ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ ТАРИХЫНАН КЕЙБІР МӘЛІМЕТТЕР (1929-1940 жылдардағы тілдік жағдаят)

А. Байтұрсынұлының өзі ұсынған көп жылдар бойы қазақ даласына сауаттылықтың өріс алып, қанат жаюына себеп болған төте жазуында 24 әріп, бір дәйекші болғаны қазіргі қауымға белгілі.Кейіннен қазақ мәдениеті тарихында «әліпби айтысы» атауымен аталған тарихи жағдай кезінде осы жазуды жақтаушылар А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Е. Омаров, Қ. Кемеңгерұлы, А. Байтасұлы, І. Ахметұлы, М. Бұралқыұлы, П. Ғалымжанұлы болса, кезекті тарих сахнасына шыққан латын әліпбиін қолдаушылардың қатарында Ә. Байділдаұлы, Т. Шоқанұлы, Н. Төреқұлов, О. Жандосұлы, М. Жолдыбаев, І. Қайменұлы сияқты зиялылар болды. Сол айтыста: «Араб графикасының кемшіліктері ретінде бір дыбыстың сөздің басы, ортасы, аяғында бірнеше түрлі таңбалануын, оңнан солға жазудың қиындығын, оңнан жазып келе жатып цифрларды солға қарай жазу қажеттілігін, нотаны араб қарпімен жазудың ыңғайсыздығын, техника мен ғылыми кітаптардың латын тілді болатындығын, араб алфавитінің шығыны көптігін т.б. келтірді.«Бірақ 1926 жылғы Түркологиялық съездегі «әліпби айтысынан» кейін көп жылдар бойы қазақтың рухани өмірінде ерекше рөл атқарған «А. Байтұрсынов алфавиті» қоғам өмірінен ығыстырыла бастады. Себебі, КСРО-ның саяси жүйесі әлем қолданып жүрген алфавитке, яғни латынға көшуді міндеттеді. Байтұрсынұлын жақтаушылар азшылық болып қалды. Жақтағандар көп болған күннің өзінде саяси жүйенің мақсаты бөлек, көздегені басқа болғандықтан, оның графикасының тағдыры алдын ала шешіліп қойылған еді» [1, 154 б.].А. Байтұрсынұлының төте жазуын жанын сала жақтағанын, «12-13 жыл бойы қолданылып, орнығып қалған, қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып өзгертілген, ресми түрде қабылданған алфавиттің қазақ мәдениеті мұқтаждығын толық өтеп отырғандығын, оның дыбыс әдісімен оқыту ісіне айтарлықтай қолайлы болып шыққандығын, полиграфиялық мүмкіншіліктері жағынан да, экономикалық тиімділіктер тұрғысынан да бұрынғы алфавитті сақтау пайдалырақ екендігін айтып, дәлелдегенін» Р. Сыздық өз зерттеулерінде айқын көрсетеді [2, 24-28 бб.].Алайда латын графикасына көшуді үкімет орындары белсене қолдағандықтан, съезд латын жазуына көшуді ұсынады, сөйтіп 1929 жылы 24-қаңтарда Қазақстан Орталық Кеңес комитеті президиумы мен халық Комиссарлар кеңесінің «Жаңа алфавит туралы» қаулысы шықты. Жаңа әліпби ұсынылды. Бұл әліпбиде 29 әріп болды. «Осыдан сәл кейінірек, 1929 жылдан бастап, КСРО территориясында араб алфавитін қолдануды мүлдем тоқтату туралы Совет өкіметінің жарлығы күшіне енді. Өйткені, араб алфавиті КСРО-ның өзге республикаларынан мұсылман республикаларын бөліп тастайды деген қауіп бас көтерген еді.Осы жылдардан бастап, А. Байтұрсынұлының басына қауіп төнді, оның оқытушылық-ағартушылық қызметі де тоқтады, нағыз қуғындау басталды» [1, 155 б.].

Ал латын әліпбиін жақтап, іске қосылуына кіріскендердің қатарында Ә. Байділдаұлы, Т. Шонанұлы, І. Ақметұлы т.б. болды. Әліпби мәселесі көтерілген съезде «Мәскеу жастары латын туралы», яғни Мәскеудегі қазақ оқушыларының ұйымынан және «Өлкелік латыншылар бұйрасына» Қостанай қара шекпен мектебінің оқушы жастары атынан сөз айтылды. Олардың бәрі де латынға көшуге байланысты үкіметтің шешімін қолдау мен көмектесу жайына арналды. Бұл пікірталаста «…латын әрпінің араб әрпінен пайдасы көш ілгері, араб әрпі мектептерімізге, баспа істерімізге көп кемшілік, қиындықтар туғызып, адымды аштырмай отырғаны, мәдениет, саясат, шаруа жүзінде араб әрпі осы күнгі қазақ еңбекшілерінің керегіне жауап бере алмайтыны… ескіліктің салдары» …екені айтылды [3, 100-102 бб.]. Латын әліпбиін «түрікмен, азербайжан, өзбек, қырғыз, башқұрт жана басқа жұрттар тексеріп, дұрыс деп біліп, белсене кіріскені, …әр жердегі латын ұйымшасын ашып, осы бастан үйрене беруіміз қажет деп, Мәскеудегі қазақ оқушылары басқа жердегі қазақтың саналы еңбекші, оқушы жастарын шақырып, осыны іс-жүзіне шығаруға күш көрсетулерін борыш санайтындарын» айтты [3, 100-102 бб.]. Ал Қостанайдағы қара шекпен мектебінің оқушылары «Шын көңілден ортақшылық (коммунистік) сәлемімізді жіберіп: «Өркендесін жаңа әліппе» деп бір ауыздан айтамыз» деп жар салды [3, 103 бб.]. Съезд латынды оқу-жазу ісіне ақырындап енгізе беруді, ол үшін «түрліше» латыншылдар үйірмесін ашуды қолдауды, латынның араб әрпінен артықтығын түсіндіруді міндеттейтін төрт баптан тұратын қаулы қабылдады. 1930 жылдардың ішінде газет, журналдарда алфавит және емле жобаларын ұсынған көпшілік талқысына салу мақсатында ой-пікірлер айтқан мақалалар көп жарияланды. «Әсіресе, өз кезінде Ж. Аймауытов, Қабылов, С. Аманжолов, Ш. Сарыбаев пен Т. Жиенғалиев, Ж. Досқараев, Қ. Жұбанов т.б. емлені жетілдіруде талқыға салу үшін өз жобаларын ұсынды. Тек «Бас әріп керек пе?» деген мәселенің төңірегінде ғана оннан астам мақала жарияланыпты», – дейді Б. Әбілқасымов [4, 3 б.]. Қазақ жазуының тарихымен айналысқан зерттеуші Қ.Күдеринова «Тұрақты емлесі жоқ жазу айналасы отыз жылдың ішінде 3 дүркін ауыстырылды (1912, 1929, 1940). Бірнеше рет емле ережелеріне реформа жасалды, алғашқы емле ережесі 1940 жылы жобаланып, 1957 жылы 5- маусымда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен бекітілуге дейін бүкіл филолог мамандар мен мектеп мұғалімдерінің, оқытушылардың, қалың көпшіліктің талқысына түсті», – деп атап көрсетеді [5, 162 б.].Сөйтіп Ұлы Отан соғысының алдындағы жылдары латын әліпбиінің тағдыры да бірте-бірте жоспарлы түрде шешіле бастаған-ды. Ол үшін 1941 жылы шығып тұрған газеттерде Жаңа емлені (кириллицаны) таныстыру, оның жақсы жақтарына көбірек көңіл аударту жағын ойластырған танымдық мақалалар жариялана бастады. Бұл мақалаларда кирилл жазуының артықшылықтарын анықтап айту, анықтап көрсету, жан-жақты түсіндіру басты мақсат етіп қойылды. Ал алфавитті қабылдауға қарсы көзқарастардың көзге ілінбей, кирилл алфавитіне көшуді жоспарлы жүргізген совет үкіметі алдына қойған мақсатына көп кедергісіз қол жеткізеді. Оны 1941 жылғы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған Қазақ ССР жоғарғы Советі Президиуымының Указынан анық көруге болады: Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы1941 жылғы 1 сентябрьден бастап, орталау және орта қазақ мектептерінде, педагогика ВУЗдарында және Қазақ ССр Оқу халық комиссариатының училищелерінде кейбір пәндерді қазақтың жаңа алфавитімен оқытатын болу туралыҚазақ ССР-ның Оқу халық Комиссариатына 1941 жылғы 1 сентябрден бастап ор-талау және орта қазақ мектептерінің Ү-Х кластарында, педагогика училищелері мен ВУЗдарында кейбір пәндерді, сонымен қатар орталау және орта орыс мектептерінің Ү кластарында қазақ тілін қазақтың жаңа алфавитімен оқытуға рұқсат етілсін.Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы Председателінің орынбасары И. ЛукьянецҚазақ ССР Жоғарғы Советі Президиуымының секретарі үшін – Жоғарғы Совет Президиуымының мүшесі – Қ. Байұзақов Алматы қаласы, 18 август 1941 жыл [6, 65-68 бб.]. Орыс графикасы негізіндегі қазақтың жаңа алфавиті мен орфографиясының жобасы СССР Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалының қазақ тілі секторында С.А. Аманжоловтың басшылығымен жасалып, ғалым авторлығымен 1940 жылы латын графикасымен емле ережелері жарық көреді. Солардың бірі – орыс тілінен енген сөздердің түпнұсқалық түрін бұзбай жазуды басшылыққа алынудың ұсынылуы. Мысалы, газет емес газета түрінде жазылу қадағаланды. Орыс тіліндегіьбелгісін сақтау принципін ұстау және иуқосар дыбысының ю-мен жазылуын жолға қою мақсаты көзделді. Әсіресе күрделі сөздерді бірге таңбалау (бүгінгі күні де актуалды болып отырған мәселе) ұсынылды т.б. Ал осы емле ережелерінің ресми нұсқасы 1953 жылы газеттерде жарияланып, көпшіліктің талқылауына ұсынылды. Әрине, 1940 жылғы емле ережелерінің жобасындағы басты ұстанымдары және негізгі қағидалары жазба мәтіндерде сақталғаны түсінікті. 1940 жылғы қарашада Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесіне жаңа әліпби жобасын ұсынды [7, 248 б.].С. Аманжолов әзірлеген орыс графикасына негізделген қазақ әліппесі мен орфографиясының жобасы 1940 жылы қарашада республика Жоғарғы Кеңесі тарапынан қабылданды. Кейіннен осы алфавитке қатысты мәселенің басы-қасында жүрген профессор С. Аманжоловтың «Орыс алфавитіне негізделген қазақтың жаңа алфавиті мен орфографиясы» деген еңбегі жарық көрді. Ғалымның «Орыс алфавитіне негізделген қазақтың жаңа алфавиті мен орфографиясы» деген еңбегі екі тілде, қазақ және орыс тілдерінде, жеке кітапшалар болып басылып шықты. Жаңа алфавитке көшудің себебі, мақсаты мен принциптері, қазіргі қазақ орфографиясының негізгі ережелері осы еңбекте барынша тұжырымдалды: «Қазақ тілі қай жағынан болса да, бұдан 10-20 жыл бұрынғысынан әлде қайда өсті. Өйткені қазақ елі де, СССР-дағы бұрынғы артта қалған елдермен бірге ұлы орыс пролетариатының көмегі арқасында, коммунистік партияның басшылығы арқасында қоғамдық формация жағынан капитализмді аттап өтіп, социализмге жетіп отыр» [7, 254 б.]. Профессор С. Аманжоловтың әліпби мәселесіне деген сыни көзқарасы да еңбектерінде көрінеді: «Феодализм дәуірінің тілі капитализм дәуіріне сәйкес емес болып қалғаны сияқты, капитализм дәуіріне дәл шақ келген тіл социализм дәуіріне шақ келмек емес. Тіл дегенде, біз жеке сөзді, сөйлемді ғана алып қоймаймыз, дыбыстарды да еске аламыз. Өйткені сөздің материалы – дыбыс….Сөз жоқ, араб әліппесіне қарағанда, латын әліппесі баспасөзімізді, оқу-ағарту ісімізді әлдеқайда тез алға бастырды. Бірақ 11 жыл қолдану тәжрибесі оның да өрісінің тар, икемі аз екендігін айқын көрсетіп отыр. Мұның негізгі кемшілігі:1. Жаңа сөздерді, терминдерді орысшасындай (өйткені СССР-дегі барлық халықаралық, интернационалдық сөздерді орыс тілі арқылы аламыз), жаза алмауымыздың (мысалы, орыстың ц, щ, ч, я, ю, ь, ъ дыбыстарын дұрыс беру үшін, әрқайсысына екі, үш ереже керек болады) айқындалуында;2. Сонымен қатар, орфографиялық (емлелік) ережелеріміздің көптігінде;3. Орыс әліппесіне кей әріптеріміздің (р, п, с, r) ұқсас болып, балаларды шатыстыруында. Мұның аты не деген сөз? Мұның аты – алфавитіміз өскен әдеби тіліміздің қасиетін өтей алмайды деген сөз» [7, 253-256 бб.]. Аталған еңбегінде ғалым әліпби тарихына тоқтала келіп, араб жазуының кемшін жақтарын, ыңғайсыздығын, қиындығын, диакритикалық белгілердің көптігін, таңбалар санын көбейткен сайын әліпбидің қолайсызданып, оңайламай отырғанына тоқталады. «Осы жазғы тұрым орталық жаңа әліппе комитеті барлық ұлттарға өзіндегі q, o, ә, у, ь, өәріптерін алып тастауды ұсынды. Олардың кеміс бөгеті, қолайсыздығы көп. Бірақ мұны ұсыну алдында Жаңа әліпби комитеті әр ұлттың ерекшелігімен санаспағандығы көрініп тұр», – дейді. – Орыста q, ө әрпі жоқ екені рас, оларға ол әріптерді үйрету де қиын екені рас. Бірақ орыста жоқты жойып, ұлт тіліне балта шабуға бола ма? Әрине, оның бәрі еске алынбауы белгілі мөлшерде «солшылдыққа» жатады», – деп, ашына жазды 7, 253-256 бб.]. Өткен ғасырдың 30-40 жылдарындағы әдістеме проблемаларымен айналысқан белгілі ғалымдардың бірі Сейіл Жиенбаев емле, емлелік ережелер турасында: «Диктантты емлеге жатықтыру үшін жаздыратын болғандықтан, бұл жерде емле туралы да айтылу керек. Емле грамматиканың морфологиялық бөліміне негізделеді. Синтаксистің емлесі – тек тыныс белгілері. Мысалы сөз таптарын алсақ, олардың әр қайсысының жеке бастарына байланысты емле ережелері бірінде артық, бірінде кем. Сөздің өзгеруі есім сөздің тәуелденіп, септелуі мен етістік сөздің жіктелуі. Қазақ тілінде септеу атаулының бәрінің принципі бар. Жіктеудің де емлесі бірдей. Үстеулеріміз де орыстың «наречие» сі сыяқты өзгеше емлеге ие болмайды. Сонда біздің емленің негізгі грамматиканың фонетика бөлімі мен сөз тұлғасы деген бөліміне байланысты. Қазақ тілінің емлесін үйретем дегенде фонетика мен сөз тұлғасына көбірек тоқталып өту керек. Морфология курсының алдыңғы бөлімдерінің, соңғы бөлімдерінің арасында емле жағынан көп айырмашылық жоқ», – деп пікір білдіреді [8, 80 б.]. Емле мен фонетика, емле мен морфология (принциптер) арасындағы сабақтастықтың зор екені сол кездерде белгілі болған. «Жазу емлесі негізінде грамматикаға сүйенеді, – дейді С. Жиенбаев тағы бір пікірінде, – Мысалы, орыстың лучше, солнце сияқты сөздерінің бұлай жазылу себебін грамматикаға сүйеніп дәлелдей қою қыйын, олар тек осылайша жазылып орнығып кеткен сөздер», – деп түйеді [8, 80 б.]. Орнықтыру немесе орнығу,дағдыға айналдыру да жазу практикасында қолданыста бар әдіс болғанын зиялылар сол кездерде-ақ мойындаған.Қазіргі күн тұрғысынан қарағанда біраз емлелік және фонетикалық ерекшеліктердің жазба материалдардың бәрінде орын алуының бірнеше себептері болды. Ең алдымен, «Әліппе мәселесі де, емле, термин мәселесі де қазіргі жазылып жатқан тұрақты оқу кітаптарының алдынан бір рет мықтап қаралуы керек еді, өзгерістерді бұл кітаптармен бірге жіберу керек еді. Олай болмады. Мәселенің шешімі ұзаққа кетті. Бірақ шешіледі. Сондықтан біздің әліппеміз туралы тоқтамды келер жылдары тиянақты, тұрақты етуіміз керек. Оған осы бастан дайындалуға тиіспіз», – деген С. Аманжоловтың [7, 254 б.] бұл тақырыпқа арналған лекциялары, негізгі ойлары мен пікірлері 1940-1949 жылдары «Халық мұғалімі» атты ғылыми-педагогикалық журналда жарияланып, емле ережелері көпшіліктің талқысына ұсынылады. Дәл осындай көпшілік талқысына ұсыну жұмыстары қазіргі латыннегізді жазуға көшу кезінде де жүріп жатыр.

Бағдан Момынова А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері,ф.ғ.д.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *