Қазақ әліпбиінің тілтанымдылығы

Қазақ жазуын әлемдегі басты әліпби түрлерінің бәрімен де – араб, латын, кирилл графикаларымен – жазып көрдік.
Басқа тілдер сияқты біз де түпнұсқа әліпбидегі таңбаларды толық қабылдау-қабылдамау, әріптердің мәнін сақтау-сақтамау деген проблемаларға тірелдік. Бірақ қай жазу кезеңінде болсын, тілдегі дыбыстардың барлығына әріп арнаған, «бөгде» әліпбиден «өзіміздің» әліпби жасап алған, жазуына аса мән берген, біршама уақыт өтсе де дұрыс, жетілген әліпби жасауға ұмтылатын, жасап алатын ұлт болдық.

Тілдің болашағын ұлттың болаша­ғына байлайтын, оны жазуымен бекітетін өзге ұлттық тілдерден қалыс­қан жоқпыз. Өйткені жазба мәдениетіміздің басында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әліпби жүйесі тұрды. Қазақ «байқаусызда» латынға өтсе де, кирилге зорлықпен таңылса да А.Байтұрсынұлының жүйесінен тайқыған жоқ. Оның басты себебі – Байтұрсынұлының әріп графикасының тілтанымдығынан еді: ұқсас дыбыстардың таңбалары араб әліпбиіндегі базалық әріптен шығарылды. 1912-1922 жылдары «жарты дауысты» және дауыссыз у мен еріндік дауыстылар – о-ө, ұ-ү дыбыстары бір ғана «ﻭ» таңбасымен таңбаланған. 1923 жылғы кезекті реформадан кейін «у» жарты дауысты дыбысты таңбалау үшін «ﻭ» таңбаның үстіне үш нүкте қояды да, «ﯞ» (у) таңбасын жасайды, «ұ» әрпін үстіне «՚» белгісін қойып «ۏ» жасайды. Жіңішке дауыстылар дәйекше – «ﺀ» арқылы реттеледі. Сонда 5 фонема ﯞ (у), ﻭ (о), ﺀﻭ (ө), ۏ (ұ), ﺀۏ(ү) болып айқындалып, бес түрлі таңба өрбітіліп шығарылады. Яғни араб әліпбиіндегі бір у әрпінен қазақ тіліндегі 5 дыбыс­ты таңбалайтын әріптерді «балалатып», ұқсас дыбыстар ұқсас әріптермен белгіленген соң көзшалымға бірден танымды, көзге ұсынақты болған.
Сөйтіп, Байтұрсынұлының әліпбиі ықшам, оңтайлы, тілтанымдық, сондықтан жеңіл әліпби боп шыққан.
Латын әліпбиіне ауысқанда да Байтұрсынұлының өзі болмағанмен, идеясын, салып кеткен жолын алып, тілтанымдық әліпби жасадық. Қазақ тілінің өзіне тән дыбыстарының таңбасы ұқсас дыбыстардың әрпінен шыға­рылды:1) ә әрпі е жіңішке дауыстысының төңкерілген таңбасы, 2) ө таңбасы о әрпінің белі сызылған түрі, 3) ƣ (ғ) ұяң дыбысын қатаң q (қ) әрпін өзгертіп таңбаладық; 4) ы дыбысын і әрпінің графикасын дөңгелендіріп аяқтадық (ь), ш дыбысына с таңбасын берді де, 5) ш дыбысының ұяң түрі ж дыбысына с таңбасын өзгертіп бердік (ҫ), 6) ң дыбысын n әрпіне ұқсатып, ŋ-мен таңбалады. Ұқсас дыбыстар ұқсас әріптермен таңбаланғаны оқытуда, сауат ашуда оңай болған, әліппені тез үйренген, ал оқуда тез танылған, жазуда қолды үзбей жазған. Тек ұ→u, ү→y, у→w дыбыстарының таңбасы үш түрлі болған.
1929 жылы жазу ықшам, оңтайлы, жеңіл жазу болған. Бұл Байтұрсынұлының жетілген, «үлгі әліпбиінің» арқасы еді.
Бұл – 1940 жылы орыс әліпбиіне көшкенде де үлгі болды: қ дыбысы к әрпінің аяқ салынған түрі, ғ ­дыбысы г әрпінің белі сызылған түрі, ң ­дыбысы н әрпінің аяқ салынған түрімен бейнеленіп, ө мен ә дыбыстары латын­дағы түрін сақтады, ұ мен ү ­дыбысы еріндік у дыбысының таңбасынан шығарылды.
Қазақ жазуы қашан да бір дыбысқа бір әріп арнаған, ортақ түркі әліпбиінің шарттарын сақтаған әліпби түрлерімен жазған. 1929 жылғы латын әліпбиін де, 1940 жылғы кирилл әліпбиінде де ортақ келісілген таңбалардан өзгені пайдаланбаған. Ноғай жазуы сияқты ә ­дыбысын аь, қ дыбысын къ, ң дыбысын нъ, ө дыбысын оъ, ұ дыбысын уь, ғ дыбысын гъ әрпімен беріп жазуын ұзартпаған. Немесе қарашай жазуындай гъ (ғ), къ (қ), нг (ң) қосар әріптермен қатар, орыс тілінің таң­баларымен төл дауыстыларды беріп, елді шатастырмаған: е (ө), ю (ү), и (і).
Қазіргі кирилл әліпбиіндегі жазуымыз – Байтұрсынұлы қалаған негізбен фонологиялық жүйені толыққанды таңбалай алған, орфоэпиямызға сызат түсірмеген жетілген, оңтайлы, жеңіл, үлгі жазу (тек орфоэпияға мән берілмеудің салдары болмаса). Әліпбидегі и, у, ю, я таңбалары жазу үнемділігін жасаған. һ әрпі, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов айтқандай, төл сөздерде болмаса да, одағайларда кездесетін дыбыс, Н.Уәлиұлы айтқандай, кірме сөздердегі бейүндес буынның жігін жымдастыру қызметінде жұмсалатын маркерлі әріп (Ахмет, жићаз т.б. сөздерде буындардың жіңішке/жуан айтылуына сілтеп тұрады), сондықтан қай жазудан да қалмай таңбаланып келген. Әсіресе одағайларды жазу үшін жаңа әліпбиде де х әрпін қосақтап таңбалап отыр.
Сөйтіп, Байтұрсынұлы төте жазуынан бастап қазақ ұлты жетілген, жақсы әліпбидің иесі болып келеді. Сондықтан ендігі жаңа жазуда да академик Ә.Қайдар, профессорлар Ә.Жүнісбек, К.Хұсайын, Н.Уәли және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары ұсынған тілтанымдық әліпбиде де ұқсас дыбыс­тар ұқсас әріптермен таңбаланады: ­дауысты дыбыстар жүйесінің жіңішке жұбы базалық әрпінен умлаут арқылы ажыратылады (а-ä, о-ö, u-ü), дауыссыз, дауысты еріндіктер (у, ұ, ү) латын әліпбиіндегі u әрпінен шығарылады: ü, ū. Ал і дыбысы латын әліпбиіндегі і әрпіне ұқсатылып, ортақ түркі әліпбиіндегі жуан езулікті беретін нүктесіз ı әрпімен берілген. ­Дауыстылар жүйесінде тек ы мен і әрпінің таңбасы ұқсамайды. Ол тек амалсыздан, латын әрпінің жетпеуінен ғана болып отыр. Дауыссыздар ерекше белгілерімен айырылады (g-ğ, s-ş, n- ň). Сауат ашуда, тіл үйренуде жеңілдік туғызады.
Бұл жерде әртүрлі диакритика пайдаланылды деп, шошынудың қажеті жоқ. Ğ, ň әріптеріндегі айшық тек осы 2 таңбада бар, сондықтан бұл таңбалармен тұтас қабылданады. Сол сияқты ş әрпіндегі седиль диакритикасы да осы әріпте ғана қолданылып, әріптің тұтас осы белгісімен қабыл­дануын тездетеді.
Сөйтіп, жетілдірілген жаңа қазақ әліпбиі ортақ түркі әліпбиі базасына негізделген, қазақ тілінің өзіне тән дыбыстары таңбаланатын, жазу мәдениетіне, жазу индустриясына қызмет ететін оңтайлы әліпби болып табылады.

Құралай Күдеринова,
А.Байұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *