ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АРҚЫЛЫ 9 МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

Облыс әкімінің міндетін атқарушы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аппарат отырысы өтіп, онда өңір басшысының міндетін атқарушы аймақтағы мектеп тапшылығын жою, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу бағытындағы жұмыстарды жүйелеуді әрі ширатуды тапсырды.
– Бюджетке енгізіліп, жобалық-сметалық құжаты әзірленген әрбір нысан уақтылы әрі сапалы салынуы тиіс. Жауапты басқарма басшыларына өңірдегі құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандарды зерделеп, қадағалауды тапсырамын. Әсіресе бүгін талқыланып отырған білім ұяларының құрылысын қатаң қадағалау керек. Бұл ретте аудан, қала әкімдері өз аймақтарыңыздағы нысандардың құрылысын тиісті басқармалармен бірге күнделікті бақылауда ұстаңыздар. Екіншіден, сәулетке жауапты басқарма өңірдегі мектеп ғимараттарын салуда бір үлгіні ұсынсын. Қыруар қаржыға салынған кейбір нысандардың сәулеті талапқа сай емес. Үшіншіден, тапсырысты алып, жұмысты бастамаған немесе сапасыз атқарған мердігерлер тізімі әзірленіп, жосықсыз мердігерлер қатарына енгізілуі тиіс. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша да жер телімдері мен құжаттарын жедел әзірлеу қажет. Жұмысты ширатыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан қаласында 2022 жылы 2 мектеп күрделі жөндеуден өтті және «Бірлік» тұрғын алабында 1 жеке мектептің құрылысы басталды. Алдағы уақытта 9 мемлекеттік мектеп салу жоспарланса, оның 7-уі «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады деп көзделуде.
Аппарат отырысында облыс бюджетінің орындалу барысы да талқыға салынды. Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы А.Тасыбаевтың айтуынша, облыс бойынша 2022 жылдың 25 қарашасындағы дерекке сәйкес, жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары 92,6%-ға орындалып отыр. Барлық аудан, қалаларда кірістер жоспары 100,0%-ға орындалады деп күтілуде.
Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына қаржыны игеру, сол арқылы өңір инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *