Қазақ тілін латын графикасына көшіру мәселесімен Тіл білімі институты 90-жылдардан бері шұғылданып жүр. Менің алғашқы мақалам 1998 жылы «Караван» газетінде шығыпты. Сондықтан латын графикасына көшкен еуропа және түркі тілдерінің тәжірибесі жан-жақты зерттелген болатын: кай ел қалай көшті, қандай кемшіліктер болды. Латыннегізді жобаны ұсынғанда, оның ғылыми негізі білу керек, тілдің тарихын, оның диалектикалық дамуын ескеру қажет. Дыбыс пен әріптің қарым-қатынасын анықтау керек. Барлық тілдерде ортақ бірнеше әмбебап ережелер бар: әліпбиіндегі әр таңбасының өзіндік мағынасы болуы керек және ол басқа таңбалардан ерекшеленуі тиіс, әліпбиде қосымша әріптер болмауы керек, олардың функциялары басқа таңбалармен қайталанбау керек, ұлттық емле тілдің табиғатына сәйкес болуы керек және басқа тілдердің ережелерін өз тіліне бейімдеуге болмайды. Жазбаша және ауызша сөйлеу формалары арасындағы нақты арақатынас емле ережелер арқылы және ұлттық әліпби негізінде белгіленеді. Әріп дыбыстың (фонеманың) таңбасы. Әріп фонеманың таңбасы болғанымен, оның тілдегі дыбыстардың санымен бірдей болуы шарт емес. Еуропа тілдерінің фонетикалық жүйесі жақсы дамыған. Бір әріп бірнеше фонеманы таңбалайды. Әріптер дыбыстарға дәлме-дәл сәйкес келуі мүмкін емес. Мысалы дамыған француз және ағылшын тілдерінде 35, 44 фонема бар. Бұл фонемалар 26 латын әрпімен беріледі. Оның себебі неде?
Әр тілдің фонетикалық құрылымның дамуы оның жетілген дыбыс жүйесінің нәтижесі болып табылады. Әр тілдің фонетикалық жүйесі даму үстінде. Оған сыртқы және ішкі фактілер әсер етеді. Сыртқы фактілер: жаңа фонемалар жаңа ұғымымен, терминологиямен толығады және көршілес мәдениет пен өркениеттің ықпалымен байиды. Ішкі фактілер – ол тілдің өзіндік заңдылықтары, фонологизация құбылыстары. Фонеманың аллофондары тәуелді позициясынан айырылып, дербес фонемаға айналады. Жаңадан пайда болған фонемаларды таңбалау керек. Оның екі тәсілі бар: диграф және диакритикалық таңбалар арқылы. Жазуы ертерек қалыптасқан тілдерде диакритикалық таңбалар, диграфтар әліпбидің құрамына кірмеген: итальян, француз, ағылшын тілдері. Олар тек жазуда пайдаланады. Жазуы кейінірек қалыптасқан тілдерде диграф, әсіресе диакритикалық таңбалар әліпбидің құрамына кірген. Сондықтан шығыс еуропа тілдеріндегі әріптердің саны 30-40 арасында. Неміс тілінің әліпбиі 30 әріпті қамтиды. 26 әріпке 3 умлаутпен жасалған (ä, ö, ü) әріптер және бір лигатура қосылған. Скандинав (швед, фин, норвеж) тілдерінде 29 әріп. Румын, молдован тілдерінде 31 әріп, поляк, литва, эстон тілдерінде 32 әріп, латыш тілінде 33 әріп, венгр, чех тілдерінде 40-42 әріп бар. Әр тіл өзінің фонетикалық жүйесіне сайкес диакритикалық таңбаларды пайдаланады. Диакритикалық таңбалардың өз қызметі болады. «Умлаут» дауысты дыбыстардың жіңішкелігін көрсетеді. «Седиль» ызың дауыссыздардың қасиетін көрсету үшін пайдала-нады. «Бревис» дауыссыздардың, ал «макрон», «тильда», «трема» дауысты дыбыстардың ерекшелігін көрсетеді. 2018 жылдың 18 ақпанында латыннегізді жаңа қазақ әліпбиі бекітілді. Қазақ тілінің ұлттық дыбыстары «акут» арқылы белгіленді. Акут дегеніміз әріпүсті диакритикалық белгі. Диакритикалық белгілер латын әріптерінің негізгі дыбыстық мағынасын түсіндіру немесе өзгерту үшін еуропалық және түркі тілдерінде кеңінен қолданылады. Жаңа әліпби 32 әріптен тұрады, соның ішінде 6 әріп акутпен таңбаланған және екі диграф (sh, ch) бар. Бекітілген әліпбиінде ұлттық дыбыстар акут диакритикалық таңбамен берілген. Ғалымдардың пікірі бойынша, осы әліпбиге кейбір өзгерістер енгізу керек.1) І мен Й, И дыбыстарын беретін таңбаларды өзара алмастыру және и-дің бас әрпін нүкте арқылы /İ/ түрінде таңбалау ұсынылады: İnstitut, universiada, respublika, ministrlik, kino, jinalys; bilık, Irımşık, ızgılık, kırıspe, bılım.
Себебі І дыбысы Й, И қарағанда қазақ сөздерде жиі кездеседі, сондықтан әріпүсті ноқаттар көбейіп кетеді. Ал түркі тілінің және жалпы түрік әліпбиінің тәжірибесі бойынша І ноқатсыз ұлттық дыбыстарды таңбалауда қолданылады, мысалы, Istanbul. 2) У дыбысын U таңбасымен беру ұсынылады: Universitet, turizm, magistratura, juu, qaru, beru, quu. Сонда халықаралық сөздер барлық тілдерінде бірдей жазылады, ал қазақ сөздерінде базалық норма сақталады.3) Ұ дыбысын Ū таңбасымен беру ұсынылады: Ūsynys, jūrnaq, maǵlūmat, qurylys. Дыбыстық жағынанөзара ұқсас таңбаларды әліпбиде қатар орналастырған дұрыс. Сонда /U/, /Ū/, /Ú / таңбалары оңай танылып, қабылданады және «кирил жазуындағы Ұ әрпінің ортасындағы сызық латында осы дыбысты таңбалайтын әріптің үстінен қойылады» деп ассоциация арқылы үйрету /Ū/ графемасын тез танып, жазуға септігін тигізеді.4) Ш (Sh) дыбысын седиль таңбасымен (Ş) беру ұсынылады: Şańyraq, qaşyqtyq, alaş, úşınşı, şeşım. Седиль диакритикалық таңба еуропа және түркі тілдерінде жиі кездеседі және ызың (жуысыңқы) дауыссыздардың ерекшелігін белгілеу үшін пайдаланады. Shдиграф екі түрлі оқылып, шатасу тудырады, мысалы, shema (шема/схема), sholast (шоласт/схоласт), ashana (ашана/асхана), Еshil (Эсхил, Эшил), Ashat (Ашат/Асхат). Сонымен бірге қазақ тіліндегі «бір дыбыс – бір таңба» принципін сақтауға да мүмкіндік туады.5) СҺ (Ч) таңбасын әліпбиден алып тастау ұсынылады, себебі Ч дыбысы қазақ тілінің төл сөздерінде кездеспейді және әліпбиідің базасында С әрпі жоқ. Сондай-ақ біраздан бері Шымкент, Шамалған деп жазамыз да айтамыз. 6) Ғ дыбысын бревис диакритикасы арқылы Ğ таңбасымен беру ұсынынылады: ğaryś, jaŋğyru, ğylym. Еуропа және түркі халықтарының әліпбиінде бұл белгі негізінен қысқа дыбыстарды таңбалау үшін қолданылады және UNICODE жүйесінде бар. 7) Ң дыбысын халықаралық фонетикалық әліпбиде бар Ŋ (энг) таңбасымен беру ұсынылады. Мысалы: aŋşy, jaŋbyr, köleŋke. Бұл белгі кирилнегізді қазақ әліпбиіндегі Ң графикасына ұқсас болғандықтан тез дағдыландырады, әріпүсті таңбаларын көбейтпейді және қолды үзбей жазуға ыңғайлы.«Акут» диакритикалық белгінің екі қызметі бар:
Біріншіден, акут сөз екпінінің белгісі. Мысалы, Janár, Аisaulé, Nazgúl, Qyzdarhán. Екпін сөздің соңғы буынына түсетінін көрсетеді.
Екіншіден, акут француз тілінде accent égu қысаң дыбыстарды белгілейді: écouter, écho, émotion, événement. Ашық дыбыстарды accent grave белгілейді: prière, poème, rivière, frère.Сондай-ақ, súzbé, álém, sálém, kúmán, tárbié, kóleńké, kúrésдеген сөздердеакут белгісі сөз екпінінің белгісі ме, әлде төл дыбыстарының ерекшелігін көрсетіп тұр ма. Біздің ойымызша, акут диакритикасын умлаут диакритикасымен ауыстырса, бұл диакритикалық белгі өз қызметін атқарып келеді. Акут диакритикалық белгісі басқа тілдерде көбінесе дауыстыларға қойылады.
Сондықтан дауыссыз ғ әрпі ǵ – мен ң әрпі ń – ментаңбаланғаны күмән тудырады. Сонымен, Ғ әрпі бревис диакритикалық белгімен берілсе, ğ өзінің фонетикалық қызметін дұрыс атқарып келеді. Ал ң әрпі ƞ таңбамен белгіленсе, жолүсті таңбалар азаяр еді. Бұл өзгерістердің арқасында, латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі жалпы түркілік әліпбиіне жақынырақ болады.
Зейнеп Базарбаева, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ҚРҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор.