau,gьzmet+ker, gazdь+gun” -дей келе: « ендігі жерде қосар ый, ій, ұу, үу дыбыстары і, и таңбалары арқылы беріледі»- деген ой айтады[3].Тіпті ғалым Терминдерді орыс тілі арқылы игеру керек екендігін айта келіп: «1929 жылы емлені жасаған Т.Шонанұлы, Е.Омаровтардың шет сөздерді өз тілімізге бейімдеп қабылдайық деген ниеті олардың алашордашылдық ниеттерінен туындаған»-деп жазғырады. Ғалым осы мақаласындаәліпбиде дара и, у таңбаларының жоқтығы салдарынан жазуда үнемдеу принципінің сақталмай отырғандығының дәлелі ретінде жекелеген шет сөздердің жазуда тұрқы ұзарып, миссисипи, миссури сияқты сөздердің mijssijsijpij, mijssуvrij деп 6, 7 әріптің орнына, 13-9 әріпке дейін жазылып жүргендігін алға тартады.

Оның басты себебі ретінде жазудың фонетикалық ұстанымға негізделгені дұрыс еместігіайтылады: «Соның салдарынан кірме сөздердің әртүрлі орфограммалануы (кило-келі, динамо-динамы, бюро-бюра) деп жазылуы сол сияқты сөз ішінде екі дауысты дыбыс қатар келмейді деп, зоология, биология, театр сөздерінің орынан зологыйа, быйалогыйа, тыйатыр, аптаномыйа, апсалұут болып таңбаланды»- деп айыптайды С.Аманжолов[3]. Міне, біртіндеп, біздің лингвист ғалымдарымыз біртіндеп үндіевропа тілдеріндегі «үнемдеп жазу» ұстанымын алға тарта отырып, тіліміздегі сөз арасында дауыссыздармен селбесе естілетін дауыстыларды жазудан бас тарта бастайды. Осылайша, «үнемдеп жазуға» ұмтылыстың астарында тіліміздегі «ҰУ», «ІИ» «ЫУ», «ЫИ» дыбыстарының ығыстырылуының астарында орыс тілінің «кірігу, фузиялану» заңдылығына жақындай түсу саясаты жатқандығын байқауымызға болатын сияқты. Ал, мұның өзі тіліміздің «кірме сөздерді» табиғи игеруінің нағыз «кілті» болғандығын бүгінде тек өкінішпен еске алуға мәжбүрміз. Міне осылайша «түп нұсқаға жақындық» принципіне сәйкес алынған емле баптары 1938 жылдан бастап жүйелі түрде іске асырыла бастады. Ал, енді 1940 жылдан бастап, қазақ жазуының кирилл жазуына көшірілуі, орыс әріптерінің енгізілуі, 1957жылғы қабылданған емле ережесі бойынша «оңтайландырып жазу» үрдісінің жолға қойылуы, яғни И,У таңбаларының таратылмай жазылуы, сөз басындағы, сөз арасындағы қысаң дауыстыларды үрдісі тіліміздің сингормонизм заңдылығының кірме сөздерге жүргізетін билігіне біржолата тосқауыл қойды.Кірме сөздерді табиғи игеру мәселесіне қатысты Қ.Кемеңгерұлы сол ғасыр басындағы кезеңнің өзінде «…кірме сөздердің “тасқыны” оларды өте аз уақытта табиғи түрде игеруге мүмкіндік бермейді»- деген қорқынышын айтқан екен. Яғни, ғалым көптеп келе бастаған орыс сөздері тіліміздің сингормонизм заңдылығын қалайда әлсірететінін орынды байқаған. Мұхтар Әуезов те бұл орайда «…орыс тілі арқылы қазақ тіліне енген сөздермен қоса дыбыстық ерекшеліктер де бірге келеді.Бұл ерекшеліктердің артикуляциялық даму туғызуына қазіргі күнде конкретті жағдайлар жасалды»-деген үрейін білдіріпті [4,113].

Сол сияқты белгілі ғалым М.Балақаев: «Қазақ тіліне енген жаңа термин сөздермен бірге «ист», «изм» сияқты қосымшалар, кейбір дыбыстар, мысалы ф, х, ц, в, ч, жєне жаңа буын түрлері енді. Бұрын сөз басында г, р, л, и сөз аяғында в, д, ж, г айтылмайды, екпін тек соңғы буынға түседі дейтін, кезінде дұрыс ережелер де, ертедегі кейбір түркологтардың «өзгерілмейтін темір заңы» дейтін үндестік заңы да өзгеріске ұшырады» – деп тіліміздің жазу арқылы сөйлеуіміздің де орыстанғандығын мысқылдай сөз етіпті[5.54]. Осылайша, бүгінгі сөйлеу тіліміздің бір кездегі кирилл жүйесіне негізделген емле ережелерін жазуға енгізілуінің нәтижесінде қалыптасқан бүгінгі қазақтың дыбыстау органдарында қалыптасқан акустикалы-артикуляциялық ерекшеліктеріміздің әбден тілімізге сіңісті болып, қазіргі сөйлеу тілін нормаландырып үлгерді. Дей тұрғанымызбен жазу теориясымен айналысып жүрген ғалымдарымыздың бірқатары орыс тілінің жазу теориясы арқылы келіп қалыптасқан «үнемдеп жазу» ұстанымын әлі де басты қағидаға алу керек деген ойда қалып отыр. Бір қарағанда, ода тұрған не бар деуге де болушы да еді. Алайда, өз тілінің табиғатын жоғалтқан тіл, шеттен келген сөздерді де игере алмай отырғанын қайда қоямыз. Соның салдарынан, бір тілдің табиғатынан екі түрлі (төл сөздерге, кірме сөздерге ) жазу ережесін шығарып отырмыз. Төл сөздерге бөлек, кірме сөздерге бөлек ереже жасау-ол әлі сол басқа тілдің шылауында жүргеніміздің, тәуелсіздігіміздің басты көрінісі екендігін мойындауымыз керек. Емле ережелерімізде кірме сөздердің жазылуына арнайы ережелер ойластырып әлек болып келеміз. Термин сөздерді дұрыс жазудың дауы да шешімін табар емес. Демек, жазу емле ережесін жасауда басты билікті әлі де сол қазақтың жалпақ сөйлеу тіліне беруіміз керек. Кірме сөздерді сөйлеу тілі қалай игереді, сол күйінде жазуға ұмтылғанымыз дұрыс. Яғни, жазудағы басты ұстаным-фонетикалық ұстаным деген 1929 жылғы ережеге қайта оралуымыз қажет. Кірме сөздерді игеріп жазуды ойдан шығаруға болмайды. Кірме сөздерді игеретін тек қана тілдің ішкі табиғаты ғана. Тілдің сол ішкі табиғатына мүмкіндік берейік.

Кезінде Қ.Жұбановтың өзі де қазақ жазуы үшін морфологиялық принцип пен фонетикалық принциптің арасын салмақтай келе «… решающую роль играет природа того языка, для которого вырабатывается орфография,…а природа нашего языка сама по себе говорит, что у нас орфография должна быть построена на фонетической основе…» деп босқа айтпаса керек. Қазақ жазуындағы фонетикалық принциптің жетекші ролін мойындамау-жазудағы үндестік заңының сақталуын әлсіретуге әкелді. Дегенмен, сингормонизм қаншалықты әлсірегенімен де, әлі де мүлде жоғалып кеткен жоқ. Олай болса, төл сөз үшін де, кірме сөз үшін де бір ғана емле ережесін жасауымыз керек. Олай етпеген жағдайда, әліпбидегі кирилл таңбаларын шығару арқылы ғана өзге тілдің шылауынан құтылуымыз мүмкін емес.

Қаламқас Қалыбаева,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, ф.ғ.д.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *