Латын негізді жаңа қазақ әліпбиінің бекітілгеніне екі айдың жүзі болды. Қоғамдық ақпарат құралдарының бетінен бұл нұсқаны жақтаушы пікірлерден басқа «мына жері қалай болар екен?», «ана жерін әлі де ойластыра түссек қайтеді?» деген сияқты пікірлерді кездестіре алмадық. Жаңа әліпби бекуін бекіді ғой, оған қарсы емеспін. Қарсы болмақ түгілі, екі қолымды тік көтеріп, жақтаймын. Әлі де «ойласа тұрайық» деп қашанға дейін жүре бермекпіз. 1928 жылы арап әліпбиінен латын әліпбиіне көшкенде – үш ай, 1941 жылы латыннан кириллицаға көшкенде – екі ай ғана жеткілікті болған.
«Қазақ тілі латын графикасына көшуі керек» деген идея шыққаннан бастап, бұған қатты қуанғандардың бірі мен едім. Сондағы ойым: кеңестік солақай саясаттың кесірінен орыстанып, былығып кеткен қазақ тілінің грамматикалық ережелері мен сөздерінің жазылуы енді дұрыс жолға қойылатын болды деп үміттенген болатынмын. Мүмкін, сондықтан болар, қоғамның бір мүшесі ретінде мен бұл мәселеге басынан бастап-ақ белсенді түрде қатысып келе жатырмын.
Латын графикасына көшуге байланысты бірінші мақалам – «Жаңаша латын-қазақ әліпбиі» деп аталды. Бұл мақала 2003 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының Хабарларында (№3, Тіл, әдебиет сериясы) жарияланды. Онда мен ұлттық төл дыбыстарымызды (Ә, Ө, Ү, І, Ғ, Ң) қос таңбамен белгілеген едім. Кейбір әріптестерім «қос таңба сөздің тұрқын ұзартып жібереді» деген пікір айтты. Миға қонатын пікір болған соң, ол ойымнан айныдым.
Екінші мақалам – «Латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиі» деп аталады. Бұл мақала 2012 жылы жарық көрді. Онда менің қазақ-латын әліпбиі ретінде Ұлттық комиссияға ұсынған екінші нұсқамның жайы сипатталған болатын.
Ол нұсқа мынау (Әдейі фотокөшірмесін беріп отырмын):
Мен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жобасын әзірлейтін Ұлттық комиссияның мүшесі болған емеспін. Комиссия мүшелері алғашқы мәжілістеріне басқа да мамандармен бірге мені де шақырып тұратын. Сол мәжілістердің бірінде мен өзім жасаған қазақ-латын әліпбиі жөнінде ойларымды айта келіп, осы нұсқаны қолдарына ұстатқан болатынмын. Бірақ олар бұл ұсынысты қолдаған жоқ. Алайда көңілге тоқ санайтын нәрсе – комиссия мүшелерінің араға 10 жыл салып барып, мен ұсынған әлгі нұсқаға қайта оралғандығы.
Егер жаңа бекітілген қазақ-латын әліпбиін менің 2012 жылғы нұсқаммен салыстырған болсаңыздар, өздеріңіз де байқаған боларсыздар, соңғы бекітілген латын негізді жаңа қазақ әліпбиіндегі бекітілген нұсқаның менің сол нұсқамнан көп айырмашылығы жоқ. Мен ұлтымызға ғана тән алты дыбыстың төртеуін (ә, ө, ү, і) умлаутпен (әріптің үстіне қатар қойылған қос нүктемен), екеуін (ғ, ң) бревиспен (әріптің үстіне қойылған айшықпен) белгілеген болатынмын (Кестеге қараңыз).
Бекітілген жаңа нұсқада әлгі алты дыбыс төрт диакритикалық белгілермен (умлаут, бревис, седиль, макрон) белгіленіпті. Бұл төрт белгі әліпбиді үйренуші бүлдіршіндерге қиындық туғызады және ол таңбаларды жас балаларға үйрету де оңайға соқпайды. Сондықтан жаңа әліпбиге олардың төртеуі емес, алдыңғы екеуі де жеткілікті болар еді деп ойлаймын.
Менің пікірімше, бекітілген жаңа әліпбидің бірінші кемшілігі – қазақ тілінде жоқ В, Ф және И дыбыстарды әліпби құрамында қалдырып, оларға латын графикасынан жеке-жеке таңбалар берілгендігі (V, F, I). Әсіресе И-ді жаңа әліпби құрамында қалдыруға тіпті де болмайды. Себебі мұндай дыбыс қазақ тілінде мүлде жоқ. Бұл таңба – қазақ тілінде ЫЙ/ІЙ, ҰЙ/ҮЙ деген жуанды-жіңішкелі төрт дыбыстың қосындысын белгілейтін орыс тілінің әрпі. Мысалы, қый (қи), кій (ки), бұлтұй (бұлти), мөлүй (мөли), т.б. Сөйтіп, жаңа қазақ әліпбиін жасаушылар қазақ тіл білімінің іргесін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы өмірге әкеліп, көп жылдар бойы қазақ мектептерінде оқытылып келген 28 дыбыстың санын 31-ге жеткізіпті.
Оқырманды шошытқан нәрсе – бекітілген жаңа әліпбидің соңғы жағында берілген мына бір ескертпе: «Латынның C, X, W таңбалары цитаталық принциппен жазылатын шетелдік сөздерде қолданылады» деген жазу. Сонда қалай? Дәйексөз (цитата) алмайтын адам жоқ. Әрбір дәйексөз алушы өзінің жазбаларында ескертпеде көрсетілген латынша әріптерді қолданатын болса, онда жаңа әліпбиімізде 31 әріп емес, 34 әріп болғаны ғой.
Мен ұсынған нұсқада Х дыбысынан басқа латынның бізге керекті әріптерінің бәрі де бар. Егер «жаңа әліпбиге Х-ны алмасақ болмайды» деген шешім болса, онда менің кестемде көрсеткен Һ-ның орнына осы Х-ны алмастыра салуға болады.
Жаңа әліпбидің екінші кемшілігі – И, Й, І дыбыстары латыншаның бірінің үстінде нүктесі бар, екіншісінде ол жоқ, бір-ақ әріппен, атап айтқанда, I таңбасымен белгіленгендігі. Орыс тіліндегі И әрпі туралы (кино деген сөздегі) «оны әліпби құрамынан шығарып тастау керек» дегенді жоғарыда айтқанбыз. Егер солай істеген болсақ, латынның І әріпі қазақтың Й дыбысына таңба болып қалар еді.
Қазақ тіліндегі І дыбысының өзіне (іні деген сөздегі) жеке тоқталсақ, бұл дыбыс атам заманнан бері қазақтың Ы дыбысының жіңішке сыңары (екеуі де – бірі жуан, екіншісі жіңішке қысаң дауыстылар) ретінде қолданылып, әліпбиімізде ылғи жарыстырыла қатар алынып келген болатын. Жаңа әліпбиде І дыбысы өзінің жуан сыңары Ы-дан алыстатылып, мүлде басқа таңбамен белгіленіпті. Қазақтың Ы дыбысын латынның Y әрпімен белгілеген екенбіз, ендеше, осы әріптің үстіне умлаут белгісін қойсақ, ол Ы-ның жіңішке сыңары болып шыға келмей ме?! А, О, Ұ жуан дыбыстарын солай жіңішкертіп алған жоқпыз ба?!
Латын графикасының негізінде жасалған жаңа әліпбидің үшінші кемшілігі – кириллицадағы У, Ұ, Ү дыбыстары латынның бір-ақ таңбасымен (U-мен) берілгендігі. Рас, олардың бірінің үстіне умлаут, екіншісінің үстіне макрон (әріп үстіне қойылған көлденең сызық) белгісі қойылған. Тіпті бұл таңбалар бір-бірімен әбден шатастырылған десек те болады.
Мен «шатастырылған» сөзін білместікпен айтып отырған жоқпын. Латын тілінің өзінде U (үстінде ешқандай белгі жоқ) әрпі қазақтың Ұ деген дыбысына сәйкес келеді. Ендеше, қазақтың Ұ дыбысын таңбалау үшін латынша U әрпінің үстіне неге макрон белгісін қоюға тиістіміз? Егер макронды қоймасақ, латынның бұл әрпі қазақтың Ұ дыбысын таңбалаған болар еді де, ал латындық осы әріптің үстіне умлаут белгісін қойсақ, ол қазақ тіліндегі Ұ-ның жіңішке сыңары – Ү болып шығар еді (Жаңа әліпбиде ол осылай белгіленген).
Бар гәп орыс тілінен келген, бірақ қазақ тілінде жоқ У дауысты дыбысында (бу, су деген сөздердегі У) болып отыр. Мақалаларымда мен У қазақ тіліндегі ҰУ, ҮУ, ЫУ, ІУ деген төрт дыбыстың қосындысын таңбалайтын әріп дегенді ылғи айтып келемін. Мысалы, ҰУ (жұл+ұу), ҮУ (күл+үу), ЫУ (қыр+ыу), ІУ (кір+іу). Егер қазақ тіліндегі У дыбысы біздің нұсқамызда көрсетілгендей, латынның W әрпімен белгіленсе, бәрі де өз орнына келген болар еді. Мысалы, baw, taw, т.б.
Жаңа әліпбидегі төртінші кемшілік (егер оны кемшілік деуге болатын болса) – қазақ тіліндегі Ң дыбысын белгілеу үшін латынның N әрпіне, қазақ тіліндегі Ш әрпін таңбалау үшін латынның S әрпіне арнайы құйрық салынғандығы. Біздің ойымызша, әріптердің сыртқы тұрпаттарының түрлерін көбейте бергенше, N, S әріптің үстіне айшақ белгісін қойсақ та жарар еді. Немесе жоғарғы мақаламызда біз ұсынғандай қазақ тіліндегі Ш дыбысын латын әліпбиінде бар C әрпімен таңбаласақ та болатын еді (Әріптің шартты таңба екенін ұмытпайық).
Егер жаңа қазақ-латын әліпбиіне сонау 2012 жылы мен ұсынған нұсқа негізге алынатын болса, онда Ахмет Байтұрсынұлы белгілеп берген 28 дыбысты құптаған, жақтаған, мойындаған болып табыламыз. Менің «қазақ дыбыстарының ерекшеліктерін сақтайық» деп айтып жүргендегі наным-сенімдерім осы.
Мен өз атымнан 29-ыншы дыбыс ретінде аһ, оһ, үһ деген сияқты одағай сөздерде кездесетін ерекше дыбысты таңбалау үшін Һ әрпін алған жөн дегенді айтқанмын. Жаңа әліпбиде Һ мен Х әріптерін қазақ тілінде қатар қолдануды ұсыныпты. Одағай сөздерді дұрыс жазу үшін бұл екі әріптің біреуі де жетпей ме? «Екеуін бірдей қатар алудың не қажеті бар еді?» деген ой мені мазалай береді (Мұны тағы да сол баяғы орыс тіліндегі Х дыбысынан айырылмаудың амалы шығар деп топшыладым).
Қорыта айтқанда, соңғы бекітілген қазақ-латын әліпбиі бұрынғы нұсқаларға қарағанда әлдеқайда жаңартылған және жетілдірілген. Егер келешекте оның осы мақалада айтылған олқы тұстары ескерілсе, жаңа әліпби жетілген үстіне жетіле түскен болар еді және мұндай әліпби қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес келер еді. Сондай-ақ жаңа әліпбиді жасаушылар тек «тіліміздегі сөздерді қалай жазамыз» дегенді ғана көбірек ойлай бермей, олардың «ол әріптерді қайтсек оқушыларға үйрету оңайға түседі» дегенді де есте ұстағаны абзал болар еді.
Шындығына келгенде, жаңа әліпбиді түзушілердің И мен У-дан қол үзе алмай жүрген себебі – тілімізге осыған дейін еніп үлгерген сан мыңдаған орыс сөздерін қалай дұрыс жазамыз деген уайым ғана. Одан гөрі, «қазақ тілінің о бастан қалыптасқан дыбыстық заңдылықтарын қайтсек сақтаймыз» деп ойласа ғой, шіркін, онда олар бекітілген жаңа қазақ-латын әліпбиіндегі И мен У дауыстысын (У дауыссызын емес) және B, Ф, Х әріптерін әліпби құрамынан баяғыда-ақ шығарып тастаған болар еді.
Байынқол Қалиұлы,
филология ғылымының докторы, профессор.