БІЛІМ БЕРУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ЕНГІЗУ

Кез келген технологияны білім беру үрдісіне енгізуде міндетті орындалуға тиісті бірнеше шарттар бар. Тікелей қазақ тіліне байланысты мынадай шарттар болуы қажет:

а) нысанаға алынып отырған технологияның теориялық және әдістемелік мәселелерін жан-жақты ашып көрсететін ғылыми-әдістемелік еңбек;

ә) технологияны сабақ және сабақтан тыс уақытта жүзеге асыруға толық мүмкіндік жасайтын бүгінгі күн талабына сай компьютер, аудио-визуалдық құралдар интерактивті тақтаменмен жабдықталған лабораториялар;

б) сол технологияға бейімделіп жазылған оқу кешендері: бағдарлама, оқулық, оқу құралдары, электрондық оқулық, әдістемелік кешендер;

в) ең басты шарттың бірі – осы технологиямен толық қаруланған мұғалім. Себебі, кез келген технологияның білім беру үрдісіне дендеп енуіне тікелей қызмет ететін – мұғалім. Ол үшін мұғалім жаңа технологияны меңгеріп қана қоймай, өзі меңгерген технологияны өз іс-әрекетіне байланысты қолдана алуы, жетілдіре білуі, сондай-ақ, өзінің анализі, рефлекциясы арқылы өзін-өзі жетілдіріп отыруға тиіс. Пікірімізді А.Байтұрсыновтың мына бір қағидасымен түйіндесек: “Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім. Екінші, оқыту ісіне керекті құралдар қолайлы һәм сайлы болуы. Құралсыз іс істелмейді. Һәм құрал қандай болса, істеген іс те сондай болмақты. Істің толық жақсы болуына, құралдар сайлы һәм жақсы болуы шарт. Үшінші, мектепке керегі – белгіленген программа. Әр іс көңілдегідей болып шығуы үшін оның үлгісі я мерзімді өлшеуі боларға керек. Үлгісіз я мерзімді өлшеусіз істелген іс олпы-солпы, я артық, я кем шықпақшы. Керексіз нәрселерді үйретіп, балалардың өмірін босқа өткізбес үшін, үйретуге тиісті білімді кем үйретпес үшін, балалардың күші жетпейтін өте алысқа сүйреп кетпес үшін, бастауыш мектепте үйрететін нәрселердің кесімі-пішіні болуға тиіс. Сол пішін программа деп аталады”, – десе [1,438-б.], ғалым Р.Шаханова: “Педагогикалық технологияны енгізу – оқытушылардың шығармашылық жұмыс нәтижесінде әдістемелік жүйесін дамытады, оқытушылар мен студенттердің міндеттері мен құқықтарын орындауды, білім ордасында өзін-өзі ұйымдастыруды, құралдары, әдістері, түрлері сияқты өзара байланысты компоненттер кіретін оқу мазмұнын тарату тәсілі”, – деген тұжырым жасайды [2, 80-б.]. Ал, ғалым-әдіскер К.Жақсылықова өз зерттеуінде жоғары оқу орындарының орыс бөлімдерінде қазақ тілін модульмен оқытуды жан-жақты зерттей келе былай дейді: “Сонымен, жоғарыда келтірілген “модуль” ұғымы жайындағы пайымдаулардың теориялық құндылығы мен практикалық мәнін ерекше атай отырып, біз  “модульге” мынадай анықтама бермекпіз. Модуль – іс-әрекеттің мақсатты бағдарламасы белгіленген деңгейіне жету үшін сұрыпталған, дидактикалық өңделген  білім, білік, дағдылы мазмұнының бірлігі және оның әдістемелік нұсқауы мен оқытудың негізгі құралы, басқаша айтқанда, адамның өзіндік дамуының шамасы. Ол модульге ену және одан шығу дегеніміз – студенттердің модуль материалын игермей тұрғандағы олардың бастапқы білім деңгейін тексеру жұмысы. Ал модульден шығу үшін бақылаудағы студенттердің модульді игеру деңгейі тексеріледі. Модульден шығу бақылауының  нәтижесі студенттің келесі модульге ену-енбеуінің көрсеткіші болып  есептеледі.

Модульмен оқыту – толық немесе жекелей түрде модульге негізделген оқыту. Енді модульмен оқыту түсінігін белгілейтін не деген сұраққа жауап беру үшін,  “оқытып, үйрету белсенділігін арттыру” деген ұғымды енгізу қажет деп ойлаймыз. Біз сол арқылы оқытушы мен оқушылар әрекетінің модульдық сипатын сөз қылуға мүмкіндік аламыз”  [3, 69-б.].

Ал педагогика ғылымдарының докторы З.Бейсенбаева қазақ аудиториясында қазақ тілінің бір саласы сөзжасамды модульдік технология негізінде оқытуды дәлелдей отырып: “Оқыту технологиясы – өзінің мәні жағынан тұтас дидактикалық жүйе. Ол оқу үрдісін ұйымдастыруда, оқытудың мақсаты мен мазмұнын, басқару жүйесін, материалдық, психологиялық жағдайын, оқытудың тиімділігі мен нәтижесін, бағалау межелерін  өзгертуді талап етеді. Технология педагогикалық жүйенің процессуальды психологиялық тұжырымдарға сүйенеді. Оқыту технологиясы, ең алдымен, педагогикалық мақсат пен ұстанымдарды, білім мазмұнын іске асырудың амалы. Оның өзіне тән әдістер жүйесі, оны қамтамасыз ететін формалары жабдықтары болады. Оған жоспарлылық (мақсатты айқындау, оқу-тәрбие  үдерісін ғылыми негізде құру, материалды тиімді игерудің әдіс, тәсілдерін анықтау, оқытудың тиімділігін көтерудің жолдарын қарастыру), оқу үдерісін стандарттау, үйлестіру (жобалау, тексеру), жүйелілік, икемділік, нәтижелілік, кәсіби сапаларды қалыптастыруға бағыттылық сипаттар тән. Оның өзіне тән жүйесі бар. Атап айтқанда:

–  оқу жоспарына, бағдарламаға сай берілетін білім  мазмұнын айқындау;

–  оқытудың (жалпы және жеке) мақсатын анықтау;

–  мақсатқа сай технологияның түрін таңдау;

–  оны оқыту үдерісінде қолдануға дайындау”, – деп қорытынды жасайды [3, 106-б.] .

“Қазақ мектептерінде сөз тіркесі синтаксисін дамыта оқыту технологиясының ғылыми-әдістемелік негіздері” атты зерттеу еңбегінде ғалым Н.Ж.Құрманова оқыту технологиясының мазмұнын былайша сипаттайды: “Қазақстандық білім беру аясында бүгінгі күні кең орын алып отырған вариативтік ұстаным бойынша оқу орындары қандай оқыту технологиясын да таңдап алуға құқылы. Мұндай бағыт білім берудегі догмалық жолды бұзып, қажеттісін таңдау, тиімділігін анықтау, педагогикалық-әдістемелік ой-пікірлерді салыстыру сияқты жаңа леп, жаңа сапаларға көтерілуге мүмкіндік беріп отыр. Дәстүрлі оқыту жүйесіндегідей оқушыны объекті емес, білімді ізденуші  субъекті деп тану арқылы дамыту оқыту технологиясының басты қасиеті анықталады” [4, 46-б.].

Ғалым-әдіскер Ж.Н.Сүлейменова “Қазіргі қазақ тілі морфологиясын жоғары мектепте оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері” деп аталатын зерттеу еңбегінде білім беру технологиясы жайлы: “… инновациялық оқу үрдісінде оқу әрекетінің оқытушы мен студенттің ынтымақтастық қарым-қатынасы негізінде жүзеге асуының нәтижелілігі көрсетіледі. Оқу әрекеті – студенттің білімді игеруі, меңгеруі, екіншіден, оқытушының оның білімге ынта-ықыласын оятып, белсенділігін көтеріп, дүниеге саналы көзқарасын қалыптастыру жолындағы әрекетінің тоғысы ” [5, 24-б.] дейді.

Сондықтан мектеп тәжірибесіне “Сатылай кешенді талдау” технологиясын енгізу барысында мұғалімдермен біраз жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ: курс, семинар, дөңгелек үстел және семинарлар өткізіліп отырдық. Соның барысында жүргізілген ашық сабақтар, семинарлар “Шеберлік сыныбының” сабақтары аяқталған соң түрлі практикалық шаралар өткізіліп тұрды. Атап айтсақ: тренингтер, зертханалық, презентациялық сабақтар, дөңгелек үстел, мектепішілік, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық семинарлар, ауызша командалық олимпиада. Мұндағы мақсат – мұғалімдердің “Сатылай кешенді талдау” технологиясы бойынша игерген білім, білік, дағды, іскерліктерін қалай жүзеге асырды, білім сапасын арттыруда тигізген ықпалы қандай, өз тарапынан технологияға қаншалықты деңгейде шығармашылық үлес қосты деген мәселелерді анықтау.

Мектепте жүргізілген мұндай жұмыстар қандай нәтиже берді дегенге келсек, біріншіден – мұғалімдер мен оқушылардағы мақсаткерлік – мақсат қою “Сатылай кешенді талдау” технологиясы қағидаларына бағытталды. Мұғалім оқушының өз пікірін айтуға, өз бетінше ізденуіне мүмкіндік жасап, өзі де, оқушысы да шығармашылықпен жұмыс жасауға бетбұрыс жасады.  Екіншіден, оқушылардың субъектілігін дамыту үшін мұғалім ұйымдастырушы, бағыт беруші, жөн көрсетуші ретінде нақты қадамдар жасайды. Үшіншіден, бірсарынды сабақтарды өткізуден арылып, қалыптан тыс сабақтың түрлерін емін-еркін өткізуге, сабақтың дидактикалық ұстанымдарын жаңартуға, сол арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін, сөйлеу мәдениетін жоғары деңгейге жеткізуге, логикалық ойлауын дамытуға баса назар аударды. Төртіншіден, мұғалімдердің әдіснамалық мәдениеті жоғарылады, олар жан-жақты ізденуге, зерттеушілік жұмыстар жасауға бейімделді. “Сатылай кешенді талдау” технологиясын өз тәжірибесіне енгізу барысында оқушыларды зерттеу, қосымша бағдарламалар жасау, әдістемелік кешендер жазу тағы басқа әрекеттер жоспарлауға машықтанды. Өздерінің кәсіби өсу дәрежесін анықтаудың құралдарын меңгерді. Бесіншіден, оқушылардың білімін жаңаша бағалауды, яғни балдық жүйемен есептеуді үйренді. Сондықтан алдын ала сабақтың мақсаты мен міндеттеріне сай, белгілі бір критерийлер бойынша оқушының өзін-өзі, бірін-бірі, топты бағалау түрлері тәжірибеде қолданылды. Бұл оқушыларды өз істеріне рефлекция жасауға, әділ бағалауға, жетістігі мен кемшілігін саралауға үйретті, бұл сыныпта мұғалім тарапынан әкімшілік-әміршілдіктің орын алмауын ізгілік пен демократиялықты қамтамасыз етті.

Сондай-ақ “Сатылай кешенді талдау” технологиясымен жұмыс жасаған мұғалімдер өздерінің “мұғалім қоржынын (портфолио)” жасауға мүдделі болады.

“Қоржын” – мұғалімнің кәсіби дамуын, оның нәтижелерін көрсететін көп мақсатты құжат. Ол төмендегідей бөлімдерден тұрады:

Бірінші бөлім – құжаттар бөлімі. Онда сатылай кешенді талдау технологиясын меңгеру барысында алған куәліктері мен сертификаттары, басқа да құжаттарынан тұрады.

Екінші бөлім – жұмыстар бөлімі. Бұл бөлімнің мазмұны мұғалімнің шығармашылық жобалары мен әртүрлі деңгейдегі ғылыми-практикалық конференцияларға, жарыс, сайысқа қатысқанын куәландыратын құжаттар, жобалар, рефераттар, суреттерден тұрады. Сабақ, сыныптан тыс жұмыстардың жоспарларынан соң, мұғалімнің өз талдауының болуы міндетті. Сонымен қатар бұл бөлімде оқушылардың жұмыстары да (жазба жұмыстары, салған суреттері, шығармашылық жұмыстары) жинақталады.

Үшінші бөлім – пікірлер бөлімі. Мұнда мұғалімнің сабақтарына, өткізген іс-шараларға қатысқан мектеп басшылары, әдіскерлер, әріптестер, ата-аналар, оқушылардың пікірлері жинақталады. Олар пікір, рецензия, резюме, ұсыныс түрінде болуы мүмкін. Қоржынның титульді бетінде мұғалімнің аты, жөні, мамандығы, білімі және басқа деректер мен папканың басталу және аяқталу мерзімі жазылады.

“Сатылай кешенді талдау” технологиясымен жұмыс жүргізу барысында жалпы білім беретін мектептердің білім беру жүйесінде төмендегідей он түрлі проблеманы шешуге мүмкіндік береді:

1.  “Сатылай кешенді талдау” технологиясы мұғалім мен оқушының арасындағы қарым-қатынасты жаңаша құруға, олардың бірігіп шығармашылықпен жұмыс жасауына ықпал етті.

2.  “Сатылай кешенді талдау” технологиясын енгізу арқылы барлық баланың дамуы үшін қолайлы жағдай туғызылады, әр баланың даму жолында жұмыс жүргізілді.

3.  “Сатылай кешенді талдау” технологиясы басқа технологиялармен жақсы үйлесім табылды.

4.  Жоғары қиындықта оқыту – “Сатылай кешенді талдау” технологиясының басты қағидаларының бірі. Соған байланысты бұл технология мемлекеттік білім стандартының толық меңгерілуіне кепілдік берді.

5.  Оқыту тиімділігін арттыруда “Сатылай кешенді талдау” технологиясынының мүмкіндігі мол, өйткені бұл технологияның әдістері, тәсілдері, құралдары, оқыту ұйымдастыру формалары өте тиімді екендігі анықталды.

6. “Сатылай кешенді талдау” технологиясы – баланың білімді өз бетімен ізденуі арқылы меңгеруіне қолайлы жағдай туғызды.

7. Оқушылардың сөздік қорын, тіл байлығын, танымдық қабілетін, логикалық ойлауын арттыруда “Сатылай кешенді талдау” технологиясының рөлі зор.

8.  Баланың талап-тілегін, сұраныстары мен қажеттіліктерін қанағаттандыруда, көптілділік, “Тілдердің үштұғырлылығы” проблемаларын шешуде “Сатылай кешенді талдау” технологиясының мүмкіндіктері мол.

9. “Сатылай кешенді талдау” технологиясы – мұғалімнің шығармашылық әлеуетін дамытудың құралы. Осы технологияны қолдану, іс-тәжірибеге енгізу арқылы мұғалім шығармашылық ізденіске қол жеткізді.

10. “Сатылай кешенді талдау” технологиясы баланың ізденушілік, зерттеушілік әрекеттерін ұйымдастыруға ықпал етеді. Олардың арасында зерттеу жұмыстарымен айналысатын оқушылар саны артты.

                                                                                                                                                                                                  «akparatinfo.kz» — ақпарат»  

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *