«Латын әліпбиі – әлем қазақтарының рухани негізі»

А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен тағы да бір келелі жиын– «Латын әліпбиі – әлем қазақтарының рухани негізі» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өтті.Жиынға Ө.Айтбаев, А.Османова, Ғ.Есім, У.Қалижан, А. Сырым сынды қоғам, ғылым және білім қайраткерлерімен қатар, шетелдік қонақ – Гарвард университеті докторанты Алекс Уарбуртон, Түркі халықтары мәдени орталығының директоры Ахмет Дағдұран жәнеинститут ұжымы мен басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты. Отырысты институт директоры Қажыбек Ерден Задаұлы жүргізіп отырды. Жиын жаңа, ерекше форматта өтті. Мұнда қызылкеңірдек болып айтысып-тартысу, еш дауласу, регламент сақтамау болған жоқ. Керісінше, жылы жүзбен, жарқын көңілмен әліпби жайлы тамаша пікіралысу, ақылдасу жиыны болды десек те болады. Жиналған зиялы қауым ой-пікірі болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыратындай, елдің сауаттылығын әлсіретіп алмайтындай, қолданысқа (жазуға, көзкөрімге) ыңғайлы, толық жетілдірілген, қазақ ұлтының келбетін танытатын ұлттық әліпби жасау үшін алда тұрған мәселе-әрекеттер жайлы болды. Мүдде ортақ болғандықтан, жарыссөзге шығушы баяндамашылар регламент сақтап, мінбеден кезекпен сөз алып жатты. Алғаш сөйлеген академик Ө. Айтбаев әліпбиді өзгерту туралы қазақ қоғамында жүргізіліп жатқан игі істерге жалпы көңілі толатынын жеткізді. Алайда әліпби жобаларын талқылау кезінде «бір дыбысқа – бір таңба» принципі жүзеге аспағанына, Тіл білімі институты ғалымдарының сан жылдарғы жұмыстарының жемісі ретінде ұсынған нұсқасы еленбей, талқыға түспегеніне өкініш білдірді. Ғалым «Болар іс болды, Ақылдасып пішкен тон келте болмас, енді бекітілген әліпбидің кемшіл тұстарын қоғам болып талқылап, жетілдіріп, орфографиялық емле ережелерін тап-тұйнақтай етіп даярлау керек, халықтың арман-қиялына қаяу түсірмейік» деген пікірмен сөзін қысқаша тұжырымдады. Мінбеге шыққан «Тіл – Қазына» қорының бас директоры, философғалым Ғ.Есім өз ұжымының Бурабайда демалып жатқан мектеп оқушыларымен жаңа әліпби нұсқаларының ыңғайлы, ыңғайсыз тұстары, оны насихаттау туралы іс-шаралар жүргізілгенін, енді орталық қызметкерлері орфографиялық емле ережелерін дайындаумен айналысып жатқанын, жаңа жылға дейін ереженің үлгі-нұсқасы даяр болатынын, ол барлық облыста апробациядан өтетінін хабардар етті.Ғалым мұндай тағдыршешті мәселеде көсемсудің, өзім білгендікке салынудың, біреудің атақ-лауазымын пайдаланудың қажеті жоқтығын құлаққағыс етті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әліпби жетілдіруде бүкіл қоғамды жұмылдыру керектігін баса айтты. Оның пікірінше, түркітектес халықтармен әлі де байланыс нашар. Ол үшін туыс халықтар арасында ерекше бір уәкілетті ұйым құру керектігін (мейлі, ол Түркі парламенті бола ма), барыс-келіс, ақпарат алмасу мәселесін жолға қоюды ескертті. Сондай-ақ философ ағамыз «Тілді тудыратын, сақтайтын, жасайтын – тұлғалар. Яғни Абай, Мұхтар тәрізді тұлғалардың шығармалары тілді байытады, сақтайды да қорғап қалады. Сонымен бірге тіліміздің небір теперіштерді артқа тастап, шұрайлы қалпын сақтап күні бүгінге жеткенінің бір себебі – ұлттың бай фольклоры. Ауыз әдебиеті тілді жойылып, бұзылып кетуден аман сақтап қалды, болашақ ұрпаққа дін аман жеткізді. Ал енді оны жоғалтып алмау сіз бен бізге сын болары сөзсіз. Қазақ әліпбиінен ұлттың келбеті байқалып тұру керек. Қазіргі уақытта компьютер көмегімен шрифтерді қазақы нақыштап келтіруге болады екен» деді. Әр сөзін қадап-қадап, шегелей сөйлейтін, өзге ұлт өкілі болса да қазақ ұлты мен оның тілі үшін сандаған жылдар биік мінберлерден мәнді де ұтымды пікірлер қозғап жүрген, ҚХА мүшесі, тілші-ғалым Асылы Оспанова тілдің халықтың байлығы, өлшеусіз қазынасы екенін, «тіл үшін күрес – ел үшін күрес болатынын», сондықтан оны сақтау, байыту жолында, тәуелсіз ел ретінде, батыл шешімдер қабылдау, салмақты ойлар айту қажеттігін тілге тиек етті. «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру керек деп айту тіптен дұрыс емес, дұрысында «латыннегізді қазақ (ұлттық) әліпбиіне көшу» деген дұрыс деп ескертті қайраткер ғалым. Бұл пікірге әбден қосылуға болады және әркім белгілі бір атауды дұрыс айтуға дағдыланғаны жөн. Өйткені «Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» деген сөздің бары да рас. Асылы апайымыз елдің көкейінде жүрген толғақты мәселелерді де қысқа да нұсқа, тәптіштеп айтып берді. Әдебиет институтының директоры У.Қалижан жаңа ұлттық әліпби әлем қазақтарын жақындастыратын таптырмас құрал екенін және халқымыздың әлемдік өркениет көшіне ілесе алуына, жылдам ақпарат алу мүмкіндігі туатынына зор сенім білдіретінін әңгімесінің арқауы етті. ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әлібек Асқаров шетелдік қазақ отбасыларының егде мүшелері қазақ тілін білетінін, ал жастары ана тілінде нашар сөйлейтінін немесе мүлдем білмейтінін, күні ертең ол азаматтар сол жергілікті тілде сөйлеп кететініне қауіптенетінін жеткізді. Мүмкін, жаңа әліпби оларға Қазақстаннан тың ақпарат алып, қазақ тілін үйренулеріне түрткі болатын шығар деген ой қозғады. Төңкерістен бұрын, одан кейін де Қазан қаласында шыққан қазақша кітаптар, олардың тиражы, құндылығы жайында сыр ашты. Оларды да, мүмкін, кейін жаңа ұлттық әліпбиге көшіру қажеттілігі туар деп топшылады. Түркі халықтары мәдени орталығының жетекшісі Ахмет Дағдұран болашақтан үлкен үміт күте «Түркі халықтары үш түрлі әліпби қолданып отыр. Ал қазақ тілінің латыннегізді әліпбиге көшуі бізді, түркі жұртын жақындатады. Қазақ жері – түркі халықтарының атажұрты. Қазақ тілі – барлық түркі халықтары түсінетін тіл. Жаңа әліпбиге көшкенде барлығымыз Қорқытты, әл-Фарабиді, Мұстафа Шоқайды түпнұсқада оқи алатын боламыз. Сонда барлық қазақ ана тілінде сөйлей алады және түркітілдес халықтардың ықпалдасуы жүзеге асады» деді. Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Мелдеш «Төрт жұмыс тобы құрылды. Орфографиялық емле ережелерінің жобасы жасалды. IT мамандары пернетақта жобасын жетілдіріп жатыр. Келесі жылы 1-сынып оқушылары латыннегізді әліпбиде білім алатын болады. 2020 жылдары мемлекеттік рәміздер латын қарпіне көшеді, қазір Елтаңбаның латын нұсқасындағы үлгісі жасалды. Жұмыс кезең-кезеңмен жүретін болады, емле ережелері бекітіледі, кемшіліктер түзетіледі, әліпби жетілдіріледі» деген сенім білдірді. Ерден Задаұлы жиналыс барысында, баяндамалар арасында өзі көрген, естіген қызықты да мазмұнды мәліметтерді, қазақ ұлты, оның тілі жайлы әр елдің, әсіресе түркітанушылардың айтқан құнды пікірлерін жеткізіп отырды, дәйексөздер келтірді. Сөзінің соңында «Қазақтардың бір бөлігі шет елде тұрады. Оларға тілдік мәселеде көмек қажет. Қазақтар жиі қоныстанған аймақтарда тіл орталықтарын ашу керек. Жаңа әліпбиге көшу барысында бұл мәселелерді де қолға алуға тиіспіз. Жыл аяғына дейін негізгі ережелердің нұсқасы даяр болады. Келер жылы орфографиялық, орфоэпиялық, анықтағыштар мен сөздіктердің толық нұсқасы шығады. Терминология, ономастика, Тіл мәдениеті оқулықтары жарық көреді» деп сөзін қорытты. Сөйтіп, отырысқа жиналғандар мол мағлұмат алып, болашаққа бағытбағдарды, жоспарды межелеп, ұтымды, ыңғайлы әліпби даярланатынына сенім білдіріп тарқасты. Жаңа әліпбиге тағы бір басты қадам жасалды. Енді әліпби жайлы өз ойымды қысқаша білдіре кетсем деген ойым бар. Өткен жылғы сәуірде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халыққа Жолдауын жариялады. Бұл жолдау өзге жолдаудан өзгеше сарында қабылданды. Себебі мұнда қазақ ұлтының тағдырына, болашақта оның Мәңгілік ел болып қалуына қатысты тағдыршешті, тарихи үндеу тасталды. Ол – 2025 жылға дейін қазақ жазуын латыннегізді жаңа әліпбиге көшіру. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Бұл шешімді жалпы қазақ қоғамы қолдап, дереу үн қата бастады. Алайда бұл «ұр да жық»,«шаш ал десе, бас алатын» науқаншылықты, асығыстықты қаламайтын үдеріс болуы тиіс. Келіп түскен мыңдаған әліпби жобаларын жақсылап електен өткізіп, талқылап, ішінен дыбыстарды дәл таңбалауға ыңғайлы, көзкөрімге әсерлі көрінетін үздік жобаны таңдау – қиынның қиыны және онда біреудің атақ-лауазымына, беделіне артықшылық беретін науқан емес. Мұнда латын әліпбиге ілгері жылдары көшкен түркінегізді елдер тәжірибесі де зерттелуде. Өткеннен еш сабақ алмаған халқымыз бұл үдерісте де асығыстыққа, науқаншылыққа бой ұрды. Жетілдірілген, соңғы шешімі жарияланған әліпби нұсқасы қабылданбай жатып, алғашқы екі нұсқа бойынша жазу етек алды. Түсінікті айтсақ, көшедегі баннерлер, маңдайшадағы жарнамалар, мекеме, кәсіпорын, тіпті көше атаулары әлі жетілдірілмеген әліпбиде жазыла бастады. «Осы әліпбиде еңбектер жазып, оқулықтар, оқу құралдарын, сөздіктер шығаруды бастайық» деушілер де табылды. Қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында бұл үлкен шығынды қажет етері рас. Онда әліпби әр ауысқан сайын атауларды өзгерту қажет болады. Менің ойымша, алдымен әліпбидің ақырғы нұсқасын қолдану туралы соңғы жарлық шығуы қажет. Одан кейін оны халыққа таныстыру жұмыстарының ауқымды көлемде жүргізілуі, сапалы жетілдірілуі іске асады, асықпай, жан-жақты ойластырылған, жіті зерттелген емле ережелері жарық көреді. Соның негізінде жаңа латын графикасында жазылған еңбектер өмірге жол тартуы ықтимал. Бірте-бірте оқулықтар, оқу құралдары, сөздіктер жариялана бастайды, сөйтіп, жаңа жазуға көшу кезеңімен жүре береді. Бұл үрдісте ономастикалық атауларды, терминдерді латынша транскрипциялау мен транслитерациялау, олардың орфограммасын жасау жұмыстары да мұқият жүргізілгені абзал. Алғаш халық назарына ұсынылып бекітілген екі әліпбидің бірін «диграф (қосәріпті) әліпби, екіншісін «апострофты (әріптенкейінгі үтір, дәйекше) әліпби» деп атап алдық. Бұл екі жобаның да өрескел кемшіліктері көзге ұрып тұрды. Бұларда «бір дыбысқа – бір әріп» қағидасы сақталмады, дыбыстар дәл таңбаланбады, жазуда ыңғайсыздық туды және тіпті бір қараған адамға әріптер көзкөрімге оғаштау көрінгені де белгілі. Одан кейін 2018 жылғы 19 ақпанда тағы да жаңа әліпби нұсқасы бекітілді. Енді мұны «акутты (ноқатты) әліпби» деп атай бастадық. Жаңа әліпбиде кейбір дыбыстар акут дикакритикасымен белгіленген. Әлем елдері тәжірибесінде диакритика әдетте дыбыстардың жуанжіңішкелігін, екпін түсуін, ызың және жұмсақ (палаталь) дабыстарды белгілеуде, сөз жігін ажыратуда қолданылатыны белгілі. Біз де дыбыстарды бірыңғай акут белгісімен таңбалағанша, әртүрлі дәйекшелермен жазғанымыз жөн болар еді. Ал енді апостроф дәйекше емес, диакритика – дәйекше, яғнижалпы атау. Диакритика дегенініміз – әріп үстіне, астына қойылатын әр түрлі белгілер, ноқаттар. Диакритиканың бірнеше түрі, атаулары бар. Олар: әріпасты седиль және бревис диакритикасы /Şş/, әріптүсті карондиакритикасы /Ğğ/, дауыстылардың жіңішке жұптарын таңбалайтын әріпүсті умлаут диакритикасы /ӓ/, дауыстының ұзақтығын, созылыңғы жұптарын білдіретін макрон (Ā),ызың дауыссыздарға (ч, ж, ш) қойылатын гачек(Č) диакритикасы, дыбыстың жұмсақтығында(палатализация) білдіретін седиль (Ņ) диакритикасы және дауыстының жуан сыңарын белгілеуде циркумфлекс(Û) диакритикалық таңбасы, т.б. Мұның бәрі, сайып келгенде, А. Байтұрсыновтың бір ғана «дәйекше» сөзімен астасып жатыр. Бұл белгілер жайында белгілі фонетист-ғалым Ә. Жүнісбеков былай дейді «Біздің жерден жеті қоян тапқандай болып «апостроф» деп әріптің бір шекесін шертіп сәндеп, «диакритика» деп әріп төбесіне сызықша қойып шендеп, О әріпінің белінен тартып ө жасап мәндеп, ае-ні қосақтап ә деп егіздеп жүргеніміздің бәрі – Ахаңнан қалған үлгі. Ендеше, қазіргі жоба авторлары алып отырған жуан-жіңішкелік белгілер (әртүрлі нұсқасына қарамай) – сол А. Байтұрсынұлы салған сара жол. Арабы таңбалар негізінде туындаған дәйекше дауыстылардың жуан-жіңішке таңбасына таңылып, кирилшеге көшті. Енді, міне, кирилшеден «апостроф, қос нүкте, сызықша, қосақ әріп болып», мың құбылып, латынша жобаларда жүр. Қалай құбылса да бәрінің мазмұны, яғниемле қызметі – сол бір дәйекше». Әлімхан ағамыз өзінің сан жылдарғы еңбегі нәтижесінде, ықшамдалған 28 әріптен тұратын латыннегізді қазақ әліпбиін ұсынған еді. Өкінішке орай, бұл жоба ескерусіз қалды. Әріптердің қосымша белгілері жайлы тағы бір фонетист-ғалым З.М. Базарбаева: «Қазақ тілінде үнемдеп жазуды алғаш рет ұсынған қазақ тіл білімінің қабырғасын қалаушы Ахмет Байтұрсынұлы еді. Сингармонизм заңы бойынша, қазақ сөздер я бірыңғай жуан, я бірыңғай жіңішке айтылатыны белгілі. Сөздерді бірыңғай айту үшін ғалым олардың алдына «дәйекше» деген таңбаны (белгіні) қолданған. Қазақ әліпбиін үнемдеу жайында қазақ филологиясының алғашқы профессоры Құдайберген Жұбанов та жазған. 1935 жылы ғалым қазақ әліпбиін орфографиясын өзгерту жайында жоба ұсынған болатын, жазуды үнемдеу мақсатында дауыстылар мен дауыссыздарды азайтып, бірнеше фонеманы бір әріппен таңбалауды көздеген. Әр тілдің әліпбиі дыбыстарды шартты түрде таңбалайды. Оның жетіспеушіліктері мен кемшіліктері орфографиялық қағидалармен өтеледі. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасағанда фонологиялық және орфографиялық заңдылықтарды да ескеру қажет» дегенді айтады. Жаңа әліпбидегі әріптердің таңбалануы мынадай: Аа (а), Á á (ә), B b (б), V v (в), G g (г), Ǵ ǵ (ғ), D d (д), E e (е), J j (ж) Z z (з), I ı (и, й), K k (к), Q q (қ), L l (л), M m (м), N n (н), Ń ń (ң), O o (о), Ó ó (ө), Рр (п), R r (р), S s (с), T t (т), Ýý (у), U u (ұ), Ú ú (ү), F f (ф), H h (h, х), Ch / ch (ч), Sh / sh (ш), Y y (ы), I i (і). Жаңа әліпбиде й(и) дыбысы I ı, ы дыбысы Y y, таңбасымен беріліпті. Бұларды, керісінше, яғни й(и)-ді Y y таңбасымен, ы-ны нүктесіз I ıтаңбасымен беру дұрыс болатын шығар. Ал у дыбысы акутты Ýý таңбасымен берілген. Бұл еш қисынға келмейді. Олай болса,у-ды әлем тәжірибесіне сүйене отырып, Ww таңбасымен берген жақсы болар еді. Сонда айта-айта жауыр болған, жұртшылыққа түсіндіре алмаған ми, ки, су, ту сөздерін айтылымы бойынша mıy (мый), kiy (кій), suw (сұу), tuw (тұу) деп қатесіз жаза, айта алар едік. Сондай-ақ ие, қиыр тәрізді сөздерді iye (i-ye), qıyır (qı-yır) түрінде дұрыс буынға бөліп тасымалдауға болар еді. Бұлай таңбалау туыстас түркі тілдерінде бар. Айтпағым, и, й дыбысын I ı, ы дыбысын Y y, у-ды Ýý ретінде таңбалау еш қисынға келмейді, жазуда ыңғайсыздық тудырады және бір қарағанда көзкөрімге де оғаш көрінеді. Сондай-ақ һ мен х дыбыстарында бір ғана һ таңбасымен беріліпті. Бұл өте дұрыс деп білемін. Біріншіден, өзіміздің төл дыбысымыз саналып жүрген фарингал (тамақ) һ-ны сақтап қаламыз, екіншіден кірме дыбыс х-дан арыламыз. Енді х-дан басталатын сөздер һ арқылы жазылатын болады. Мысалы: һаbаr (хабар), һаt (хат), halık (халық) және т.б.Алайда бұл сөздер айтқанда қазақтың қ әріпі арқылы айтылатыны (қабар, қат, қалық) тағы бар. Онда мұндай сөздерді әліпбидегі q арқылы да жазуға болар еді. Ол qabar, qat, qalıq түрінде көрініс табады. Әліпбиде ш дыбысына sh, ч дыбысына chтаңбалары беріліпті. Менің ойымша, бұл екі дыбысқа бір таңба (shнемесе ch) берген жөн болар еді. shаr, shек сөздерінің бірін шар, екіншісін чек деп оқи алатынымыз кәміл.Ал әліпбиде мұнымен қоса х, һ дыбыстарын белгілейтін һ, с дыбысын белгілейтін s таңбасы барынескерсек, бұл дыбыстар сөзде қатар келгенде олардытүсіну қиындығы туады. Мысалы: ashana (асхана ма, жоқ ашана ма), Аshat (Асхат па, жоқ Ашат па) және т.б.Сондықтан ш, ч, сжәне х, һдыбыстарының таңбаларын да реттеу қажет. Акут әліпбиде кірме я, ю, ё, щ, ц дифтонгтер (қосар дыбыс) енгізілмеген. Бұл дырыс та. Кейбіреулер енді кірме сөздерді қалай таңбалаймыз деп уайым шегуде. Бұларды жазғанда жеке-жеке әріптермен таңбалауға болады. Меніңше, я әрпі yа,ю әріпі yw, ё әріпі yо болып таңбаланады. Мысалы: qıyуа (қия), аyw (аю), shyоtkа (щётка). Ал щ әріпі sh таңбасымен белгіленеді. Сонда үш әріп (ш,ч, щ) бір ғана shне ch болып жазылады. Ал ц кірме әріпін s (с) арқылы таңбалай береміз. Онда бұрынғы цемент, цирк тәрізді біршама сөздер тіліміздің фонетикалық ерекшелігіне бейімделіп, sement (семент), sıyrık (сыйрык) болып жазылады. Несі бар, қазір оғаштау көрінгенмен жүре-жүре үйренеміз, сөздерді тілімізге ыңғайлап алуды меңгереміз. Ал егер бұл қосарлы дыбысты жеке белгілейік десек, оған ts (тс) қосарлы таңба береміз. Ол жағдайда цемент, цирк сөздеріміз, тиісінше tsement (тсемент), tsıyrık (тсыйрык) болып жазылады. Әрине бұлай жазу қате саналады, өткені қазақ тілінде екі дауыссыз қатар жазылмайды. Сол алғашқы нұсқа қисынға келеді. Енді өзім түзету ұсынған әліпби бойынша бір-екі сөйлем жазып көрейін. Меn Аlmаtı qаlаsındа turаmın. Almatı – elimizdiń mádeny astanası. Ol – ásem qala. Көріп отырғанымыздай, таңбалар жазуда еш ыңғайсыздық, көзкөрімге олқылық туғызып тұрған жоқ. Бейне бір бұрыннан солай жазып жүргеніміз сияқты, барлық әріп өз орнында тұрғандай сезінесіз. Кейбірулер «мына әріп таңбасы қарақалпақта бар, ана әріп өзбекте бар, ал мынау әзірбайжан мен түрікте бар, олай болмайды, біздің әліпби басқалардан ерекше, теңдессіз болу керек» деп байбалам салады. Дұрыс та шығар. Алайда жаңа әліпби жасауда әлем елдерінің, түркітектес елдердің озық үлгілерін пайдаланғанның еш оғаттығы жоқ дегенді айтқым келеді. Қысқасы, жаңа акутты әліпби төрт аяғынан тең басқан, теңдессіз, мінсіз жоба деп бағалауға әлі ерте тәрізді. Ақыры акутты әліпби қабылдаған екенбіз, кейін өкінбестей оны жетілдіріп, талқылап, ұсыныстар жасап отыру қажет. Бұл әліпбиді ширата түсу үшін келелі пікір, салиқалы ой, сындарлы ұсыныстар айту, қалың жұртшылықтың, зиялы қауымның, әсіресе тілші ғалымдардың азаматтық, ғалымдық парызы деп білемін. Өйткені әліпби астарында елдің көкейкесті арман-мақсаты, кемел келешігі тарих таразысына түсіп тұр. Ата-баба аманат етіп қалдырған ана тілімізді қаймағын бұзбай, тұнығын лайламай болашаққа жеткізу – барша қазақтың міндеті. Тіл тазалығы – ар тазалығы!

Шүленбаев Н.Қ.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *